• Қоғам
  • 19 Маусым, 2015

МАҚСАТЫМ – КӘСІПҚОЙ МУЗЫКАНТ БОЛУ

Асланбек Ылым

Қазіргі таңда өнермен білімге құлаш сермеген жеткіншектеріміз көп. Солардың бірі – Асланбек Ылым. Ол сабақты жақсы оқумен қатар мектептегі спорттық үйірмелерге де белсене қатысады. Ал, домбыра шертуі мен күйсандықта халықтық шығармаларды орындауы тіптен ғажап. Сондай-ақ өлең жазып, әуелетіп ән де салады. Осындай өнерпазға біз де ақжол тілейміз!

Асланбек, өзің кішкентай кезіңнен ән айтқанды ұнаттың ба?  
-Мен 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. 3-4 жасымнан бастап ыңылдап ән айта бастаппын. 1-2 сыныптарды Павлодар облысына қарасты Майқайың кентінде оқығанмын. 3-4-ші сыныптарды Алматы қаласында оқыдым. Өнерге үлкен қадам басуыма басты себеп 2007 жылы ата-анамның қолдауымен А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп интернатына түсуім болды. Бұл өнер ордасына 5-ші сыныпқа «Прима-домбыра» аспабына Дүйсембаева Ләззат Сағындыққызының классына түстім. Қазіргі таңда 12-ші, яғни соңғы сынып оқушысымын. 8 жылдың ішінде 2 мәрте халықаралық байқаудың сонымен қатар 6 мәрте республикалық байқаулардың лауреаты болдым. 3 жылдай Ақан Әбдуәлі, Мадина Жамбылқызы, Абзал Қуанышұлы сияқты ұстаздардан дәстүрлі әнмен қосымша тәлім алдым. Сегіз жыл міндетті фортепьяно пәнінен Дариға Маймасқызынан сабақ алдым. Фортепьянода поляк Фридрих Шопеннің романтикалық әсіресе приприлюдия шығармаларын орындағанды ұнатамын. Негізгі мамандығым (прима-домбыра) орыс халық аспабы болғандықтан көбіне орыс композиторларының шығармаларын орындадым. Бірақ қазақтың күйлеріне ықыласым ерекше. Мектеп оркестрінде 6 жыл отырдым. Сонымен қатар құрамында 80 бала бар, яғни 7-12 класс оқушыларынан құралған оркестрге дирижер да болып көрдім. Сондай-ақ эстрададан да құр алақан емеспін. Қазіргі таңда әнші ретінде қоржынымда 20 ән бар. Ал, «Сұлу қыз», «Әкем-анам», «Қызыл алма» секілді әндерімнің  сөздерін де, әуенін де өзім жаздым, Тек «Қызыл алманың» ғана сөзін Орынбасар Самаликов аға түзетіп, өңдеп берді. 
Негізі композитор ретінде жазған әндерімнің нақты саны 10. Соның 3-еуі ғана жарыққа шықты. Себебі әнді шығарып қана қоймай оны өңдеу (оранжировка) керек, ол үлкен қаражатты талап етеді. Құдайға шүкір, әкем қаржылай көмектесіп жатыр. 
-Әнді қалай және қай кезде шығарасың?
-Әндерімнің басым бөлігі үй шаруашылығына көмектесіп жүргенде, монша жағып, бақшада, жер аударып және т.б. жұмыстарды жасап жатқан кезде   өздігінен  туындайды. Құдай берген бойымдағы дарынды пайдаланып, болашақта үлкен өнерге өзімнің кішкентай болса да үлесімді қоссам деймін. Қазіргі күні екінің бірі әнші, сазгерлер көбейіп кетті. Шын мәнінде сауатты әрі  дарынды музыканттар сахнадан көрінуі қажет деп ойлаймын. Биылғы басты мақсатым Құрманғазы атындағы академияға абыроймен түсу. 1-ші мамандығым «прима-домбырашы». Ал композиторлық, ақындық, дәстүрлі әншілік, дирижерлік т.б.  мамандықтарды қосымша алып жүремін.
-А.Жүбанов атындағы мектепте оқиды екенсің. Ата-анаң және достарың, өзің туралы айтшы?  
-Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Батыр» ауылында тұрамын. Әкем Исламбек пен анам Гүлмира жоғары білімді жандар. Менен кейін Темірлан, Әлидін дейтін інілерім және кенже қарындасым Инаббат бар. 8 жылдан бері интернатта жатып оқимын. Тек сенбі, жексенбі күндері ғана демалысқа үйге барамын. Руым –  Қоңыршұнақ,  елім – Қоңырат. Достарым өте көп. Мектептегі достарым Абзал, Али, Шернияз, Дидар, Айдос т.б. Абзал атты досым өте талантты домбырашы. Екеуіміз қосылып домбырамен қазақ әндерін орындаймыз. Сонымен қатар джаз жанрындағы шетелдік шығармаларды да қазақтың қара домбырасымен 2 дауыста шырқаймыз. Сүйікті тағамым – ет, сусыным – қымыз бен шәй. Тәттіні өте жақсы көремін. 
Мақсатым – өнердің майын ішкен кәсіпқой музыкант болу. Әрі әнші, әрі сазгер, сонымен қатар Қазақстандағы №1-ші примашы болуды армандаймын. 
Менің «Қызыл алма», «Сұлу қыз», «Әкем, анам» атты әндерімді Kazamuza.net сайтынан тыңдауға болады. 
-Сабақ кестесі қандай? Бос уақытыңда немен айналысасың? 
-Бос уақыт деген мен үшін айтылмаған сөз секілді. Күнімнің бәрі ізденіспен, ән жазу, сөз жазу, сабаққа дайындалумен өтеді. Музыканттар өз ісінің таза маманы болу үшін өте тыңғылықты түрде күнделікті дайындалуы тиіс. Мысалы, 1 күнде кем дегенде 4 сағат дайындық қажет. Мектептегі күн тәртібі өте тығыз. Таңертең 6:30-да тұрып, 7-де таңғы ас, 8-ден бастап 12:30-ға дейін Сольфеджио, Гармония, Музыка әдебиеті, мамандық, фортепьяно, дирижерлеу, прима-домбыра, фортепьяно, хор, оркестр, ансамбль т.б.. музыкалық сабақтарға басымдық беріледі. 12:30-да түскі ас, 14:00-18:40-дейін жалпы пәндерге, физика, алгебра, химия т.б. пәндерді пысықтап оқимыз. 19:00-де кешкі ас, 20:00-ден 21:30 арасында өз бетімізше қалаған сүйікті ісімізбен айналысамыз, спорттық жаттығулар жасап, доп ойнаймыз. Бос уақыт жоқ деуге болады. 
-Мәдени шараларға қатысасың ба? 
-Көбіне театрдағы қойылымдарға, опера, балеттерге, концерттерге көп барамын. Әсіресе өз басым итальяндық композитор Джузеппе Вердидің операларын ұнатамын. «Травиата», «Ригалетто» т.б. қалдырмай барып, тамашалаймын. «Қыз Жібек» операсын қатты  ұнатамын. Сонымен қатар «Біржан-Сара», «Абай» опералары да ұнайды. Балеттерден «Ромео Джуллета», «Лебединое озеро» т.б. көрдім. Мектеп мұғалімі сыныптағы оқушыларды ұйымдастырып қалада болып жатқан мәдени шараларға алып баруға тырысады. 
-Ата-анаң техника саласының мамандары екен ғой... Саған өнерге деген құштарлық қай жақтан келді деп ойлайсың?  
-Әкем Сыр өңірінің, яғни Қызылорданың тумасы. Атам Ылым домбыраны керемет ойнаған көрінеді.  Ән салғанын өз басым естімедім, бірақ жас кезінде керемет ән айтқан деп елден естіп жатамын. Кішкентайымда таудағы қойшы ауылда ата-әжемнің қолында біраз жыл болғанмын. Сонда атам малдас құрып алып домбыра шерткенде тізесінде отырып сүйсініп тыңдайтынмын. Ал әжем шын мәнінде әнді өте шебер орындайды, бірақ көп айта бермейді. Тек тойда, отырыстарда ғана ән салады. Нағашы жұртым жайын айтар болсам, нағашы әжем Қарлығаның дауысы ашық, ол кісі халық әндерін шебер орындайды. Жазғы демалысқа шыққан кезде Алтай баурайындағы Қатон-Қарағай ауданы, Балғын ауылына да барамын. Сондай кездерде әжем екеуміз көптеген той-томалақтарда шырқап ән салатын кездеріміз болады. Нағашы атам керемет билейді. Сол себепті менің бойымда құдай берген дарын екі жақтан да бастау алып жатыр деуге болады. 

Әңгімелескен 
Салтанат ҚАЖЫКЕН 

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы