• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

ҚОС ШЫНАР

Айтыс – халықтық өнер десек, ол қазақтың қанында бар нәрсе. Сол себептен де ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өлмей, өшпей келе жатыр. Ұлттық өнердің, қара сөздің қадірін арттыратын айтыс өнерінің ұлтымызбен тағдырлас екенін мойындау керек. Халқымыз секілді айтыс өнері де талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп бүгінгі күнге аман-сау жетті. Ендеше халқымыздың маңдайына жазылған осынау дара қасиеттің – айтыстың бұдан кейін де жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеріне көзіміз жетеді. Осыған «Тәубе» дейміз. Иә, айтысты көш-керуен десек, осы бір керуеннің ортасында шаңдата дара шауып, айтыстың сәйгүлігіне мінген Оразалы Досбосынов сынды «Құлманбеттің құлыны» да келе жатыр еді...

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын, қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен, сөз қағыстырғанда арқаланып кетер ерекше талант иесі Оразалымен талай жыл дәмдес-тұздас болдық. Бөлтіріктей шешен, Мұқағалидай ақын, Бердібектей жазушы дүниеге келген, одан кейін де көмекейлеріне бұлбұл ұя салған, әншіліктің де, ақындықтың да үлгісін көрсеткен талай-талай таланттардың киелі мекеніне айналған аспантаулар өлкесінің мұзбалақ қыраны Жетісу ақындарының дәстүрін жалғастырушы ретінде өзіндік ойымен, өзіндік мақамымен айтыс өнерінің айдынында аз жүзсе де саз жүзіп, айтыстың бел ортасынан өз орнын ойып алып кеткен ақын еді. Ауылда туып, ауылда өскен, қолы қысқа қарадомалақтың бірі болатын. Жасандылықтан аулақ болып, пысықтықтан шет жүріп, адалдықты арына серік етіп, адамдықтың құзар шыңына ұмтылды. Ол осы айтыста жүріп не нәрсеге қол жеткізсе де әке қанымен, ана сүтімен дарыған, Кұдайым берген несібесінің арқасында жеттім деп ойлайтын және де солай болды да. Ол осы өнері арқылы өзінің ризығын тауып жеді. Айтыс – бәйге десек, сол бәйгенің бірде қиянатын көрсе, бірде шапағатын көрді. Дара шапса да, қалың топтың шаңының арасынан көзге ілінбей қалған тұстары да аз емес. Көрініп түрса да елеусіз қалған тұстары да баршылық. Бұның барлығы шындықты шырқырата айтқанынан болғандығын сезетін. Бірақ түбінде шындықтың салтанат құратынына, еңбегінің елеусіз қалмайтынына сенетін еді. Шыныменен-ақ ол топты жарып шықты да. Оза шауып бәйге де алды. Топқа қосылған қоңыр құнан күндер өте бере алдындағы ауыздықтарымен алысқан арғымақтармен құйрык тістесті. Бірде көмбеге қатар келсе, бірде алдын орап кетіп отырды. Әттең дүние-ай! Енді аз тұрса бәйгенің алдын бермес кер жүйрікке де айналар еді-ау!...

Бірақ ауыздықпен алысқан қоңыр құнан орта жолда мойны опырылып құлап түсті. Аспан айналып жерге түскендей күй туды. Бұл жаратқан Алланың әмірі ме, әлде көз тиді ме? Осылайша ойқастай шапқан ойлы ақын шаңдатып барып сағымға айналып кете барды. Бәрі өкінішті. Жүйрігін таң асырып баптап, сылап-сыйпаған, өмірде «Ажарлым» деп еркелеткен ажары да базары да болған Ажар солай бір-ақ күнде, ойламаған жерде сыңарынан айрылып қала берді. Бар дәмдісін Ораздың аузына тосып, бар жақсысын Ораздың үстіне жамап, жоқшылыққа да төзіп, баршылыққа да тәубе жасап отырғанда ашық күнде найзағай ойнап, дауыл тұрғандай болды. Қанатынан қайырылып, тірліктен түңіліп, өмірін қараңғылық жайлаған тұста екі перзенті періштедей шырылдап есін жиғызды, тәуекелге бел буғызды. Өлгенмен бірге өлмесін білген соң, Ораздың артында қалған ұрпақтарын жеткізу керек деп алдына үлкен мақсат қойды және де сол мақсат-арманына жету жолында бел шешіп іске кірісті. Қайғыға берілмеуге тырысып бақты. Ораздың еңбегін жарыққа шығару үшін және де өзінің шығармашылығын жетілдіру жолында тер төкті. Оразға деген махаббаты, сағынышы оның жүрегінен мұңға толы, сырға толы талай-талай әндерді шығарып, әрі сол әндерін халықтың жүрегіне жеткізе білді. Жеткені сол шығар кейінгі кезде оның да есімі ел-жұрттың аузына ілініп-ақ қалып еді. Тіпті Ажардың жарына арнап жасаған телефильмінде Ораздың бүкіл шығармашылығы өзі айтатын мұңды да сырлы әуендерімен ерекше өрнектелген еді. Ол осылайша өзінің сүйікті жарына сол бір туындысы арқылы сезімін де, сағынышын да жеткізе білді. Иә, өшпестей естелік қалдырды деп айтуға болады.

Бірақ тағдырдың жазуы шығар, сағынышқа оранып сағымға айналған Оразын «Сағындым сені» деп жоқтап жүргенде өзі де сағымға айналып кете барды. Ендігі сағынған Оразын аймалап сағынышын басқан да болар шамасы. Біз Ораз бен Ажарды бой түзеген қос шынарға теңеуші едік. Шыбықтан шынарға айналып, бойлары өсіп, сәндері келісіп, жапырақтарын жая бастаған кезде бірінен кейін бірі опырылып түсті. Алланың жазуына басымды ие отырып, екеуінің жасамаған жастарым арттарында қалған ұрпақтары жасасын, тәңірім оларға аға-анасының ғұмырын емес, дарыны мен талантын, адалдыктарын,  адамдық касиеттерін берсін  дегім келеді.

Тындарманы мен көрермені бар акын мен әнші әрдайым сый-кұрметпен ел есінде болатыны хақ. Олар туралы естеліктер, жырлар мен дастандар жазып, өз ортамызда әлі де жүргендей, жанымызда кеше ғана болғандай бір сәт толқып, бір сәт мұңайып, олардың сағынышқа айналған нұрлы бейнелерімен оймен болса да сырласуға мүмкіндік туғызу адамға деген Құдайдың берген құдіреті шығар сірә да. Олар туралы «Әрқашан жанымыздасыңдар»,  – деп айта алатынымыз содан да шығар. Оразалыңың тоқтау бермес арынды да азулы айтыстары мен Ажардың әуезді әуендерін тыңдап, олар туралы естеліктерді оқып, келешек жылдарда да олармен бірге ғұмыр кешетініміз шындық. Олай болса, Ораз бен Ажар туралы азын-аулақ есте жүрген елеулі сәттерімді айта кетейін.

Иә, алғаш Оразды ХХ ғасырдың 90-жылдары Абай атындағы қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалык университетіне оқуға емтихан тапсырған кезде көріп едім. Ол кезде қазақ тілі және әдебиет мамандығына оқуға түсу үшін тест сұрақтарына математика пәні жаңадан қосылған еді. Аудиторияның ең соңғы орындығының бірінен отырғандардың алды болып, тест жауаптарын жазып тапсырған аласа бойлы, күлкісі езуіне келе жымиып кана тұрған Ораздың келбеті әлі көз алдымда. Жұрт естісін дегендей келе жатып: «Бұл математиканы да жырлау керек екен», – деп айтқан сөзі де құлағымда тұр.

Ажар дүниеге Нұрайшаны әкелген күннің ертесінде перзентханаға Оразалы, Бақыт үшеуміз үлкен қуанышпен құттықтап барып қайттық. Сол кездегі Ораздың көл-көсір қуанышын, көңілінің шексіз күйін жеткізіп айта алмаймын. Езуі жиылмай, теңдессіз шаттықтың шырмауында болды. “Әке” деген қасиетті ұғыммен бетпе-бет келіп, “перзент” деген бағасы жетпес сөзді санасына сіңірді. Сол күні екеуміз біздің ауылға жүріп кеттік. Әкем Әбдімәжит пен анам Тұраханның алтын тойларын өткізуге бас асаба болуын қалаған едім. Жаңа босанған жарына да қарамай, әке атанған қуанышын да тойламаған күйінде маған ілесуі оның нағыз Серілігі еді! Аты ауызға енді-енді ілініп, дүркіреп тұрған шағы болатын. Алыстан ат терлетіп келген құда-жегжаттар да, алысты-жақынды туған-туыстар да, жиналған ел-жұрт та таң-тамаша болып, тойдан дән риза пейілмен тарқасты. Олар өздерін Үлкен Театрға барып қайтқандай сезімде болды. Әр сөзі, суырып салма өлендері, арасында домбыраны ала салып ән айтқаны ел есінде қалды. Оразалының бойындағы таланттылық, дарындылық, қабілет пен ақындық қасиеті сол кезде “Тиірмендегі” алтын той иелері мен дүйім жұртты бір көтеріп, шаттыққа бөлеп еді. Теңдессіз ТАЛАНТ иесі өзінің нағыз ақындық, актерлік, әншілік өнерімен қайнаған қазанның ортасында, нөпір халық ішінде бірде үндінің әнін салса, енді бірде 90-дағы әженің дауысын салып, 70-тегі келіні мен баласына ақыл айтқандай “Әй, әнәу, бар ғой”, – дегені кім-кімнің болса да есінде сақталып қалып еді.

Ораз бен Ажар балалары Нұрайша мен Нұрсұлтанның бесіктойларын, тұсаукесерін, тілашар сияқты тойларын көпшілікпен бөлісіп, қазақи салт-дәстүрмен бүкіл жан-тәнімен жүгіріп жүріп, жас та болса кәдімгі көпті көрген, салиқалы үлкендер сияқты өткізуші еді.

Нұрсұлтанның бір жасқа толғандағы тұсаукесер тойы шілде айының алтысында (Елбасының туған күнінде дүние келгендіктен Оразалы ұлының есімін ырымдап Нұрсұлтан деп қойған еді, мүмкін болашакта ақынның арманы да орындалар бәлкім) Алматыда ерекше сңенариймен өтіп еді. Ондағы шақырылған арнайы қонақтар саны алты-ақ адам – Сұлушаш әпкесі күйеуімен, Перизат (бір жастағы Нұрсұлтанға қазақтың

шапаны мен бөркін арнайы тігіп кидірген кісі) қызымен, мен және Алма болды. Ал басқа келген 28 ерлі-зайыпты «сен тұр, мен атайын» бірі сөзді өлеңмен бастаса, екіншісі әрі карай жалғастырып әкететін кілең ақын, айтыскерлер болып еді. Бұл той 22-26 жастағы ақын-әдебиетшілердің XXI ғасырдың басындағы талантгарының тойы еді.  Балаға арнаған не деген құрмет десеңізші! Бұл – балаларының өлеңмен құлағын аштырып, қадамын жырмен жүргізген Оразалы мен Ажардың ақ ниеттері еді.       Осылай бір-бірімізге бауыр басып, ақылмен кеңесіп, аға-іні болып жүрген аралықта арада 5-6 ай екеуі көрінбей калды Бір күні екеуін балаларымен үйге арнайылап қонаққа шақырдық. Айткан мезгілде олар да келді. «Тағы кімдер келетін еді?» – дегендей сұраулы жүзбен қарағанда біз бүгінгі арнайы қонақтарымыз тек Досбосыновтар ғана екенін айтып,

дастарқанға еркін жайғасуын өтіндік. Сол жолы дастарқан басында олардың қысылып, ұялып отырғандарын сездік. Себебі бұл олар үшін өлара шақ, яғни Орекеңнің «бизнес» деп картоп отырғызып, Ажар да «ұсақ-түйек» деп базарға шыққан кездері еді... Дастарқан басында екеуі махаббаттары маздаған, қуаныштары шалқыған, жаңа қосылған жандардай бар өнерлерін ортаға салып, өте жақсы көңіл-күймен көтеріңкі отырып, біраз демалып қайтып еді-ау. Шығарып саларда Ораздың домбырасымен, ал Ажардың әсем әнімен, елдің көркі, сүйіктісі, мактанышы болу мандайларына жазылатындарын айта келіп, картоп пен ұсақ-түйек басқаның пешенесіндегі нәрселер екендігін сөз етіп едік. Тәубе, Алла аузымызға салған шығар екеуі беттерін сыйпағанда періштелері де бірге «Әумин!» деді ме екен?! Содан кейін-ақ екеуінің өнері мен таланттары ел аузына ілініп, қол ұстасқан күйлерінде өмірлері өрге жүзді Олар биіктен көрінген сайын ел-жұрт, ағайын- туыс болып мактанатын, қуанатын жағдайға жеттік. Бірақ... Екі жанды, екі қуанышты, қос қанатты алда әлі де талай-талай асу биік-биік шыңдардан көреміз деп отырғанда олардың

қалықтап одан да жоғары көк аспанға  ұшып шығып, көкжиекке

барып сіңіп қеткендерін сезбей де калдық. Оразалы мен Ажар өз тыңдаушылары мен көрермендерінің сүйіктілеріне айналып, енді береріміз бар деген кезде ТАҒДЫРДЫҢ қатал заңына кенеттен тап болды. Рингтегі бокс соқкысын оның қасында отырып соққының қай бүйірден тиетінін байқауға болады. Сондай-ақ табиғаттағы кез келген физикалық құбылысты математикалық моделдеуге-пішіндеуге де болады. Ал ақындардың өмірдегі алатын соққысын ешкім, ешқашан зерттеп, талдап ондай пішіндеуге келтіруі мүмкін емес сияқты. Ақындардың құдіреті де, күші де, қайғысы да содан шығар бәлкім....

Сөз соңында айта кетерім, көңілге медеу болатын бір нәрсе –  жастардың, әсіресе жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен магистранттардың айтыс өнеріне көңіл бөліп айтыстың егжей-тегжейін зерттеп жүргені. Соның ішінде жас болса да айтарын айтып, шындықты шыжғырып бетке басып, азулы ақын дәрежесіне жеткен Оразалы Досбосыновтың айтыстық өнері туралы олар жазған зерттеулер, дипломдық жұмыстар қуантарлық іс. Ендеше айтыстай киелі өнердің киесіне айналған Оразалыны жылдардан жылдарға жеткізетін ұрпақтар аман болсын, айтыс өнері тозбай, жоғалмай халықпен бірге жасасын дегім келеді. Абай атамыз айтпақшы, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген осы болар сірә да...

Мақтағали БЕКТЕМЕСОВ,

Семей Мемлекеттік институтының ректоры,

Физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор.

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы