• Білім-ғылым
  • 01 Қазан, 2012

Азанғы сәлем «Good morning!» емес – «Ассалаумағалейкүм!»

Ата сақалы аузына түскен қартты көрсең, алдын кесіп өтпей «Ассалаумағалейкүм!» деп айт» деп, әкеміз құлағымызға құйып өсірді. Солай болды да. Ақсақал білегіңнен ұстап тұрып, тани қоймаса: «Кімнің баласысың?» дейді көзін сығырайтып. «Пәленшенің». «Әкеңе сәлем айт» дейді риза боп тұрып. Біз соған мәзбіз. Біздің тілімізді сындырған да осы «Ассалаумағалейкүм!»   «Сәлемдескенде қос қолыңды созып сәлем бер, тамақты тік отырып іш, бүйіріңді таянба!». Осының бәрі «Ассалаумағалейкүм!»-нен кейінгі әдепке шақырған ата-салттың заңдары екен.

Енді жеті жастағыларға таңертең «Ассалаумағалейкүм!»-мен бірге «Good morning!» деп ағылшынша, сосын «Здравствуйте!» деп сәлем бер деген жоба түсіп жатыр. Жоба деген бір жөнсіз әрекет шықты. Бұны «ұстатпайтын кекшілдерге» теңеймін. Бұл – бекіп кетсе ешкім де бұза алмайтын «Қытай қорғаны». Тіліміз осы қорғанның арғы бетінде қалып қоймауы үшін жанталас басталды. Тіл – мемлекет құралы. Біздің мемлекетімізде осы бір қосарланған қос мүйіз өсіп шықпақшы. Бұрын екеу еді, енді үшеу болса не болғаны? Бұл не? Биологиялық құбылыс па? Сол мүйіздер төбені тесіп шықпай тұрып, жолын бөгеу үшін мен сияқтылар мазасыз күй кешуде. Бұған басқалар не дейді?

Тіл – күнкөріс құралы. Басқаға күні түскен Адам тілді өз-өзінен үйренеді. Біздің ауылдағы жаманшылықта ауып келген шешендер мен кәрістер, неміс балаларының бәрі – сыныптағы оқу озаттары, кейін КСРО тарап, атамекеніне кеткеннен кейін де олар біздің тілімізді ұмытқан жоқ. Марина Вольнова: «Бәрі осы енді. Ұруын ұрдық қой. Алтын аламыз деп келіп едік, қанағат, бергеніне шүкір» деп  Ұлыбритания төрінде қазақша сайрап тұр. Ол – Сыр бойының қызы. Оның ата-анасы тіршіліктің ащысы мен тұщысын, өнегесін перзентіне қатар оқытқан. Ал, қазақша аузын ашпайтын жерлес орысқа шовинист болуға негіз қалап отырған – өзіміз. Өйткені, біз оған мемлекеттік тілде сөйле деп талап етпейміз, өзіміз қосылып шүлдірлеп асты-үстіне түсеміз. Мәскеуде бірге оқыған өзбек досым, ақын Яхиоға жоғары курстың орыс студенттері «Армысыз!» деп иіліп сәлем берсе, ол ертеңгі Ташкенттегі тіршілігін күнібұрын көз алдына елестетіп тұр. Біз неге осы әдісті қолданбаймыз?

«Ассалаумағалейкүм!» аузымызда, «Здравствуйтені» қалаға келіп үйрендік. Өйткені, орыс тілі – нан, орыс тілінсіз сынақ тапсыра алмайсыз, социализм тілі – үлкен өмір есігі болды. Енді біздің мемлекеттік қазақ тілі де жерімізді мекендеген басқалардың нан табар құралына айналуы керек. Осыны неге уағыздамаймыз? Күн шығып тұрғанда көлеңкені күтеміз бе?

Білім іздеген Адам тілді өзі үшін үйренеді. Әдебиет институтында француз бен моңғол орысшаны өздері үшін үйренді. Оларға «моя жена молодая, а не молодой» деп түсіндіретін. Идиш-иврит тобындағылар жатпай-тұрмай еврей тілін үйреніп, бітіргесін Израильге аттанды. Менің жапондармен құдалығым бар. Келінім төркініне барып-келгесін ауыл-елдің амандығын сұрап, «Құдағидың дені-басы сау ма?» десем, келінім: «Шешем түскен жеріңнің тілін үйрен деп жатыр» деді ағынан жарылып. Біз оған өз тілімізде үн қатамыз, парақшаға ірі-ірі әріптермен жазылған аударма сөздерді ас бөлмеге іліп қойып, күбірлеп жүріп тіл сындырды. Ол өзі үшін, өз бақыты үшін қосағаның тілін үйреніп жүр. Біз мемлекетімізді мекендеген өзге ел-жұртқа, әсіресе бізбен бірге туғандай боп жүріп, желтоқсан кезіндегідей жел-қайыққа мінген сәттерде аударып тастап кете беретін орыс ұлтына неге табанды түрде талап қоймаймыз? Тіл Заңы да солардың алдына келгенде «Қос тіл – қанатың» боп Көкке алып-ұшып кетеді. Бағдаршамнан өтерде белі бүгілген қартқа жасыл жанып тұрғанда сүйемелдеп, серік болудың орнына «баран» деп саусағын шошайтуы – өмірдің өз суреті. Енді қалғаны – баланы жеті жастан біреудің табан астына тастап, «Ассалаумағалейкүм!»-нің орнына «Гуд монин» деп шүлдірлетіп қою еді.

Ағылшын тілін соңғы оныншы сыныпта оқыдым. Бір жылда Good morning! (азанғы),  Good afternoon (түскі), Good evening! (кешкі) сәлем екенін білдік, ағылшынша сәлем беретін болдық. Егер қажет боп жатса ағылшынша ешқайда қашпайды, қазір қазақ тілінің хикметі қанымызды қайнатып, Ана-қасқыр боп аспанға қарап ұлыған күйіміз бар.

Білімді болам деген пенде бәрін де үйренеді. Өзге үшін емес, өзі үшін үйренеді. Асқар Жұмаділдаев деген құрдасым, ол да Шиеліден шыққан, МГУ-ге түсіп, қызыл дипломмен тәмамдады. Шиелінің орысшасын өзі үшін жетілдіріп, өмір соқпағын шиырлады. Париж университетінде бір рет ағылшынша дәріс оқыған екен, кетерінде: «Екінші келгеніңізде сіздің дәрісіңізді француз тілінде тыңдаймыз ғой» деп сыпайы талап қойыпты. Сол үшін жатпай-тұрмай Толстой секілді француз тілін үйреніп, дәріс оқитын деңгейге жетті. Өмір талабы әркімнің өзі үшін, қызыл тілді қиыстырып, «толғауы тоқсан қызыл тіл»-ге (Абай) айналдыруға жер үстіндегі пенденің мүмкіндігі жетіп-артылады. Сол мүмкіндікті өзгеден талап ету де біздің елдің салтына енуі керек.

«Білімдарлыққа кім қарсы. Алайда, өз Отанын, халқын сүйетін, елін танып, алдымен ділі мен тілін құрметтей білетін адам қалыптастыру керек емес пе еді біз сияқты  іріткі түскен шала ұлтқа?

Қаршадай баланы жат тілде оқыту – ұлттық құндылықтардың тамырына балта шабу. Бұл – бір. Мемлекетіміздің кішкентай мүшелерінің құқығын аяқасты ету, оның адами мүддесімен санаспау. Бұл – екі. Үшіншіден, қыруар қаржыны зардапты теріс бағытқа босқа шашу. Балаң жастан-ақ бөтен тілді ұстын етіп оқыту, санаға  енгізу жат пейілді өзге адам тәрбиелеу деген сөз. Оның үстіне ақталуы неғайбыл аса мол шығын. Өз басым бұны мемлекеттің болашағына жасалып отырған қысастық деп білемін», – дейді жазушы Молдахмет Қанат «Қазақ әдебиетіндегі» мақаласында. Тірі сөз. Осындай тірі сөзді тірілтетін тіршілік иелері неге аз? Солар неге осындайда өретүрегелмейді?

Қыңырлау боп өстік. Жөнсіз сөзді тыңдамауға бейім тұрдық. Ал қазір бүлдіршінді бұғаулаудың неше түрі ойластырылуда. «Әліппені» әрең игергеннен кейін қазақ тілінен көркем жазуда әріптерді әдемі иілдіре алмай әбігерге түстік. Енді бүгін кеп орыс кириллицасын былай қойғанда, ағылшын тіліп қосарлап, мойынсұндырып, бұғаулап қойған баланың жүйкесіне жүк түспей ме. Жаһандағы дамушы ел жапондар неге 12 жасқа дейін балаға өзге тілді естіртпейді. Ізгілікті солардан неге үйренбейміз? Қазақ вундеркинд боп туды ма? Қазақта вундеркинд көп. Қазақтың басты қасиеті – төзімділігі.

Ал, енді Шымкент мектептерінде бейнебақылау орнатылады, дейді. Бұл – түрме мен банктегі, көшедегі МАИ-дың тірлігіне жатпай ма. Жас сананы бұлайша бұғаулау сезімтал жүректерді ашындырып, қылмыс жасауға итермелеп тұрған жоқ па?

Әлқисса, мына үш тұғырлы тілдік жоба жобаланып келіп-келіп іске асып кетсе, менің немерем елден келген шалдың алдынан шығып, «Гуд моонин!» деп  қол беріп тұрса не болғаны? Атасы «Гуд бай!» деп бұрылып кете қоймас. Ол үйге кіргесін немересін емес, соны тәрбиелеп отырған әкесін «Нәкәс!» деп күстаналап, көзге шұқиды.

Өйткені, олар бізді өсірді ғой. «Тіліңді ұзартпа, діліңді таза ұста!» деп жолға шығарып салды.

Жоба бекіп кетсе біздің балаларымыз төсектен тұра салып, «Ассалаумағалейкүм!» емес, «Good morning!», түс әлетінде  «Good evening!», ымырт жабыла  «Good night!» деп ерін ұшынан сыздықтатуы мүмкін. Өйткені біз өзгені алға шығарудан алдымызға жан салмаймыз.

Тілге құрмет – өзіңе құрмет.

Дінге құрмет – Аллаға құрмет.

Ал өзгеге құрмет – ол сенің адалдығың, елдік меймандостығың. Өзіңді құрметтесең – мемлекетіңді құрметтейсің.

Алты жасар Алпамыс жетіге аяқ басқанда Алматы мен Астанада «Ассалаумағалейкүм!» деп алдыңнан шықса, Лондонға барғанда «Good morning!» деп, жолай Мәскеуге түскенде «Здравствуйте!» деп иіліп тұрса, қандай жарасымды. Бұл сөздерді ұшқыр сана ұшақ үстінде-ақ үйреніп алады.

Азанғы сәлем біз үшін «Ассалаумағалейкүм!».

Сәлемнің де сәті бар.

Қуандық Түменбай

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы