• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

Қараңғылықтан қорқамын (қара сөзбен жырлайын)

Сәния Әбдіғапар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 3 курс студенті.

«Нағыз махаббат – азапты махаббат», «Шын ғашықтар қосылмайды» деп жатады. Біздің арамызда қаншалықты кіршіксіз сезім болғанын әлі күнге дейін білмеймін. Достығымызды махаббатпен, махаббатты ғашықтықпен шатастырып алған шығармын.

Бұл оқиға менің өмірімнен ойып орын алды. Еске түскен сайын, түсім емес пе екен деп қала беремін. Қанша уақыт өтті, жүрегімнің түбіне тығып қойған сезімім әлі өшкен жоқ. Ол ылғи да менің жүрегімде...

«...Сенің көзің түпсіз терең, тұңғиықтан жаралған...»

Көшедегі шумен жарыса гитарамен өлең айтып отырған жігіттің даусы естіліп тұр. Үнсіз тыңдап отырмын. Даусы да керемет екен, тоқтамай 5-6 ән айтып болды. Қазір түнгі 12:10-нан асқан уақыт. Бұл кезде ойындағы балалар да, барлығы ұйқыға кеткен. Дала тым-тырыс. Жігіттің мұңлы әндері әлі тоқтаған жоқ. Қолымдағы «Махаббат, қызық мол жылдардың» 243-бетіне бүктелген қағаз салып, әсем даусымен жүрегімді толқытқан кім болды екен деп балконға шықтым. Дала тас қараңғы. Жұлдыздар жымың-жымың етеді. Электр шамдарының шағылысқанынан жігітті анық көре алмай біраз тұрдым. Үстінде ақ күртесі бар сияқты. Даусына қарасаң 20-дан аса қоймаған-ау. Бөлмеме қайта кірдім. Сол түні ән тыңдап жатып ұйықтап кетіппін.

Енді балконда әнші жігітті күтіп тұрмын. Күнделікті тіршілік, далада абыр-сабыр. Салқын самал жел еседі. Бұл ән маған ғана арналып шырқалатындай.  Жұлдыздар да күндегісінен жарқырап кеткен бе? Сол күні де балконда ұзақ тұрып ән тыңдадым. Мен ұйқыға кеткенде әсем әуен әлі тоқтамаған еді...

Алғашында демалып жүрген ауладағы жігіттер шығар деп едім. Бүгін жетінші күн. Жігіт күнде сағат 11-ден бастап аулада ән айта бастайды. 5-қабаттағыларға да анық естілетін болуы керек, әр балконнан шығып ән тыңдаған адамдарды көресің.

Бұл кім? Бұрын неге ән салмаған? Қайдан келді? Неге екенін білмеймін, таң атысымен түн болуын тағатсыздана күтемін. Сол белгісіз көрші жігіттің даусын естіп, алыстан болсын бір қарағым келеді де тұрады. Ән әуені естіле бере, 3-қабаттан жүгіре түсіп қасына бардым. Сәл тоқтап, бетіме күле қарады да әнін жалғастыра берді. Мен қасына отырдым.

–     Күн суып кетті. Тоңып қалмадыңыз ба?

–     Жоқ, тоңбадым. Қараңызшы, жұлдыздар қандай керемет! Әне, Жетіқарақшы!

–     Соны бір рет қана көрсем ғой...

Сонда ғана мен мұңлы, жансыз жанарға қарадым...

–     Мен көрмеймін, көре алмаймын. Жұлдыздарды санағанды жақсы көруші едім. Қазір тек елестете аламын.

–     ... Әнді керемет айтады екенсіз!

–     Рақмет, есімің кім?

–     Тынық. Сіздің ше?

–     Шапағат. Жүр, субұрқақ жаққа барып қайтайық.

Екеуміз көше бойлай жүріп келеміз. «Өтірік айтқан шығар». Бәрін көріп келе жатқан секілді. Екі көзімді тарс жұмып едім, тасқа аяғым шалынып ұшып кеттім. Шапағат мені ұстай алды. Осыдан кейін көзімді жұмсам, денемді қорқыныш билеп, көзімді қайта ашып аламын. Қараңғылықтан қатты қорқамын.

–     Көзіңді жұмып көрдің бе? – даусында бір мысқыл бар еді. – Мен сеземін бәрін. Әйтпесе қалай өмір сүріп жүр деп едің. Келіп қалыппыз ғой.

«Өтірік шығар, алдаған шығар... Қалай бәрін біліп келе жатыр?» Үнсіздік. Тек біздің үйге жеткенде ғана:

– Міне келдік, қайырлы түн! Рақмет! – деп гитарасын арқалап, өз үйіне кіріп кетті.«Өтірік шығар...» Олай емес екенін білсем де, өтірік болса екен деп қанша тіледім.

Сол сәттен бастап екеумізді махаббатқа ұқсамайтын, достық та емес, ерекше бір сезім табыстырған болатын. Біз осылай Тараздың айлы түнінде таныстық. Сол сәттен бастап менің түсімнің басты кейіпкеріне айналды.

Көздеріңе ұзақ қарасам, жанарыңнан өзімнің мыңдаған есе кішірейтілген бейнемді көруші едім. Мұңлы көздерің, қап-қара қою қара қасың. Көздеріңе ұзақ қарауға дәтім шыдамайды. Менің көздерімде де оның бейнесі тұрды ғой. Әттең, ол оны көре алмады. Алыс жаққа ойлана қарап тұрған адамға ұқсайды. Қарашығы тек бір нүктеге бағытталған. Қозғалмайды. Жаратқан ием, бұл жігітке сұлулық беріп, жанарынан айырғаны несі екен?

–     Неге сонша тесіле қарадың?

–     ...

–     Маған мұндай аянышқы көзіңмен қарамашы, өтінемін! Мен бақыттымын!

–     Бақыттысыз ба?

–     Әрине, өмір сүрудің өзі бақыт емей немене? Өмірге құштарлықтың өзі бақыт. Кеш болса да мен соны ұқтым.

Шапағаттың неге көрмей қалғанын өзім сан-саққа жорыдым. Бәлкім, өмірге осылай келген шығар. Жоқ, жұлдыздарды санағанды жақсы көруші едім деп еді ғой. Ауырды ма екен? Қанша білгім келсе де, өзінен сұрауға батылым бармады. Өзінің айтқанын тосып жүре бердім.

Кешкісін үйге телефон шалып, сыйлығым бар деген соң саябақтың алдында тағатсыздана күтіп тұрмын. Баспалдақпен көтеріліп келе жатып 1-2 мәрте аяғы шатасып құлап қала жаздады. Кішкентай балаша шаттанып,  асығып келе жатыр. Қолында ақ парағы бар.

–     Сәлем, Тынық! Көп күттіріп қойдым ба?

–     Жо-жоқ. Қалыңыз қалай?

–     Рақмет, жақсымын. Міне, қарашы, сенің суретіңді салдым.

Құдайым-ау, мынау мен ғой. Айнымаған мен! Сол жақ бетімдегі меңіме дейін біліп салғаны қалай? Әлде, көрмеймін деп мені алдап жүр ме екен? Жоқ, олай етуі мүмкін емес. Қолымдағы ақ параққа көзімнен аққан ыстық моншақтар тырс-тырс тамып жатты.

Алла пендесін жанарынан айырып, осыншалық талант береді екен-ау. Ғажап, бұл сурет менің өмірдегі ең қымбат сыйлығым. Леонардо до Винчидің «Мона Лизасына» бергісіз туынды мен үшін. Күліп тұрғаныммен көздерім мұңлы.Тек, шаштарымды бұйра қылып салыпты...

–     Ұнады ма?

–     Әрине, рақмет! Керемет! Шапағат, қандай керемет! Қалай салдың?

–     Сені көрдім түсімде..

Қуанғанымнан Шапағаттың мойнына қалай асылғанымды да байқамай қалдым. Ыстық құшағынан айрылғым келмей, ұзақ тұрдым. Ең алғаш рет шашымнан сипап, маңдайымнан сүйді. Сол күннен менің жүрегімде оның есімінің алғашқы әріптері жазыла бастаған еді...

Бейнесін бір көрмеген адамның суретін айнытпай салу мүмкін бе? Түсінде көру ше? Менің бейнемді ойша елестеткен екен ғой. Мен де өзімді де, табиғатты да суреттеп беретінмін. Сол суретті көрген сайын сен есіме түсесің. Жанарыңнан айырған тағдырды іштей қанша жек көрсем де, сенімен кездестіргеніне риза боламын. Мен Шапағаттан өмір сүруді, өмірді сүюді үйрендім.  Арайлап атқан әр таңның бақыт екенін ұқтым. Өмір сүрудің өзі – Алланың ең қымбат сыйы екен-ау. Сол кеште Шапағат өзінің өткен өмірі жайлы алғаш рет сыр шертті. Алла тағала өз пенделеріне әр түрлі тағдыр сыйлайды екен.

***

...Мен өмірде ең маңыздысы ақша деп ойладым. Байлық, қымбат көлік болса бақыт өзі келер деп. Отбасында жалғыз ұл болған соң ба ерке болдым. Алғашында атам мен әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Әке-шешем де айтқанымды орындап, бетімнен қақпай өсірді. 9-сыныпқа дейін жақсы оқыдым. 10-11 сыныпты 3-ке әзер тәмамдадым. Аз балл алып қалған соң, ақылы бөлімге құжат тапсырдым. Мамандығым – заңгер. Бәрі жақсы болып келе жатқан. 1 курста достарымның кейбірінде көлік болған соң, мен де әкеме келіп қиғылық салдым. Әкем өзінің машинасын маған беріп, өзі жаяу жүрді. Астымда көлігім болған соң, мен өзгере бастадым. Айналамда достар да, қыздар да көбейді. Темекі тартып, арақ ішуді бастадым. Кейде үйге бармайтынды шығардым. Анам байғұс шырылдап, әкем талай ұрысты. Клуб, кафе, ойынханаларға бару да жиілеп, сабақ жайында қалды. Кейде полиция бөлімшесіне де түсіп қалатынбыз. Осындай бұзақылықтарымды естіген әкем алғаш қол көтергенде жиналып үйден кетіп қалдым. Осындай арзан ойын-күлкі қатты өзгертіп жіберді ме, мені тез арбап алды. Сөйтіп жүріп мен ғашық болдым. Ол университеттегі ең сұлу қыз болатын. Менен 1 курс жоғары оқыды. Алғашында назар аудармай жүрген. Кейін ол қыз да жылы қабақ таныта бастады. Киноға барып, бірге уақыт өткізіп жүрдік. Бірде Аружан туған күніне шақырды. Анам екеуміз алтын алқаны бірге барып сатып алдық. Мен соны сыйладым. Ал Дархан деген жігіт  асыл тасты кулоны барын алыпты. Мойнына тақпақшы болып едім, жақтырмай қарады. Кеш бойы Дархан екеуі бірге билеп, бірге жүрді. Мен орнымнан қозғалмай отыра бердім. Сонда Аружанды өзгерткен қымбат алқа болғаны ма? Үйге ішіп келдім. Ештеңе түсінбеген әкем ертең сөйлесеміз деп кетіп қалды. Анам әкем ұрып қоя  ма деп мені тез бөлмеме алып келді.

–      Сен үшін! Ақшаңды аямай қымбатын алып бергеніңде бұндай болмас еді!

Қазір сол кез есіме түссе кірерге жер таппай ұяламын. Солай айтуға қалай ғана аузым барды. Сол оқиғадан соң өзімнің кінәлі екенімді білсем де, әке-шешеммен сөйлеспей қойдым. Әкем де машинаның кілтін алып қойды. «Ішіп алып рульге отырсаң өліп кетерсің!» деген. «Ажалым жетсе қазір-ақ өліп қалам! Бұлай өмір сүргенше өлгенім артық!» Мен осылай айттым. Әке-шешемді қалай ренжіттім. Көзім көргенде беттеріне қалай қарар едім. Талай рет кешірім сұрадым. Қазір олар бұрынғы жұмыстарында. Анам - мектепте мұғалім. Әкем – университетте оқытушы. Көзімді емдеуге қаражат жинап жүр. Құдай қаласа, Израильге операцияға кетеміз. Біраз уақыт өткен соң  Аружан екеуміз кафеде отырғанбыз. Дархан, тағы 3 жігіт біз отырған орынға келді. Аружаным «Дара, Дара, мен бәрін түсіндіремін. Біз жай, сен ойлағандай емес» деп елпеңдеп кетті. Екеуінің кездесіп жүргендеріне біраз болыпты. Сонда білдім. Жігіттер мені сыртқа алып шықты. Дархан мен Аружан іште қалған болатын. Ойымда ештеңе жоқ, қараптан қарап тұрып таяқ жейтінімді қайдан білейін. Үшеуі жабыла тепкілеп тастады. Есім кіресілі-шығасылы жатқанда екі көзім бірдей жарқ етті. Ең соңғы рет аспандағы жұлдыздарды көріп үлгеріппін. Не болғанын білмеймін, көрмей қалдым. Ауруханаға кімнің, қашан, қалай жеткізгені есімде жоқ. Бір апта өткен соң, анамның зар жылаған даусынан ояндым. Әкем анамды жұбатып отыр. Басым шайқалған, оң аяғым сынған, бүйрегім езілген дейді. Анама қарайын десем, көре алмадым. Басым айналып тұрған шығар десем... Жоқ, көзімді аша алмадым. Ауруханада 3 ай жаттым. Достарым, группаластарым, туысқандарымның бәрі келіп жатты. Көре алмасам да, келгендеріне қатты қуанып қалатынмын. Ал, Аружан болса бір келмеді. Мен ұйықтап жатқанда келген шығар. Жоқ, келді, мен көрмеген шығармын. Аружанды күте-күте ауруханадан да шықтым. Міне, 3 жыл бұрын қараңғылыққа осылай тап болған едім. Қазір мүгедекпін. Ал осыған дейін рухани мүгедек болып өмір сүріппін. Оқушы кезімде суретті жақсы салатынмын. Қазір қайта қаламыммен табыстым. Көрмесем де көріп тұрғандай, елеспен сурет саламын. Бұрын көзіммен оқымаған кітаптарды қазір саусағыммен оқимын. Сабағыма да барамын, биыл соңғы жыл. Мен осылайша ақымақтықпен жалынды жастығыма соңғы нүкте қойдым. Аружанды ұмыта алмай жүрдім. Бейнесі жүрегімде сақталып қалды. Қаладан кетіп қалған деп естіген едім. Түсімде көремін. Түсімде мен соқыр емеспін. Бәрін көремін екі көзіммен. Ал таң атқанда, ұйқымнан оянғанда жүрегім езіліп сала береді. Келесі түс көргенше асығамын. Түсімде жұлдыздарды да, Күнді де, Айды да көре аламын. Мейлі екі аяғымды алсын, тек мына жарық дүниені көзбен көру... Көру... мен үшін арман ғой.

Шапағаттың әңгімесін бір деммен тыңдап шықтым.  Ол аяқтағанда күн қызыл арай шашып батып бара жатты.  Далаға әжептеуір қараңғы түсіп қалған еді.

Жазғы демалыстың аяқталуына 2 апта ғана уақыт қалды.  Менің Алматыға қайтуым керек. Шапағат та 1 айдан соң Израильге кетеді. Айрылысатын уақыт та жақындап қалды. 3 ай демалысымды Таразда Шапағатпен бірге өткіздім. Екеуміз талай бақытты шақтарда бірге болдық. Үлкендерше сырласып, балаша қуаласып ойнаушы едік. Тек біз өте қиын қоштастық. Мен қимастықтан ұзақ жыладым. Шапағаттың анасы: «бәрі жақсы болады. Операциядан соң, бәрін көретін болады» деп жұбатып жатыр. Жаңа оқу жылы басталып мен Алматыға кетіп қалдым. Студенттік күндердің қызығы басталып, Шапағатты көп ойламайтынмын. Анда-санда ғана сағынамын. Түсімде көремін, дәл өңімде секілді. Ұйқымнан оянсам, жоқ болып кетеді. Біз баратын саябақта мен оны күтем де тұрамын. Ол келмейді. Бір кезде субұрқақтың дәл ортасынан шыға келеді. Шапағат деп қол бұлғап шақырсам, маған қарап күледі де жоқ боп кетеді. Жете алмай қалам. Осы сәт бірнеше рет түсіме кірді. Шапағат мен үшін қымбат болды. Басқадан ерекшелігі – көзінің көрмегендігі шығар. Әйтеуір, мен өз сезімімді тек достыққа баладым. Мен ешқашан өзімді оның жары ретінде елестете алмадым. Бірақ, өмір бойы қасымда болса екен деп тіледім. Оның жанында бойымды жанашырлық па, аяушылық па, әйтеуір, бір түсініксіз сезім билеп кететін. Шаттанып күлуге де дәтім бармайды. Ол күлсе, бүкіл әлем шаттанып кететіндей. Тек күлкісі  бірден мұңға алмасып кете береді.

Бір күні сабақтан қайтып келе жатсам, ұялы телефоным шылдырлады.  Шет елден қоңырау түсіп жатқанын сандарына қарап түсіндім. Шапағат қой мынау!

– Алло! Тынық! Әне – аспан! Әне, талдар, құстар! Мен жарық дүниені көрдім!

Қалай қуандым десеңші! Толқығанымнан «шын ба, шын ба» дей беріппін. Шапағат 2 аптадан соң елге оралатынын айтты.

Мен де сол уақытта үйге қайтуға дайындала бастадым.  Күн санап Шапағатты көруге асықтым. Әр минутты санап екі аптаны әзер өткізіп, Таразға келдім. Бұл кездесу мүлдем басқаша. Көзімізге тік қарап сөйлесеміз. Мені танымай қалса ше? Жоқ, ол мені түсімде көрдім деді ғой. Суретімді де айнытпай салды. Ұнатпай қалса ше? Жооқ... Сол түні қорқынышты сәт қайта кірді түсіме... Қолын бұлғап кетіп қалды. Мен жете алмадым.

Неге хабарласпай жатыр? Ол келетін күнді көшеде өткіздім. Әлде, басқаға ғашық боп қалды ма екен? Төртте кеп қаламыз деп еді, сағат алты болды ғой. Сағат тілі де жабысып қалғандай жылжымайтыны несі екен...

Есік алдында күте-күте үйге кірдім. Уақыт өтсін деп теледидарды қостым. Жаңалықтар жүріп жатыр. Астана – Тараз бағытындағы тас жолда үлкен жол апаты болыпты. Жеңіл көліктегі 3 адам және жүк  көлігінің жүргізушісі ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне жеткізіліпті... Соның бірі мен асыға күткен жан еді.

Менің алғашқы махаббатым жүрегімде әлі сақтаулы, ешқашан өшпейді де. Гитара сазын естісем болды, далаға жүгіре шығып Шапағатты іздеймін. Ол салған сурет те менде сақтаулы тұр. Шапағатты қатты сағынғанда, маған жұбаныш болар сол сурет қана.

Бір-бірімізге тура қарап, жанарымызбен табыса алмадық.

Ол мені көрмеген күйі кетті.

Мен жақ қараңғы...

Қараңғылықтан қорқамын.

423 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы