• Cұхбаттар
  • 22 Шілде, 2015

Нұрхан Қадырбаев актер, тележүргізуші, режиссер: Мен кез - келген нәрсені жүрекпен қабылдаймын

-    Қандай отбасынан шықтыңыз?
-    Әкем де, анам да қарапайым жұмысшылар болған.  Анам  елде тоқырау  басталып, тәуелсіздігімізді алып, балапан басына, тұрымтай тұсына күн туып жатқан кезде жұмыстан қысқартылып, үй шаруасында қалды. Осындай қарапайым отбасында өстім. Мені қатарымнан кем қылмауға тырысты. Өйткені маған үлкен үміт артатын. Нағыз қиын кезең басталған кезде мектепке бардым. Әлі күнге дейін есімде, біздің мектепте «Жаңа жыл» мерекесінде ата-аналарға «Сыйлықты, балаңыздың атын жазып, қоржынға әкеліп өздеріңіз салып қоюларыңыз керек, сол сыйлықты балаңызға аяз ата тапсырады» деп  талап қояды. Сол уақытта сыйлық таппаған да кездер болды, таппағанда емес мәселе, сыйлық бар, бірақ ақша жоқ. Інім екеуміз қатар өстік, ол менен бір сынып қана төмен оқитын. Екеумізге екі бірдей сыйлық алу керек. Сол кезде анамның қалай қиналып, жылағаны бала жүрегімде әлі де сақтаулы. Баласына қатаң тәрбие бере алатын әрі қамқорлық көрсете алатын отбасында дүниеге келдім. Берген тәлім-тәрбиелерінің арқасында бүгінде ортамызда сыйлымыз. 


-    Адамның бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
-    Адам бойындағы  Алла берген барлық қасиетті бағалаймын. Бағалағаннан гөрі жек көретін қасиеттер бар. Қасиет дегеннің өзі  әдеттердің жиынтығы ғой . Менің сатқындықтан жек көретінім жоқ. Кейде біреуге сеніп, бір әңгіме айтсаң,оны кейін біреулер естіп тұрса, ол мен үшін – сатқындық.   Егер де сен досым деп жүрген адамың саған оқ атқан адамның жағына шығып алса,  ол – сатқындық. Сенің сыртыңнан жамандайтын болса , ол – сатқындық. Арқаңнан пышақ ұратын болса, ол да – сатқындық. Мен ондай сатқындықтардың көбін көрдім. Талай сатқындық құрбаны болдым. Ол маған солай жазылған нәрсе шығар, бәлкім. Кім білсін?!
-    Ең осал тұсыңыз неде?
-    Мен – көңілшекпін. Бір адамға ашулануым мүмкін, ашуланғанда сол адамды жермен жексен қылып, таптап өтіп, аспаннан алып, жерге салып, қайтадан жерден суырып алып аспанға, бұлттардың арасына лақтырып жібергім келеді,  бірақ  ол 3 минуттық қана. Кейде мені қатты ренжіткен адамдарды тез кешіріп қоямын. Тым ақкөңіл болудың қажеті жоқ екен деп те ойлап қаласың.  Ертесі көңілімді қалдырған адамды кездестірсем күліп амандасып, ештеңе болмағандай ұмытып кетемін. 
-    Өміріңіздегі өкініштер? 
-    Біздер өкіне береміз ғой. Ұсақ-түйектерді қоспағанда, айтарлықтай үлкен өкініш болған жоқ. Мен армандаған, мен қалаған нәрсенің барлығы орындалып жатыр. Арманымның 95 пайызы орындалды. Аллаға шүкір, өзіме ризамын. 
-    Сыр сақтай аласыз ба?
-    Әр уақытта әр түрлі. Менің ішіме кірген сөз енді қайта шықпайды деуге болмайды, пендеміз, кейде айтып қаламыз. Үлкен жеке құпияларды сақтаймыз, әрине. Бірақ қазіргі әңгімелерді де түсінбей кетемін, «ортамызда қалсыншы» деген әңгімені келесі күні басқа біреу айтып отырады. Тіпті таң қалмайтын да болдық. 
-    Достыққа сенесіз бе? Қанша адал досыңыз бар?
-    Көп емес. Екі-үшеу ғана. Ол достарыма сенемін. 
-    Мақсатшыл жансыз ба?
-    Иә, көп армандаймын. Армандарымды ең алдымен бір жылмен есептеп қоямын, осындай уақытта осылар орын алса деп жоспарлаймын. Сосын соған қарай әрекет жасаймын. Ендігі бір арманым туған жеріме барып, 2-3 күн қатарынан спектакль ойнау. Мықты режиссерлармен ақылдасып, қазір осы істі қолға алып жатырмыз.  Қандай қойылымдар қоятынымды ойланып жүрмін. 
-    Еріншексіз бе?
-    Әрине, ондай бар. Жалқауланып, кейбір іске ерініп қаласың,  Бірақ, жету керек, істеу керек деген дүниелер болса аянып қалмаймын. 
-    Өзіңіздің өзгелерден артықшы-лығыңыз?
-    Негізі, адамнан адам артық емес, барлығымыз жұмыр басты пендеміз. Өзімді көрсеткім келетін кездер болады,әрине. Бір адамнан бір адам артық болмағанымен, ерекшелігі болады ғой. Мүмкін білімі, яки қолынан келетін бір ісі. Мысалы, мен әңгімеге тез араласып кете аламын. Орта көп таңдамаймын. Бірде мынадай  оқиғаға кез болдым. Білімді, аға буын өкілдері, «Жау жүрек мың бала» фильмін талқылап жатқан тұста әңгімеге араласып кеттім. Өткен тарихты түсіне бермейтін шығармын. Бірақ, Сартай батыр туралы біраз білетінімді, оның біздің бабамыз екенін, арғы атам Сартайдан тарағанын, бала күнінен мықты мерген, садақшы болғандығын, сосын батыр Тілеу атамыздың  кегін қайтарған ержүректігін айта келіп, асығыс жұмыстармен әңгіме ортасынан кетуге мәжбүр болдым. Мен кеткен соң ағаларымыз «Нұрхан деген білімді жігіт екен ғой» депті (күліп алды) . Осындай қызықтар болып тұрады, бар білетінімді, ойымды, өз пікірімді ашық жеткізе аламын. Бұл да бір артықшылық шығар, мүмкін. 
-    Өзіңізге 1 мен 5 тің арасында баға берсеңіз...
-    Адамдық қасиет жағынан болса, өзіме  4 деген баға беремін, болмаса, тіпті 3. Себебі, мен ашуланшақпын. «Ең әуелі сөзіңді түзе, сөзің түзелсе тәрбиең түзеледі, тәрбиең түзелсе қасиетің түзеледі, қасиетің түзелсе тағдырың түзеледі» дейді.  Кейде ашу мен ыза үстінде сөз арқылы адамды байқаусызда ренжітіп аласың. Сол үшін сабырлы болуға тырысып жүрмін. 
-    Қиял әлемінің адамысыз ба?
-    Қиял дегеннің өзі – арман. Армандайсың, арман арқылы қиялдайсың. Қиялдың шегі жоқ қой, шіркін. Бірақ қиялдың соңынан еріп кетуге де болмайды. Соны шындыққа айналдыра білу керек. Мен көбіне сахнадағы образдар арқылы қиялдаймын. Мысалы,  Гамлетті ойнап жатқан кезді елестетемін. Өзімді көбіне  түрлі образ арқылы сынаймын. 
-    Өмірге өкпеңіз бар ма?
-    Айтарлықтай, тағдырыма налитындай өкпем жоқ. Аллаға шүкір. 
-    Болашақтан не күтесіз?
-    Болашақтан күткеннен бұрын қорқатын болдық қой. Қазіргі заманда азғындану процесі басталып, заман өзгерген уақытта бойыңды үрей билейді. Адамдардың мейірімсіздігі, қатігез қылықтары болашақты елестетудің қорқынышты бөлігіне айналғандай. Бірақ, Алла қайырын берсін. Тек жақсылық күтеміз ғой қашанда. 
-    Сахнадағы Нұрханмен өмірдегі Нұрханның қаншалықты айырмашылығы бар?
-    Өте көп. Сахнадағы, достар ортасындағы, көпшілік алдындағы Нұрхан мен үйдегі, жалғыз сәттердегі Нұрханның айырмашылығы жер мен көктей. Көпшілік ортасындағы Нұрхан айналасындағыларға әзіл айтып, көңіл-күй, күлкі сыйлағанды ұнатады. Ал жалғыз қалғанда, үйге келген кезде бетпердемізді шешіп, шынайы қалыпқа енесің. Өзгеше бір күй кешемін. Бойыңды салмақтылық кернейді. 
-    Өтірік айтасыз ба?
-    Айтамын. Бірақ, көбіне жақсылыққа қарай. Біреуді төбелестіріп, ұрыстыру үшін емес, адамдарды татуластыру үшін. Ұсақ-түйекке байланысты, кешігу, жұмыстан қалу болмаса  түрлі сылтауларды айтуға қорқамын. «Міне, келе жатырмын» деп жазатайым жол апатына түссе, болмаса басқа да жағдайға душар болып қалсаң, ертеңгі күні артыңда «өтірік айтқан екен ғой» деген жаман сөз қалады.  Жақсылыққа, ешкімге зияны жоқ өтірік айтқанның кейде пайдасы да болып жатады. 
-    Қолыңызға билік берсе нені өзгертер едіңіз? 
-    Өзімді президент ретінде елестете алмаймын.  Алайда, билік берсе, әлеуметтік желілерді шамадан тыс қолдануға тыйым салар едім. Мәселен, көрші Қытай мемлекетінде инстаграмм желісі мүлде қолданысқа енбеген. Байланысы жоқ. Сол сияқты қоғамға пайдасынан гөрі зиянын әкелетін желілерді жоюға тырысатын едім. Адам жүрегін ауыртатын видеолар таратылып, түрлі адам айтса сенгісіз оқиғалар хабарланады. Оның барлығы қоғамға кері әсерін тигізеді.
-    Танымалдығыңызды пайдаланасыз ба?
-    Ондай болып тұрады. Болмашы жердің өзіне  таныс іздеп кетіп жатамыз. Қазақпыз ғой, қанымызда бар нәрсе. 
-    Спортпен айналысасыз ба?
-    Иә. Өзім үшін айналысатын спорт түрлері бар. Әкем – спорт шебері. Інім екеумізді қинап, бала күнімізден спортқа жетеледі. Біздің ауданда жақсы қалыптасқан грек-рим мектебіне жаттығуға жиі алып баратын. Футбол ойнап денені қыздырып, сосын күресетінбіз. Өзім жиі жаттығулар жасап тұрамын.  Денсаулыққа зияны көп нәрселерді қолданбаймын.      
-    Махаббатты қаншалықты бағалайсыз?  Махаббат бәрін шешеді ме?
-    Иә, барлық түйінді шешетін – махаббат. Ғашық болған адамың саған ғашық болса, ортада сенім пайда болады. Ал, сенім сені үлкен белестерге жетелейді. Ал, сенбесе мың жерден ғашық болсаң да  береке қашады. Ырыс кірмейді. Сезімдердің ең ұлысы да сенім ғой...
-    Уақытыңызды қалай пайдаланасыз?
-    Неғұрлым тиімді пайдаланғанды жөн көремін. Таңертең үйден алтыда шығып кетіп, кешкі тоғыздарда үйге келемін. Көп уақытым жұмысқа арналып кетеді. Уақыт жетпей қалатын кездер жиі болып тұрады. Бірақ, балаларымды еркелетіп, бірге ойнағанды ұнатамын.Балалармен өткен уақытымда шаршағаным, жағымсыз күнімнің күйзелістері  әп-сәтте-ақ ұмытылады. 
-    Сырыңызды кіммен бөлісесіз?
-    Менде айтылмайтын сырлар көп. Сырымды айтып, кейін соның барлығы өзіме таяқ болып тиген кездер болған. Біреуге сырыңды айттым деген сөз, біреудің қолына апарып оқ толы тапаншаны бердің деген сөз. Біреудің саған дос екеніне, оның саған жаны ашитындығына толықтай көз жеткізіп алмай, ештеңе айтудың керегі жоқ. Мен әлі де ешкімге ішімде жүрген сырымды айтқым келмейді. 
-    Өмірдің мәні неде?
-    Ер адам үшін өмірдің мәні  – жақсы  жар. Қандай жағдай болса да, сені түсініп, балаларыңа дұрыс тәрбие бере алса, аяулы жар болып, қолқанат бола алса, үнемі абыройыңды арттырып, жағдайыңды жасап отырса, өмірің мәнді боларына талас жоқ. Еркектің бақыты – әйелде.   
-    Қаншалықты жиі ойланасыз?
-    Үнемі ой үстінде жүремін. Ойлаған деген «рахат» қой. Жұмысыңды, отбасыңды ойлайсың. Армандайсың. Армандарың ләззат сыйлайтын тәтті ойға батырып жібереді. Кейде ойыңнан қуанасың, кейде жабырқап қаласың. Мен кез келген нәрсені жүрекпен қабылдаймын. Сосын көп нәрсе ойымда оралып жүреді. Біреуді ренжітіп алсам да жиі ойлап, жабырқаймын.  
-    Риясыз, сырлы сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен 
Еңлік Әбдіқадыр 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 
2 курс студенті

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы