• Айтарым бар...
  • 19 Ақпан, 2015

Мемлекеттік рәміздерді сыйламау – мемлекетті сыйламау

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 317-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын, елтаңбасын және мемлекеттік әнұранын қорлау—200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады»--деп тайға таңба басқандай жазылып қойылған. Бірақ, іс жүзінде біздің елде ешкім бұны орындамайды. «Тырнақ астынан кір іздеу» деп ойлап қамаңыздар, сөзім дәйекті болу үшін мысал келтірейін. 
2014 жылдың 15 қараша күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ стадионында зіл темір көтеруден әлемдік додада Илья Ильин бірінші орын алып түғырға көтерілді, Қазақстан Республикасының әнұраны ойналып жатқанда,  біздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зыр жүгіріп,ұялы телефонын қайта-қайта Ильяға тықпалағаны тіпті ұят болды. Кез келген елдің әнұраны ойналғанда, кім болсаң ол бол, оң қолыңды жүрегіңе қойып, қатып қалу керек екенін Арыстанбек мырзаның  білмеуі немесе жоғары жаққа жағымпаздануы шектен шықты. Ғаламторда ол туралы у-шу пікірталастар талқыланып жатыр.
2013 жылдың қараша айының 18 күні кешке Астанадағы «Rixos» қонақ үйінде Оман Сұлтанаты тәуелсіздігін алғанына 43 жыл толғанына орай, соның құрметіне арналған қабылдау болып өтті. Қазақстандағы дипломатиялық корпустың не бір майталман елшілері, халықаралық ұйымдар басшылары мен өзге де шетелдік қонақтар жиналды. Салтанатты шарада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тарапынан шақырылған, ресми лауазымы жағынан үлкен СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Сүлеймен Үсен бұрынғы совхоз директорлары сияқты қолына қоңыр папкісін қолтығына қыса ортаға шықты. 
Ресми сөзден соң, Оман Сұлтанатының елшісі Абдулла Аль-Сүлеймани елінің әнұраны шырқалғанда, оң қолын кеудесіне қойып, шын тебіреніспен, аузын күбірлетіп айтып тұрды. Біздің елдің әнұраны ойналғанда, саған өтірік, маған шын Сүлеймен Үсен қоңыр папкісін оң қолтығына қысқан қалпы сол қолын кеудесіне қойып қасқайып тұрды. Өне бойымыз ду етіп, бет-жүзіміз қызарып кетті. Дүние жүзіндегі 7 миллард адамның жүрегі сол жағында болса, Сүлеймен мырзаның жүрегі оң жағында екен. Астафуралла «естімеген елде көп» – деген осы екен. Жүрегінің «мекен-жайын» қай жағында екенін білмейтін адамды лауазым бергеніне таңым бар.
    Кейін сөз берілгенде барып білдік, әлгі қоңыр папкінің ішінен бір жапырақ қағазды алып ағылшын тілінде оқып берді. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшінің сиқы осы болса, қалған қазақ дипломаттардан не үміт, не қайыр? Дипломат бүтін бір елдің бет-бейнесі екені айтпаса да түсінікті.Мемлекеттік рәміздерімізді қорлау көп жылдардан бері тыйылмай келеді. 2012 жылы  ақпан айында Қостанай қаласында шаңғы фестивалінің ашылу  салтанатында  әнұранымыздың орнына шетелдік әнші Рикки Мартиннің«Livin La Vida Loca» деген өлеңін қойғаны күллі әлемге тарап кетті.
Сол жылдың наурыз айының 22 жұлдызында Кувейтте халықаралық жарыс-та нысана көздеуден еліміздің абыройын асқақтатқан жеңімпаз Мария Дмитриенконы  марапаттау кезінде  мемлекеттік әнұранның орнына сайқымазақ Саша Коэннің атышулы «Борат» фильміндегі ағылшын тіліндегі әуен қойылған. Өкінішке қарай, жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз еш саспастан, кеудесіне қолын қойып, сол әнге соңына дейін ұйып тұра беріпті. 
Егер ол әнұранның  сөзі мен әнін білетін болса, «Ойбай, мынау менің елімнің әнұраны емес қой» деп жанындағыларға емеурін танытатын еді-ау. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, Марияға  шайтанның әнін қойсаң да бәрібір секілді, оның қуанышты жүзінен бұл әуенді жатырқаған бір белгі байқалмады. Тым құрығанда, жансақ әуенді ести салысымен, Қазақстан спорт делегациясы өкілдерінің біреуі шығып, дереу тоқтатуға әрекет етпегеніне еріксіз қарнымыз ашты. Ең сорақысы сол, дүниежүзі тыңдаған әнде «Қазақстан – жезөкшелер мекені мен әлемдегі басты көң өндіруші ел»  деген жолдар бар екен. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Анвар Юнусметов «Олар кешірім сұрап, келесі күні қайтадан үш туды көтеріп, нағыз әнұранымызды бәрі тұрып тыңдады» деді. Әрине, кешірім сұрап, құтыла салу оңай. Егер де біздің орнымызда басқа мемлекет болсыншы, мемлекеттік рәмізін қорлап, елді масқаралағаны үшін кешірімнен бөлек басқа да шаралар қарастыруы мүмкін еді. Ал біз «болары болып, бояуы сіңгеннен» кейін кешірім сұратқанға мәз боламыз.
2010 жылдың 4 маусым күні Астана қаласының Әлия Молдағұлова мен Республика даңғылы қиылысында орналасқан Кеден басқармасының ғимараттының үстінде желбіреп тұрған көк байрағымыздың жартысы жоқ екенін көзім шалып қалды. Ішіне кіріп үш мәрте ескерту жасадым. Құлақ аспаған соң, бүкіл БАҚ-на хабарладым. Телеарна басшылары қаржы бөліп әлгі жыртылған көк туды өзгерткені есімде. 
Сол жылы Талдықорған қаласындағы облыстық әкімшіліктің жанында көк туымыздан студенттер күл-қоқыс жинайтын сүйретпе қап жасаса, Атырау қаласындағы облыстық көлік прокуратурасының жанында да осындай сорақылық орын алды. Елдігіміздің символы, азаттығымыздың айбыны болып табылатын көк туымыздың Солтүстік Қазақстан облысында жартысы жоқ жыртулы тұрғанын КТК телеарнасынан көріп отырып, бейшаралығымызға қатты намысым келді. Иә, көк байрағымызда қазақ халқының сан ғасырлар қойнауынан бізге жеткен тарихы, арман-тілегі, мақсат-мұраты тұр. Сол тудың асқақтап желбіреуіне, егемендігімізді паш етуге қаншама қан төгілгенін білсеңші, шіркін-ай. Көк туымыз біздің мемлекетіміздің ең қысқа жазылған Ата заңы десе де болады. Оны өз биігінде ұстап, қорғауға күш салуға тиіспіз.
Ел атынан байрақты бәсекелерде жүлделі орын алып, алқа тағынған спортшыларымыз әнұранның сөзін неге білмейді? Бұл шаруамен тікелей айналысатын дене шынықтыру және спорт агентігі қызметкерлері,  ай сайын қыруар жалақы алып бала-шағасын бағып жүргендер ай қарап жүр ме екен? Борат фильміндегі сайқымазақ ән орындалуы осының айғағы. Әнұранымызды мазақтап болып, енді көк байрағымызды талақ еткеніміз немқұрайлылық па, әлде сауатсыздығымыз ба? Көк бөрінің ұрпағымыз деп жарты әлемге жар салып мақтанып отырған елдігіміз осы ма? 
Ен даланы  еркін кезген бабаларымыз тудың құлағаны—халықтың қорланғаны деп білген. Егемендігіміз баянды  болар жолда осындай арсыздыққа жол берсек, ертеңгі күніміз не болмақ? Алайда есті сөзді құлағына іліп жатқан спортшылар мен шенеуніктер әзірге байқалмайды. Қазақ елінің атын жамылып шығып отырғандықтан, келеңсіз жағдайлар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі  беделіне  нұқсан келтіретіні сөзсіз.
Жұмамұрат  Шәмші,
тарих  ғылымдарының  кандидаты

432 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы