• Әдебиет әлемі
  • 01 Қазан, 2012

Қанипа Бұғыбаева: «Тірлікте адамдар бір-біріне жылы сөз, кең өмірді қимайтыны несі екен?»

Қазақ өлеңіне өзінің сыршыл поэзиясымен қызмет етіп өткен ақындардың бірі Қанипа Бұғыбаева. Жалғанмен қош айтысқаны кеше ғана. Артында қалған мұрасы арда жұртқа аманат, ұрпағына аманат.

Ақындығы мен адамдығына қылау түсірмей дүниеден озған ақын тірісінде өзгеге айтуды артық санаған жан сырын күнделік бетіне ақтаруды жөн санапты. Біз бүгін ешбір басылымда жарияланбаған ақын күнделігін ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Адам бойындағы ең бір жаман қасиет жағымпаздық па деймін. Бір күнгі пайдасы үшін «Жантықтай» болып кететіндерден не дос шықпайды, не қас шықпайды. Ол адамға деген сенімің кетеді. Жаман, арам адамды көргенде, өмір сұрықсызданып, ауа жұта алмай калғандай тұншығып, кеңдікке шығуға асығып, тезірек касынан кетуге асығамын.

Ал жаны адал, шыншыл, не болса да бетіңе айтатын шын сөйлесетін «маскісіз», бет пердесіз сырласатын адамды қанша көрсем де, қанша бірге жүрсем де, жалықпаймын. Іздеп барғым келіп ынтығамын. Шіркін, мынау өмір сондай сирек жақсы адамдарымен ғана сұлу, әрі ыстық екен-ау!

Өз көзқарасы жоқ, кім не айтса, ыңғайына жығыла кететін «күнбағар» жандардың барына да, жоғына да алаңдамаймын.

***

Еңсемді бір зіл батпан басып тұрады да қояды.

Көздері бар көрмейтін, құлағы бар таскерең, жанжүрегі безге айналған пысық, есепдостарды көргенде, «Ойпырмай адамдардың бәрі саудагер болып кеткен бе» деп ойлаймын. Кімге ісі түссе, соған жағынады, кімнен қорықса, соған бағынады. Адамның көлеңке жағын көбірек көрген сайын өмір сүру ауырлай береді екен. Аққуды қараға бояғанмен, қара болмайтыны секілді адал-пәк жандардың жүзінен бір жылылық шуақ, иман ұйып тұрады. Басқаларға бақыт тілейтін, қолынан келсе, шарапатын шашып жүретін жандармен ғана өмір өрісін кеңейтіп, Күн шашатындай болады. Ешкімді де көргім келмейді. Әйтеуір біреуді іздеймін, сағынамын, күтемін. Ол кім? Білмеймін. Елегізумен кешім батып, таңдарым атуда... Шөлдеймін. Ол не шөл? Бәлкім өмірге, әділетке адамдардың шексіз дария-көңіл махаббатына шөлдеймін бе екен?...

****

Менің сүйгім келеді... ұлы табиғатқа айналып адамзаттың бәрін жарылқағым келеді. Жан сезімімді гүл етіп өсіріп, күміс жыр жаңбырымды шашу ғып шашқым келеді. Кімге не керек, кім, неге мұқтаж бәрін тауып бергім келеді. Әттең! Осы сезіміме сәйкес, осы махаббатыма сай жауап бере алатын адамдарды көрсем деп армандаймын.

Салды менің махаббатым азапқа,

Қалды көңіл, тап болдым да мазаққа.

Жанымды өз жанындай түсінетін дос іздеймін, адал дос ізідеймін, ол қайда? Әркім өз көкіректерінің буына семіріп, өзді-өзін пір санаған, өзін-өзі зор санаған жерден дос-көңіл күтуге бола ма? Бір күндік қызметін, барлығын, байлығын басынан аумас бақ санаған кісіден не күтемін? Өз басынан жақсылығы аспаған, ұсақ қулықтың құлы болғандарды бір-екі сөзінен-ақ танимын...

«Бас-басына би болған өңшең қиқым»  – деп ұлы ақын Абай қалай дәл айтқан. Адам мінезі қай кезде де, қай қоғамда да өмір сүрсе де, әртүрлі, жетістігі, кемшілігі, өз дерті, өз құбылыс табиғатын сақтап қалады екен ғой. Қай кезде өмір сүрсе де адам ет пен сүйектен, ақыл-естен, сезімнен құралады ғой. Сол себептен адам қашан да адам қалпын сақтап қалса ғой...

* * *

Бір ойды бір ой қозғайды ... Әсіресе, ұйқыға кетерде немесе таңға жақын оянып келе жатқанда, шала ояу кезде әртүрлі елес суреттер өткен өмір тізбектері, таныс адамдарың, қимас ыстық сәттерің көз алдыңа келіп, кеудеңді бір жылы сағыныштардың ағысына толтырып кететін кездер жиі кездеседі... Оралмайтын күндер, оралмайтын достар, бәрі-бәрі сананың саңылауынан сусып өтіп жатқандай болады.

Әсіресе жас кезде қадыр-қасиетін білмеген, жайсаң, жақсы ағалардың бейнесі көз алдыңнан кетер ме?

Сезімнің басып сыр-пернелерін,

Төзімнің ашып бір перделерін.

Жақсы ағалар, сендерді жерге қимай,

Жүрегіме мәңгілік жерлегемін.

Олар кімдер? Менің туған анамды көрген, «мынау кішкентай жарымжан қызыма көз кырыңды сала жүр» деп табыстаған бір ауыз сөзіне адал жауап беріп, өз әлінше менің басыма ақ күн тілеп өткен Құдаш Мұқашев еді. . «Жақсылардан шарапат» деп халқымыз бекер айтпағандай. Оның «сен ақынсың», «жаз», «жаза бер» «сен мықтысың» – деген сөзінен қуат алып, өрге қарай, өлең өріне   (сөз дертіне душар болып) жас қанатымды қаққаным есімнен   шықпайды.

Оның жиналып қалған бір топ өлеңдерімді оқып, үстін сызып, мынауың нашар деп, немесе «керемет» деп қуанып отырған сәттерін, бейнесін ұмытуым мүмкін емес. Ол сыр-сыр еткізіп, өлеңімнің жолдарын сызғанда жотам шымырлап, жас жүрегім дір-дір етіп, енді өлең жазбастай болушы едім... Бірақ мені тағы бір күш сүйреп әкелетін оның алдына. Сөйтсем, ол менің өлеңге деген құштарлығымды оятып жүр екен ғой. Оны кейін өзі де еске алып, кей қылығымды күліп, сөз етіп отыратын еді...

***

Асығамын... қайда асығамын? Өзім де білмеймін, өмірім бекер өтіп бара жатқандай уақыт пойызым жүксіз, бос өтіп бара жатқандай көп істеріме үлгермей; өмірім бостан-бос далақтаумен өтіп барады. Әйтеуір бір арнаға түсіп алған тірліктің баяу ағысынан бөлініп кете алмай, көп керуенге ілесіп, ілбіп келемін. Ішім удай ашиды... жылағым келеді, біресе айқайлап ән салғым келеді, әйтеуір қоршаған тыныштықтың ұйқысынан оянғым келеді. Ояу жүріп-ақ ұйықтап жүрген сияқтымын. Өз өміріме риза емеспін, қарным ашады. Көңілімнен ел көшкендей құлазимын... Мен өмірімді қайтадан бастасам, өткен өкініштерімді өткен қателіктерімді қайталамай, өз орнымды тауып бұдан гөрі дұрыстау, саналы да мағыналы өмір сүрер едім. Босқа өткен уақытымды еңбекпен, оқумен, білуге, білім бағының ішіне енуге, сол баққа өзімнің де ой гүлімді өсіруге жұмсар едім. Осының бәрінен кеш қалғаным қинайды...

Менің қателіктерім – аңқаулығым, білмегендігімнен. Оттың ыстық екенін білсе, жас бала жоламас еді ғой.Әуелі күйіп қалып, шошып, отты баспайтыны секілді, менің де әр нәрседе қателесуім сол баланың алғашқы қателігіндей болып көрінеді екен. Мен өзімді өзім соттаймын да ақтаймын... Шыбындар әдетте жаман иіс шыққан жерге әуес болатыны сияқты, жаман адам жақсы, адал адамның бойынан жақсылық көрудің орнына тек жаман жағын, кірін көргіш, тергіш келеді...

Жұрт көзіне байғұс етіп, сүмірейтіп көрсеткісі келіп тұрады, сол арқылы өзіне жол ашқысы келіп, рахат табады.

Бұлар бәрібір түбінде өзінің сорлайтынын білмейді. «Біреуге ор қазсаң, кең қаз, өзіңе де керек болады» демей ме, соны білмейді... Аспан да, жер де кең, тар боп бара жатқан адамдар пейілі, адам жаны емес пе?

* * *

Жастау кезімде достарым көп сияқты еді. Тіпті сөйлескен, бір көрген адамның өзі шын досым сияқты көрінетін. Өмір де сондай қызық, жеңіл демалушы ем. Біртін-біртін достарым жоғалып, тіпті көлеңкесін де таппай қалдым. Әрбір сөзі сатулы, аңдысқан көзқарас, қатынас неткен ауыр. Әлде адам жас кезінде аңғара бермей ме? Әлде жас кезімде ақымақтау болдым ба? Не болса соған күлетін едік. Кешіріп, ұмытып кетуші ек... Енді күн өткен сайын кінамшыл, біреудің сөзі түгіл көзінен де сескенесің... Өзіңді-өзің қорғауға көшесің, бұл қалай?

Тауқыметін тірліктің көтере алмай

Әлде әлсіз соға ма, тозған жүрек?

***

Шіркін, маған уақыт берсе, әйел-ана ретінде бала-шаға қамын ойламай, бүгін не жеп, ертең не киемін деп тірліктің, тұрмыстың ұсақ-түйек қыжалат қайғысынан басым азат болса, тек қолыма қалам, алдыма ақ қағаз беріп оңаша у-шусыз кең далаға, қазақ үйін тігіп алсам. Бұлақ сылдырап ағып жатса, көк-жасыл дүние, алқызыл гүл қаптаған шыршалы таудың бауырында қымыз, шай т.б. сусыным болса, бұлбұл сайрап, оқта-текте қырандар қалықтап, қиялымды көк әлеміне қарай шақырып, шабытыммен ғана отқа оранып өлең жазсам, бір күн болса да, бақытты өмір сүрдім деп ойлар едім-ау... Әттең, қолдың қысқалығын-ай!...

* * *

Ағаштар бүршіктеп, гүл атып келеді, көктем келеді. Наурыз айы. Менің көңілімнің көктейтін кезі қашан келеді? Көңіл көктемі бір ауыз жылы сөз бе? Әлде әдемі ән бе? Жоқ жақсы жыр жазған күнім көктемім бе? Күн жарқырап тұрса да, неге менің көңілім бұлыңғыр, мұңды?...

Адам жаны әр көктеммен бірге жасарып, әр көктеммен бірге жастық шағына оралып отырса ғой... Көктеммен бірге үндесіп, құстарменен тілдесіп ұшып кеткім келеді.

Құйылғандай жеріме алау көктем.

Берші маған мәңгілік адам көктем.

Әмірімді күшпенен жүргізгім кеп

Жек көремін өзгеге қарауды өктем!...

Менің табиғатым көктеммен егіз сияқты. Менің анам көктемнің гүліне ғашық болды ма екен? Көктем менің көкірегімде мәңгі гүлдеп тұрғандай, күн шықса көзін ашып гүлдейді, билейді... Кішкентай суықтан үсіп тоңып, солып қалады бүрісіп. Менің де табиғатым гүлге ұқсас жаралған-ау деймін. Тек мақтау, жылы сөз, аялауды ғана ұнатамын. Осынау әлсіздігім үшін қайғырамын, азап тартамын, тартып та келемін. Көлеңкеде қалған гүлдей боп жылап өмір кешудемін, өкпелеп өмір кешудемін. Маған «Тасты жарып өскен гүлдейсің» деуші еді бір досым. Өмірге деген құштарлық болар бәлкім, менің тасты жарып, жарыққа талпынуым. Тастың берер нәрі, құнары аз ғой, содан болар көріксіз болып өсуім. Бойым да аласа, шырыным тәтті емес, ашты, аралар алыстан төбеме ұшып келіп қонбайды... Көзге де түспеймін, елеусізбін. Жетім гүлдің серігі, мұңдасы тек жетім жел, жетім күй. Қурап қалғым келмейді, өмір сүргім келеді...

* * *

Қу адаммен дос болғым келмейді. «Періштенің касында шайтан ілесіп жүргендей» әсер етеді сырт көзге де. Қу адам ештеңеге жанымен, жүрегімен тебірене толқып, беріле алмайды, ән сала алмайды. Өйткені оның жан сарайы ашық емес, арамдықтың түтінімен ысталып солып қалған, көңіл терезесі кірлеп кеткен. Тек ол жамандықты көргіш. Жүрген ізіңді аңдып аяғыңа ілескен шөп-шаламды тергіш. Ондай адамның жанында ауа жұта алмай, тұншыққандай боламын, тезірек құтылғым кеп тұрамын.

Олар бәрінен қулықтың құлынын сауғыш, тек өз пайдасына шешіп, есеппен дос болғансиды. Басыңда күн тұрса, жаныңнан шықпайды, басыңнан күн ауса, іздеп таппайсың, ондай достан жалғыздық жақсы...

* * *

Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адам өз бағасын ала алмай, істеген еңбегінің зейнетін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады. Оның өмірінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны, содан ба екен. Елі елеусіз қалдырмай тірлігінде күндеген, қызғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кезгі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді. Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыты жанатындар көбінде, тірлігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?

***

Адамдар бір-бірін алдап, өзін-өзі бір нәрсемен, жоқтан өзгемен алдандырып өмір сүреді. Қайда барсаң да, сырты жылтыр жалғандық, ішінде дәні жоқ жаңғақ жандар... Шын жылап, шын күлу, шын сүю, шын жек көру, тазалық, жан тазалығы бір-біріне сенісу, телегей мейірім шуақ қайда кеткен? Заманға, уақытқа еліктеп адамдар да тірі темірге (роботқа) айналып бара жатқандай ма? Түсінбеймін, мен адам іздеймін, дос іздеймін. Елсіз айдалада жүргендей боламын. Кімге сенемін? Кімді ойлаймын? Мынау иненің сабағындай ғана өмірде адамдар неге бір-біріне тыныс бермей, қысады екен? Біреудің қуанышынан неге біреу азап шегеді? Неге күндейді?

***

Біреу ес жиып, етек жауып, әдебиет әлемінің есігін ашады. Ол ештеңеден қорықпады. Ал біреу  өзінің кім екенін білмей көзін ашпаған күшіктей, көк теңізге лақтырылып, батып кетеді... ол шыға ма, жағаға, шықпай ма, онда жұрттың шаруасы жоқ. Бір кезде көп жылдар өтеді... О, ол тірі екен, бар екен деп қуанады жағада жүрген пенделер... Шындығында мен сол сәби балапанның тағдырын кешіп келдім осы өмірге.

***

Жұрттың бәрі мені Әбуге немесе Құдашқа қосып, қор қылды... Олар ондай пенделік әйел-еркек деген ұғымнан жоғары тұрған... Олар маған қатын емес, ақын деп қарады. Сол үшін оларға қарыздармын. Қазіргі адамдар ақыннан қатынды, қатыннан ақынды айыра алмай бастары айналып кетті...

Шындығында Әдебиеттегі әкем Әбу аға, сосын Құдаш аға, сосын Тұманбай аға үшеуі мені өмірге әкелген ұш құдайым секілді. Олар болмаса, мен де жоқ едім... Мен Әбу ағаның қан жағынан өгей қызымын, жан жағынан өз қызымын, оны өз түсім әйгілейді. Енді оның үрім-бұтағына, қызына, ұлына мен жақпаймын, өйткені олар мен сияқты, Әбу аға сияқты ақын мінезді емес... Өмірімде көрген зиялы адамдар деп және мейірімді жандар деп осы аға мен Ләзиза апаны (Бабажан) айтар едім. Мойныма қарыз болмасын. Менің жарық дүниеге келуіме, ақын болуыма осы қос бәйтерек шуағын төккен. Мен солардың бауырынан өніп-өскен жасыл көктеммін... Мен Әбу-Ләзиза деген ардақты есімді ұмытсам, алжығаным, ақылдан адасқаным болар...

487 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы