• Әдебиет әлемі
  • 01 Қазан, 2012

Жадыңда жаңғырық болып, өшпейтін бір ән болам

Тілеуберді САХАБА

Өлеңдері «Үркер» журналында тұңғыш рет жарияланып отыр. Жастыққа тән албырттық басым демесек, келешегі кемел ақын болатындығы аңғарылады. Жыр-сапарда жолы оң болсын.

Редакция

Өкініш

Күндерім менің бұлыңғыр болып барады,

Сайтан кеп мінді мойынға.

Бәрі де маған сұмырай жүзбен қарады,

Көміліп бітті ой мұңға.

Құтқаршы мені құлдығың болып кетейін,

Қимаймын таза арымды.

Жаныма келіп жаңғырық болды бөтен үн,

Тұмшалап алды бағымды.

Тозақтың жолын көрсетер  жалған сезімге

Сел етті неге көңілім.

Ләззат баққан тірлігімді еске түсірсем,

Қуанышымының көбі мұң.

Қара бет болып еңкілдеп бүгін отырмын,

Елесі кетпей көз алдан.

Ертегі күнді есіме қалай түсірем,

Жарық күндерім бозарған.

Қасіретімді түсінші менің қарағым,

Бойымды үрей билеген.

Кейінгі күнге қалайша үнсіз барамын,

Бүгінгі тірлік күйгелең.

Жаратқан ием кешірер ме екен кешіктім

Ғибадатымның көбінен.

Күнәсіз шағың көңілден кетті көшіп тым,

Несіне енді егілем?...

Кешірші мені я Аллам!

Қыз ғұмыр

Қосамыз әнімізге тамсанамыз,

Сүйемін деп бір сәтте жар саламыз.

Жұма күні ауылға шығарып сап,

Жексенбіде қалада қарсы аламыз.

Ол да сені алдайды күлімдейді,

Ойыны ма, шыны ма білінбейді.

Байқалады жүзінен бір ұяңдық,

Өзіңді аңсап тым асық жүгірмейді.

Күлкісіне бір сәттік жұбанамыз,

Гүл аламыз, кездессек қуанамыз.

Сол үшін деп кешігіп парамыздан,

Тек сол үшін ертерек сұранамыз.

Осылай өтер-кетер қыз ғұмыры,

Білмеппіз-ау, білмеппіз біз де мұны.

Сәл кешіксең сарғайып кете берер,

Қыздың жаны секілді күз ғұмыры.

Арулар серттен неге құлағандар,

Деп жүрсекте "біз үшін бір адам бар".

Жазғы үзіліс. Кетеді өзге жанмен,

Ол жайлы бізден енді сұрамаңдар!

Естелік

Жыр жаздым мұң құрсақтанып,

Сәулесіз тағы да түн.

Сен маған өкпелей көрме,

Жаныңа жаным жақын.

Бұл әнің текке дей көрме,

Жүрек қой бағынатын.

Қалатын қас-қағым сәтте,

Байланып жаныңа ақын.

Сырымды саған ақтардым,

Жазғы кеш жылап тұрып.

Дүрсілін жүрегіңнің мен,

Тыңдадым жырақ тұрып.

Сен іштей назаланасың,

Кетесің бірақ, күліп.

Жаныңды мазалататын,

Жадыңда сұрақ тұрып.

Көктемдей көңілден кеттің,

Арман боп ақ қалатың.

Самғасын ақ армандарға,

Қауырсын ақ қанатың.

Жырым да жырақта қалды,

Сен жаққа аттанатын.

Сырым да сарқылды менің,

Алдыңда ақтаратын.

Үмітпен бір нәзік сезім,

Көзіңнен сыр аңдаған.

Жадыңда жаңғырық болып,

Өшпейтін бір ән болам.

Шешусіз көкейімде тұр,

Бір жұмбақ сұралмаған.

Қалдырдым естелік үшін,

Жыр жазып сыңар қалам...

Қараша үй

Өмірдің көріп жеңіліменен ауырын,

Кеудемен тосып көтерген құмды дауылын,

Қарагер аттың бүйірін тепкен қара шал,

Қасқа құлынның ноқтасын ескен бауырым.

Қалай деп менің өскен ордамды сұрасаң,

Осылай еді ауылым...

Асауды мініп алқымын тартып ойнатқан,

Тұманды түнде тұғырға түнеп қой баққан.

Көтеріп мосы тұтатып тезек түтінін,

Киізді үйдің түндігін түріп жайнатқан.

Қазақтың иісі аңқыған мекен әмәнда

Осындай жерде тойлатқам...

Қараша үйлер қара тау жақта қалқайған,

Қара шалымен ақ кемпір төрде жантайған.

Қай жақтан асып, келгенін қалай сұрасаң,

Бір ғасыр бұрын көшкенін айтар Алтайдан.

Далада өсіп, атанған таудың тағысы,

Олар да бүгін қартайған...

Жыр жазып түнде  кірпікке әппақ шық тұрып,

Бейкүнә түннің пәктігін солай ұқтырып,

Бәрі де есте тынымсыз күлген тұнық кеш,

Тұп-тұнық әуен тұп-тұнық сәуле тұп-тұнық.

Қаланың бүгін құрсауына сіңіп барамыз,

Бостандықтағы тұтқыны...

Деміңді іштей күпті ғып...

394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы