• Әдебиет әлемі
  • 01 Қазан, 2012

Абсолютті астамсу (сатиралық әңгіме)

Зәкір Асабаев

Әдетте, қоғамдық көлікке мінетіндер, мәселенки,  қаланың о шетінен бұ шетіне кептеліс кесірінен бір сағат орнына үш сағатта жететін жолаушылар қалғып-мүлгіп, тісті тіске қойып, әрең шыдап отырады. Жо-жоқ, біреу салдырлап, біреу сампылдап сөйлеп отыратыны да бар екен ғой. Біреу-біреуді кекетіп, біреу дарқылдап күліп, түк таппаған біреулер қалта телефонмен – әкесінің үйінде отырғандай саңқылдап, жұрттың есін шығаратыны өзінше. Оларға қоса, көк миды одан сайын су ететін даңғырлақ музыка. Пәлен деп көр, не естір екенсің.

Кенет ту сыртымнан дауыс шықты. Есеп бермей еңкілдейтін егде жастағы ер адамның жарықшақ даусы, тегі, көлікке жаңа мінген болу керек. Кімге айтып жатқаны белгісіз: «Баяғыда керемет еді», – деп бір тастады. «Компартияның кезін айтам», – деп бір қойды. Онан соң егіннің ұрған суындай жөңкіліп: «Оқу тегін, емдеу тегін, бәрі тегін. Жұмыс дайын. Жұмыс істемегенді арамтамақ деп соттап жібереді. Өзіміз жауапты қызмет істедік. Самолет, пойызға арзан билет, арзан асхана, буфет, жабық қойма. Курорт, демалыс үйлерге жолдама дайын. Емхана, аурухана – (біз үшін) бөлек. Қазір ше? Ой, құрысын! Тал түсте ақша ұрлағыш қалталылар белшеден батса, батып жүрген шығар, бірақ, біздің тұсымызда бәрі басқаша болатын. Біреулер ол кезді коммунизм деп жүр ғой, рас, коммунизм еді. Енді капитализм қайта орнап жатыр. Солай ма, солай емес пе, білмеймін, әйтеуір, жақсы емес», – деп көсіп-көсіп жіберді.

Мойнымды бұрып, артыма қарасам, сайрап отырған – шашы мен қасы аппақ қудай, сақал-мұрттан жұрдай, бет-аузы алқам-салқам, қара торы өңді, мығым денелі, жасы сексенге кеткен (дерліктей) қартаң біреу. Қабағы қату, көздері зәрлі, мойнында олпы-солпы галстук. Маған бірдеңе деуге ұмсынып еді, ұнатпағанымды сезді де, кімге айтып жатқаны белгісіз бәдіктерін әрі қарай гөйіте түсті.

Сөзден сөз туатындықтан ба, әлде, мына отырыстан жалыққандықтан ба, осы сәт мен пақырдың да (қойқаптағы) бірдеңелер есіме түсіп, қиял жетегіндегі көңіл құсы шартарапқа шарықтап кеп берсін деңіз.

Әлдебір жерге кеп топ ете түсіппін. Ол – таудағы атышулы санаторий екен. Өзіміздің. Елден-ерек. Мұнда келдің екен, сақ жүр. Сақ сөйле, сақ күл, сақ ұйықта, сақ оян. Тіпті бар ғой, ә, мұнда сауысқаннан сақ жұртыңыз бейтаныстар жөнінде «анау кім?» деп өлсе сұрамайды. Тәртіп деу артық болар, дағды солай. Қалыптасқан. Үздігетін не бар, біле жатады. Мың жасағыр күбір-сыбырдан, не кездейсоқ. Қысқасы, бәрі сақ. Тек анау.. анау... асхана, клубқа барғанда, тысқа шыққанда киімін күніне сан мәрте өзгертіп, дәлізде, процедура кабинеттерінде жартылай жалаңаш жүретін орта бойлы, шашын төбесіне түйген, ақсары, бет-аузы (опа-далаптан) шұрқ тесік, көгілдір көзді, қарны бұлтиған жасамыс әйелдің үнемі саңқылдап сөйлеп, түбі тесік шелектей саңқылдап күлетіні санаторийдің о шеті мен бұ шетіне жетіп, онсыз да сақ жұртты сәл-пәл үркітеді демесе. (Үрке ме, таңдана ма, сол айнала).

Әне, дәліздің түу түкпірінен тағы да байғыздай бақ еткен оқыс дыбыс шығып, соңы текенің мойнындағы қоңыраудай сылдыраған күлкіге ұласты. Мағынасыз, жыртақай күлкі. Ешкім елеңдеген жоқ, елеңдемегені – бір апта, әлде жарты апта болды ма, елдің құлағы үйреніп біткен. Бірақ, кексе әйелге бәрібір, кім-кімге де қиыла қарап, жандарынан сыңғыр етіп күліп өтеді. Тоба дерсің!..

Еріккен еркектерге не керек, жасамыс әйел жайлы әр дөкей өзінше (іштей) тон пішеді. «Пәлекет өңін бермеген, жас кезінде қандай болды екен», – деп тамсанады Қызылорда жақтан келген дөкей Жылтыркөз Барқақов. Шымкент маңайынан келген дөкей Шыдық Шәбішев: «Кім екенін кімнен сұраған дұрыс, әуелі соны білу керек, мүмкін, бұл пәлең жансыз шығар», – деп ежірейеді. «Бір мықтының еркетотайы болмаса неғылсын, шолжаңдауы біртүрлі. Беті аулақ!», – көкшетаулық Тұрдақ Пошанов дөкей солай жобалайды. Ал...

Осында екі аптадан бері демалып жүрген осы қаладағы сегіз аупарткомның бірінің бірінші хатшысы Дардан Далдабаевқа – өзіне тікелей бағынатын – аудандық тамақтандыру мекемесінің бастығы әр күні түстен кейін қос-қос кардон жәшікке салған анау-мынау әкеп тастайды. Дардан күн сайын бір топ дөкейді бақ ішіндегі өзі білетін жерге кезек-кезек шақырып, оңаша әңгіме-дүкен құрады. Бүгінгі отырыста Дардан кенет дөкейлердің бірінің ындынын сезе қойды да: «Кім? Кім дейсің? Анау әйел ме? Күле беретін? Е, қойшы соны!» – деп мұрнын шүйірді де, ізінше: «Жарайды, білгенімді айтайын», – деп жөнге келді. «Тек менен естідім деп айтпаңдар». Дөкейлер қосыла жамырап; «Тіс жармаймыз», – десті. «Жармайсыңдар ма?» «Жармаймыз». «Егер жарсаңдар, өздерің жарыласыңдар, мен өзім жарамын». «Олда-бұлда, Дареке, ішегімізді көгертпей, жылдамырақ айтыңызшы тек!».

– Баяғыда біздегі Орталық Комитетте Коломенцев деген екінші секретарь істеген, білесіңдер ме? – деді Дардан бір рюмке коньякты қағып тастап.

– Мен білемін, – деді орта жастағы шикіл сары дөкей Бөлтек Бұралқиев.  – Оның кезінде Орталық Комитетте нұсқаушы болғанмын. Облпарткомға секретарь болғаным кейін. Қазір енді жүрміз ғой халықтық бақылау комитетінде қиралаңдап.

– Сен не, облыстық бақылау комитетін басқарған жаман ба? Әлде, менсінбейсің бе?

–            Жаман емес қой, сонда да...

– Коломенцевті мен де білетінмін, – деді сәңкі мұрны жалпық бетіне тарбия жайғасқан қарағандылық шымқай қара дөкей Жұрнақ Тырнақов. – Ол бізде облпарткомның біріншісі болған. Орталыққа сол жерден  келді емес пе?

– Сөзіңізді неліктен Коломенцевтан бастадыңыз, соны айтпайсыз ба? – деді жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайдаров Дардан дөкейге сызыла қарап.

– Алдарыңдағыны алып қойыңдар, оны сонан соң айтамын, – деді Дардан маңғаздана мардымсып.

Дөкейлер алып қойысты. Орталарындағы жалғыз әйел дөкей Шалша да қалыспады. Жөткірінген Дардан жан-жағына қарап алып:

– Білгілерің кеп көкейлеріңді тесіп бара жатса, ол әйелдің фамилиясын білмеймін, аты Кира ма еді, иә Кира, әне, әлгі мен айтқан Коломенцевың түбіне жеткен сол болады, – деді өзінше жаңалық ашқандай тирақсына.

– Шын ба? – деп әйел дөкей Шалша шаңқ етті.

– Дарекең өтірік айта ма, менің де естуім бар, шын, – деді бүгінгі отырыста сөзге тұңғыш араласқан сарыағаштық бала дөкей  Найлау Ырзабаев шұнаң етіп.

– Апырай, ә? Коломенцевың бәле десейші!

– Бәле, бәле! Әйтпесе, екінші бола ма?

– Әйелдің аты Кира дедіңіз бе, Дареке?

– Кира! Қызығы алда, соны сұрамайсыңдар ма?

– Ойбай, құлағымыз сізде!

– Коломенцев Кирамен ғашық-машық болған. Ашыналығы ашылған бойда Мәскеуге қашып кеткен, білдіңдер ме?

– Ашыналығы ашылған дейсіз бе? Абайламады ма екен? О, бейшара!

– Абайлаған, абайлаған. Бірақ, бәрібір, Кираның күйеуінің қолына түсіп, оңбай таяқ жеген де, ертеңіне Мәскеуден бір-ақ шыққан.

– Онда неге барған? Кімге?

– Ой, сендер де бір... Неге барады? Бас сауғалау үшін! Бас секретарьға барған. Қалыңқастың тура өзіне!

– Апырай,ә! Қалыңқас не істепті? Әкесін танытқан шығар?

– Атаңның басы. Саған жазалағаны керек, ә? Онда біліп ал, бұл жақта абыройы айрандай төгілген сары азбанды қалыңқас сол замат Остов облысына бірінші ете салмады ма? Ал, мұны менен естігендеріңді жан баласына сездірмеңдер. Құлақтарың тас керең болсын. Коломенцев әлі сорлы  емес, кім екенін білесіңдер, егер естісе, кез-келгеніңді бір-ақ шайнап тастайды. Ұқтыңдар ма?

– Ұқтық, Дареке!

– Ешкімге айтпаймыз, Дардан Бірқұлақұлы!

– Кира қазір не қызмет істейді? – деп қалды дөкейлердің бірі. – Баяғы күйеуімен бірге тұра ма екен?

– Сендерге бәрі қызық, ә? – деп қарқ етті Дардан. – Онда тағы бір алып жіберіңдер. Сонан соң...

Қызыққұмар дөкейлер тегіс алып қойды. Әйел дөкей  Шалша да сөйтті.

– Дареке, айта беріңіз!

– Айтсам, күйеуінен ажырасты демесе, Кираның мұртын балта кескен жоқ. Қызмет сол қызмет баяғы, құлақ-мұрын дәрігері, үкімет емханасында бөлімше меңгереді, бойдақ, не істеймін десе еркі.

– Бойдақ дейсіз бе?

– Бойдақ. Үйден қырық қадам шыққанның бәрі бойдақ. Мен де, сен де! Еркек-әйел тегіс. Кирамен танысасың ба? Көрсейші!..

– Өйте алмаймын, – деді Долда дөкей. – Әйелімнен ұят болады.

– Сен ше?

– Мен де... Әйелім біліп қойса...

– Бәрің Арпабай екенсіңдер! – деп қарқылдай күлді осы жерлік бірінші секретарь Дардан. – Бұл өмірде періште жоқ, білдіңдер ме, болмайды да, болуы мүмкін де емес.

– Қалай? Онда сіз де...

– Иә, мен де! Бәріміз де!

– Мені қоспаңыз!

– Обалыңа қаламыз ба?

– Енді... былай... не десем екен... мына Шалша замандас болмаса...

– Мейлі, тағы бір алып қойыңдар. Онан соң сендерге бір әңгіме айтамын да, сонымен тарқаймыз. Кеш боп қалды. Тамаққа бару керек.

Ұрыста не тұрыс. Нешінші екенін ұмытқан тостарын дөкейлер түгел алып қойды. Үнсіз. Артық сөзсіз.

Осы кезде ортадағы бірден-бір әйел дөкей (алыс аудандағы ауатком председателінің орынбасары) Шалша сөзге қалай киліккенін өзі де байқамай:

– Дардан Бірқұлақұлы, сіз әлгіде періште ешкім жоқ дедіңіз бе? Оны қалай түсінуге болады? – деді алтын тістерін жарқырата жымиып.

– Кешіріңіз, сәл қателестім білем, періште мүлде жоқ емес, бар, – деді Дардан ежірейе емініп. – Біреу болса да табылады. Егер біреу болса, ол  мына сіз боласыз. Сондықтан, сіз үшін өзім жеке тост көтеремін (жүз граммды жібере салды).

– Ал, әлгі сөзімді айтайын ба? – деп айналаға қарады. – Онан соң тарқаймыз!

– Айтыңыз, ойбай!

– Ой, Дареке! Жігіттің сұлтаны екенсіз ғой. Болашақта елге бірінші болсаңыз, бізді қасыңызға жақындатасыз ба?

– Әлбетте! Ол үшін сақ жүріп, сақ тұрыңдар. Бүгінгі әңгімені ешкім білмесін. Коломенцевтей болмаңдар. Біз кішкентай адамбыз. Сондықтан, жаңағы айтамын дегенді айта салайын. Айып болмас.

– Айып болмайды.

– Енді айта берсеңізші!

– Жақында былай болды, – деді Дардан қос иығын кезек-кезек қомдана керіп. – Құлтума Бармақов деген трест директорының мәселесін бюрода қарадық.

– Апырай, а? Не үшін?

– Жігітшілігі үшін. Ұрлығы ашылып қапты...

– Жаза қолдандыңыздар ма?

– Өзіміз құритын болған соң, неге қолданбаймыз, қолдандық!

– Қандай жаза?

– Партиядан шығардық, жұмыстан алдық.

– Дұрыс болған, – деді Бөлтек дөкей.

– Обал жоқ, – деді әйел дөкей Шалша.

– Қаттылау кетіпсіздер, – деді сарыағаштық бала дөкей Найлау Ырзабаев.

– Ой, сен не? – деп кіжінді оған  жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайыров. – Ондай немеге сол керек!

– Сөз тыңдайық! – деп Дардан дөкей дарқ етті. – Талқылауды палаталарыңа барған соң жасайсыңдар!

– Қойдық, Дареке!

– Өзіңіз жүдә ішкізіп-ішкізіп...

– Бюро жүріп жатыр. Басқарушы мен, – деді санаторийдің кешкі тамағына үлгеру үшін Дардан сөзді қысқа қайыруға тырысып. – Трест директоры Құлтуманы жазаладық дедім ғой. Енді бәріміз де адамбыз, дегендей, ол байғұсты қатты аядым. Аядым және іштей ойлаймын: «Міне, сен бір шүйкебаспен шатысып, партиядан шықтың, қызметтен қуылдың. Алдағы тірлігің не болмақ? Бала-шаға, әйелің... Олар кешіре ме? Мейлі, бір күніңді көрерсің. Бірақ, осы қазір екеуміздің арамызда бір-ақ айырма бар, замандас. Адамнан жасырғанмен, құдайдан қалай жасырайын. Осы кешегі түнді мен де өзім білетін жерде нақсүйеріммен өткіздім. Өткіздім, енді, міне, бюро басқарып, дәл сондай  тірлігің үшін сені жазалап отырмын. Сонда осы әділ ме? Айта алмаймын. Бір қарағанда, қазір екеуміз таразының екі басында тұрған тең адамбыз. Тек (әлгіде айтқан) жалғыз айырма болмаса. Қандай айырма? Сен тұтылдың, мен құтылдым, айырма сол. Қашанға дейін, бір құдай біледі. Бәлкім, тұтылғанға дейін шығар», – деп өзімнен-өзім қапаланып, бюрода жер болып отырдым. Аржағын өздерің елеп-екшей беріңдер. Бітті. Айтайын дегенім осы еді. Ал, ас қайырайық. Кім бата береді? – деді Дардан дөкейлерге жағалап қарап.

Бірден тұруға асықпаған дөкейлер тым-тырыс, қабақтары салыңқы, өңдері солғын. Дарданға бірдеңе дегілері келетіндей, демеске болмайтындай, бірақ, батпай отырғандай. Долда Түйтенов дөкей тәуекел деп:

– Сонда сіздің әлгіде өзіңіз айтқан Коломенцевтен айырмаңыз не болды, қай жеріңіз артық, Дареке? – деді мүләйімси міңгірлеп.

– Е, иә, – деп Бөлтек Бұралқиев дөкей жөткірінді.

Жергілікті бірінші секретарь Дардан Далдабаев дәл осыны күткендей айналаны жаңғырта бар даусымен күлді де:

– Бізді Коломенцевпен салыстырма! – деді қабағын түйіп. – Ол үлкен адам. Тұлға. Екінші секретарь. Қазір кім екенін де білесіңдер. Жазаласа, соны жазалау керек еді. Ал, қайтесің, жазаламады, оның қасында біз кімбіз, тәйірі, кәкір-шүкір, майда-шүйде емеспіз бе? Солай ма, жоқ па?

– Білмеппіз, солай құсайды, Дареке!

– Әй, Коломенцевің антұрған екен!

– Сорақы екен!

– Мынау астамшылық!

– Астамсудың түрі көп! – деп гүр-гүр етті ұзын бойлы, толық денелі, келбеті келісті дөкей Дардан. – Бізді сөз етпесе де болады демедім бе? Себебі, майда адамбыз. Коломенцевтікі – жай астамсу емес, абсолютті астамсу, білдіңдер ме? Ол жаман нәрсе. Алда құдай сондайдан, абсолютті астамсудан сақтасын!

Бала дөкей Найлау Ырзабаев: «Неден сақтасын, ел басқарудан ба?» – дегісі келіп тұрды да, «бәледен аулақ» деп, үндемей қоя салды.

Дөкейлер кешкі тамаққа уақытылы бару үшін орындарынан апыл-ғұпыл тұрып жатты...

600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы