• Мәдениет
  • 07 Қазан, 2015

Салауатты тамақтану – ұлт денсаулығының негізі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың негізі атап өткен болатын. Елбасының нақты тапсырмаларына орай денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді бағдарламасы жасалып, бірыңғай стандарттар енгізілген.

Ұлт денсаулығы үшін салауатты тамақтану – адам денсаулығын өмір бойы нығайту мен сақтаудың басты факторы. Ас үлесі, егер дұрыс тамақтанудың негізгі ережелері мен қағидаларын біліп сақтаса, айтарлықтай алдын алуға болатын жүрек қан-тамыр аурулары (инфаркт, инсульт), обыр, қант диабеті сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың қауіп-қатер факторларының бірі ретінде басты рөл атқарады.  ПИТАНИЕ

Салауатты тамақтану адам денсаулығына оң ықпалын әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, спортшылардың көбісі азық-түлік сапасына ерекше мән береді. Әсіресе, «спорт падишасы» болып саналатын кәсіпқой жеңіл атлеттер дұрыс тамақтануға үнемі назар аударады. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, кәсіпқой жеңілатлетші, Азияның 6-дүркін чемпионы, жаттықтырушы, 67 жасар Марат Балтабаев та дұрыс тамақтануды жолға қойған. Күніне екі мәрте жүгіріп, әртүрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырған Марат ағамыз қазақтың ұлттық сусындары қымыз пен шұбатты ішуді дағдыға айналдырған. Бұдан басқа жас спортшылардың өзін жолға қалдырып жүрген желаяқ спортшы өзінің қалай дұрыс тамақтану керектігі жайлы ойларымен бөлісті.  

Жеңіл атлетикамен баяғыдан бері айналысып келемін. Аз мөлшерде тамақтану, тәтті мен майлы ас жеуді азайту керек. Өз рационыма тұтас дәнді және кебек нанды, майсыз қышқыл сүт өнімдерін, талшықтарға бай жармаларды, мәселен арпа, бидай, қарақұмықты енгіздім. Жүгіретін спортшылар тығыз тамақты қолданбауы қажет. Өзімнің шәкірттеріме кока-кола, спрайт, газдалған, энергетикалық сусындарды қолданбау керектігін ескертемін. Дәмі ерекше сусынды ішеміз деп аз ұлттың көктеп келе жатқан ұрпағының ішкі органдары іріп жатса, қасірет осы емес пе?! Етті жеген зиян деп кейбір шәкірттерім етті мүлдем жемейді. Бұндай жастарға айтарым етті аз мөлшерде ғана қолдану керектігін айтып отырамын. Әсіресе, теңіз және балық өнімдерінің пайдасы көп-ақ.  Ең дұрысы жеміс-жидектерді үнемі рационыңызға тұрақты жеу керектігін ескертіп отырамын. Қырыққабат, кәді, сәбіз, қызылша, шомыр, қияр, қызанақ, бұрыш, пияз бен алма өте пайдалы екенін аңғардым. Себебі жүгірген кезде жеміс-жидектердің менің бойыма күш қуат беретінін сезінемін. Әсіресе, жарыс басталар алдында бананды жеуді дағдыға айналдырдым. Байқағаным банан спортшыға күш береді әрі көңіл-күй де сыйлайды екен. Бұдан басқа қазақтың ұлттық сусындары қымыз пен шұбатты жиі ішемін. Кейбір желаяқтар маған: «Сіз қыс мезгілінде жүгірсеңіз де жөтелмейсіз. Бұның сыры неде?» деп таңғалып жатады. Мен оларға қымызды тұрақты ішетінімді айтамын. Шындығында да қымыз бронхит, туберкулез сындыбактерияларға қарсы күреседі. Бұдан басқа менің қан қысымым үнемі тұрақты. Дәрігерлер қан қысымың 120 да 80, тура космонавтардікіндей деп үнемі мақтайды. Бұл қымыз бен шұбаттың арқасында екендігін білемін.   

Иә, Марат ағамыз дұрыс тамақтану мен күнделікті белсенді қимыл-қозғалыс қартаю процесін бәсеңдететінін жақсы біледі. Өкінішке орай, біздің қазақ халқы көп жағдайда қалай салауатты тамақтану керектігін біле бермейді. Қазақ халқының ішінде Марат Балтабаев сияқты көзі ашық қаракөзіміздің болуының өзі үлкен жетістік. Жасыратыны жоқ біздің қазекем ет пен майлы тамақты көп жейді. Бұдан басқа қаракөз қандастарымыз түнгі уақытта қонақ күтіп, бесбармақ жеуді дағдыға айналдырған. Түнгі уақытта жеген тамақтың пайдасы болмайды. Ол адам ағзасына дұрыс сіңбейді. Керісінше зияны көп болады. Неге десеңіз, бұл уақытта адамның биологиялық белсенділігі төмендейді. Осы кезде адам ағзасы дұрыс қорытпайды. Ал етті көп жеу холестерин ауруына ұшыратады. Ауылдағы қазақтардың көбісі ет жеп, сорпа ішіп  ұйықтап қалады. Бұл уақытта адам ағзасына көп күш түседі. Асқазан қорыта алмай қиналады. Бауыр мен бүйрек жұмысы әлсірейді. Осыдан барып біздің қазақ халқы аурушаң болып, егде жасқа келген кезде бетіне әжім түсіп, жүре алмай, түрлі ауруларды басына тілеп алады. Бір қызығы, қазекемдер дәрігерге бірден қаралмай, тек әбден шегіне жетіп, ауру өршіген кезде дәрігерге қаралып жатады. Ал тамақты жатардан бұрын кем дегенде екі сағат бұрын ішу қажет.  

Қазақ жастары таңертең молынан тамақтанбайтынын аңғардым. Әр жерде журналисттік зерттеулер жүргізгенімде жастар азанғы уақытта апыл-ғұпыл киініп, ұялы телефонына ұзақ үңіліп, бір кесе шәйді іше сала сабағына қарай асыға кететінін байқадым. «Таңғы асты тастама» демей ме дана халқымыз. Себебі, таңертен ішілген ас адам ағзасына тез тарайды. Бұл кезде адамның биологиялық белсенділігі артады. Кез келген тамақ адам бойына күш береді. Асқазан ауруының алдын алады. Алайда бәрін керісінше істейтін қазақ халқы салауатты тамақтанбаудың салдарынан өзіне-өзі ауру жамап жатқаны белгілі. Меніңше, әлі де болса тамақтанған кезде оның мәдениетің біле білмейтін сияқтымыз. Біріншіден, ас ішкен кезде сөйлемей, жақсы ой ойлап жеген дұрыс. Екіншіден, тамақ ішер алдында қолды кем дегенде үш рет жуып жеу қажет. Үшіншіден, үстелде отырған кезде арқаны бүкпей, дұрыс отырған жөн. Төртіншіден, тамақты асықпай шайнап, ешнәрсеге алаңдамау керек. Көп жастар тамақтың басында әрнәрсеге ерік беріп ұялы телефонына хабарлама жазуды дағдыға айналдырған. Бұның өзі де адам денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық.

Ең негізі тамақтанудың бірнеше қағидасын жетік білсек ұтылмаймыз. Тамақ әртүрлі және құрамында өсімдік өнімдері көп, ал жануар текті азық-түлік аз болуы қажет. Нан, өндірілген дақылды өнімдер, макарон өнімдері, күріш пен картоп тағамның негізін қалыптастырады. Көкөністер мен жемістерді тәулігіне 400 грамм артығырақ бірнеше рет тұтыну керек. Күнделікті құрамында май мен натрий мөлшері төмен сүт және сүт өнімдерін, ал сүт қышқылды өнімдерді тәулігіне кемінде 200 грамм тұтыну қажет. Майсыз ет, балық, құс етінің мөлшері тәулігіне кемінде 80 грамм болуы керек. Осы жерде майы көп ет және балық, құс етін, бұршақ өнімдерімен алмастыру маңызды. Тағам құрамында көмірсулар аз болса құба-құп. Аз тұзының мөлшері тәулігіне 5 граммнан аспауы тиіс.  

Қазақ қартайған кезде көп жағдайда аурушаң болады. Ал елімізде сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің белсенді болып, зейнетақыдан басқа қосымша әртүрлі салада жұмыс істеп жүргенін аңғаруға болады. Өйткені, өзге ұлт өкілдері жеміс-жидекті тұрақты пайдаланады. Сондықтан біздің қаракөздеріміздің өзге ұлт өкілдерінен қалай салауатты тамақтану керектігін үйрену қажет-ақ.  

Қарттық жаста маңызды микроэлементтер мен минералдардың жоғалуының артуын есепке ала отырып, тағамды айтарлықтай түрлендіру есебінен аз үлесінде таптырмайтын тағам факторларының болуы маңызды. Салауатты дұрыс тамақтану зейнеткерлік демалысыңызды жеңіл де жайлы етуге көмектесері анық. Сондықтан бәрі де өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз.

                                                                                     Нұрлан ҚҰМАР

881 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы