• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

Жұмбақтың шешуі (әңгіме)

Дiлдәр Мамырбаева

–        Әй, Тото сенiң атыңды неге Тарағай деп қойған, Тырағай десе бiр сәрi, –  көрiнгенге тиiсiп жүретiн сыныптасы Әмәк мұны  бүйiрiнен түртiп қалып, өз-өзiнен шиқылдап күлген.

–        Бiлмеймiн, – дедi бұл оның қылығынан зәрезап болғаннан тағы да бiр нәрсе бастай ма деп қауiптенiп. Бойын жиып сақ отыруға тырысты.

–        Әке-шешең мына жаман баласын Ұлықбектей жұлдызшы болсын деп ырымдаған ғой, шамасы, – Әмәк күлкiсi келмесе де iшiн басып домалай кеттi. Күн сәулесiнiң арасындағы тозаңдар жыбырлап, денесiне қона сала үркiп қайта ұшады. Соқталдай жiгiт болғанына қарамай бырқылдатып мұрнын тартып жүредi. Әу баста сән көрген болу керек, содан әдетке айналған-ау, шамасы. Бұл жолы да бырқ еткiзiп iшке тартты да, онысын қолқ еткiзiп жұта салды. Тарағайдың жүрегi айнып барып, әзер басылды.

–        Бiлмеймiн дейсiң, ә! Неге бiлмейсiң? – Жасылға да, қоңырға да жатпайтын көзiн тесiрейткенде бетiндегi секпiлдер үлкейiп, бөдененiң жұмыртқасындай шұп-шұбарала болып кеттi.

–        Бiлмегенiмдi бiлмеймiн деймiн. Ол бiздiң мектепке жаңадан келген оқушы ма? Тарағайдың Ұлықбек деген атқа мүлде қатысы жоқ қой, – Тото Әмәктiң бетiне аңтарына қараған.

–        О, тормос! Дым бiлместiң нағыз өзi екенсiң ғой!,– атақты Ұлықбек жұлдызшының азан шақырып қойған атының Мұхаммед Тарағай екенiн шынымен бiлмейсiң бе? Ол – Ақсақ  Темiрдiң немересi. Самарқандты 40 жыл басқарған. Онысын қойшы, бiр жылда 365 күн, 6 сағат, 9 минөт 15 секөнт бар екенiн есептеген ұлы адам ғой.

Аспан желi, жұлдыздар туралы әпсана айтқандардың соңынан ерiп кетуге бейiлдi мiнез бар. Қазiр де Әмәкка қуана қарап қалыпты. Әмәк Тотоның көз алдында сүп-сүйкiмдi балаға айналып бара жатты. Екiнiң бiрiнде кездеспейтiн жап-жасыл көздерi өзгеше әдемi, кiрпiктерi қап-қалың. Секпiлдерi аспан көгiндегi жұлдыздар секiлдi, жыпырлай жымыңдайтын секiлдi. Осындай сүйкiмдi баланы өткен жолы тоғанға тоғытқанына өкiнiп қалды. Өзi ғой. Жайбарақат қана картоп қазып жүрген жерiнде ештемеден ештемесiз арқа тұсынан кетпеннiң сабымен салып қалған. Омыртқасы удай ашығанда, iштегi ашуы ду көтерiлiп, егiстiк жанында ботала болып ағып жататын тоғанға сүйрелеп әкелiп, лай суға тұншықтырған. Одан алып тоған жиегiндегi ұйысып өскен сары тiкеннiң үстiне жатқызып алып ұрғылаған. Әмәк бұдан күштi. Қарсыласса алып ұрады. Бұл жолы былқ-сылқ етiп жатты да қойды. Бiр мезетте ғана тоған шетiне қол iлiктiрiп, батпақ, шымы аралас лайды мұның бетiне жапсыра салған. Тарағай ызадан дiрiлдеп, тепкiлеп тастайын деп тұрғанда, Мути келiп екеуiн ажыратқан. Мутидiң «қойыңдар» дегенi «төбелесiңдер» дегендей естiлiп, бiр-бiрiне тап-тап берген. Содан дүрдараз болып, бiр-бiрiн көрмегендей, көрсе де елемегендей болып жүретiн. Бүгiн қайта жанаса қалыпты.

–        Тото айтшы, мен мектеп бiтiре салысымен сендерге көршi Салпаңбайдың Гүлжанына үйленейiн деп едiм, тағдыр жазуы бұған не дейдi екен? – Әмәк бұл жолы бойындағы құйтырқыларынан арылып, сап-салмақты  бола қалыпты.

–        Ол қызға үйленсең қазаныңды ит жалап жатады да, – дедi бұл немқұрайды.

–        Неге?

–        Қыздары шешелерiмен қосылып ап үйде телевизор көрiп отырғанда кiлеттерiнде қап-қап болып үйiлген ұнды қара ала сиырлы түркiлеп жарып, қалағанынша жеп, аппақ болып шығып келе жатады. Сонда ғана: «Ойбүй-ай, ана арам қатқырдың тұмсығын сүртiңдер, әкелерiң көрсе өлтiредi» деп, сыпырғышты ала сала сиырдың үстiн тазалап жатқандары. Салпаңбайдың тiршiлiгiнiң оңға баспайтыны да содан болса керек. Мына сөздi естiген Әмәктiң үнжырғасы түсiп кеттi. Тото  өзiне қысастық iстеп тұрғандай.

–         Сен туған күндер бойынша бiр нәрсенi бiр нәрсеге қосып, көбейтiп есептеп шығарушы едiң ғой. Сонысы дәл келедi деп ауылдағылар сенi әулие көредi. Жорамалдап көршi, – Әмәк бар өмiрi осыған тiрелiп тұрғандай қиылды.

–        Оңай жерден көрiпкелдi таптыңдар. Менiкi болжам ғана ғой, – Тото қысылайын дедi. Әмәк бұл аузын ашса iшiне кiрiп кететiндей емiнiп тұр. Көзi боталап, жүзi бал-бұл жанады. Бар тiлегi «жұлдыздарың жарқырап жанады екен» деген сөздi есту. Тотоның аузынан солай болып шықса, сол бола қоятын секiлдi. Тентек, сотқар, дүлей Әмәктiң жүрегi сонша нәзiк деп кiм ойлаған. Жақсы көру, ғашық болу адамды қалай өзгертедi. Тотоның емтихандарда келетiн билеттердi алдын ала бiлiп отыратыны, достарына, мұғалiмдерге жұлдызжорамал жасап беретiнi бар. Ондайда Әмек бұған мысқылмен қарап, күлкiге айналдыратын. Өткен жолғы оқиғадан кейiн жарты құдайдай көрiп, мойынсұнып қалыпты. Ендi Тото мырс еттi.

Шайқурайы, жусаны мол беткейде малдарына бас-көз болып жүрген бұлар тынып қана ағатын өзенге қарай қорабына теңкитiп қарбыз тиеген машинаның келе жатқанын көрген.  Күн еңкейiп, көлеңкелер ұзарып қалған шақ. Көзiң сәл таса болса бұзау жамырайтын уақыт.  Сiлекейлерi шұбырып машина жаққа қараған. Жалғыз көпiрдiң тұсына келiп қалыпты.

–        Беткейдегi малдың бәрiн көпiрдiң үстiмен айдап, машинаның алдына тосқауыл етемiз де, мен қорапқа шығып қарбызды өзенге ағызамын, сен Мути екеуiң осы тұстан ұстап алып, шөп арасына тыға берiңдер, – деген Әмәк тапқырлық танытып.

–        Жоқ, жақын мен жақынның шатағына ұрынамыз. Қоя қояйық, – деген Тотаға:

–        Қорқақ! Мен кеттiм, қалғанын өздерiң бiлiңдер – деп Әмәк малды көпiр үстiмен айдаған. Маңқиып, езуiнен сiлекейi аққан сиырлар дүрк көтерiлiп, маң-маң басып жүре берген. Шолақ қамшысын шошаңдатқан сиыршы бала да мал iшiне кiрiп, алдыңғыларын арғы бетке тез өткiзiп жiбергiсi келгендей дүркiрете қуып,   машинамен бетпе-бет келiп қатарласқан тұста, қорабына секiрiп шығып, қарбызды бiрiнен кейiн бiрiн үстi-үстiне өзенге лақтыра берген.

Ағыспен бiрге домалаңдап бара жатқан алабүйiр қарбызды көрген жүргiзушi дереу машинасынан секiрiп түскен.  Әмәк жылдам ғой,  маңқиып тұрған сиырдың қалқасына тығыла қалған. Мути сол тұстан өтетiн электр бағанасының ұшар басына өрмелеп шығып, көйлегiн терiс айналдыра киiп, шоқиып отырды. Қорықса болды, ағаш басына шығып кететiн әдетi. Қалқыған қарбызды өткiзбей тосып алайын деп аласұрған Тото ғана судың терең тұсында қалшиып қатқан да қалған. Бұған ұстатпай бүйiрiн жалт еткiзiп ағып бара жатқандарға iшi удай ашып, көзiнiң қиығымен қарап қояды.

–        Әй, жүгерiлер (жүгермектер дегенi ғой), көрсетпесем бе сендерге көресiнi, iштерiң көк түйнек болып қалғырлар, – деп жүргiзушi баланың басындай  тасты Әмәк жаққа лақтырып жiбердi. Танауын делдите күйiс қайырып марғау тұрған сиыр ұшып келе жатқан тастан жасқанды ма, шалт қимылдап өңкеңдей басып, алға жүрiп кеттi. Әмәктiң шекесiне тас сарт еткенде, Тота көзiн жұмып тас мүсiндей қатып қалды.  «Басының мылжа-мылжасы шықты» деп ойлаған. Шыңғырған даусын естiп, денесi сiрескен қалпында жанына аттап-пұттап жеткен. Қарбыз құшақтаған қолдары қарысып қалыпты. Құлағы шың етiп бiтелдi де, кiмнiң не деп тұрғанын естiмедi. Басынан қаны сауғалаған Әмәк:

–        Таста атаңа нәлеттi, – дегенде қарын тұсына ұстаған қарбызы жерге түспей әлек қылған. Жайылымда малдарын қарап жүрген үлкендер  жиналып, Әмектiң жарылған жерiне киiз күйдiрiп басып, қанын тоқтатқан. «Бiрдi-екiлi қарбыз атасының құны болып па таспен ұратындай, пейiлi тарылған кiм болды екен сонша?» деп даурығысып тұрғанда мотоциклмен мал соңынан келген учаскелiк полиция  да оқиға үстiнен түскен. Әмек пен Тотоны мiнгестiре салып, жұмыс орнына келдi де, дәрiгер шақыртты. Арнайы тексерiстен өткенше деп басын қауғадай етiп ақ дәкемен орады. Бұлар әдемiлеп арыз жазды. Ауылға кiрген жүргiзушiнi де ұстапты. Қасқөй, жүрегi жоқ адамның бетiне түкiрiп, қолына кiсен салып, дәл қазiр-ақ аудан орталығына аттандырмақшы. Есiк ашылып... Әмектiң әкесi кiрдi. Жарадар болған баласын көрiп, «Не болған? не болған» деп саусақтары дiрiлдей түсiп бауырына басқан. Көзi жасаурап кеттi. Ендi ше... Әмәк құдайдан сұрап, тiлеп алған жар дегенде жалғыз баласы.

–        Балалықпен машина қорабынан қарбыз алып, өзенге ағызған екен, соны иесi көрiп, басын жарыпты, – учаскелiк милиция бағанағы қарқынынан арылып, жайбарақаттана жауап бердi.

–        Қорабымен неге алмайсыңдар оны? Сендер екенсiңдер ғой. Менi қара басыпты-ау, өлтiрiп қоя жаздаппын ғой, ай, шатастырған құдайым-ау! – деп отыра кеткен. Әмәк әкесiнiң құшағынан сытылып, бетiне тесiле суық қараған.

–        Тотоны тыңдауым керек едi. Ескерттi ғой ол болмайтынынын. Бұдан кейiн басымды соның ноқтасына салып жүремiн, –  деп күйiне сөйледi. Тотоның күлкiсi келдi. Мути қас қарайып, малдар ауылға қайтқанша сол бағананың басында жарбиып отырған да қойған.

Сұп-суық, ардың-гүрдiң, бiр көрген адамға жындыбастау көрiнетiн Әмәктiң жүрегiнде сезiм оты ояныпты. Оны ынтықтырған сұрақтарға нанымды жауап бермеу – аппақ жанын былғау екенiн ұқты. Әмәк – Тотоның досы емес, бiр көшенiң бойында тұрады, бiр сыныпта оқиды, малдары бiрге жайылады. Тiршiлiктерi ортақ болған соң, кейде әңгiмелерi де ортақ.

Әмәктiң тағдыр есебiн iштей есептеп,  аспанға қарады... Түн болмаған, жұлдыздар шықпаған. Үлбiреген жұқа шымылдық артында ең сұлу, ең жарығы сылаң қағып, жайраңдай әсем қозғалатын секiлдi. Шашылған асықтай аспан кеңiстiгiн түгел иемденген. Бiрте-бiрте аспан қозғалып келiп, алдына дастарханша жайылды. Шолпан, Темiрқазық, Жетiқарақшы, Сүмбiле жарқырап жанып, жымыңдасады. Жер жамбастап алып, бiр қырындаған бетi жыра-жыра Айға сүзiле қарайды. Оның арғы бетiн көргiсi келiп мойнын созып, денесiн көтергенде бiр шынтақтай қозғалатын секiлдi. Сол кезде жасырынбақ ойнаған баладай болған жұлдыздар да иықтарын қозғап, ары жылжи түседi. Ұясын бұзбай, матауын жазбай бишiлердей әсем қозғалып бұлт ете түседi. Тото Әмәктiң, Гүлжанның жұлдыздарын бiр шоғырдан, бiр үйiрден iздеп едi, таппады. Бiреуiнiкi маңдай тұста, екiншiсiнiкi шүйде тұста тұр. Мұндай адамдардың еркегi мен еркегi, ұрғашысы мен ұрғашысы, үлкенi мен кiшiсi, еркегi мен ұрғашысы өле-өлгенше бiр-бiрiне қас болып кетедi.

–        Бейнеттi, азапты, ойпыл-тойпыл өмiр болады, – ойын жұтпай лақ еткiзе айтып қалғанда өзi де шошып қалды, – мен болашақты болжаушы емеспiн ғой, көрiп тұрған оқиғаларымды ғана айтып жатырмын, – деп аяғын ақталғандай етiп жайбағыстырып жiбердi.

–        Жұлдыздан не уақыттан  қателесiп тұрған жоқсың ба? Туған күндерiмiздiң уақытын жарты айға алға салып есептеп көршi, мүмкiн бақытты жұп болып шыға келермiз, – Әмәк жаман түс көрген адамдай салы суға кетiп, екi иығы қушиып, жақ жүнi үрпидi де қалды. Жағы шыққан адамша аузы аңырайып ашылып, тiлi салақтап кеттi.

–        Сорлауларың оп-оңай болғанымен, бақтарыңның жануы қиын екен, – Тото ойын iркiп сөйлейiн дегенiмен,  тiлi жылдамдатып жiбердi.

–        Прямо, на ровном месте шалыныса бередi екенбiз де, ендi басқа қыз iздеу керек болды десейшi, – деп Әмәк Тотоны да, ол қарап отырған жұлдыздар жолын да, жылын, күнiн, минөтiн салыстырған шытырман есептi де мысқылдап, бiр езуiн тарта жымиды.

–        Өзiңдi шынымен Ұлықбек екенмiн деп қалдың ба? Миллиардтаған жұлдыздардың iшiнен Гүлжан екеуiмiздiкiн қалай ұстап алдың? – деп ендi өзiн мазақтауға көштi. Бет бейнесiнде жаңағы ойлы пiшiнге ұқсайтын ешнәрсе  қалмаған. Болжамға, жорамалға сенетiнiн қазiр кiлт тоқтатқан.

Анау күнi бұдан кейiн Тото жүр десе жүремiн, отыр десе отырамын деп шақшақай құстай саңқылдап ант iшкенiн ұмытып кеткендей. Арасында пәлен ғасыр бұрынғы Ұлықбек жұлдызшыға да зығырданы қайнайды.

–        Сол Ұлықбек, мықты жұлдызшы, ұлы Ұлықбек өлiмiнiң өз ұлынан болатынын неге аңдамаған? – Әмәк Тотоны сұрақтың астына алды. Ел билеушi Ұлықбекпен мұның бiр байланысы бар, жақын туысы, араға ғасыр салып келген көшiрмесiндей көредi ғой деймiн. Керек десең Тото оны бiлмейдi де. Оқымаған. Ендi iздеп көрмесе.

–        Көк әлемiнiң заңы бойынша өзiңе, балаларыңа жұлдыз жорамал жасауға болмайды, – дедi Тото да Әмәктен жеңiлмеу жағына қисайып, – дәрiгердiң емi өз баласына жүрмейдi, бақсы, балгердiң де жақындарына шипасы қонбайды. Сондай бiр қарама-қайшылық бар.

–        Әй, ЖЖ, (Жұлдыз жорамалшы дегенi) сен сонда осындай-осындайларды оқымай қайдан бiлесiң? – Әмәк бұған сенiмсiз сыңаймен қарады.

–        Жұлдыздар ниетi ауған шығар! Шындығында мен осыны оқиыншы деп iзденбеймiн де. Оқығанымды  ұмытып қаламын. Ай, Күн, Жұлдыздар туралы ойлар өз-өзiнен келедi, – дедi Тото.

–        Онда босқа қиялданып жүргенше ақша таппайсың ба? – Әмәк тақымдап қоймады.

–        Қалай?

–        «Кiмде кiм көк әлемiн шарлағысы келсе, менiң атыма ақша салсын» деп хабарландыру бер. Қазiр ақшаларын қайда шашарларын бiлмей жүрген байлар көп қой. Көрейiкшi деп есеп шотыңа қаржы аударатынына сенiмдiмiн.

–        Содан кейiн не болады? – Тото ендi не болар екен деп аңтарыла, сұраулы кейiппен қарады.

–        Сен оларға былай деп жауап жазасың: «Құрметтi пәленше түгеншенiң мырзасы! Ақшаңызды алдым. Рахмет. Ендi iңiр түсiсiмен, көкте бұлт жоқ кезде аспанға қарап жатыңыз. Алдымен дүниенiң арқауы – құс жолын көресiз. Кiрпiк қақпай қараңыз, Сүмбiле батқанша бүкiл көктi аралап шығасыз. Сәлеммен Тото» деп қол қоясың. Бұл алааяқтыққа жатпайды. – әмәк қиын бiр мәселенi оңды шешкендей шiрендi.

Екеуi даланы басына көтере күлген. Құрыс-тырыстары жазылып, топырақты аспанға көтере алысқан. Iле тоғанның лай суына сүңгiп шыққан. Құс еттенген терiлерiне батпақ жабысып, ол ыстықпен лезде кеуiп торала-торала болып шыға келген. Шаштарын лай тұтып, сауыстана сүңгiленiптi. Қас қарайғанын шақырайып Үркер туғанда барып бiр-ақ аңғарған.

–        Осы Үркердi Есекқырған жұлдызымен шатастыра беремiн, – деп көп бiлетiндiгiмен алдын орап отырған Әмек лезде пыс етiп желi шыққан дөңгелектей пәсейiп қалды.

–        Үркермен шатастыру мүмкiн емес. Шолпан мен Есекқырған таң ата туады ғой. Ел iшiнде Есекқырғанды «жалмаушы» деп, ал Шолпанды «тұл қатын» деп атайды ғой, – Тото жұлдыздар туралы әңгiме бастауға өте бейiмдi екенiн аңғартты.

–        Неге?

–        Баяғы заманда зат тиелген шаналарға есек жеккен керуен үдере көшiп, жолдағы бекетке қонады. Шолпан туып қалыпты деп шығыстан келе жатқан жарық жұлдызды көрiп, керуен иесi жолға түсiп тарта бередi. Күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы жерден шыққан есектер суыққа шыдамай қырылып қалады. Осылайша жарқырап көрiнген жұлдыз содан бастап «Есекқырған» деп аталыпты, – деп бар жан-тәнiмен берiле айтқан әңгiмесiн Әмәк селқос тыңдап:

– Бұл естiп жүрген әңгiмемiз ғой. Шолпанды неге «тұл қатын» деп айтады екен? – деп сұрады.

–        Оны әлi тумаған адамдардың жандары мекендейдi дейдi ғой, рас болса.

–        Екi әлемге де ортақ дүниелер ғой бұл сонда. Қиылысатын нүктесiн тауып, бiр-бiрiне өтiп жүре берсең қандай рақат болар едi, – Әмәк қиялға берiлiп, ол жақтан ұрлайтын қауынды елестетiп жатқанда, Тото өзiнен екi сынып төмен оқитын Айшаны ойлап, тәттi үмiтке берiлiп, жұлдыз-жорамалдарын салыстырып отырған. Күн сәулесiнен жаратылғандай сол бiр қызыл көйлектi қыз бақытының базарындай болып елестейдi. Денесiнде қызулық пайда болып, өз-өзiнен желпiне қалады. Тоқта, жұлдыздары сорлатып тұр ғой. Қасiрет әкелетiн өмiрдi көрсетедi. Не қиындық екенiн таба алмады. Қосылып, айырылады екен. Бiр-бiрiнен кете де алмайды. Сонда не? Жаны жаңқаланып кеттi. Өзiңе жұлдыз-жорамал жасауға болмайды деген серттi бұзып, соның азабын тартып тұр ма? Жұлдыздарға баратын сапарының қызығы кетiп қалғандай. Аспан мен көктiң арасы тұманданып кеттi. Мүмкiн жаңылысып тұрған болар. Тәжiрибелi жұлдызшыға барып көруi керек. Ол да өзi жасаған жұлдыз жорамалдан онша алыстамады.

–        Әйел мен еркек ұзақ өмiр сүрiп, байлықта күн кешедi, бiрақ ауыр азап көредi. Толық бақыт жоқ, – дедi.

–        Ауру азабы ма?

Жұлдызшы басын шайқады.

–        Өмiрден ұрпақсыз өте ме?

Тағы да басын шайқады.

–        Не екенiн айта алмаймын. Бақ та, бақыт та қонады, бiрақ оны сезiне алмайсың. Кейiндеп барып ұғасың. Махаббаттағы бағың мен сорың маңдайыңа жазылған кәсiбiңнен.

Жұлдызшы одан әрi ешнәрсе айтпаған. Тото да қазбаламады. Махаббат деген албырт сезiм ақыл қонбас шаққа жеткiзген. Сөздiң бiрiн ұғып, бiрiн ұқпады. «Оң жұлдызды адамдардың бағы жанады. Ендеше не бас қатыратыны бар бұған» деп қолын бiр сiлтеген де қойған.

***

Балалықтың есiгiн жауып, Әмәк-Әбiлмәлiк, Мути-Мұратбек, Тото-Тарағай болып жастықтың шамын жаққан. Бала кездерi зулаған машинадай болып жандарынан өте шығыпты.

Мұратбек әлi бойдақ. Әбiлмәлiк Гүлжанға, бұл Айшаға үйленген. Өмiр, тiршiлiк, түсiнiсу, түсiнбеушiлiк, жұлдыздар әлемiнiң ғылымы Тарағайды Құдайға жақындата түскен. Айшаның бойына нәресте бiткелi көк торғын әлемге оранып алып, қайғы-мұңды жанына жолатқысы келмей, алысқа алып қашатын. Болашақ баласының жұлдыз-жорамалынан жаңылыспай, құбылыс, өзгерiстерге дер кезiнде баға берiп отыруды өзiне iштей серт еткен. Тағдырдағы қараңғылықты болдырмай, пешененiң жолдарына шам жағып қойғысы келетiн.

–        Балам шыр етiп өмiрге келiсiмен қоңырау шалыңызшы, – деп өтiнген перзентхана қызметкерiнен. Қоңырау шалынды. Ұл! Салмағы да, бойы да өз ойындағыдай. Тарағай есепке тым жүйрiк. Жұлдыздар ығымен ойласа, баланың әкесi  өзi емес. Табиғатында бiр нәрсенi екiншi рет есептеу деген атымен жоқ едi. Көңілi тұншыға тұрып қайта есептедi. Баланың әкесi өзi емес. Тарағай дәл бұлайша қорланып көрмеген. Бақытының жапырағы үсiгендей бүрiстi. Жаңа ғана уысында тұрған  қуаныш айрандай төгiлдi. Сыртта жаңбыр сiркiредi. Жаны жылап тұрып әйелiнiң сұлулығына сұқтанған еркектердi көз алдына келтiрдi.  Айшаның үйленген күннiң ертесi басқа қаладағы әпкесiне барып келгенiн есiне түсiрдi. Жүрегi суып кеттi. Жұлдыз-жорамалдың сақтандырғаны ойына оралды. Тәжiрибелi жұлдызшының айтқанында дән бар деп ойламай «ол жасы келгендiктен шатасып тұр» деп өзiнiң оң жұлдызына сенiп едi. Айша да тақ жылы, тақ айда, тақ күнi туған оң жұлдызды. Бүгiнгi өмiрге келген ұлы дәл түсте туды. Жұлдызына бақса ел билейдi, бағы оңай жанады! Тарағай ескi ағашты сiлкiлегiсi келмедi де, киiнiп, бала кездерiнде iздейтiн екi әлемнiң тоғысқан нүктесiне барып, сiңiп, жоқ болғысы келiп, үйден шығып кеткен. Айша сәбиi Абдуды құшақтап, Тарағаймен бiр жерде болмаса бiр жерде кездесiп қалармын деп күн кешкен. Тағдыр тiзгiнiн қатайып ұстаған.

***

Абдудың аты ерте шықты. Ол айтқан болжамдарды космостық есептеулермен салыстырғанда айырма таппайтын. Астрологтардың бiр үлкен кеңесiнде Тарағай да бұл жiгiттi көрдi. Бұрын  естiмептi. Космостық факторлардың ағза мен психикаға әсерi туралы лекциясы тым қызықты.  Жас «эксперттерге», астрология арқылы билiкте қызмет iстейтiндерге  кiдiлене қарайтын ол осы жолы Абдуды жанына сондай жақын тартты. Көп жылдан берi шаң қапқан кеудесi әне-мiне тазарардай өрекпiдi. Абду «Ең қолайлы күннiң» жұмбағын шешуге бас қатырып отырған астрологтарды айран-асыр етiп қас-қағым сәтте есебiн шығарып бердi. Жиналғандар да құптады. Тарағай ғана сырт қалып, бiраздан соң басқаша пiкiр айтты. Жұрт ойланып қалды. Жас жiгiт «Сiз өз есептеулерiңiзде сол күнгi ауа райы мен жел күшiн  есепке алмадыңыз» дегенде, Тарағай селк ете түстi. Ойы өткенге оралды. Перзентханадан соғылған қоңыраудың өзiне жеткен уақытын есепке алмапты ғой. Тарағай бәрiн ұмытып, сол бiр кездiң есебiн қайта шығарған. Бәрi дұрыс. Ұл өзiнiкi екен! Титтей қате ұзақ жылдарға алыстатыпты! Қазынасын қайта тапқан адамдай қуанды. Жұрт алдында жарқылдап тұрған жас жiгiттiң өз ұлы екенiн жорамалдап үлгерген жұлдызшының жүрегi кеудесiне сыймай атқақтады.

Ұшан-теңiз бiлiммен тағдырды таңдай алмайтынына осы жолы шынымен сендi.

363 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы