• Шежіре
  • 29 Қыркүйек, 2015

Мәңгі қазақ елінің сот жүйесінің мәртебесі

Сүлеймен Ежебеков, 
Астана қалалық сотының судьясы

 

Қазақ елінің сот билігі, жерімізде алғашқы мемлекет нышандарының, яғни ежелгі тайпалардың қауымдық құрылысының бас қосып бірігуінің нәтижесінде болғаны ежелгі тарихымыздан белгілі. Ол кездегі сот билігінің мәні олар өмір сүрген замандағы, көшпелі мал шаруашылығының ру-тайпалық салт-дәстүр талаптарына сай қалыптасқан.
Сот қызметін жергілікті жерлерде ру-тайпаның беделді өкілдері бектер мен сұлтандар жүзеге асырған. Жоғарғы соттың лауазымдық құқығы – мемлекет басшысы хан билігінде болған.


Қазақ елінің тарихында «Қасым  ханның қасқа жолы» деген құқықтық жарғының алар орны ерекше. Қасым хан билер сотының іс жүргізу байыбын жете қарап, ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, ереже-тәртіпке маңызды өзгерістер енгізіп, заңды басты-басты 5 қағидадан құрастырған.
Атап айтқанда, 1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері). 2. Қылмыс заңы  (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлықтың жазасы); 3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, ердің құны, тұлпар ат); 4. Елшілік жоралғылар (төзімділік, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық,  әдептілік); 5. Жұртшылық заңы (ас, той,  мерекеде шүлен тарату ережелері,  жасауыл, тұтқауылдардың міндеті).
Бес тараудан тұратын бұл жарғыны қазіргі Қазақстан Республикасының қылмыстық, азаматтық кодекстерімен, қолданыстағы басқа да заң қағидаларымен салыстырып қарасақ, бір-бірімен мазмұндас келетіні байқалып тұрады.
Тарихта бұдан басқа, «Есім ханның ескі жолы» атауымен жеткен заң ережесі де Қазақ мемлекетінің құқықтық жүйесінде айтарлықтай рөл атқарған. Бұл заңның ерекшелігі «Қасым ханның қасқа жолына» қосылған жаңа  ережелер енгізіліп, саяси, әкімшілік, әскери және сот істеріне қатысты төрт салаға бөлінген.     
Қазақ мемлекетінің нығаюына Тәуке ханның сот-құқықтық реформасы және «Жеті Жарғы» заңдар жиынтығы зор үлесін қосқан. Ол өз дәуірінде ірі қайраткер, көрнекті қолбасшы,  дипломат-мәмілегер, данышпан, айлакер қолбасшы,   ұлтың бірлігі мен жердің тұтастығын  сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға.
Тәуке ханның тұсында мемлекетті басқаруда үлкен өзгерістер болып, басқару процесіне бұрын беймәлім болған билер және «Билер кеңесі» енгізілген. Бұл мемлекеттік орган қазақ  елінің саяси жүйесінде үлкен құқықтарға ие болумен қатар, ішкі-сыртқы саясатты жүргізуде орасан зор көмегі болған.
Абылай хан – Тәуке ханнан кейін қазақ мемлекетінің сыртқы және ішкі саясатын қалыптастырып, елдегі алауыздықты, сұлтандардың таққа таласу әрекеттерін тежеуге күш салу мақсатында «Билер кеңесінің» қызметін өз қолына шоғырландырған. Ол  көшпелі өмір салтында жүрген қазақ қоғамына қатаң тәртіп орнатып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға көп көңіл бөлген басшы болған. «Жеті жарғы» заңдарының талаптарын мен нормаларын  бұлжытпай орындатудың екі тәсілін мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерген. 
Бұдан басқа, қазақ мемлекетін басқару мен сот жүйесіне үлкен үлестерін қосқан  Төле, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билер. Олар  Тәуке хан мен Абылай хан қалыптастырып нығайтқан қазақ еліндегі  құқықтық реформаларды одан әрі дамытты. Өздерінің барлық шешендік өнерлерін,  асқан даналық ақыл ойларын ел игілігіне жұмсады.  Бұл билердің ерекшеліктері  қазақ мемлекетінде әділ билік жүргізу және елді көрегендікпен басқару болды. Бұл мәселені шешуде үш биде ортақ пікірде болған. Сот жүйесіне әр ортадан шыққан қабілетті, туа біткен дарынды адамдарды тартқан.
Ал кеңестік дәуірдегі сот жүйесінің қалай қалыптасқаны және ол жүйенің халыққа қалай қызмет жасағаны бәрімізге мәлім.
Қазақстан Республикасының қазіргі сот жүйесі  егемен мемлекеттің негізі қаланып, қазақ елінің өрлеп даму сатысында қалыптасып жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  1994 жылғы ақпанда қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасы туралы» Қаулы сот жүйесін одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгілеп берген маңызды құжат болды. Қазақстанда дербес сот жүйесін құру жария ету, сот жүйесінің ұйымдық негіздерін дамыту, оның кадрлармен және қаржымен қамтамасыз етілуін жетілдіру, демократиялық құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуін қамтамасыз етудің бірден-бір шарты ретінде судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігінің кепілдіктерін күшейту реформаның негізгі мақсаты болды. Сондықтан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау аясын кеңейту, сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін молайту басты міндет етіп қойылды.
Осы орайда жаңа Қылмыстық және Азаматтық кодекстер қабылданды. Жаңа сот актілері – Қылмыстық  іс  жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстерінде сот ісін жүргізу одан әрі дамытылды. 1995 жылғы Конституцияға, содан соң сол жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы»  Конституциялық  заң күші бар Жарлыққа сәйкес Президент жергілікті соттарды тағайындаса, ал Жоғарғы Соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындады. Мемлекет тарихында судьялар алғашқы рет тұрақты мерзімге тағайындала бастады. Мұның өзі олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылды. Қазақстан Республикасында сот жүйесі шын мәнісінде жүзеге асты. Бұл  біздің мемлекетімізді дамытудың басты жетістіктерінің бірі.
Бүгінгі таңда сот жүйесінде мемлекеттік билікке  қажетті барлық жағдайлар бар. Мұның өзі оны азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға,  қоғамды әлеуметтік шиеленістерден сақтандыруға қабілетті мемлекеттегі тұрақтандырушы күшке айналдырып отыр. Ол басқа органдар мен  адамдардың іс-әрекеттері мен шешімдерінің заңға сәйкестігін тексеру құқығын иеленді.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілген соңғы толықтырулар мен өзгерістер  сот  қарайтын  істердің  шеңберін  кеңейтті. Соттардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуы жақсара түсті. Судья қызметіне тағайындау рәсімінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында  судьялар қызметіне кандидаттарды  қатаң конкурстық негізде іріктеудің, сондай-ақ   олардың міндетті түрде  тағылымдамадан өтудің тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді. Міне осылайша сот жүйесінің кадрлық  әлеуетін нығайту жөнінде қажетті құқықтық негіздер жасалды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда біріңғай сот  жүйесі бар, ал барлық соттардағы судьялардың мәртебесі бірдей. Судьяларға Конституция мен заңда белгіленген тәртіппен сот  төрелігін жүзеге асыру өкілеттіктері  берілген. Судьялардың тәуелсіздігі Конституция мен аталған заңмен  қорғалады.  Судьялар сот төрелігін жүзеге асыруда тек заңға ғана бағынады. Ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласуға, қандайда болмасын ықпал етуге құқы жоқ – мұндай әрекеттер заңмен қудаланады. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот істерінің мәні жөнінде қандай да бір түсінік беруге міндетті емес. Сот шешімдері мен судьялардың өкілеттіктерін жүзеге асыру барысындағы талаптары барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының, жеке және  заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады. 

 

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы