• Мәдениет
  • 27 Сәуір, 2015

Көше бойларындағы бөтен сөздер

Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақытта елiмiзде тiл саясаты мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тiкелей басшылығымен салиқалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында тiл саясатына, оның iшiнде қоғамдағы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру мәселесiне тоқталмай өткен емес. Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында:Қазақстан халқы бүкiл әлемде үш тiлдi пайдаланатын жоғары бiлiмдi ел ретiнде танылуға тиiс.

Бұлар: қазақ тiлi  - мемлекеттiк тiл, орыс тiлi - ұлт аралық қатынас тiлi және ағылшын тiлi –  жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiгу тiлi»-деген болатын.
Үштұғырлы тiл – дамыған мемлекет құрудың алғышарттарының бiрi, ол өмiрлiк қажеттiлiктен туындаған игiлiктi идея екенi белгiлi. «Тiлдердiң үштұғырлығы», дәлiрек айтқанда, үш тiлдi, қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн Қазақстан азаматтарының бiрдей меңгеруiн меңзегенiмен, бұның түпкi негiзi, көздеген мақсаты – мемлекеттiк қазақ тiлiн халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тiлдерiмен тең қолданылатын биiкке жеткiзу, қазақ тiлiн әлемдiк тiлдер қатарына қосу үшiн нақты ұмтылыс жасау. Қандай мемлекет болмасын, оның ең әуелi мән берiп, ұлықтайтын тiлi, әрине мемлекеттiк тiл.

Елбасының «Бiз бүкiл қазақстан-дықтардын басын бiрiктiретiн басты фактор – мемлекеттiк тiл – қазақтардың туған тiлiн дамыту үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмсауымыз керек» деуiнiң өзi әрбiр саналы азаматтарға көп жайды аңғартса керек. Қазiргi жастар елiмiздiң болашағы қазақ ұлтымен, оның мемлекеттiк тiлiмен тiкелей байланысты екенiн жақсы түсiнедi және сонымен қатар әлемдiк үдерiстiң талабына сай көп тiлдi меңгерудiң де өмiр талабы екенiн жақсы бiледi.
Десек те, елімізде көше бойларында қателер өріп жүргені жасырын емес. Мәселен, Алматы қаласының орталық көшелерінің бірі Абылай хан көшесінде шетелдік жазумен көмкерілген кеңселер, сауда нүктелері молынан ашылыпты. Оқиық: «Monte Napoleone, Joop, Class, Chronos, Diva, Tea Souare, Patchi, Royal, Almaty Real Estate, Adjarabel, Zigzag, Ellt, Baitta» және тағы да басқа атауларды көптеп кездестіруге болады. Бұл атаулардың қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой. Мына сөз тіркестерінен не ұқтық? Не білдік? Бұларды түсіну үшін ағылшын тілін меңгеру керек пе? Иә, асылы солай. Әйтпесе, бұл кеңселер қандай қызмет көрсететінін де сыртындағы жазуынан тани алмай дал боламыз. Осындайда тағы бір ой келеді. «Қайран қазақ тілі! Жоғары жақтағыларды сөйлете алмай жатқанда, көше тілі де өзіңді тәрк етіпті-ау. Жан-жақтан қаумалаған қыспаққа тап болдың-ау. Өзіңнен безінген бүгінгі ұрпағыңды кеше гөр, қасиетті тілім. Заңдарымыз осындай. Өзіңе қарайласатын әкім-қаралардың ісі осындай. Сенің мүддеңді қорғап шығатын бірде-бір шенеунік те жоқ». Абылай хан көшесі баба атына лайық таңдалған. Айбынды. Асқақ рух сезіледі. Даңғылдың бас жағында қалың қолды жауға бастап, бабамыздың ескерткіші қасқая қарап тұр. Мен тіліміздің даңғыл бойындағы жайы үшін батыр бабамыздың алдында төмен қарап ұялып тұрмын. Бұл жазулардың осыншама қаптау сырын түсінуге тырысып көрдім. Біріншіден, шетелше жазу санамызға әбден орнығып алған. Шет тілінде жазылса, ол сауда нүктелері заманауи болады. Демек, заман талабына сай. Ал елдегі барлық жазулар мен атаулар мемлекеттік тілде жазылмаса, тіліміздің мемлекеттік болғанынан қандай пайда бар? Мемлекеттік тіл мұндай шетелдік атауды иемденген сауда-саттық, бизнес, іскерлік, туризм, мейрамхана, оқу, т.б. орталықтарына жүрмей ме? Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпкерлер мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін біле ме? Білмейді-ау, сірә. Оларды әуежайдан меймандос көңілмен қарсы алып алған отандастарымыз ағылшын, орыс, қытай, кәріс, жапон, т.б. тілдерінде сөйлеп, аса жоғары ілтипаттылық танытқан ғой. Мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін түсіндіріп әуре болмаған сияқты. Жә, мұндай сауда орындарының иелерінің бәрі де шетелдіктер болмауы да мүмкін. Өзіміздің де азаматтар қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтынын талай көріп жүрміз. Қазақтың тілін тіл екен демейді. Менсінбейді. Осы арада тағы бір ескере кетер мәселе бар. Алматыда әлемдік брендке айналған компаниялардың өнімдерін сатумен айналысатын сауда орындары көп-ақ. Олар өздерінің жұмыс жасайтын сауда орындарын сол атаулармен атайды. Бұл мәселе де ойлануды қажет етеді. Атауының өзі үлкен жарнама сияқты әсер беретіндіктен, иелері оның дүкен сыртында да жазылып тұрғанын хош көреді.  Міне,  бұл шетелдік  атаулар мәселесіндегі қарама-қайшылықтың бір түрі. Біздің елге келіп жұмыс жасап жатқан соң, дүкен сыртындағы жазуға бірауыз қазақша сөз қостыруға болмайды ма? Әлбетте болады. Тек заңдық тұрғыдан реттеу керек.
Абылай хан даңғылындағы мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін көрген соң, Төле би көшесіне бұрылдым. Төле би көшесін кейбір алматылықтар әлі күнге дейін Комсомольская дейді. Әдет болып кеткен. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда, қала тұрғындары Төле би деп айтуға дағдыланып келеді. Бірақ әлі де кеңестік кезеңдегі көшенің атымен атап жүргендер жоқ емес. Бұл да Тәуелсіздік жылдарынан бері арыла алмай келе жатқан жат әдетіміз.
Төле би көшесі қаланың күре тамыры іспетті. Ерсілі-қарсылы ағылған көліктер легі мол. Шаһардағы ұзын көшенің бірі. Төле би көшесіне аяқ баспас бұрын, осы жерден қазақы атауларды молынан ұшырастырамын деген үмітім болды. Көшеге жеткенде көңілім су сепкендей басылды. Баданадай-баданадай шетелдік жазуларды көргенімде, қай тұсқа қарарымды білмей, сансырап қалдым. Былай қарасаң да шетелше жазылған сөз, былай қарасаң да шетелше жазылған сөз. Көшенің арғы жағы да, бергі жағы да шетел сөздеріне тұнып тұр. Ата-бабамыздың түсіне де кірмеген сөздер. Оқиық: «Настя, Дежавю, Картал, Әл бәәрии, Zent, Людмила, Reana, Milavitsa, Zuromebel, Respect, Бордо, Inbex, Granarg, Mari, Eigermen, Pizza Land, Favori, Istanbul, Carital, Dentlux, Almirance, K-Mart, Ripate, Sess, Rich, Redrom, Saradan, Giganet, Baumarket, Sonar, Verona, Белый ветер, Обувайка, Notel, Интерто, Kimex, Cosmed, Reina, City Center, New York, Zumrudamka, Altinbasak» және т.б.
Ал, Абай даңғылында қаптаған шетелдік атаулардан көз тұнады. Бірге оқиық: «Nails Star, Ballet Kids, Enterecote, Europharma, Urban, Gippo, Suvari, Elegfanse, Dim Paris, Gerrazil, Beaиty Lounge, Profit, Tower, Iservis Almaty, Yessey, Tax Free City, Primadent, Kamilla, Mr.Donerci, Omron, Omegazone, Heyva, Zum, Beno, Еланжи,Troya, Azimut, Fishka, Manto, Vis-à-vis, Columbia». Абай даңғылын шет мемлекеттегі әлдебір даңғылдан ажыратып алуыңыз қиындай түседі. Иә, біз осындайға жол бердік. Бұған ол сауда орындарының иелері кінәлі емес, әрине. Оларда кінә жоқ. Кінә біздің солқылдақ заңдарымызда. Шектеу қоя алмаған, бәріне еркіндік, рұқсат беріп қойған заңдарымызда. Шетелден келіп, Алматыдан бір кеңсе жалдап, оған өзің қалаған  атауды қоя салып, шаруаңды дөңгелете бер деп тұрған заңдарымызда. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Елбасы «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі» деп баға берген Алматымыздың ажары не болып барады? Қазақ тілі қайда? Мемлекеттік тілдегі атаулар неге жоқ? Әлде біздің бай тіліміздің сауда орындарын қазақша атауға шамасы келмей ме? Жетеді! Жеткенде қандай?! Бірақ соны қазақшалап атауға ықыласымыз, ниетіміз жеткіліксіз. Бұл көшелерде қазақтың исі де жоқ секілденді. Иә, шетелдік атауларға, сөздерге қарап осылай деп еріксіз пайымдайсың. «Қазақтың исі жоқ». Қазақ тілінде жазылған, бедерленген сөз неге аз? Айтпақшы, Абай даңғылының бойынан «Зерек», «Мөлдір» деген бірлі-жарымды сөздерді көріп, ішім жылып қалды. Бұл сөздер көзіме оттай басылды. Қаптаған шетелдік атаулардан кейін, мына сөздерге ұз-а-а-қ қарап тұра бергің келеді екен. Осындай атаулар көбейсе екен! Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Бәрі де өз қолымызда тұрған жоқ па? Егеменді елміз. Азатпыз. Өз заңымызды ешкімге жалтақтамай өзіміз қабылдауға шамамыз келмей ме? Келеді! Әзірге бұл сөздер маған жарығы сөніп бара жатқан шамдай әсер етті. Елдегі мемлекеттік тілдің жайынан хабар беріп, көмек қолын созуды тілеп тұрғандай. Әр-әр жерде жазылған, оның өзі ұсақ, көзге бірден көрінбейді. Төменшіктеп, именшіктеп тұр. Міне, бүгінгі Абай даңғылының сиқы.
Өзге көшелердің жайы қалай екен деп әрі қарай жүрдім.  Үш жүздің басын біріктіріп, шашырап жүрген  қазақтың басын  қосқан Абылай хан атамыздың  құрметіне берілген орталық даңғыл  бойында сәулетті, әсемдігімен баурап алатын заманауи  кеңселер, бизнес орталықтары, бәрі де самсап, жайнап тұр. Көркемдігіне көз тояды. Шіркін, мемлекетіміз дамып келеді, ә деп қызығасың. Иә, дамып келеді. Алматыда мыңдаған шетелдік компаниялар құлашын кеңге жайып, жұмыс істеп жатыр. Қаржы орталығына айналған қала. Бюджетінің өзі Қырғызстан мемлекетінің бюджетінен бірнеше есе көп деген де мәлімет естіп едік. Рас шығар. Бірақ мені ол мәселе емес, көшедегі жазулар алаңдатумен болды.
Иә, шетелдік сөздер мұнда да жалғасып кете береді. Оның бәрін тізе беруге де болар еді. Бірақ оған уақыт кетіріп қайтеміз. Қысқасы, былтыр ғана 300 жылдығын ел болып атап өткен Төле би бабамыздың атындағы көшенің де сиқы осындай. Ұят. Бұл көшемен жүріп келе жатып, Төле би көшесі екен демейсің. Әлемнің бір қиырында, шет мемлекеттің көшесінде келе жатқандай әсерде боласың. Жазулары әлгіндей болса, басқа не ойлауға болады? Өкінішке орай, көшенің сыртқы келбеті Төле би бабамыздың бітім-болмысына сай болмай-ақ тұр. Баба алдында ұяттымыз. Жазуларымызды өзге тілдің еркіне беріп қойдық. Бара-бара не болар екенбіз деп ойлап қоямын?
Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде де шетелдік атаулар өте көп.  «Фея, Top Baby, Almaty Doner, Для тебя,Студенческо, Яна, Никара, Эрудит, Иордан, Bulak, Printe Myk, Cotton, Degirmen, Land Rover Ford, Aleppo, B-Lite» деген жазуларды көруге болады.
Сейфуллин көшесі де шетелдік жазулардан көз ашпай тұр. Lux, Gaia, Petroleum, QTS, Fishinci, Vip Victoria, Delta Chib, Mirader, Pirte, Biwec, Friut Fashion, Nais Shop, Shom Line, т.б. Мемлекеттік тілдің насихатталуы жағынан өзге мекемелерге үлгі болуы тиіс емес пе еді. «Қайнарлықтардың» бұлайша заманауилануын түсіне алмадым. Көптеген дүкендер, мекемелер өз атауларын бөтен тілде жазуға неге құштар болды екен? Ия, қазір ағылшынша, орысша жазу сәнге айналған заман ғой. Қазақ тілі, не тәйірі, жазбай-ақ қойсаң да болады. Неге жазбайсың деп те ешкім айтпайды. Міндеттемейді. Демократия. Ашық қоғам. Кім қай тілде сөйлеймін десе де, жазамын десе де өз еркі. Асылы біз тәуелсіздікке ие болған кезде, ең алдымен тілімізді дамытамыз деп қуандық емес пе? Тіл – сөз жоқ, өмір сүріп келеді. Аясы кеңейіп жатыр деп хат-хабар аламыз. Бірақ мына көшелер бойындағы атаулардың сиқына қарап, сенімді түрде осылай деп айта аламыз ба? Ойланатын мәселе. Айтпақшы, бұл көшеде «Мағжан», «Бақнұр» деп аталатын дүкендер бар екен. Иелері қазақ тілін құрметтейтіні көрініп тұр. Сол кісілерге бір марапат қағазын тапсырып қойсақ қайтеді. Зиялылылықтары үшін! Дүкен атауын қазақша қойып, «Мағжан», «Бақнұр» деп атау бергендері үшін. Міне, үлгі керек болса осыны көрсету керек.
Алматы бүкіл мыңдаған, миллиондаған әлем жұртшылығы көз тігіп отырған қала. Алматының өзге де көшелерімен жүрсек, мұндай атаулар шыға беретіні анық. Әлі де жазылып жатқандары қаншама. Әсем қала Алматыдағы жағдай осындай. Бұл жалғыз Алматы емес, бүкіл Қазақстан бойынша белең алған үрдіс. Ауылдар мен аудандарға барсаң да көретінің осындай жазулар. Мемлекеттік тіл неге шеттетіліп келеді? Елбасы: «Тәуелсіздігімізді күн сайын, сағат сайын, минут сайын қорғауымыз керек» деген жақсы сөз айтты. Тәуелсіздікті қорғау тілді қорғаудан басталатынын ұмытпасақ екен.
Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, осы қазынамызды қастерлеп, оның жемісін жеуге ынтық болайық, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР

 

400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы