• Қоғам
  • 22 Шілде, 2015

Осы заманның Архимеді мен Ньютоны неге жоқ?

Осы сауалдың көпшіліктің ойын мазалайтыны хақ. Архимед біздің заманымыздан бұрынғы дәуірде, ал Ньютон 17 – 18 ғасырлардың аралығында ғұмыр кешкен ғалым. Адам баласы өмірге бірден ғалым күйінде келмейді. Ғалым болу үшін адамның ең алдымен оқуы қажет. Оқу барысында оқушының белгілі бір пәнге икемдігі, алғырлығы мен құштарлығы пайда болады. Оқу нәтижесінде адам білімді игереді. Білім дегеніміз – ақиқатты танудың іс жүзінде тексерілген нәтижесі болып табылады.

Ақиқатты тану – ғылым арқылы жүзеге асырылады. Ғылым – ақиқат туралы объективті білімдерді жинақтау және оны теориялық сипаттау. Білім беру мен білім алу – адамды тұрмыстық өмірге әрі еңбекке баулудың ең қажетті шарасы болып есептеледі. Білім берудің және білім алудың негізгі жолы – оқу орындарында оқу. Білім алуда мұнымен қатар өз бетімен білім арттырудың маңызы да зор. Жалпы білім беру ісінің деңгейі әр кездегі өндірістің талап-тілектеріне, қоғамдық қатынастарға, ғылым мен техниканың дамуына және халықтың мәдениеттілігі мен әл-ауқатына тікелей байланысты.
Абай атамыз «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп бағалаған. Ол сонымен қатар адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсау керек екенін еске сала келіп: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...» дегенін білеміз. Абай бабамыздың жастарға «... білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет біл... білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен...» деп кеңес берген. Білімге ұмтылу, іздену, талаптану сияқты қасиеттерді бойға дарыту арқылы оқып-білген сайын дүниені тани түсетінін, осы таным ғаламдық жолды қалыптастыратынын өзінің қарасөздерінде тұжырымдап, жастарға өсиет ретінде қалдырған.
«Білім мен ғылым егіз» деген қанатты сөз бар. Ғылым білімді, білім ғылымды тудырады. Ғылым дегеніміз – ақиқат туралы объективті білімдердің және оның теория жүзінде сұрыпталған жиынтығы болып табылады. Ғылыми әдістерді тұжырымдаушылардың бірі – ағылшын философы Фрэнсис Бэкон (1561 – 1626) ортағасырларда тоқырауға ұшыратылған ғылым қайта дәуірлеу кезеңінің дамытылуының түрткісі болатын қозғаушы күші ретіндегі маңызын «б і л і м – к ү ш» деген ұранмен түсіндірген. 
Ежелгі грек ғалымы (математик, механик, физик және астроном) Архимедтің әкесі математик әрі астроном болған. Ол Архимедке астрономия мен геометриядан дәріс берген. Соңынан Архимед сол кездегі білім ордасы – Александрия қаласында (бұл қала қазір де бар, ол Египетте) білім алған. Күндердің бір күні Архимедтің туып-өскен қаласының патшасы Гиерон оған тәжінің таза алтын немесе қоспа араластырылған алтыннан жасалғанын анықтауды тапсырыпты. Ол кезде тәж секілді күрделі пішінді заттардың көлемін анықтауды ешкім білмейтін кез болатын. Егер заттың көлемі анықталса, оның салмағын анықтау оңай екенін Архимед білетін. Жатса да, тұрса да патшаның тапсырмасы Архимедтің ойынан шықпаған. Ол бір күні моншада шомылып жатып суға толы астауға аяғын малып отырғанда астаудың ернеуінен біраз судың асып төгілгеніне назары ауған. Бір сәт тым-тырыс ойға шомып отырып, орнынан атып тұрып, қуанғаны соншалықты «Эврика! Эврика!» деп айқайлап көшеге жалаңаш күйінде шығып кеткен екен. «Эврика» – біздіңше «таптым» деген сөз екен. Архимед заманында қала мен қала қырқысып, соғысып жататын кез болған. Екі жылдай қорғанған қалаға күндердің бір күнінде басқыншылар лап етіп қаланы басып алып қиратып, адамдарын қырғынға ұшыратқан. Сызба сызып терең ойға шомып отырған қарт Архимедтің қасына өлтіруге жақындаған қатыгез жауызға «сызбаларымды таптама» деп айтып үлгеріпті деседі.
Архимед  көзі тірісінде қарапайым тетіктер: рычаг, блок және полиспасттың жәрдемімен өте ауыр, аса үлкен көлемді нысандарды орнынан қозғалтуға болатынын білгендіктен Архимедтен «Маған тірек нүктесін берсеңдер Жер шарын орнынан қозғалтар едім» деген сөз қалған екен. Архимед білімнің қаншалықты маңыздылығын түсінгендігі соншалықты, ол өз өмірінен білімді жоғары қойған ғалым болған. Осы жайтты француз жазушысы Жозеф Ренан (1823 – 1892) «қазіргі кезде әрбір оқушы білетін ақиқат үшін Архимед өз өмірін қияр еді» деп бағалаған.
Өз заманына дейінгі кезеңдерде ғұмыр кешкен ғалымдардың ғылымға қосқан үлестері мен ашқан жаңалықтары негізінде ағылшын физигі, математигі, механигі әрі астроном Исаак Ньютон (1643 – 1727) классикалық механиканың негізгі заңдарын тұжырымдаған, бүкіл әлемдік тартылыс заңын, жарық дисперсиясын ашқан, жарықтың корпускулалық теориясын дамытқан. 20-ғасырдың данышпан теорияшыл физигі Альберт Эйнштейн (1879 – 1955) «Ньютон табиғаттағы кең ауқымды үрдістердің уақытша даму жолын жоғары дәлдікпен толығымен айғақтайтын қарапайым заңдылықтарды ең алғаш болып тұжырымдады» және «...өз еңбегімен бүкіл дүние танымға күшті ықпал етті» деп бағалаған. Исаак Ньютон «Егер мен өзгелерден әріректі көре алған болсам, ол менің өзімнен бұрынғы алыптардың иықтарында тұрып қарауымнан болар» деген екен. 
...Алма бағында ойға шомып отырған Исаактың қасына бір алма үзіліп түскен екен. Ғалымның назары осыған ауып «алма әрі қарай аспанға ұшып кетпей неге жерге құлап түсті» деген ойға қалса керек. Осы ой И.Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңын ашуына себепкер болған. 
Қандайда жаңалық болмасын «тақыр» жерде ашылмайтыны хақ. «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» дегендей әр кездегі ғылыми жаңалықтың ашылу үшін сол кезге дейінгі кезеңдерде ғылымның дамуы мен ұшқыр ойлы данышпан ғалымдардың легі өзара үйлесімдік тепе-теңдік күйде болуы тиіс. Осы екі жақты тепе-теңдік күй көптеген бақылаулар мен ғылыми тәжірибелердің нәтижелеріне негізделген іргелі принциптерге сәйкес қалыптасуы қажет. «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады» дегендей ғалымдар легінің арасынан бірлі-екілі ғұлама ғалым оқшау шығып өзіне дейінгі кезеңдердегі ғалымдардың ойын мазалаған мәселені кейде жалғыз бір түсінікпен шеше салатын кездері де болады. Кванттық механика ғылымға осылайша келгенін көпшілігіміз біле бермейміз. Мұны 1900 жылы немістің теорияшыл физигі Макс Планк (1858 – 1947) жүзеге асырды. Планк тербелістегі атом жүйесі энергияны тек белгілі бір мөлшермен (порциямен) – квантпен таратады және кванттың энергиясы тербеліс жиілігіне пропорционал болады деп болжаған. 
Әрбір жаңалық ғылымға әрқилы жолмен келеді. Біреулері алдын ала болжанған болжам бойынша, кейбіреуі кездейсоқ жағдайлардың әсерінен ашылады. 1953 жылы лазердің жасалуы Альберт Эйнштейннің 1916 жылы алдын ала болжаған индукцияланған сәуле шығару құбылысы негізінде жүзеге асырылған. Француз биологы Луи Пастер (1822 – 1895) кездейсоқтық жағдай тек даярланған ойшыл ғалымға ғана көмектеседі деген. 
Кездейсоқ жағдайдың кейде жаңалық ашуға кедергі келтіретіні де белгілі. 1825 жылы Даниэль Колладан деген ағылшын физигі Майкл Фарадейдің электрмагниттік индукциясын ашқан тәжірибені одан 6 жыл бұрын жасаған, Колладан гальванометрге магнитті ендіретін катушканы Фарадей секілді жалғаған, бірақ магниттің гальванометрге әсерін азайту мақсатында оларды жеке бөлмелерге орналастырған. Колладан магнит орналасқан бөлмеден өлшеуіш аспап орналасқан бөлмеге жеткенше магниттік тіл қозғалысын тыныштап үлгеретін болған. 
Оқушы жастардың өз бетімен білімдерін арттырудың қаншалықты маңызды екенін ағылшын физигі Майкл Фарадейдің (1791 – 1867) өмір жолынан аңғаруға болады. Ол физика ғылымына ірі-ірі жаңалықтар қосқан ғалым. Мектеп оқушылары білетін электрмагниттік индукция құбылысын ашқан, магнетизм құбылысын электрлік құбылысқа айналдырған, ол термоэлектрді, электролиз заңдарын ашқан. Ғылыми ұғымдар қатарына «анод, катод, иондар, электролиз, электролит, электрод» деген атауларды қосқан. Вольтметрді ойлап тапқан. Ол физика ғылымына «өріс» деген ұғымды енгізген. Альберт Эйнштейннің пікірінше «өріс» идеясы Ньютон заманынан кейінгі ең маңызды ерекше идея болған.
Майкл жас шағында отбасының қаражаты жетіспейтіндіктен тек бастауыш мектептің білімімен шектелген. Алгебраны да, геометрияны да оқымаған. Ол физика мен химиядан өз бетімен оқып білім алған. Ол 13 жасынан бастап Лондон қаласындағы кітап сататын бір дүкеннің кітап түптейтін шеберханасына қолбала болып жұмысқа орналасқан. Шеберханаға түскен кітаптардың арасынан өзін қызықтырған кітаптарды қолы бос болған кезде оқитын болған. Осылайша білім алуға дағдыланған. 
Күндердің бір күнінде атақты химик Гэмфри Дэвидің (1778 – 1829) Корольдік институтында оқыған бір лекциясын тыңдаған. Кейінірек Майкл Г.Дэвимен хат арқылы танысып, бірте-бірте онымен тіл табысып оның жеке хатшысы, одан соң Корольдік институттың ассистенті, институт зертханасының басшысы, химия кафедрасының профессоры лауазымына дейін көтерілген.
Аса көрнекті ғалымдар арасында алғашында өзге мамандықтар бойынша білім алып кейін математика мен физикаға назарлары ауып, сол мамандықтардың атақты ғалымдары болғандар көп-ақ. Итальян физигі Галилео Галилей (1564 – 1642) университетте дәрігерлік мамандық алған, соңынан ежелгі грек математигі Евклидтің (біздің заманымыздан бұрынғы 3-ғасырда ғұмыр кешкен) «Негіздер» деген трактатына қызығып соны өз бетімен оқыған, музыкамен де айналысқан. Ақыр соңында 22 жасында физиканың бір саласы гидромеханикадан трактат жазған. 25 жасында Пизано университетінің математика профессоры болған. Француз философы, физигі әрі математигі Рене Декарт (1596 – 1650) 16 жасында дәрігерлік және құқық қорғау мамандықтары бойынша университетке оқуға түскен. Өзінің математик  әрі дәрігер құрдасының ықпалымен математикамен шұғылданған. Кейін Рене Декарт осы кезін еске алып құрдасына «менің ұйқыға кеткен кезімде мені ояттың» деп әзілдеген екен. Декарт алгебра мен геометрия-ны өзара үйлестірген координаттар жүйесін ғылымға енгізгенін әрбір оқушы біледі.
Найзағайдың электрлік құбылысқа жататынын ашқан американ физигі Бенджамин Франклин (1706 – 1790), идеал газ заңын ашқан Жак Шарль (1746 – 1823), заңгерлік мамандық алып, кейін физика мен математиканы өз бетімен оқып білім алған. Амедео Авогадро (1776 – 1856) физика мен химияға арналған маңызды заңдылықты ашқан, құрылыс саласынан білім алған француз ғалымы Огюстен Френель (1788 – 1827) өз бетімен физиканы оқып білім алып, 1815 жылы интерференция принципін қайталап ашқан (оған дейін бұл құбылысты ағылшын ғалымы Томас Юнг 1801 жылы ашқан болатын). 1818 жылы жарық дифракциясының теориясын тұжырымдаған.
Адамзат өркениетінің 18-ғасырда өткен бір кезеңінде Францияда «адамға нан қандай қажет болса, білім де сондай қажет» деген ұран көтеріліп, ақыр соңында француз ғалымдары жан-жақты білімдер тоғысқан анықтамалық басылым – энциклопедия шығарумен  аяқталғаны тарихтан белгілі. Сол кездерден бастап әр елде әлгіндей энциклопедиялар шығарыла бастаған. Ағылшындар «Британ энциклопедиясын», немістер «Брокгауз энциклопедиясын» т.б. елдер өз энциклопедияларын шығаруды қолға алған-ды.
Жастардың мектеп қабырғасында жүріп алатын білімінің қаншалықты маңыздылығын орыс педагогы Алексей Маркушевичтің (1908 – 1979) «... жаңалықтар ашудың кең байтақ әрі көз шалымы жеткісіз қиырына апарар даңғыл жол – мектеп берген математикалық білімдер арқылы өтеді» деген сөзінен аңғаруға болады. Осы айтылған жайт мектепте оқытылатын бүкіл пәндерге де қатысты екенін естен шығармауымыз қажет. Мектеп адамзат өркениетінің елең-алаңынан бері адамзаттың ақыл-ойының жемісі болып табылатын ғылымның шарапатынан туындаған білімдерді жастардың санасына дарытатын орталық. Осы орталықтың партасында отырып білім алмаған адамды кездестіре алмаймыз, онда болашақ академик те, ғалымдар да, космонавтар да, металлургтер де, тіптен қарапайым жұмысшы да, қойшы да отырған. Мектеп – білім беретін қастерлі шаңырақ. Бала отбасында өмірге келсе, мектеп жастарға білім дарытып есейтеді, мектептен ұшқан түлектер өмір жолында өздері қалаған мамандықтарға қол жеткізеді, кейбіреулері өмірін ғылым жолына сарп етеді, нәтижесінде ғалым болады...
Білім алу, яғни оқу ісіндегі негізгі білім көзі оқулық болып табылатыны баршамызға аян. Оқулық оқушылардың тілсіз мұғалімі. Оқулық – ғылым мен мәдениеттің жетістіктерінің деңгейлеріне сай оқушыларға білім беру үшін қысқаша әрі жүйелі түрде мазмұндалып жазылған басылым (кітап немесе дискет, т.б. мәлімет беретін анықтамалық). Оқулық білім беру ісіндегі негізгі әрі жетекші басылым болып саналады. Әрбір пән оқулығында пәнге қатысты негізгі түсініктер мен ұғымдар қамтылады. Бірақ та оқулыққа ойын арқылы бүкіл мәселелерді түгелдей сыйғызу мүмкін болмайды. Сондықтан оқулықтан тыс білім алуға арналған қосымша оқу құралдары және басқа білім көзі болатын анықтамалықтар, журналдар мен пәндік энциклопедиялар шығарылу көзделген. Мысалы, математика пәні 1-сыныптан бастап орта мектепті бітіргенше оқытылады. Соның өзінде пәнге қатысты бірталай мәселелер оқулықта қамтылмай қалады. Өткен кездері (Кеңес Одағы кезінде) оқушыларға қосымша білім беруге арналған басылымдар және пәндік энциклопедиялар, мысалы «Жас физиктер энциклопедиясы», осы секілді Жас математиктер, Жас техниктер, т.б. пәндік энциклопедиялар шығарылып келген-ді. Қазір мұндай басылымдар шығарылмайды. «Қазақ энциклопедиясы» баспасы өткен 2011 жылы «Математика әлемі» пәндік энциклопедиясын шығарған болатын. Өкінішке орай бұл энциклопедия мектеп оқушыларының арасына таратылмай қалды. Оған себеп өткен кездердегі бір Білім және ғылым министрі «Мектеп» баспасынан шыққан басылымдардан өзге баспалардың басылымдары мектеп оқушыларына таратылмасын деген нұсқау шығарған.
Тәуелсіздік алған жылдардан соң оқушыларды шетелдерде оқыту басталды. Бұлайша оқытуға көп қаржы жұмсалатыны аян. Шетелдердің үздік деп бағаланған оқулықтарды ана тілімізге тәржімелеп оқыту әлдеқайда арзанға түсер еді. Еліміздің тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен ана тіліміз т.б. халқымыздың болмысына арналған пән оқулықтарын ғана өз ғалымдарымыз жазған төл оқулықтары бойынша оқыту заңды. 
Елдер арасында ғылымға бөгет болатын шекара жоқ. Ғылым бүкіл адамзатқа ортақ қазына. 
Мектеп оқушыларының «білім құмар баланың оқу болар ермегі» деген халық мәтелін естеріне ұстағаны жөн. «Білім арзан, білу қымбат» деген қанатты сөзді де білгені жөн. Осыларға қоса «Білімің – өзіңнің тергенің, ақылың – Алланың бергені» дегенді де ұмытпау керек. Қазіргі кезде Архимедтер мен Ньютондар неге шықпайды деген сауалдың негізгі бір түйіні жастардың білімге деген құмарлығына, зеректігіне, алғырлығына, жалықпай ізденушілігіне және өз бетімен білімін арттыруына да байланысты екенін баршамыз білеміз. Дарындылық жастардың бойында әрқашан «мен мұндамын» деп байқала бермейтін ерекше қасиет. Француз ағартушысы Шарль Монтескье (1689 – 1755) «оқу сүйетін адам уақытты ешқашан да бейберекет өткізбейді» деген. Орыс физигі Яков Зельдович (1914 – 1987) «оқудың қай түрінде болса да, әсіресе өзің тауып, өзің қорытып шығарып, өзің түсінгенің, ... өз талабыңмен жеткенің жақсы-ақ... Осылайша оқу жолы санада бытырап жүрген, әрі бұлдыр ойларды шыңдап, елеулі нәтижелерге айналдыратын жасампаз ғылыми жұмысқа өте-мөте жуық» болады деген. 
Оқулықтағы түсініктер мен ұғымдарды оқушыларға түсінікті тілмен әрі қызықтыра түсіндіретін ең негізгі тұлға – мұғалім (яғни ұстаз). Оқулықты тілсіз білім бұлағы дедік. Оқулықтағы тілсіз білімді тірілтіп жанды дауыспен түсіндіру, әсіресе математика, физика мен химия пәндеріндегі өрнектердің мән-мағынасын аша отырып баяндау мұғалімдерден үлкен шеберлікті талап етеді. Сол себепті мұғалімдерге арналған, баяндау және түсіндіру шеберліктерін арттыратын басылымдардың да болуы шарт. Бұрынғы кездері мұғалімдер мен оқушылардың білімдерін көтеруге арналған «Әңгіме оқулық» («Собеседник-учебник) шығарылушы еді, сол басылымды қайта жандандыру қажет.
Жастардың білім алу тарихында аса зор қабілеті бар (грекше айтқанда таланттар) оқушылар әр кездері байқалып жатады. Солардың бірі жас – Карл Гаусс (1777 – 1855) болған. Оның мұндай қабілеті 4 жасында байқалған. Ол ойша есепке жүйрік болыпты. Ұстаз сынып оқушыларына 1 санынан бастап 100-ге дейінгі сандардың қосындысын яғни 1 + 2 + 3 + ... 98 + 99 + 100 есептеуді ұсыныпты. Әні-міне дегенше Карл «мен есептеп болдым» деген екен. Карлдің бұл есепті қалай тез шешкенін білгіңіз келсе айтайын. Ол әлгі сандардың қосындыларын 2 рет жазады; бірінші қатарға 1 + 2 + 3 + ... +98 + 99 + 100 қосындысы, оның дәл астына осы қосылғыштарды керісінше 100 + 99 + 98 + ... + 3 + 2 + 1 жазып, осы екі қатардағы алғашқы орындағы екі санды (1 мен 100-ді), одан соң екінші орындағы екі сан (2 мен 99-ды) т.с.с. қосып шығады; сонда ылғи 101 саны 100 рет қайталанған қосынды (101 + 101 + 101 + ... + 101) пайда болған. Сондықтан 100 х 101 көбейтіндісі шығады емес пе, осы көбейтіндіні 2-ге бөледі, оның себебі 1-ден 100-ге дейінгі қосынды 2 рет қайталанып жазылды ғой. Сонда 50 х 101 = 5050 көбейтіндісі шыққан. Осы санның есептің жауабы екені түсінікті.
Математиктер арасында аса зор дарындылар көп болған. Неміс математигі Феликс Клейн (1849 – 1925) «Біздің ғылымымыздың тарихында болған данышпан адамдар қатарында Гаусстан бұрын, табиғат сондай жомарттықпен дарын берген екі-ақ ұлы ғалым болған, олар: Архимед пен Ньютон еді» деген. Дарындары ерте байқалған ғалымдар қатарында жарықтың интерференциялық құбылысын ашқан ағылшын физигі Томас Юнг (1773 – 1829) және орыс математигі Лев Понтрягин (1908 – 1988) бар. Томастың еске ұстау қабілеті 2 жасынан бастап білінген, ол мүдірмей оқи алатын, 4 жасында ағылшын ақындарының өлеңдерін жатқа айтатын болған. 14 жасында дифференциалдық есептеумен танысқан. Бірнеше шетел тілін меңгерген. Алғашында дәрігерлік мамандық бойынша білім алып, соңынан физикаға қызыққан. Ал Лев Понтрягин 13 жасында кездейсоқ оқиғаның салдарынан екі көзі көрмей зағип болып қалған. Анасының жәрдемімен оқуын жалғастырған. Анасы баласына оқулықтарды дауыстап оқып берумен айналысқан. Лев осылайша орта мектепті бітіріп, Москва Мемлекеттік университетінде оқып, оны бітірген соң топология саласымен айналысып, ғылыми еңбектер жазған. Ол ғылыми диссертациялар қорғау немесе басқадай баяндамалардағы математикалық өрнектердегі көзі көретін ғалымдар байқай бермейтін жаңсақтықты, қателікті есту арқылы тауып көрсететін болған. Жанары көрмесе де ой-зердесімен көретін ғалым болған. 
Оқыту мәселесінде американ математигі Дьерд Пойаның (1887 – 1985) «Біреуді кез келген есепті шеше білуге үйрету мүмкін емес, бірақ әлгілердің есеп шығара білуге үйренуі мүмкін» дегеніне құлақ асуға болады. Өйткені дәріс тыңдаушының қабілетіне көп нәрсе байланысты.
Қазіргі  кезде ана тілімізде оқитын  дарынды  балаларымыздың математика, физика, химия, информатика т.б. пәндер бойынша өткізілетін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары болып жүргені қуантады. Олардың әлгіндей жеңімпаз болуы үшін тәжірибелі ұстаздардың көп еңбектенетінін білеміз. Оқулықтарға енбей қалған ғылыми ұғымдар мен ережелерді, есептер шығаруға қажет мәселелерді үйретеді, оларға жаңа ұғымдар мен әдістер таныстырылады. Осы секілді мағлұматтар оқулықтан тыс оқуға арналған оқу құралдарында болуы қажет. Бірақ мұндай оқу құралдары бізде жоқтың қасы екенін айтқан болатынмын. Бұрынғы кезде осындай басылымдар көп таралыммен орыс тілінде Одақ бойынша шығарылатын-ды. Қазіргі кезде де Ресей Федерациясында ондай басылымдар көп әрі көп таралыммен шығарылуда. Мысалы, Ресейде оқушыларға арналған 30-дан астам пәндік энциклопедиялар шығарылуда. Дарынды оқушыларға жан-жақты білім беретін басылымдар жеткілікті болмайынша оқушыларды ғылым биігіне апаратын жолдан көре алмауымыз ұзаққа созылуы мүмкін.
Білім беру, яғни оқыту ісінде күні бүгінге дейін барлық мәселелерді көбінесе ауызша айту, яғни сөзбен түсіндіру әдісін пайдаланып келеміз. Бірен-саран көрнекілік әдістер пайдаланылуда. Қазақта «жүз рет естігенше бір рет көрген артық», «көре-көре көсем боласың» деген мәтелдер бар. Қазіргі заман компьютерлік анимацияның өрістеп келе жатқан кезі. Дәріс беру әдісіне анимациялық дәрісті енгізу қажет. Бұл не деген сөз? Мектептегі физикалық немесе химиялық зертханалар бұрынғыдай неше алуан жабдықтармен жабдықталмай-ақ анимациялық кино арқылы сан алуан тәжірибелерді қайталап көрсету мүмкіндігі болар еді әрі бұл әдіс қауіпсіз болмақ. Кейбір химиялық тәжірибелер жасау кезінде дұрыс орындалмаған химиялық реакция кезінде қопарылыс және басқа жайттардың болуына жол берілмес еді. Әрі әрбір оқушы өзінің қалауы бойынша кез келген уақытта қайталап көріп түсінбей қалған мәселесіне көз жеткізер еді. Осылайша «Айға бойымыз жетсе, Күнге қолымыз жетер» еді дегендей оқушылардың білімі едәуір артары сөзсіз.
Физика пәнінде, мысалы бүкіл атом тақырыбында анимациялық тәсілмен көрнекі түрде түсіндіру оқушылардың ынтасын арттыруға көмектесер еді. Бір сөзбен айтқанда дәріс беру ісіне осы заманғы техникалық жетістіктерді пайдалану қажет. Соңғы кезге дейін «кітап – тілсіз мұғалім» деп аталып келген болса, бұдан былай «кітап – нағыз мұғалімнің өзі» деп мадақталар еді. Ағылшын драматургі әрі ақыны Уильям Девенант (1606 – 1668) «Кітап – ғасырдан-ғасырға сапар шегетін ақыл-ой ескерткіші» деген екен.
Өткен 20-ғасыр ғылымдардың қауырт дамытылған кезеңі болды. 21-ғасыр ғылымдарының аяқ алысы туралы әзірше кесімді пікір айту ертерек. Солай бола тұрса да 21 ғасырдағы физика ғылымы өткен ғасырлардағы физикаға тіптен ұқсамайтын болуы да ықтимал.
Осы айтылған мысалдардан ғылыми жаңалықтар ашу ұзақ уақытқа созылатын үрдіс екені байқалады. Өткен кезеңдерде ұсынылған идеялар мен ғылыми теориялар даярлап кеткен алғы шарттар пісіп-жетілген кезде, яғни ғылымның ұзақ уақыт дамытылуы барысында айғақталған теориялар мен ғылыми тәжірибелердің нәтижелері негізінде ұшқыр ойлы ғалымдардың дарындылығы арқасында ғылыми жаңалықтар тұжырымдалады.
«Дәрі шипалы шөптерден шығады. Дана ғалымдар көптен шығады» демекші, көпшілік оқушыларға берілетін білім аясын кеңейту керек. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бергі уақытта білім беру, оқыту сапасын кемелдендіруге, өндіріске жаңартылған технологияларды енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінуде, жаңаша көзқарас пайда болуда. Мектеп оқушылары халықаралық пәндік олимпиадаларда алдыңғы қатарлы орындардан көрініп жүр. Бұл қуантарлық жайт. Бірақ осы жеңімпаздарымыз әзірше ғылым әлемінің көкжиегінен жоғары көтеріле алмауда. Білім алуда талпыныс бар. «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» дегендей, бүгінгі жастарымыздың арасынан келешекте Архимед пен Ньютонның шығатынына сенеміз. Қазіргі кезде қазақтың орта буын ғалымдарының арасында аз болса да шоқ жұлдызға татырлық математиктеріміз бар. Олардың қатарында академик Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторлары, профессорлары: Мұхтарбай Өтелбаев («мың жылдық мәселелердің» біреуін шешкен), Уәлбай Өмірбаев (Якобиян гипотезасымен айналысушы) т.б. бар. Осы аталған ғалымдардың шәкірттері де бар. «Ұлылардың бәрі ұстаз» деген мәтел бар. Олардың шәкірттерінен көп нәрсе күтеміз. Қазіргі заман «Ұстаздан шәкірт озар» заман ғой. Болашақ Архимедтер мен Ньютондардың қазіргі кездегі қазақ балаларының арасында асық ойнап жүруі де ықтимал демекпін.

Нұрқанат КӨБЕНҚҰЛҰЛЫ, 
математик.

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы