• Білім-ғылым
  • 22 Шілде, 2015

ЕРТЕ ЖАСТАН ОҚУДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Айдана  Кемелбекова                                                                        

Қызылорданың М.Мәметова атын-дағы гуманитарлық  колледжін және Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университетін педагогика мамандығы бойынша бітірген.
Қызылорда облыстық «Ел тілегі» газетінің, колледжішілік «Ұлағат ұясы» басылымының тілшісі, ал «Ана мен бала» журналының Қызылордадағы меншікті тілшісі болды. Бүгінгі таңда «Ана мен бала» журналының жауапты редакторы болып қызмет атқарады. 

Қазір – бәріміз білетін білім мен ғылымның дамыған ғасыры. Көшке ілескен елдің бағыты енді алға қарай қарыштап барады. Осы көшке елді ілестіріп отырған халық, анығын айтсақ, халықтан шыққан дарынды азаматтар. Дарынды азамматтар қайдан шығады? Әрине, бәрі анадан туады, ал оның ерекше қасиеті қалай қалыптасады? Әдетте, балалардың таланты, дарыны ерте бастан-ақ көрінеді: 10 айлығында былдырлап, ал бір жасқа жетпей анық сөйлеп, 2-3 жасында барлық әріптерді жаттап алып, 4-5 жасында кітап оқитын ежелгінің Ер Төстіктері қазір де бар арамызда. Баланың биікті бағындырып, алып асуды алғаны тамаша, бірақ бұл оның өзге де жағдайларына кері әсерін тигізбей ме? Сіз бен біз болып осы сауалға жауап іздеп көрелік?
Мұндай оқымысты балаларды біз егер елімізде кешегі ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында кездестіретін болсақ, иә, сөзсіз әлем болып таңданып, рекордтар кітабына енгізіп те қойған болар едік. Ал қазір мұндай балалар әлемде жиі кездеседі. Біздің елде әзірше көп емес, бірақ кездестірген жағдайда да таңдай қағатынымыз шамалы. Себебі біз оларға заманына сай балалар ғой деген теңеу береміз де, қазан қақпағын жылы жауып қоямыз. Мұндай балаларға әрі қарай қандай білім беру керек? Көп оқу балаға зиянын тигізе ме, әлде бұл қалыпты жағдай ма? Бұл жағына аса көп мән бермейміз.
Ерте жастан өз бетімен оқып кететін балалар қалай көбейді, шынында пайда болуына мотив не? Әңгімені төркінінен бастайық:                 
Ең әуелі – қоғам. Ерте жастан-ақ оқып кететін балалар негізінен дамыған Европа, Америка елдерінде кездесе бастады. Дамыған елдер – аты айтып тұрғандай саяси стратегиясы қалыптасқан, білім мен ғылым алға қойылған, ой- өрісі биік, өркениетті қоғам. Елде қандай даму, жоспар, міндет болса, халық пен қоғамда сондай нәтиже, көзқарас, мақсат болады. Біз – дамушы елміз, бізде мұның бәрі кенжелеп келгені ешкімге де жасырын емес. Ерте жаста әріп танып, оқып кеткен балалардың да бізде осы бүгінгі кезеңде ғана жиілеп жатқаны, міне, сондықтан. Бірақ бұл бізге келді. Бұл биікті де бағындырған балаларымыздың қарасы көрінді, осыған тәуба. Оған дәлел – 2 жасында сауат ашып, 4-5 жасында өлең жазған бала ақын Жамбыл екендігін ескере отыралық.
Ал екінші бір әсері – тұқымқуалау-шылық. Бұл –  әрине, баршамызға түсінікті, ген арқылы ата- анадан немесе ата-бабасынан ұрпағына берілетін қасиет. Барлығы бізге тосын жағдай, дарынды балалар тек шет елде деген ұғым – қате пікір.  Ерте жастан-ақ өзінің қабілет- қарымын көрсеткен балалар ежелдегі жаугершілік заманда елін қорғаған батырлардан, ақылы артқан билерден, том-том жырды жаттаған жыраулардан анық көрінеді. Бүгінгі балалар сол ғылымда дәлелденіп жүрген іргетасы мықты қалыптасқан салт- дәстүрлерімізді бойына сіңіріп, ойланып, жұмбағын шешкен, мүдірмей жаңылтпаш құрастырған, болашақты болжап, ертегі айтқан, шешендік қанына дарыған кешегінің ұрпағы. Бұл – даусыз. Тек сауат ашудың бізге дала қоңырауы – Ыбырай атамыздың ықпалымен келгендігінен ғана кенжелеп отырмыз. Абылай ханның ұрпағы бала Шоқанның, ел ағасы болған Құнанбайдың баласы Абайдың топжарғаны міне, осылайша атадан балаға берілетін тұқымқуалаушылық себебінен ғой.
Өз ортасы – үшінші бір себеп деуге болады. Әрбір адамның ойына, алға қояр мақсатына өзінің жүрген ортасы тікелей әсер етеді. Көпке бармай- ақ жыраулық, сал- серілік өнерді дәріптеген кешегі қоғамды алайық. Сол кезгі балалар  жырды жаттап, ауыздан ауызға тараған әндерді естерінде сақтап, өз ортасында төгілтіп айтып дараланды. Қазір баланың ортасы – техниканы, тілді, ғылымды меңгерген зерделі балалар. Өз ортасымен иық тіресе, көшке қол созу дегеніңіз – осы. 
Тағы бірі – табиғи себеп. Ешқандай ата-бабасында, әке-шешесінде Алланың сыйлаған таланты, көп білуге деген құштарлығы болмаса да кейбір балалар ерте жастан-ақ ешкімнің көмегінсіз, әсерінсіз сауатын ашып алады. 
Соңғысы –  жақынының әсері. Тікелей – ата- ана. Кейбірінің атасы- әжесі, әйтеуір ет жақыны баланы ерте жастан икемдеп, дамытып, тілін шығарып, әр нәрсеге қызықтырып, әріп танытып, санауды үйретіп, өз ықпалымен жетілдіреді. Шынында ғылымда дәлелденген: балалардың барлығы 5-6 жасқа дейін  ғылымды, сан түрлі тілді меңгеруге жететін қабілетті болып өмірге келеді. Және осы жасқа дейінгі жинаған білімі оның іргетасы болып, өміріне азық болады. Толстойша айтсақ, білімнің 90 пайызын 5-6 жасқа дейін, қалған пайызын өмір бойы алады екен. Сондықтан коғамымызды көшке ілестіру үшін бізге осы соңғы әсердің салмағын арттырып, күшін көбейтуіміз аса қажет болар. 
       
Пайдасы:
Біріншіден, «Оқ бойы озық» - өз қатарындағы жолдастарынан білім, білік дағдыларының әлдеқайда алда болуы, 11 жылдық оқуды 2-3 жыл ерте тамамдауы;
Екіншіден, «Қоғам көшіне ілескен». Не десек те ерте жастан- ақ оқу- ғылымды игеру – қазіргі қоғамның талабы; 
Үшіншіден, «Болашағы – жарқын». Әрине, қоғамның көшіне ілескен талаптың жолы – ашық, болашағы – жарқын; 
Төртіншіден, «Жемісті жетістік» - талпыныс, құлшыныс, ізденіс шыңы;
Бесіншіден, «Білімді ұрпақ». Биікті бағындырған, жемісті жетістікке жеткен білімділердің ұрпағы дара, дарынды, данышпан болатыны сөзсіз ғой. 

Зияны:
1. Қызықпаушылық. Көпжылдық еңбек өтілі бар педагогтардың бүгінгі көзқарасы бойынша бәрін мезгілінен бұрын меңгеріп алған баланың көп жағдайда қызығушылығы төмендеп кетеді;
2. Бос уақыт. Кейбір балалар берілген тапсырманы жылдам орындап қоятындықтан артылған уақытты тиімді пайдаланбайды.  
3. Психологиялық ауыр күш – шектен тыс талап пен тапсырма әсерінен жүйкеге түсетін ауыртпалық.
4. Жағымсыз мінез-құлық - өзіне деген асқан сенімділік өркөкіректілікке және өзге де зиянды қасиеттердің пайда болуы;
5. Орта әсері - өз жасынан жоғары оқығанда немесе ортасында дараланып тұрған жағдайда болатын шеттету.
6. Зиянды әдеттер – асқынған себеп-тердің салдарынан орын алатын қажетсіз қылықтар (техникаға тәуелділік).

Қаншалықты жетістікке жету жолын бағындырсақ, соншалықты кедергі болады, әрі сол кедергілерден сақтанып, жеңуге де болатынын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Егер де балаға өзі меңгерген білімнен тыс жаңа дүниелерді үйретіп, оған қалай жетуге болатынына көз жеткізсе, ол қызығады, бос уақыты да болмайды. Оқу мен еңбекті дұрыс ұштастыра білсе, жетістігіне қуана білсе, жүйкеге күш түспейді, жағымсыз мінез- құлық та пайда болмас еді.  Кей жағдайда мұндай балалардың ата- аналары интеллектуалдық мектептерге беруге қауқарсыз болады. Ал бұл жағдайда жақындары өз тарапынан психологиялық қолдау мен тәлім- тәрбиеге баулыса, ортаның әсеріне әлсіремес еді де, зиянды әдеттерге жоламас еді. Кешегі Ибраһимді  Абай, Мұхаммедқанфияны Шоқан еткен Зере мен Айғаным әжелері екендігі баршамызға аян.
Ал ерте жастан оқудың пайдасы бар ма әлде зияны көп пе? Соңғы шешім   сізде, ата-ана!

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы