• Руханият
  • 01 Қазан, 2012

Қол бұлғап қалды балалық

Менде  бала  болдым.  Балалығым  кең  жайлауда  өтті.  Көбелек  қуып, көйлек  желпіп, желмен  жарысып, асық  атып, доп тептім.  Балауса  кезеңімнен   қалған  ыстық  та  қызық  оқиғаларды  тілге  тиек етсем.

Жаз  мезгілі. Таң  атыпты.  Күн  нұры  шашырап, сәулесі  бетіме  түсіп  тұр.   Бөлме  іші  сондай  ыстық.  Иретілген  жылан  құсап  әрең  тұрдым. Жуынатын  бөлмеге  қарай  беттедім.  Кенет  бір  күтпеген, аянышты  дауыс  естілді. Үйде  менен  басқа  ешкім  жоқ.  Ата-анам  жұмысқа  кеткен.

– Адамдар, сендер  оңбағансыңдар, аяқтарыңа  қарамайсыңдар, таптап  кетесіңдер, деген  зарлы  дауысты  естіп  тұрып  қалдым.  Жан -жағыма  қараймын  ешкім  жоқ.  Аяғымның  астына  қарасам  бір  құмырсқа  жұдырығын  түйіп  алып, кіжінеп  тұр.

– О, Тоба!  Құмырсқа  сөйлей ме?! Жәндікке  тіл  біткені  қалай?!

Зуылдап  күндер  өте  шықты.  Есейдім  бойым, ойым  өсті.  Құмырсқаның  халін  енді  түсіндім.  Бала  кезімде  темірден  кішкентай  арба  жасап, құмырсқалар  мен  қызыл қоңыздарды  ат қылып, арбаға  жегуші ем...

***

Қайсар-қиқар  бала  еді. Көрші  тұратынбыз. Екеуміз   тетелес, бір  жылдың  тумаларымыз. Екеуміз де – ерке, бұзық  баламыз.  Бала  кезімізден  жұбымыз  жазылмай  бірге  ойнап  өстік.  Біздің  үйдің  алдында  үлкен  терек  өсетін.  Әлгі  ағаштың  ұшар  басына  шығып, бұтақтарына  ұя  жасап  ойнайтынбыз.  Біз  құстардың  ұясын  көрсек  қуанып, жұмыртқаларын  сындырып, тас  лақтырып  қызық  көруші  едік.   Ауылда  Қайсарды  «рогаткалы  бала»  деп  атайтын.

Бір  күні  Қайсардың  бетіне  сары  дақтар  пайда  болды.  «Ол  дақтар  құс  ұясын  бұзғаннан  болады», – деп  әжем  айтатын.  Қайсардың  өң-келбеті  әдемі, ажарлы  болатын.  Енді  бет  жүзіне  дақтар  түсті.

–Құс  ұясын  бұзбаңдар, оларға  мейірімділік  танытып, жанашыр  болыңдар! Құс – қанатты  дос! Балапандары  сендер  сияқты  жас  бала  ғой, деп  көршілер  ұрсатын.  Бірақ  бәрін  кеш  ұғындық.

***

Көшеде  көрші  қыздар: Бердігүл, Айым, Қуаныштар  асфальт  жолға  тор  көз  ұяшықтар  сызып  ойнап  жүр.  Ойындары  өте  қызық.  Секіріп, тез  -тез  орысша  бірдеңелерді  айтады. Қызыққаным  соншалық.  Алайда  мені  олар  ойнатпады. Ызаланып  тұрдым да  көше  бойындағы  ағып  жатқан  арықтан  суды  құмыраға  толтырып, қыздарға  су  шашып, үйлеріне  қарай  қудым.  Ойын  алаңы  маған  қалды.  Бірақ, қалай  ойнау  керегін  білмей  қанжылап  қалдым. Секеңдеген  лақтардай  жортқан  қыздар да  қырсығып  үйлерінен  шықпай  қойды.

***

Менің  бірінші  сыныпта  оқығанда   жазуым  өте  нашар  еді.  Жо- жоқ, әлі де  әдемі, оқтай  түзу  жазамын  деп  айта  алмаймын.  «Көркем жазу»  пәнінен  беретін  мұғалімім  күнделігіме  былай  деп  жазып  беріпті:              «Құрметті ата-ана! Балаңыздың  жазуы  әуеде  ұшып  жүр, қадағалаңыз!».  Оқыған  анам, менің  жазуымды  жол  бойына  сыйдырып, қалыпқа  келтірді  ғой, әйтеуір.

***

Әблез  деген  көрші  шал  болатын. Мен  ылғи  ойнап, зығырданын  қайнататынмын.  Бір  күні  менің  ағам  сол  шалдың  атын  сұрап, көкпарға  кетіпті.  Мен  есік  алдында  тұрған  трактордың  төбесінде  ойнап  жүрмін.

– Ей, Елдос, Айдын  ағаң  келді ме?! дейді. Мен  өтірік  естімегендей

–      А, не  дейсіз? Естімедім,  деп қоямын.

Әлгі  шал  көшенің  ортасына  келіп, дауыстады. Мен  тағы  да  естімеген  сыңай таныттым. Шал  біраз  жүріп, тіл  қатты.  Мен  әдетімше  тұрмын.

Шалдың  әбден  тағаты  таусылып, тура  қасыма  келді.  Қабағы  қатулы, өңі  суық. Ләм-мим  деп те  тіл  қатпады. Мен  лезде  сөз  тауып:

–      Ата, Айдын  дейсіз бе?  Ол  көкпардан  әлі  келмеді, –   дедім. Шал  күліп  жіберді, менің  өтірік  естімей  тұрғанымды  сезіп  ұзағынан  күлді.

***

Желтоқсан  айы.  Бесінші  сыныпта  оқитынбыз.  Сынып  өз  ішінде  екі  топқа  бөлініп  дәріс  алатын. Біздің  топта  ағылшын  сабағы  болып  жатыр.  Мұғаліміміз  жоғары  сыныптардан  сарамандық  жұмыс   алуға  кеткен.   Жанат  есімді  сыныптасым  тақтаға  шығып, үй  жұмыстарын  жазып  жатқан. Бор  таусылып  қалды. Бор  іздеп, мұғалімнің  партасын  қарадық.  Бір  сөмке  алма  тұр. Қызыл, торсықтай  алма  көздің  жауын  алып,  бүкіл  сынып  балалары  қызығып, жегіміз  келді.  Қысты  күні  алманы  қайдан  жейсің?! Сілекейіміз  шұбырып, мұғалімнің  сөмкесіне  ұрлыққа  түстік.  Таласып  алмаларды  жеп, қалғанын  сөмкемізге  тығып та  алдық.  Ешкімге  тіс  жармадық.  Бірақ,  баламыз  ғой.  Мақпал  апай  біздің  алғанымызды  бірден  білді. Сынып  сағаты  болды.  Ата- анамыз  келіп, сынып  жетекшіміз  бен  мектеп  директорының  тәрбие  жөніндегі  орынбасары  сазайымызды  тартқызды.  Жаңа  жыл  қарсаңында  үйіне  алма  алған  ұстазымыздың  шығынын  қайтардық.  Балалықпен  жасалған  ұрлықты  осы күні  еске  алсақ  күліп, өз-өзімізден  қызарып,қысылып  қаламыз.

PS: Өткен  күндер  менің  бақытым  екен. Алаңсыз  өскен  балалықты  аңсаймын.  Мектеп  жылдары  есіме  жиі  түсіп, бір  күліп  қаламын. Әттеген-ай, сағынышым  шексіз  екен.  Сағыныш  сазын  өткен  күндерімізден  қалған  белгі – фотоларға  қарап  мауқымды  басамын.  Қиялымнан  қанат  қаққан  мың  арман, бәрі- бәрі  сағыныштан  құралған  екен  ғой...

Осы  күндері  мектебіме  барсам  таңғаламын.  Өзім  оқыған  сынып  бөлмесі, мен  отырған  парта  барлығы да  өзгеше, жаңа.  Мен  өзім отырған партаға  отыра  бергенде, бір  кішкентай  бала  келіп:

-Аға,  тұрыңыз, бұл  менің  партам ,- дейді.  Мектеп  өміріне  зер  сала алмадым -ау?!  Менің  дәуренім  өткенін  сезіндім.

Менің  қолымда  ғажайып  сағат  бар! Нанасың ба?! Ол  сағаттың  ғажаптығы - өткен  жылдардың  нақты  уақытын, күнін, айын, мерзімін  толық  енгізсең, өткенге  апарады...

Көз  алдымда  балалық  шақтың  тәтті  күндері  елестеп  тұрса, құлағымда  сыныптастарымның  сабақта  шулаған  шуы, көңілімде   сейілмейтін  сағыныш  билеп  тұрады.

Балдәурен  өмірім  неткен  сондай  балғын  ең?! Балалық  кезім-  таза, жазылмаған  дәптер  еді, қазіргі  кезім  шимай - шатпай  дәптер  секілді.

...Шіркін, балалық  шаққа  қайта  бір  саяхат  жасасамшы?!

Елдос  ТОҚТАРБАЙ

506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы