- Мәдениет
- 05 Мамыр, 2015
АЛМАТЫ МАРАФОНЫ
Алматыда «Бірінші болу батылдық!» атты IV қайырымдылық марафоны болып өтті. Спорттық шараға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Литва, Швеция, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Ресей сынды мемлекеттерінен барлығы 15 мыңға жуық адам қатысты.
Шараға қатысқан қала әкімі Ахметжан Есімов сөз алып: «Біздің марафонымыз дәстүрге айналды. Біз оны қалалық спорттық шаралар тізіміне енгіздік, бұдан былай жыл сайын өткізіп тұратын боламыз. Егер өткен жылы оған 10 мың адам қатысса, биыл олардың cаны біршама өсті. Осылайша, алматылықтар салауатты өмір салтын қалайтындықтарын білдірді. Біздің қаламыз – барлық жағынан үлгі болуға тиіс»,- деді.
Жарыс өткен жексенбі күні сағат таңғы 08.00-де ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан басталды. Желаяқтар 3, 10, 21 және 42 шақырым қашықтықтары бойынша жүгірді. Сонымен бірге, командалар қатысатын экиден сайысы болды.
Дүбірлі доданың қорытындысында кәсіби спортшы Андрей Лейменов жеңімпаз атанды. Ол 42 шақырым 195 метр қашықтықты 2 сағат 35 минут 51 секундта жүгіріп өтті. Аталмыш қашықтықты 2 сағат 37 минут 50 секундта жүгіріп өткен Георгий Шейко күміс жүлдеге ие болды. Ал былтырғы жарыстың жеңімпазы Алмат Имашев 2 сағат 54 минут 20 секунд уақыт көрсеткішімен үшінші орынға ие болды. Қыздар арасында 2 сағат 52 минут 18 секунд уақытты бағындырған Гүлжанат Жанатбек топ жарды. Командалық экиден жарысында бірінші орынды «Таң Нұры Фитнес Клуб» құрамасы бас жүлдеге ие болды. Аталмыш команданың спортшы жігіттері ұзақ қашықтықты 2 сағат 23 минут 41 секундта жүгіріп өткен еді. Екінші орынға «Аrzu life team» (2 сағат 29 минут 09 секунд) командасы ие болды.
Ал құрамында осы мақаланың авторы, Екатерина Шатная, Бақтияр Қасенов, Руслан Эльмуратов, Санат Қайыров, Наурызбай Жаңбыршин сынды спортшылар «Payda group» командасының атынан сынға түсіп, үшінші орынды (2 сағат 44 минут 08 секунд) иеленді. Жартылай марафон болып саналатын 21 шақырым қашықтықта Михаил Красилов (1 сағат 15 минут 07 секунд) ешкімге дес бермеді. Қыздар арасында бұл қашықтықта Александра Комлеваның (1 сағат 26 минут 00 секунд) мерейі үстем болды. Елизавета Пахомова (1 сағат 37 минут 10 секунд) екінші, Ксения Турнаева (1 сағат 38 минут 26 секунд) алғашқы үштікке ілінді. Он шақырымдық жасөспірімдер арасындағы жүгіруде Айдын Бақытбек (27 минут 53 секунд) көрсеткішімен жеңімпаз атанып қана қоймай, аталмыш қашықтықта рекорд жаңартты. Ал қыздар арасында Айнұр Молдахынова (39 минут 51 секунд) уақытымен топжарған болатын. Бұдан басқа марафон бойынша әртүрлі жас санаттағылар арасында да жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. Жүлдегерлер мақтау қағаздарымен, қажетті тұрмыстық, кеңселік техникалармен: ноутбуктар, фотоаппараттар, ұялы телефондар және басқа да құрылғылармен марапатталды. Үздік атанған 72 спортшы мақтау қағазы және дипломдармен марапатталды.
Алғаш рет ардагерлер арасында өткен сайыста 37-жасар алматылық Ержан Жанмаилов топжарған болатын. Осыған орай Ержанмен (35-39 жас аралығында өткен сайыстың жеңімпазы) жолығып сұхбаттасудың реті келді.
–Жеңіл атлетикамен айналысқаныңа қанша жыл болды? Жарысқа дайындығыңыз қалай болды?
–Бұл спорт түрімен айналысқаныма 8 жылдай болып қалды. Жасөспірімдер арасында әртүрлі қашықтықта бақ сынап бірнеше мәрте жүлдегер атанғанмын. Осы марафонға Қырғызстанда үш аптадан аса уақыт дайыдалдым. Күніне 30-35 шақырым жүгіріп жүрдім. Жаттығуларды таңертең және кешкі уақытта жасадым. Жалпы нағыз марафон 32-35 шақырымнан кейін басталады ғой. Міне шыдамдылық, төзімділік, күш-қуат сол кезде керек. Марафон бұл жай ғана жүгіру ғана емес, бұған адамның ақыл-ойы, жылдамдығы, қырағылығы, тактикалық және стратегиялық жоспар құруы да көп рөл атқарады. Аптасына 6 рет тыңғылықты дайындаламын. Аптасына 150 шақырым қашықтықты жүгіріп өтемін Күніне 2-3 рет жүгіремін. Өзімнің құрған кестем бар. Марафоншылар ұзақ қашықтықта ғана емес, сонымен қатар қысқа қашықтықта жылдам жүгіруі тиіс. Сондықтан аптасына 2 рет қысқа қашықтыққа арнайы бірнеше мәрте жүгіремін.
–Қуанышыңызда шек жоқ шығар, сірә?! Бүгінгі көрсеткішіңе ризасың ба?
–Бұл менің марафондық қашықтыққа төртінші рет қатысуым. Алғаш рет 2012 жылы өткен марафон жарысында 30 спортшының арасынан көрінген болатынмын. Былтыр 3 сағат 15 минут уақыт ішінде жүгірсем, биылғы көрсеткішім 3 сағат 23 минут. Сегіз минутқа жай жүгірсем де ең бастысы ардагерлер арасында жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Былтырғы жылдан бастап осы Алматы марафоны Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына ресми түрде енді. Сондықтан қашықтық өте дәл өлшенді.
–Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
–Биыл жазда Алматыда өтетін дәстүрлі Медеу марафонына қатысып ардагерлер арасында топжарсам деймін. Бұл марафон бүгінгімен салыстырғанда ерекше болып табылады. Өйткені бұл сайыс көбіне жоғары қарай жүгірумен ерекшеленеді. Ең бастысы менің негізгі мақсатым халықаралық шебер дәрежесіне қол жеткізу. Әлемдегі үздік спортшылардың бірі болу үшін 42 195 метр қашықтықты кем дегенде 2 сағат 18 минутта жүгіріп өтуіңіз керек.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде ерлер арасында әлемдік рекорд кениялық желаяқ Уилсон Кипснагке тиесілі. Оның көрсеткіші 2 сағат 3 минут 23 секунд. Ал әйелдер арасындағы рекордтың авторы Ұлыбританиялық желаяқ Пола Рэдклиф. Оның көрсеткіші: 2 сағат 15 минут 25 секунд.
Нұрлан ҚҰМАР
534 рет
көрсетілді10
пікір