• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

«Бәйшешек» бізде қонақта

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...»

Техникалық Жоғары оқу орындарына қазақ жастарын көптеп тарту туралы ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтың идеясы іске асырылғаннан кейін сол қазақ жастарының басын қосқан  «Бәйшешек» әдеби бірлестігі негізін сонау 60-ыншы жылдары қалаған.

Ең алғаш бірлестікке бірінші жазылып, ақ батасын берген Ақжан Машани болды. Ал «Бәйшешектің» алғашқы әдеби кеші Ілияс Есенберлинмен кездесуден басталды.

Сол кездегі Политехникалық институттың студенті, бүгінгі ғалым-философ, университеттің оқу, тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ұлықпан Сыдықов ұйымдастырған бұл ұйымнан Иран-Ғайып, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Қарабек, Бақтылы Өскенбаева, Бақытжан Тобаяқов секілді танымал ақындар өсіп шықты. Әйгілі Дос-Мұқасан ансамблінің мүшелері қалыптасты. Бұл ұйым Кеңес кезеңіндегі ұлттық рухтың, ұлт мәдениетінің жандануына көп септігін тигізді. 1990-шы жылдарғы тоқыраудағы үзілістен кейін 2000-шы жылдардан бастап «Бәйшешек» тағы да жанданып, бой көтере бастады.

Қазіргі таңда бірнеше университеттің жастары бас қосқан бұл бірлестіктің елуге тарта мүшесі бар.

Оларға әдебиет теориясының,  өлең жазудың қыры-сыры бойынша сабақ жүргізіп, жетекшілік етіп жүрген қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, жазушы Аспандияр Әденұлы Өмірбеков. Университеттегі оқу-тәрбие басшылығының қолдауымен жұмыс істеп жатқан бірлестікте Сағдат Адалұлы, Айбарша Жолтаева, Асхат Сыдық, Серікбол Насыр, Гүлайым Ешпағамбетова, Мұрат Сұлтанбай, Жалын Азат, Сағман, Ерзат, Темірбек Мақсұтхан, Қайсар Әбіләшім, Ертіс Ақшолақов, Абай  Сәрсен секілді студент-жастар ақындық таланттарымен қуантып жүр.

Бірлестік мүшелерінің қатысуысен университетте жыр кештері, белгілі әдебиет тарландарымен кездесулер өткізіліп тұрады.

Болашақта  Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ басшылығының қолдауымен «Бәйшешек» мүшелерінің шығармалары топтастырылған студенттер алманағы жарық көрмекші.

Біз бүгін аталған бірлестіктің бір шоғыр талантты деген жігіттерінің өлеңдері «Үркер» оқырмандарының талқысына салғанды жөн көрдік.

«Бәйшешек» бізде қонақта

Темірбек Мақсұтхан

1989 жылы Шығыс Түркістанның Сауыр тауында туылған. Мұнай-газ геологиялық барлау институтының  3 курс студенті.

Желпініп жырға дүбір қосайын

Бөрінің күші мойынында

Бөрінің күші мойынында,

Тұмсығын жерге тигізбес.

Ұлыстың күші ұжымда,

Тізесін жауға игізбес.

Жебе басы қақшаңдап,

Тулақ бауыры сырғаңдап,

Сыдырғы белі ырғаңдап,

Жыланнан көрдің жүруді.

Малынып айдың нұрына,

Тұмсығын көкке қадап ап,

Бөріден көрдің ұлуды.

Қазақтың басқан тауында,

Махамбеттен қалған Нарында,

Ұранға қызбас ұл болса,

Әдірә қалсын әдірә.

Сылдырлы судың бойында,

Бөрікті талдың қойнында.

Мен кетерде  ауылым,

Сауырдың қалған жонында.

Батырлығына баға жетпес,

Дастарқанына дала жетпес.

Шахпаз халқым тұрғанда,

Жалғызсың әсте дегізбес.

Жылатып жатқа жегізбес.

Таудың тағы тұлпары,

Тұяғын тасқа ілгізбес.

Мендағы таудың тұлпары,

Болмысым тауға негіздес,

Қиялым қырмен тебіндес!

Тектік тебін

Аллам қолдап арқам қозса,

Алаштың арнасына бір асайын.

Халқым тыңдап құлақ қойса,

Желпініп жырға дүбір қосайын.

Сексен таспалы сабадайын өріліп,

Қамшы салдырмас желқуықтай керіліп.

Қырдан-қырды асайын,

Жоннан-жонды басайын,

Іретін тауып іркілмей,

Желіп аяңдап бүлкілдей,

Мазаң дүние мазағыңнан қашайын.

Бағызы заман, бай заман,

Бағызы заман, зар заман.

Зеңгіріп тұрган бөстекі,

Мына заман қай заман?!

Бұл шағыңа мінәсәр боп,

Бас болады, әй,жаман.

Алты жасар асауын арқыратып дұр.

Топ ортада балтасын жарқыратып дұр.

Қаны тарқан дұшпанын қарқыратып дұр.

Сай-сүйегін сай кездейін сарқыратып дұр.

Тексіз туған жауына жан сұратып дұр.

Жылқы тектес бодұнға,

Баған болған бабаларындай.

Жауқын жолды іс етер.

Жаманды ертіп кісі етер.

Әр айна болса,әспеттеген еріңде,

Жатты алдыңда кіші етер.

Балжыр  ауыз бас болса,

Айықпас дауға істі етер.

Месері көп ел болса,

Өзі туған қандасын,

Балдыр көріп күш етер.

Жанға қатты бататын,

Ашынып сырды ашатын,

Осындайды күн болар.

Ақжүзінен таң атқан,

Қызыл тіліне бал татқан.

Шын көңілмен еміреніп берілген,

Ғашығыңа жете алмай.

Кімдік тартып жататұғын тұн болар.

Ер қашты боп тағдырыңнан жерінен,

Құладай жосып желген дүние-ай.

Сауырың сабалақ сарысындай,

Шың басынан көрінген.

Алтайдың ақ иығындай,

Топшысын толғап тебінген.

Тектік тебін тулатып,

Жөнтем тартпай жол қатып,

Басқа әмірге құмсанып,

Арсыз жолдан құрсанып,

Барлас басты ұл туар.

Ие болар,

Бабадан қалған бағыңа.

Атадан қалған жолыңа.

Ақ қар

Ақ қар көктің күмісі,

Табиғат табағынан,

Шашу боп жерге шашылған,

Аспанға жетіп армандар.

Ерке бұлттардың кірпігі ақ гүлдер,

Әлемнің ақ тамағы боп ашылған.

Әппақ сол гүлдердің ішінде,

Ақ шапан киген,

Ақ қыз – ақ көбелек,

Ақ гүлдердің үстінде,

Аяздың сықырына билеген.

Әппақ мамыққа

Үкідей жасырып,

Таптырмай тамсантты

Ақ үрпек денесін.

Ақ қарда ақ арман,

Үмітімді үкілеп,

Іздетті ескірмес елесін.

Мамық еркем

Ақсары үкінің баласындай,

Үлпілдейсің,үлбірейсің мамық еркем.

Бүкіл денең билейді мың бұралып,

Жүрсеңде тұрсаңда нәзік еркем.

Жылқының епті ерініндей елпек қағып,

Сөзің мен қылығыңда бар салмағың.

Қан тулатып денеме ағыс қосқан,

Жұпар шашып жақыннан ақ тамағың.

Жаным дедің,көгім дедің,

Елжіретіп бойымды саз таңдайлым.

Айтуға саған арнап сөз таңдаймын,

Аспандай жарқын ақ маңдайлым.

Түн келсе

Түн келсе,

Отардағы жылқышыға,

қодаңдап өңін беріп

Төсегінде баж таба алмай тімсініп,

Жары қайдан жата алсын?

Толықсыған тоқ жарау төсін керіп,

Ұятынан жаңылып,

Ақ тамақтан ұмсынып,

Жон арқадан садақтайын тартылмай,

Қуатты қолға кигіздейін қарпылмай,

Буыны босап жібектейін төгілмей,

Бел арқадан керегедей сөгілмей,

Төсегінде жары қайдан жата алсын?

Абустайын жағылып еті қызбай,

Жүрегінің жықпылына жасырып,

Марғау тартқан мұңын сызбай.

Жары қайдан жата алсын?

Жанығып сезім қозбай,

Жастықтың жыры тозбай,

Ақша бетің гүлі солып,уақыт озбай,

Әттең жары қайдан жата алсын?

Тербелмей құрғыр....

Жанды қозғай.

Адал Сағдат 1989 жылы Өр-Алтайда туған. Тау-кен металлургия институтының 3 курс студенті. Тартайын сезімдерден тәтті бір күй Бестік Мына өмірге күрескерлік көзқараспен қарай білген, Сол әдемі көздеріңде арай күлген. Қайсарлықты қанат қылған арманың, Алатаудан аласа емес талғамың. Менің күткен бақытымды бір күні, Ойда жоқта тағдырым боп жалғадың. Әне солай біз кездейсоқ таныстық, Бірімізге біріміз бауыр басып қалыстық. Баққа бардық қол ұстасып гүлдеген, Саған деген жүрек-ғашық, жан-ыстық, Болған соң мен арнаушы едім күнде өлең. Сенде ұнатып тыңдаушы едің ынтығып, Кететінсің барған сайын құлпырып. Мен өзімді сезінгендей ұлы ақын, От сезімнің жалынына тұншығып, Тағы да өлең оқығым кеп тұратын. Тәтті күндер өтті бастан талай көп, Баурай бердің қылығыңмен көркіңмен. Сен сыйлаған махаббаттан тарайды от, Мен лауладым сүйем деген сертіңнен. Біз осылай махаббатты бастадық, Сырымызды жасырмастан ақтарып. Ғашықтықтың ғаламатын сезіндім, Ең бақытты ең көңілді кезім бұл. Мені тіпті жігерлі етіп жіберді, Мейіріммен қарағаны көзіңнің. Бара жатты сүйіспеншілігіміз, Уақыттың өтуімен тереңдеп. Сағынысып көріспесек егер біз, Қалатынбыз тағат таппай елеңдеп. Сенің үнің емес маған аз бақыт, Тыңдау үшін мен үйіңе келем көп. Жүрегімді жалындатып маздатып, Қайтатынмын шумақ-шумақ өлең боп. Шабытымды шырақ қылып кешқұрым, Суретіңді сызам алмай еш тыным. Студенттік дәптерімнің ішінде, Мақтанарлық сен ғанасың бестігім. Үрей Жақұт үзіп көзінен, Көкте біреу жылайды. Бір үрейге кезігем, Еске аламын құдайды. Сора-сора ақ бұлттар, Солқылдайды сұмдық-ай. Айғыз-айғыз жасты ұрттап, Улап өлген шындық-ай. Күте-күте шаршадық, Бедеу үміт туған жоқ. Ақиқатқа қарсы ағып, Күнә артқан құрбан көп. Сақ-сақ күліп сатқындық, Мазақтайды адалды. Мейрімсіздік асқынды, Маймыл қылған бағаңды. Жақұт үзіп көзінен, Көкте біреу жылайды... Бір үрейге кезігем, Еске алып құдайды... Ай қызы Жүрекке жайған от, Сүйіктім сен бүгін қайдасың? Теңеуші ем айға көп, Айналып кеттің бе айға шын. Тып-тыныш түн мынау, Қалқиды күлімдеп шарайна. Көңіліме нұр болып сіңдің-ау, Осылай сүйе бер жарай ма? Ай қызы үлбіреп, Сәуледен жаралған қымбаттым. Баққытты бұл жүрек, Сезімін сен ғана ұрлапсың. Құшайын ғайыптың елесі, Бар ма онда ғашықтар қаласы? Ұшайын сен мені демеші, Арманның қауырсын қанаты. Мінәжат Өмірге келу –  тәтті, кету – кермек, Алладан алар бақыт өтінген көп. Тілейін сеннен ғана Жаратушым, Өлеңнің жанып тұрған отын бер деп. Жылытып мейірімсіздеу ғасырды бұл, Жазайын Абай болып ақылды жыр. Бұл мұмкін ажал құшқан ақтық өлең, Бұл мүмкін адамзатқа ақырғы жыр. «Жаса» деп жар саламыз ұлықты мың, (Ұжданын жерге жығып рухтының.) От болып таралайын тамырларға, Сейілтіп жүректердің суық мұңын. Үсіген үміттерді жандандырып, Кетейін көкжиекке ән қалдырып. Тартайын сезімдерден тәтті бір күй, Тәкәппар дүниені таңғалдырып. Сіміріп Жаратқанның шүлен нұрын, Сәуледей сансыз ойдың сүзем нуын. Іңкәрлікпен сүюді үйрет маған, Сүйе алмаудың қасіретін білем бұрын. *** Сыйлап тілге тәтті сөз, Көкірегіме көркем ой, Жүрегімнің пернесін, Жүрегіңмен шерте ғой. Иманға орап жаныңды, Ибаменен иіл бір. Гүлзарға орап жанымды, Қылығыңмен сүйіндір. Жымиыспен сәл ғана, Жанға шуақ сыйла нұр. Пәктікпенен паңдана, Ғашық қылып қина бір. Сезім сыйла тұп-тұнық, Өн бойыма тарат бал. Мөлдірлігіңді ұқтырып, Мөлдір көзбен қарап қал. Қасың керіп қиылған, Сұлулықпен асқан бір. Көзден көзге құйылған, Бал сезімге мастандыр! Әріби-Әрібек ДАУЫЛ 1989 жылы Өр-Алтайдың Қосшіңгіл ауданында  туған. Сағынған сені кеудемде, кісінер жалғыз жан-құлын Ағайын, Жатың болмасам да, Сенімге шаң қонбаса екен. Ақын болмасам да, Қаршығалар маған жан-жолдас екен. Әрі би – Әрібек атым. Би болмай-ақ қояйын, Елімде дау болмаса екен. Бек, батыр болмай-ақ қояйын, Жерімде жау болмаса екен. Ақылым, адалдығымды, Әппақ нұр – ар жалғаса екен, Ақының болайын. Құдайым өзі қолдаса екен. Қорлану мен күйіну Жалында жастық, шалықта көктемім, Тұсаулы таймын, тарыққан ед демім. Қара шаңыраққа бізден сәлем айт, Шығыстың желі алып бар өктем үн!! Шөпке байланып шырылдап тұрмын, Торғай боп саған қалықтап өтпедім! Ей, есті Ертіс, сенімен еріп, Семейге сал боп ағып та кетпедім... Хош туған жер Шымырланып шалғымен шалғын жығып, Асауыңның аузына салдым жырық. «Отанымда ойнақтап жүрсем» – дейді Белі берік, басы бос балғын жігіт! Кезікпеді көркемге серің не бір, Көсіп арнап кез келген керімге жыр. Көрген жоқпын көз сатып тегінге құр, Алынбады ашылып терім де бір. Ата, сенің шөберең белімде жүр, Ана,сенің келінің елімде жүр. Мені керек шығар-ау аспаққа асу, Қылмысым –  туған жерін тастап қашу. Сабыр аға, мұныңыз бастапқы ашу. Баламды бөлемекпін туғанымда, Бабамнан қалған жердің құндағына. Кетпей қойды туған жер естен менің, Жарық көріп, кіндікті кескен жерім. «Торға түспес қаршыға кешкен жемін». Соны ойлашы, сен менен сескенбегін. Кердең тау кеудесінде киік ойнаған, Бұйырған басыңнан да биік ой маған. Аңсарым ақ аязың сүйек қарып Іңкәрмін ыстығыңа ми қайнаған! Ізім қалсын бетіңді шимайлаған, Қимай барам Туған жер, қимай барам!! *** Көкіректерін күйік кернегендер, Ашына жырлап биікке өрлегендер, Отанның ұлы бола алар ме екен, Сүйіп көрмегендер. Солма гүлім Ұлар құның, басылмас құмарлығым, Сыралғы мұң, мұзартым мұнар бүгін. Ерінбесең ертең кеп бір көріп қайт, Адассаңда айнымағын, Әзірше тұмандымын. Жасырма, жылатып айт, жұмбақтаман, Бала қылық, маңғазым кім баптаған? Ашу шақыр, сен маған балағат айт, Қолқасынан қыздардың қымбат маған. Тұрғаныммен тұралап жүдеп бүгін, Түмен теңге тұрады түнек түнім. Төзім тақа таусылсын түгеп тыным, Құтылмаппын, қозданып үдепті мұң. Жүректі ұғып, еңсені тіреп тұрып, Қан қатқанша қаулай бер жүрек гүлім... Сыза алмасаң сұлуды тілім байлан, Күлкің – шұбат, Қымыз қыз, үніңде – айран. Сенші маған, түнектен түбінде айығам. Шөлдедім, шырын дәриям – гүлім әриям... Тірі жүрсең болғаны елік айым, Табылады жүректің емі дайын. Болмасаңда бүгінде менің айым, Сенсіз мына жалғанды не қылайын. Қар – махаббат орманының жапырағы Ғашықтық – қайтпас көңіл, қанбас құмар, Талабы тойтарылса – талмас шыдар. Осылай сүйем десем нанбас бұлар... Жүрегімді жаныма жалғастырар Әриям аллам берген ақ перімді, Есіме сен түсірдің алғашқы қар!! Өзіңсіз өтер менің зорға күнім, Қолдасаң қиялыңның қорғанымын. Қарағым сезімді оят, қозға бүгін! Ақ махаббат ауласы аспандағы, Арасында ғашықтар орманының Қарағым, сезімді оят қозға бүгін!! Тұлпардай теуіп салған тастарға да із, Қызды сүйген жалындап жастар да біз. «Қар» деген қурап түскен «жапырақ» қой, Сезім жауар келгенде аспанға күз! Сен сүйтіп сезіміңді селдете бер, Мені мұзға тастағың келмесе егер. Алты қырлап жапырақ жасаймыз біз, Сезінсек сен де шебер, мен де шебер. Адамдарға «махаббат үйренсін» деп, Сол орман жапырағын жерге төгер!! Сол қар жауып ақ тау ғып арман үйген, Арманды баста жырмен, жалға күймен! Маужыратып мезі қылар ыстық емес, Адамдар,  махаббатты қардан үйрен! Қыпшақ қызы Сахара түнге көмілген, Түнменен бірге көрінген, Жұлдыз бен айым – гүл қыздар! Аламын күшті бір шабыт, Көктемде гүлдегеніңнен, Сүйейін мұңлы көзіңнен, Қайтейін күлген еріннен. «Мен» дер әніңе сал бүгін! Сағынған сені кеудемде, Кісінер жалғыз жан құлын. «Сағыныш- құлын» кеудемнің, Қабырғасынан қарғыдың. Сарыарқаның сызып сары құмын, Өскеменіңе жет аңсаған, Алтайдың тапта шалғынын. Алдыңнан күтіп алады Баладай жүрек балғыным! Тәлейіңді тап тағдырым!! Оралхан туған Алтайдың, Талына белгі байлайық. Ертісің менен Үлбінің, Суына сүңгіп ойнайық. Тауында гүл ап тосып тұр, Бұлбұлмен бізде сайрайық. Бұйра бас аққу боп барам, Жайсаңның көлін жайлайық! Қиялың салса құс бедер, «Мен» деген көңлің ұшса егер, Тұңғыш танысқан тұсқа кел, Қыпшақтың қызы қыпша бел! Ақ қайың қыз Елестермен еленсе елегімде ой, Қайың сырын қалайын неге білмей? Ақ денесін жасырар жат жанардан Жапырақ қайың қыздың желегіндей. Қыста қайың жалаңаш керім қыздай, Сезім қызбай қалама ебін бұзбай? Әппақ кеуде, қара шаш, ақ балтыр сан, Төзім қалмай болады көзім тұздай! Ашылып төселмеген алан ашпыз, Шешінген шырайыңа шала маспыз. Қайтейін қайың сен бір жалаңаш қыз, Ақынға аран ашқыз! Ұзын шашы арудың жапсын белін, Ақ қармен бірге түскен ақшыл келін. Тапсыр менің күшіме, бақсын демін, Қыз құмарын қандырсын нәпсім менің!! Күз келіп шешіндірген ақ қайыңды, Алдымен ес қашырып есірген кім?! Жапырағын желегін желге ұшырып, Қайыңды жалаңаштап несін келдің?! Ақ қыздар шүперектен шешінген күн, Ес қалмас, көтерілмес есімнен кім?! Дәл осылай ақ қыздың бетін ашып, Белімнің жиырма жылғы өшін бергін! Ақ қайың аймалайды төсіңнен кім? Мұратбек Сұлтанбай 1987 жылы Шығыс Түркістанның Іле аймағында туған. Мұнай-газ институтының магистранты. Қоңырды сүйем, өмірді сүйем Сауға Жаным деп қағып жанарым жаутаң, Мен ертең саған барамын қалқам. Қандай сауға алып ұсынсам екен, Қызына сендей даланың дарқан. Дүкенге кіріп жолыққан анау, Гүл алсам ба екен көрікті ақ алау. Бірақ қураған маусым ауысса, Тал қырау қыста солып қалады-ау. Талай бозжігіт қызына ап барар, Маржан алсам ба тізіп ап тағар. Онсызда оның үлбіреп тұрған, Ақ тамағыңда ізі қап қалар. Әтірше исі тулаған мүлдем, Ұнамай қалды бұл маған бірден. Жөнсіз бе мұным, онсыз да күнім, Өз исің артық мыңдаған гүлден. Жүр екен саған нелер боп арман, Ашбау алсам ба берерге қарғам. Сүмбіл шашыңнан сусып түседі-ау, Жүгіріп шықсаң келер жол алдан. Жүзік салсам ба қолыңа жақұт, Сыйласа екен деп жаныңа бақыт. Мені ойлап түнде отырғаныңда, Қалады-ау ол да жағыңа батып. Сағымы сынған бақ ну бой көлдің, Айналайыншы таптым ғой деймін. Суретін дәп-дәл сала алмас ол да, Сұлудан сұлу аққу бейнеңнің. Не алсам екен гүлім арайым, Не алсам екен күнім ақ айым. Жынданар болдым онанда қойшы, Осы өлеңімді алып құр барайын. Мен асығамын Мен асығамын, Кеудеңе шоқ гүл тағатын күнге, Қолыңа жүзік салатын күнге. Қанатың бірге қағатын күнге, Таусылып тағатым мүлде. Мен асығамын, Жүрекке жүрек киелі үн қатып, Ағытар күнге тиегін бақыт. Шаршап бір келіп үйықтайтын күнге, Кірпіктеріңе сүйеніп жатып. Мен асығамын, Нұр тамшылатып айдан әр күнде, Айналам гүлге, айналар күнге. Жұлдыздан шапан жамылып бірге, Аймалар күнге. Мен асығамын, Ақ батасына елдің бөленіп, Сен салар күнге торғын желемік. Асығам жаным жанатын күнге, Лебіңнен еріп, ерніңнен еміп. Күн батып барады Күн батып барады, күн батып барады, Бір сырлы әуенді тыңдатып барады. Ғаламның мынау тым бақытты адамы, Тағы бір күнді ұрлатып барады. Күн батып барады, Жесірдің үйі молаға айналып, Жетімнің жасы толағайланып, Тоқалды байдың жоны ары айланып, Құдайы қонақ қомағайланып. Күн батып барады, Күндізгі түлкі қасқыр боп ұлып, Қасқырдан бетер тақсыр боп ұлық. Ағайынды алдар аңдысып арбап, Сарайын мәрмәр тас түме қылып. Күн батып барады, Ұрының қары арқасын қағып, Қайыршы шалдың арқасын бағып. Ырысын шашқан ынжық ұлына, Қарымы қайтқан қарт ашуланып. Күн батып барады, Бояуы кетіп қала көріктің, Иісі аңқып дала да өліктің. Қақпанын байлап аңшы атқа қонып, Жасына шөлдеп жаралы еліктің. Күн батып барады, Жылтылдап жанып түнгі оттар шалаң, Өзіне өзі құл боп барша адам. Жүрегім тыңда міндет бар саған, Ертеңгі күнді кім боп қарсы алам. Ертеңгі күнді кім боп қарсы алам...? Қоңырды сүйем... Қоңырды сүйем, өмірді сүйем қоп-қоңыр, Қанағаты бар қоңыр қалталы текті өмір. Сағынып ылғый қараймындағы отырам, Қоңыр қаз ұшқан көкке бір. Қоңыр жел үрлеп,қоңыр дөңдегі қурайдан, Сыбызғы далам көкірегінде тулайды ән. Қоңырды сүйген жүрегім сенде жырға айлан, Өмірді сүйген жүрекке қоңыр гүл байлан. Сол қоңыр қыздың сүйемін қоңыр дидарын, Сеземін оның жанында қоңыр күй барын. Өмір-ау, түлкі адастырсаң да сол қыздың, Қоңырау күлкі қоңыр мінезін қимадым. *** Іздерім секілді жол жұтқан, Бір белгі қалмайды-ау,бұл күннен. Мұңайып бағана сондықтан, Өзіңді қаттырақ сүйдім мен. Сырымды айтамын кімге өзге, Мені де батырар бал-бұл күн. Мен жайлы айтар деп бір кезде, Бетіңе бір белгі қалдырдым. Кім мәңгі мекендер жер бетін, Сен мені ұмытпа қарағым. Қөзіңде қалсын деп келбетім, Қадалып ұзақтау қарадым. Артықтау сөйлесем кеш қалқам, Қиял-ай, осындай ұшқыр ма ең? Алақан жаяр деп еске алсаң, Қолыңды қаттырақ қыстым мен. Алаңсыз енді ұйықтай беремін, Үрейдің ілініп кірпігі. Еске алар сен бар деп сенемін, Оянбай қалсам мен бір күні.

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы