• Мәдениет
  • 26 Тамыз, 2015

Асыдан шыққан ақиық (Толғау)

Академик Кеңес Үшбаевтың ғұламаларға тән ғұмыр жолы кімді болсын қызықтырмай қоймайды. Оның артында қалған өмір өткелдері өскелең ұрпақ үшін өнеге мектебінен тұрады. 
Қазақстанда медицина саласындағы фармацевтика ғылымына алғаш рет бетбұрыс жасап, соны соқпағын салған, қазақтан тұңғыш рет доктор атанып, профессорлық, академиктік биіктікті алған да осы Кеңес Үшбаев ағамыз. Тоқсаныншы жылдары халықтың қалауымен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болғандығы және Тәуелсіздігіміздің алғашқы белестерінде Парламенттің көрнекті өкілдерімен бірге мүшесі болуы да ол кісінің тұғырлы тұлға болғанын көрсетеді. 
Оның атақ-даңқы елімізден тысқары жерлерге де кеңінен мәлім. Елі үшін сіңірген еңбегі қатпары қалың бір кітапқа татырлық. Табан ет, маңдай терімен қол жеткізген жетістіктері мемлекетіміз бен үкіметіміз тарпынан да талай рет лайықты бағасын алды. Халықтың оған деген ықыласы да бөлекше. Қазір де осы саланың ірілендірілген компаниясының тізгінін ұстап отыр. Өсімдіктер арқылы жасалған дәрі-дәрмектері халық тарапынан жоғары сұранысқа ие. Мына өлең-очерк Кеңес ағамыздың кешегісі мен бүгінгісінің бір бөлшегі ғана. 

 

***
Суын бал деп кем көрмес шекерінен,    
Кім айналмас туған жер мекенінен...
Алатаумен астасып Асы жатыр,
Қоныс тауып ен жазық етегінен...

Көкмайсамен көз тартар қырлары да,
Жаулап алар сұлулық ырғағы да...
Аттас болған артында жайлауы бар,
Аты шыққан құтымен бар қауымға.

Қарап тұрсаң аумағы жан-жағы кең,
Баурап алар адамды бауларымен...
Даладай боп далиып Шелек жатыр,
Сусып аққан өзенмен, арналы кең...

Жетісудың жері ғой таңдай қағар,
Ақын біткен өлеңін арнай қалар.
Тарихы да тамаша дастандай ғой,
Үңілгенде санаңды шамдай жағар.

...Тура болған адамның жорамалы,
Кеңес дәуір ой шырмап, оралады.
Ақтылы қой баққандар аңыз болды,
Қоғам малы қорғаштап қарағаны...

Үшбай да мал-жанымен тұрақтанды,
Қосағы Келекемен жырақ қалды.
Амандығын ақ қойдың тілеп жүрді,
«Өшпесін» деп екеуі шырақтары...
Берік болды зайыптар ұстамға да,
Тауқымет қой табандап қысқан ғана.
Қырықыншы жыл қалды естен кетпес,
Шілдесінде сол жылдың құшқан бала.

Жақсылық қалай айтса жараспай ма,
Ортаймас қуанышта оғаш қайда?!...
Шілдехана шырынын татқан жандар,
...Ауыл болып ат қойған Кеңесбайға.

Қайыстай қатып тұрған қара бала,
Шыңдалып, шымыр болды даралана.
Әпкесі Дина екеуі құрақ ұщып,
Қозы күтіп, қой бақты шама барда...

Бас тартпады жұмыстан әлі жетпес,
Дина екеуі мал-жанға болар септес.
Қыс қырау мен көктемгі лайсаңда,
Сүтті шай мен бауырсақ дәмі кетпес.

Тауға өрлеген кезі ғой табандының,
Көтергенге не жетсін заман жүгін...
Мұрагерлік жолдарын мұрат көріп,
Тілеп өтті ақ қойдың амандығын...

Кеудеде жанып тұрған намыс барда,
Қарау керек болды оған алыстарға.
Бейнет пенен оқуды бірге өткерді,
Асық болды арманмен табысқанға.

***
Аңшыны да көп көрді ол саяттағы,
Жаны сүймей жүрді әрі жай аттауды.
Өмір – күрес екенін сезген Кеңес,
Мектепті де медальмен аяқтады...

Келеке ана байқады жалын барын,
Баласының қағылез қарым жағын.
Кеңесіне: - Дәрігер болғын!, - деді,
Есіне сап, ентігіп ауырғанын.

Ана сөзін қалайша құп алмасын,
Табу міндет - өмірден бір арнасын...
Алматыға жол тартты тәуекелмен,
Ұмыта ма болғанын сындар басым.

Болмады баспана да,  ағасы да,
Сенім артып, серпілді-ау шамасына.
Жақан досы екеуі жатып жүрді,
Горький паркі айналды панасына...

***
Жетпісінші жылдардың жемісті өтті барлығы,
Мединститутта өрледі, баспалдақтың сан қыры.
Дина әпкесінің сегізіне жоғары білім әперді,
Болған емес, көлдей тасқан көңілінің тарлығы...

Бұл Кеңестің жүрегінде Алла алдында тазалық,
Ар-ұяттан аттап кетіп, жасаған жоқ жамандық.
Елімізде дәріхана саласын алға ғана сүйреді,
Өн бойынан гүлдеп тұрар, аңқылдаған адалдық.

Ғылым жолы қиын болсын, қыр бермеді көнумен,
Қанша жасты қорғатты, ғылымға шын берілген...
Көздің майын тауысып, талай кітап шығарды,
Бақыт қонып басына, кенелді маңдай терімен...

Қалап алған мамандықта қайратынан тынбаған,
Адамдықтың айнасы боп, өзін-өзі шыңдаған...
Айналасы алып-ұшқан достар болды тілеулес,
Ал шәкірті кездеседі жер-жерлерден мыңдаған...

  ***
Айналасы шашының ағы барлар,
Мінезімен, ісімен жанды баурар...
Кеңес жайлы айтқанда көсіледі,
Халық үшін қадірлі танымалдар.

Берік болған қашан да ұйғарымы,
Шығатұғын әрдайым ширақ үні.
Ақыл, термен асуды алатынын,
Ашық айтқан академик Зимановы.

Ағамыздың кеудесі толған ағын,
Украинада еске алар қорғағанын.
Крамаренко Кеңесті пір тұтыпты,
Құп көрмепті ол өзінде қалмағанын.

Биіктерге шарқ ұрған еңістерден,
Шымкентте де еңбегі жеміс берген.
Жұмсақ мінез, жұғымды жұмысына,
Ұйытумен у-шусыз ұғысты елмен.

Салық аға сабырмен бағалаған,
Солай айтар ініге адал адам...
Жазушы Нүрпейісов жан-тәнімен,
«Жігіттің сұлтаны» деп жағалаған.

Билердей  турап айтар ақ-қарасын,
Көре білген халықтың даттамасын.
Қартаң тартып қалса да ер Әбекең,
Ақтарылып беріп жүр ақ батасын.

Сақтап кеткен жүрекке бейнелерін,
Теңіздің тереңіндей ой дегенің...
Кеңес жайлы кешегі кім ұмытар,
Қабдоловтың кестелеп сөйлегенін.

Жеңіл-желпі қарамас қауымдасқа,
Қозыбаев Манашта ұғым басқа...
Академик атағын айтқан емес,
Кеңес десе береді барын досқа...

Ол жайында кеудеден от өреді,
«Аққа құдай - жақ» деумен төтеледі.
«Досым менің Кеңес» деу мақтанышы,
Сынақ болса, онымен көтереді...

Жасырмайды достықта жайлар барын,
Кейбіреудің мұрттары майланғанын...
Қара бастың қамы үшін Кеңестен де,
Ашына айтқан, сырт беріп айналғанын.

***
Аттасы Аухадиев Кеңесті ел біледі,
Халқы үшін қалбаңдап елжіреді...
Күн туғанда басына достар безді,
Тек Кеңестің қалғаны ерлік еді...

Адамды сүйрей білген демеуменен,
...Бай мінезін өзіне жебеу көрген.
Манаш аға айтқаны керемет-ау,
Оқылатын кітаптай теңеу берген.

Манаш аға көрсетті маздайтынын,
Кеңес үшін терең ой қозғайтынын.
Аңғалдық пен сенгіштік серігі деп,
Ақ көңілдің аты арып, тозбайтынын.

Атағымен жер жарған арамызда,
Камал десе, Камал ғой санамызда.
Үшбаевты үздіктер тобынан деп,
Ормантаев айтып жүр нанамыз да.
Орындалды ағада арман бүгін,
Көрсетті талай жерде тарландығын.
Әл-Фараби сыйлығын алған кезде,
Еңбегінің көрді жұрт жанғандығын.

Қарамай қастерлі үшін кемеріне,
Маржан сөзбен зер салар тереңіне.
Кейпі менен келбеті өрнек тапқан,
Әйгілі ақын Тұманбай өлеңінде...

Көрінеді шумақтан таң нұрлары,
Иісті дәндей мөлдіреп қалбырдағы.
Інісініп ізетпен қалай айтқан,
Қабысып тұр қапысыз қалжыңдары.

Алдында айқындалған бағыт барын,
Келе жатқан шетінен тауып бәрін.
Сағадиев Кенжекең тізбелейді-ау,
Тірек көріп, тілінен ағытқанын...

Жорық салған жомарт боп бар асуға,
Тәуекелмен бел буған қарасын ба...
Ай мен күндей Асыдан мешіт салды,
Ел тәу етер, Ер Әжібай бабасына...


Әділдікпен көгеріп жанады адам,
Кішіні ізетімен, үлкенді ағалаған...
Үзеңгі дос Аухадиев азамат-ау,
Қанында ақиқат бар сорғалаған...

Қиқу салған ерікті құстай үндеп,
Тектілікке жүгінер ұстаймын деп.
«Байлығым» деп айтады Үшбаевты,
Көрнектіге, көркемге ұқсайды деп.

Қарамаған ол кезде күшке мүлде,
Желтоқсанда желіккен тістеді де...
Жарым көңіл досымен Кеңес жүрді,
Аттас досы қуғынға түскенінде...

Қасынан қарыс қадам қала алмады,
Тергеу менен сұрауға алаңдады...
«Қамаса, мені бірге қамасын» деп,
Жан достың бостандығын армандады.

Сол кезде кездесті ғой ауыр сынақ,
Барып жүрдің Қонаевқа халын сұрап...
Қонаевтың қос кітабын шығарғанда,
Халық сондай риза, жаның сірі-ақ...

***
Ғажап! Димекеңді қуантып тастағаның,
Қылығымен көрінді-ау жас баланың...
Барлық оның кітабын шығарам деп,
Алғысын алған қандай жақсы ағаның!

Құдай берген екі бірдей марқасқаны,
Елдің болған наркескен алдаспаны...
Аухадиев пен Үшбаев ардақтылар,
Достықтары қырық жыл жалғасқалы.

Ешқашан да жол бермес мұқалуға,
Есепке алмас ұтылып, ұтарын да...
Бақытжан Момышұлы толқып жазған,
Кеңес жайлы қатпарлы кітабында...

Өмірдің де көріпті ызғарын кең,
Кертақыстық көрсетпес сызданумен.
Балалар мен немерелер бәйтерегі,
Бақыт құшып отыр ғой Гүлназымен.

Қайырым қонып қашан да қабағына,
Сәуле шашып тұрады саналыға...
Жетім, жесір, мұқтажды қарық қылып,
Бөленіп келе жатыр сауабына...

Белсенді кем-кетікті толтыруға,
Осы жолда қажымай шарқ ұруда.
Өзі оқыған мектебі қарауында,
Жаны құмар қараны ақ қылуға.

Құштар болған өзі де жырларына,
Тура оқиды әуезін, ырғағын да...
Қол ұшын беруден де аянбайды,
Халық сүйген Мұқағали журналына.

Басын иер алдында бір Алланың,
Нәзіктік пен мейірге құмар жаның.
Ақын мен жазушыға сый жасайсың,
Шеттерінен кітабын шығарғаның...

Шыр бітсе де шіреніп шалқаймаған,
Дәулеті де дәуірлеп ортаймаған...
Тауқымет пен тапшылық қысқандарды,
Дәтке салып, құры қол қайтармаған...

Ондай емес, ойлайтын барын, бағын,
Астауынан асырмас, қарын қамын.
Алақаны ашылған, жаны жомарт,
Жұрт біледі Кеңестің жанын-жалын.

***
Өлең десе өзіндік бар асқары,
Жеңіліп, жерде қалған таласқаны.
Үшбаевты үкілеп Әбдірештің
Өлең жазған кезінде Жарасқаны.

Кіші деген үлкенге жол береді,
Өмірлік заңдылықта сол керегі.
Арқалы ақын Бақыткерей Ысқақовтың,
Кеңеске арналыпты соңғы өлеңі...

Тазалықтың дәні бар талғамымен,
Жүрегімен, жұлқынған бар жанымен.
Аңқылдаған ағаға ақындар жүр,
Отты өлеңнен сый тартып арнауымен.

Қарамайтын халқы үшін бар асылға,
Ол барда өлмейді сөз нанасың ба? 
Ел білетін Ескендір ән жазыпты,
Естіп жүрміз ел-жұрттың арасында...

Адалдықтан адаспай тірек іздер,
Кім болса да Кеңесті білеміз дер.
Халық айтса, қатесіз дәл айтады,
Жүздеп, мыңдап естідік лебіздер.

Аулақ болған басынан күйік арман,
Адалдықпен бәрін де жиып алған...
Жетіп келген жетпіс бесте еңсе биік,
Аман болса, алдынан бұйырар дәм...

Р.S. Беу дәурен белгілі ғой сырың маған, 
       Отыңа жандар қанша жылынбаған. 
       Өз орнын бер Үшбайдың өр ұлына, 
       Бұралағы көп өмір бұлаңдаған. 

 Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ақын, Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты

 

 

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы