• Руханият
  • 06 Қыркүйек, 2012

«СӘЛЕМДЕ КӨКШЕТАУДЫҢ БИІГІНЕ...» (Сәкеннің туған елмен қоштасқан соңғы өлеңі)

Сағат АРЫНҰЛЫ

1919 жылдың қоңыр күзінде Колчактың қуғынынан бойтасалауға мәжбүр болған Сәкен тез арада Ақмоладан кетіп, Кеңес өкіметі орныққан Түркістанға жетуге асықты. Елсіз, сусыз безерген Бетпақдаланы кезу машақаты көп, әрі қауіпті болатын. Міне, осындай қиын-қыстау шақта оған жаны ашитын, сыр шашпайтын адал адамдар қажет болды. Олар Сәкеннің Түркістанға қандай мақсатпен бара жатқанына түсіністікпен қарай алатын, көзі ашық азаматтар болуы тиіс еді.

Сәкен атақты тарихи мемуарлық романы «Тар жол, тайғақ кешуде» былай деп жазған-ды:

«Тағы да айтайын: менің бұл келіп араласқан елім – Тарақты деген ел. Бұл өзі Ақмола оязына қараған ел. Тарақты деген ел Арғын болады. Менің өз елімде Арғын, - Арғынның  Қарпық  деген, одан бері Тоқа деген және одан бері Енең деген бұтақшасы болады... Бұл елдердің түбі де бір, жерлері де бір. Үнемі араласып отыратын жақын ағайын елдер».

Сондықтан Сәкен Тарақтыларды туыс санап, әдейі сағалап барған. Екі болыс Тарақтының тең жартысына жуығы шаруа жағдайымен Арқаны жайлап, Шу өзенінің бойын қыстайтындар. Осы себепті ол Бетпақтың шөлі арқылы Шуға көшіп бара жатқан Тарақтыларға ілесті. Шұға жетсе Әулиеата иек астында, одан әрі Түркістан да қашық емес. Сәкенді бұрыннан сырттай білетін Тарақтының басшы адамының бірі Мәдібек Кеншімұлы және Сейфуллинмен бірнеше жыл бірге оқыған, әрі оның Нүфтия дейтін шөбере қарындасына үйленген Ақберген Байбатыр баласы құшақ жая қарсы алып,  төңкерісшіл Балшайбектің қауіпсіз болуын қамтамасыз ете білді.

Сәкенді ерткен олар жолай қазақтың жоңғар басқыншылығына қарсы Ұлы Отан соғысының қаһармандарының бірі, атақты сардар Байқозының немересі Сейдуәлидің аулына тап болады. Бұл ауыл Арқаның Қойтас дейтін тауында күзекте екен, Шуға көшпейді. Сәкендер Бетпақдаланы көктей жол шегер алдында осында біраз ат шалдырып, аялдайды. Бұған себеп болған тағы бір жағдай бар. Ол туралы кейінірек баяндаймыз...

Бұдан әрі Сәкен мемуарында былай деп жазыпты:

– Аттанып бара жатқанымызда Сейдуәли тағы да Мәдібектен мені сұрады.

– Осы, мына баланы кім дедің?... Қайда барады? – деді.

Мәдібек:

– Тоқа бала... Біздің маңайда бір апасы бар еді, соған барады, – деді.

Мәдібек айтқан, Сәкеннің сол апасы менің шешем Бибі-Айша Аймағанбетқызы болатын.

Бұл жерде сәл шегініс жасауға тура келеді. Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған, елі үшін еңіреп туған ер, қайтпас қайсар күрескер Сәкеннің есімімен біз сонау бала кезімізде, әлі мектеп есігін ашпағанда таныс болдық. Кейін ес біліп, есейген шағымызда зерделесек, бұл 1936 жыл екен.

Әкем марқұм, Айболатұлы Арын бірде үйге «Социалды Қазақстан» деп аталған  газетті әкеліп, ертеңгі шәй үстінде анам Айша-Бибіге көрсеткені бар. Әншейінде өзін өте  сұсты, суық ұстайтын әкемнің қуанышында шек жоқ сияқты. Бала болсақ та әке қабағын  бағып үйренгенбіз.

Шешем сауаты болмаса да көкірегі сара адам еді. Әлгі газетті айналдырып, әрі-бері  қарады да газеттің бірінші бетіндегі үлкен суретке үңіле қарап: «Құдай-ау, мынау мұртты  сымбатты адам біздің Сәкеннен аумайды ғой. Ой, Аллай, дәл соның өзі емес пе, отағасы»  деп әкеме таңдана көз тастады.

– Айтқаның дұрыс, ініңді көп жыл өтсе де әлі ұмытпаған екенсің. Бұл  Сейполланның Сәкені. Мынау газетке оны мақтап жазыпты. Ақындығына 20 жыл толды дейді. Халыққа сіңірген енбегі жоғары бағаланып, Мәскеудегі өкімет бастығы Калинин  ақсақал омырауына орден тағыпты. Сәкеннің соңғы рет біздің үйде қашан келгені есіңде  ме? – деді әкем шешеме ойлана қарап. Содан соң сөзін жалғастырды.

– Ол уақытта қызыл мен ақ жан алып, жан беріп соғысып жатқан-ды. Сәкен  балшайбектердің жаулары – ақтардан жылыстап Әулиеатаға бара жатты. Біздің үйге сол  жолы келді. Қасында Ақберген, Мәдібек, қобызшы Ашай және біздің Сұлу Сыздық  болды. Әкесі Сейполла ақсақал да бар еді. Ол баласын шығарып салмақшы екен. Айша-Бибі-ау, сонда төркіндеріңмен, әсіресе Сәкенмен қайта-қайта көрісіп сағыныштан егіле  жылағаның жиналғандардың сайсүйегін сырқыратты ғой. Сейполла ақсақал да қатты  қамыққан болатын. Сәкен кейін Ақмолаға қайтып бара жатқанда да арнайы соғып,  амандасып кетті. Санап отырсам, содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Бәйбіше қайның  Шыңғысбайға айт, Мұқаштың отарынан бір бағыланды әкеп сойсын, Сәкеннің орден  алғанын өзімізше ауыл-аймақ болып біз де тойлайық, – деді де әкем атқа мінді. Ол «Жаңа  тілеу» колхозының бастығы болатын.

Үйде оңаша қалғанда анам газеттегі суретті бізге тағы көрсетіп: «Бұл Сәкен,  сендердің нағашыларың, маған іні болады. Естеріңде сақтаңдар» – деп бетімізден сүйіп,  әлгі суреті бар газетті төрге іліп қойды.

Інім екеуміз әкем мен шешемнің неге сонша қуанғанын түсіне алмасақ та Сәкеннің  бізге ет жақын туыс болатынын, оның жақсы адам екенін ұққандай болдық. Ертеңіне  өзіміз қатарлы балаларды үйге ертіп келіп, Сәкен ағаның суретін қайта-қайта көрсетіп,  мақтанып бақтық.

Шығармашылық еңбегіне 20 жыл толып, қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет  Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, автомашина мінген Сәкеннің бұл қуанышы  ұзаққа бармапты. Тоталитаризмнің қара дауылы ышқына соға түскен. Отыз екінің  ашаршылығынан есін енді жинай бастаған қайран ел қайғы-қасіретке тағы да душар  болды. 1937 жылдың қанды сойқаны – «халық  жауларын» әшкерлеу топалаңы басталды. Бұрын-соңды болмаған осы зұлымдық қазақ біткеннің қабырғасын қақыратып, бас  көтертпестей етті. Бұл жауыздықтың диірменіне су құйғандар, ең алдымен, қазақтың  өзінен шыққан сатқындар еді. Соның салдарынан талайдың зәреқұтын қашырған «қара  машина» 1937 жылдың  25-қыркүйегінде  Сәкеннің есігінің алдына барып тоқтапты...

Қасіреті зілбатпан нәубет менің әкем Арын Айболатұлының басына да түсті. Ол  әкесінің Құдай жолын ұстанып, дін Исламды насихаттағаны, молда болғаны үшін  қуғындалды. Сенімсіз деп саналып, колхоз бастығынан алынды. Басқа мыңдаған  замандастары сияқты шын көңілден сенген,  халық қамын жейді, әділдік орнатады деген  партияның озбырлығына тап болды. Әуелде қылмыстық істер кодексінің 58-бабымен  айыптау ұйғарылыпты. Әйтеуір, Жаратқан ие жар болып, одан аман қалған көрінеді. Басына айықпас қауіп төніп, еліне сіңірген еңбегі мүлде ескерілмеді.

Осы зобалаң жылдың жазында ешбір кінәсіз қажыған әкем жанына аздап тыныс  бергісі келді ме, Қаратаудың сілемі Көсегеннің көк жонына жайлауға шықты. Ол «колхоз  малына бас-көз боламын» дегенді желеу еткен тәрізді. Біздің үй бастаған 3-4 малшының  отбасы Жонның бір құйқалы жеріне көшіп барды. Шіркін, сол кезде бұл өңірдің қаймағы  бұзылмаған шағы ғой. Белуардан келген шалғыны қандай, тасты жарып ағатын қасқа  бұлақтарының суы балдай. Тау арасы сыңсыған ну тоғай, қойнауы толған саналуан  жеміс-жидек. Таза саф ауасы Сарыарқаны еске түсіргендей. Әкем туған жерін сағынған  соң осында, НКВД-ның салпаң құлақтарынан аулақта қабырғасымен кеңесіп, мауқын  басуға  әдейі  келген  шығар. Бұдан  кейін де мұнда талай рет жайлауға бардық.

Ал Сәкен нағашымның қайғылы қазасы туралы «ұзын құлақтан» 1938 жылдың  қыркүйегінде естідік. Мен сол жылы 1-сыныпқа оқуға барған едім. Шамасы, айдың аяқ  кезі. Түстен кейін мектептен келсем, анам жылап отыр екен. Үй оңаша. Мен есік алдында  абдырап, не істерімді білмей тұрып қалдым. Шешем орнынан әрен қозғалып, дереу есікті  жапты да мені бауырына қысып егіліп жылай берді. «Арманда кеткен бауырым-ай!» деп уһлеп, үнін әрең шығарады. Не болғанын ұқпасам да, бір жамандықты сезгендеймін. Мен  де жылай бастадым. Сырттан есіктің сықыры естілді. Біреу келе жатқан сияқты. Мұны  байқаған анам мені қоя берді де дереу көз жасын сүртіп, ұршығына жармасты. Келген  апамның абысын-келіні Сәркей жеңешем екен. Ол бір жайсыздықты аңғарып шешеме  жаутаңдай қарады. Менің жылағанымды байқаған жеңгем сәл күлімсірей маған тіл  қатты: «Кекілдім, бері келші, саған кім тиді. Жігіт адам бүйте ме екен» деп бетімнен сүйді. Сөзге  анам араласты. «Әлгі Махмұттың тентегі қарындашын тартып алыпты, Сағатжан соған  жылап отыр. Сенің келгенің жақсы болды. Басынан құс ұшырмай тым еркелетіп  жібергенсіңдер-ау, енді өзің жұбатшы» деді. Сәркей мені қолымнан ұстап, «жүре ғой,  кәмпит беремін» деп ертіп кетті.

Апамның неге сонша жылағанының мәнісін сыр-мінез Сәркей жеңешеме неге  айтпағанын түсінбедім. Бұл құпияның сырын кешке білдім. Басым жастыққа тиісімен  ұйықтап кетсем керек. Әлдебір сыбыр-күбірден оянып кеттім. Ондық керосин шамы әлі  жанып тұр. Көрпені ашып, сығалап қарасам, әкем келіпті. Шешем дастарқан шетінде  бүрісіп әлі жылап отыр. Оларға оянғанымды білдірмей, құлақ түрдім. Әкем аузындағы  насыбайын алып тастады да, бұрынғыдан анығырақ сөйлей бастады. Ол: «Ауданға, Ерубайға барып қайттым, біз естіген жаман хабар рас болып шықты» деді. Анам: «Арманда кеткен, Сәкен бауырым-ай!» – деп енді үнін шығарып жылауды үдете түсті.  Әкем есікке жалтақ-жалтақ қарайды. Содан соң сыртқа шығып қақырып, түкірді. Аздан  кейін орнына қайта оралып, анамды жұбата бастады.

Менің көз алдымда бұдан екі жылдай бұрын «Социалды Қазақстан» газетінен суретін көрген Сәкен нағашымның бейнесі елестеді. Ол сондай сымбатты сұлу, адамның  сұлтаны еді. Енді сол жақсы ағаны өліпті дегенге қалай сенерсің. Бірақ, сенбеске амал  жоқ. Бұл суық сөзді туған анамнан естідім. Мүмкін, қатты науқастанған шығар. Білетінім,  адам ауырып қайтыс болады. Өйткені, аға-інілерім қызылша дертінен өлген-ді. Әншейінде  қазаға ұшырағанды ол жас немесе жасамыс болсын тез ауыл-аймаққа хабарлайтын. Ал, бүкіл  ел-жұртқа есімі мәлім Сәкеннің о дүниеге аттанғанын әке-шешемнің жасырғаны  қалай? Бұған менің ақылым жетпейді. Осылайша өзіме белгісіз жұмбаққа бас қатырып  жатып қайтадан ұйықтап кетіппін.

Ертеңіне мектепке барар алдында анам былай деді: «Сағатжан, сен есті  баласың, қалқам. Кеше түнде бірдеңе естісең, ешкімге айтпа. Сәкен нағашыңа не болғаны  туралы тірі жанға тіс жарма. Әлгінде әкең осыны саған айт деп маған тапсырып кетті.  Ақылың бар ғой». Әрине, уәдемді бердім. Естіген жаманатты ұмытуға тырыстым. Сонда да көкейге келген бір сұрақты айтпай тұра алмадым: «Апа, енді ол жақсы аға менің  нағашым емес пе?» Анамның екі көзі боталап, үнсіз жылап жіберді. «Қарағым, енді ол  ағаңды біржола ұмыт. Ол алыс сапарға кеткен, оралмайды» деді даусы дірілдеп. Бұл  қалай? Осы сұрақ мектепте жеткенше ойымнан шықпай қойды.

Кейін білдім, әкемнің сол түні шешеме құпиялап айтқан Ерубайы өзінің бажасы, Сарысу аудандық кеңес атқару комитеті  төрағасының орынбасары Жылқыбайұлы екен. От жүректі, талантты ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «халық жауы» деген жаламен қайғылы қазаға ұшырағанын сол кісіден біліп қайтқан. Ал, осы ақиқатты әке-шешем өздерінің ет жақын туыстарына да айта алмапты. Жабулы қазан жабуымен қалған.  НКВД-ның тыңшыларынан қорыққан.

Тағы бір есте қалғаны келесі күні кеште  «аяғы  сынып, мал  болмайтын» бір қойдың  пышаққа ілінгені. Үлкен қазанға оның еті түгел асылып, піскен соң туыстарға түгел  таратылып берілді. Тамақты бұл жолы әдеттегідей бәрі бірге отырып жемеді. Тиесілі   сыбағасын әр отбасы өз үйіне алып кетті. Бата да берілмеді, бет те сипалмады. Тек менің  байқағаным, өзімізге қалған ет табаққа салынып алдына әкелгенде әкем бізге таныс емес,  әлдебір сөздерді құлаққа жат бір мақаммен соншалықты ықыласпен айтып, кей жерлерін екі-үш рет қайталап барып бет сипады. Бұл дұғаның Сәкенге арналғанын біз айтылмаса да  ұққандай болдық.

Сәкеннің ақталғанын естігенде елімізде қуанбаған адам қалмады десем, артық айтқандық болмас деймін. Қуанышты хабар ең алдымен қазақ радиосы арқылы белгілі диктор Байжанбаевтың аузымен айтылғаны әлі есімде. Мен ол кезде Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жауапты хатшы болып істейтін едім. Дереу курьерді қалалық поштадағы бізге қазақ телеграф агенттігінің жаңалықтарын жеткізетін телетайпқа жүгірттім. Көп ұзамай ресми хабар газеттің редакторы Ғайса Сармурзинның қолына берілді. Ғайсекең редакция қызметкерлерін кабинетіне шұғыл жинап, көзіне жас ала отырып, Сәкен Сейфуллиннің, қазақтың маңдайына біткен өршіл рухты дауылпаз ақынның әділетсіздіктің бұғауынан құтылып, қазақ халқының ыстық құшағына қайта оралғанымен бәрімізді шын жүректен құттықтады.

Содан соң Ғайсекең даусын кенеп алып, бізге таныс емес бір өлеңді үлкен тебіреніспен айта жөнелді.

– Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудың саясында,

Әрқайсы алтын  кесе аясында.

Ауасы дертке дауа, жұпар исі,

Көкірек қанша  жұтса, тоясың ба?

Ырғалған көкке бойлап қарағайы,

Қасында көк желекті әппақ қайың.

Жібектей желмен желпіп төңіректі,

Балқытып мас қылады иіс майы...

Мынау өлеңнен кейін  біздің көз алдымызда жер  шоқтығы  атанған Көкшетаудың тамаша көркем бейнесі шайы шымылдықтай сан құбылып  көлбеңдеп тұрып алды. Кәусар бұлақтың суының әншейін дәмін татып, мейір қанғанша іше алмағандай күй кешіп, тамсана  бердік. Мұны сезген Ғайсекең әжімді жүзі жадырап былай деді:

– Бұл Сәкеннің «Көкшетау» поэмасынан үзінді. Білемін, бәріңде ақынжандысыңдар. Амал қанша, есімде қалғаны осы. Амандық болса енді ақынның кітаптары көптеп шығады, поэманы сонда толық оқисыңдар.

Сол күні үлкен-кішіміз бар, бәріміз де естен кетпестей шаттыққа бөлендік. Сәкен есімі жүрегіміздің төрінен орын алып мерейіміз арта түсті. Санамызға ғайыптан бір нұр құйылып, төбеміз жетіқат  көкке жеткендей болды.

ҚазТАГ-тың әлгі ресми хабары газеттің кезекті санының бірінші бетіне көрнекті етіп жарияланды. Бірақ, өкініштісі сол, қанша тырбансақ та Сәкеннің суретін немесе бір өлеңін тауып әлгі сүйінші хабармен бірге бере алмадық.

Мен түскі үзіліске келгенде үйге кіре бере шешемді қапсыра құшақтап «Сәкен нағашым ақталды!» деп бар даусыммен айқай салдым. Анам алғашқыда не айтқанымды жөнді аңғармай, аңырып, бір сәт үнсіз қалды. Апа, Сәкен аға «халық жауы» деген жексұрын жаладан біржола құтылды. Сізден сүйінші сұрап тұрмын деп тағы қайталадым. Анам ұйқыдан оянғандай мені бассалып құшақтап, аңырап қоя берді. Көп ұзамай көршілер жиналды. Олар да әуелде шешемнің неге сонша дауыстап жылап отырғанын түсінбей үрпиісіп қалды. Қуаныш жасы жұбайым Қанай екеуміздің де бетімізді жуды. Көршілерге не болғанын түсіндірдім. Олардың көздеріне де мөлдіреп жас келді. Бәріміз жабылып жатып анамды әрең дегенде жұбатқандай болдық-ау. Анам біраз шерін тарқатқан соң, өксігін басып, тілге келді.

Ол: «Құдайдың мұнысына мың шүкірлік. Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды ғой. Тәуба!» деді де Сәкенге арнап құран оқи бастады. Шешем тоғыз жасынан бастап намазға жығылған тақуа адам еді. Жиналғандар да шын ықыласпен «тие берсін» деп бет сипап, жақсы тілек айтты.

Ертеңіне, жұмада қой сойылып құдайы берілді. Бұған көршілермен бірге ағайын-туыстар, жора-жолдастар түгел келді. Мешіттің иманын арнайы барып, шақырып келдім. Ол Бұқар мақамымен құран оқып, терең толғап бата берді.

Осы жиында анам Бибі-Айша қазақтың ардагер ұлы Сәкен жайлы алғашқы рет тебірене сыр шертті. Бәріміз қыбыр етпей, зейін қоя тындадық.

– Қарақтарым, ақ түйенің қарны жарылған бүгінгі қуанышты күнде сендерге Сәкен туралы қысқаша айтып берейін,  – деп анам көз жасын тағы бір сығып алып, баяу үнмен сөйледі.

– Кейінгі жастар Сәкеннің кім болғанынан мүлде хабарсыз өсті. Бұған қағынған кеңес заманы, соның қаңқұйлы басшылары кінәлі. Солардың беттеріне лағынаттың қара күйесі жағылған соң ғана ақиқат айтыла бастады.

Сәкен маңдайы жарқырап туған, елім деген, жерім деген қазақтың марқасқа ұлдарының бірі емес, бірегейі болатын. Сәкен топжарған ақын ғана емес, туған халқы үшін шыбындай жанын пида еткен хас батыр. Сәкен адам біткеннің асқан сұлуы, жігіттің нағыз төресі. Сәкен отызға жасы жетпесе де қазақ елін басқарған көсемі атанды. Жазмыштан озмыш жоқ деп бабаларымыз текке айтпаған, ол қырықтан енді асқанда, болып-толып тұрған шағында ешбір жазықсыз қандыбалақ жауыздардың қатыгездігінен қазаға ұшырады. Алға қойған асқар таудай мақсатына жете алмай арманда кетті ғой, қайран Сәкен!

Бұдан соң анам аздап тыныстап алып, жанын жегідей жеген қасіретті әңгімені одан әрі жалғастырды:

– Сәкеннің Шуға көшіп бара жатқан Тарақтылармен Әулиеатаға жол тартқанын бізге ағайынымыз Сұлу Сыздық хабарлады. Біздің ауыл Шолақ тораңғыда еру отырған. Алдын ала дайындық жасап, күтіп алдық. Ертеңіне қасында әкесі Сейполла ағамыз және ел жақсылары Мәдібек, Ақберген, қобызшы Ашай бар Сәкен біздің үйге келді. Көптен көрмеген бауырыммен көрісіп, төркінімді сағынған мауқымды бастым. Байқаймын, Сәкен де қамыққандай болды. Шай үстінде оған бажайлап қарасам, жүдеу көрінді. Ақмолада абақтыға қамалғанын естігенмін. Жігіт сұлтаны атанған бауырымның киімі де онша емес. Шамасы, көзге түспейін дегені  шығар деп ойладым.

Семіз құлынның еті желініп болған соң қызу әңгіме басталып кетті. Жарасымды әзіл-қалжың күлкіге ұласты. Манағыдай тұнжыр емес, Сәкен де көңілді отырды. Ашай қобызын ала келген екен, жан-жүйені тебірентетін Ықылас күйлерін тартып, көпшілікті разы етті. Сәкеннің өзі де домбыра шертті, әуелгі қоңыр мұң лезде жүрек қылын шерткендей ойнақы әуенге ауысып, Арқаның рақатқа бөлейтін самалынша желпиді. Бір кезде керегеге мал сүйкенгендей сықырлап қоя берді. Бұл не деп сыртқа шықсам, ауылдың қыз-келіншегі жапырлап жабықтан сығалауға таласып  жатыр екен. Біле қойдым, бәрінің көргісі келіп, емешесі үзіліп жүргені Сәкен. Олар мені байқап, тымтырақай қаша жөнелді. Содан бұл көңілді бас қосу түн ортасы ауғанша созылды.

Сәкендер біздікінде тағы бірер күн қонақтады. Соны пайдаланып, басына Ашай берген қызыл түлкіден пәйімен тыстап тымақ және ішіне түйенің жүнін салып сырған жылы кеудеше тігіп бердім. Аяғына жездесі, біздің үйдің отағасы Арекеңнің (ол кісі Сораң болысының старшыны болатын) жаңа саптама етігін кигіздім. Өйткені, Бетпақта күн суытып, қыс жақындап қалған-ды. Содан Сәкен көп ұзамай Әулиеатаға жүріп кетті. Қасына атқосшы болып, өзіміздің  Тоқтауыл атаның ұрпағы Сапақтың Сүйіндігі ілесті.

Кейін Сәкен Ақмолаға қайтқанда бізге тағы соғып, аздан тынықты. Жүрер алдында Сүйіндікке қоржынын ашқызып, ішінен шашақты екі ақжібек орамалды алды. «Сізге Әулиеатадан әкелген базарлығым» деп біреуін маған өз қолымен берді. «Ал мынаны Жамалекеме апарамын» деп ақсия күліп қойды. Еркелете айтып отырғаны сүйікті анасы Жамал еді. Қайта-қайта қош айтысып, төркініме сағыныштың дұғай-дұғай сәлемін жолдап қала бердім. Бұдан соң Сәкенмен кездесуге тағдыр жазбады. Амал қанша...?

Сәкен ақталғаннан кейін қазақ радиосы ол туралы мазмұнды әрі танымдық хабарларды үзбей беріп тұратын. Апам соларды ылғи  тыңдап, одан өзіне бір жақсы әсер алатын еді.

Сондай бір кезекті хабарды тыңдап отырдық. Апам естісін деп радиоқабылдағыштың  құлағын әдейі көтеріп қойғанмын. Кешкі шай үсті. Радио сампылдап сөйлеп, бұл жолы ақиық ақынның сазгерлігі жайлы егжей-тегжейлі баяндады Республиканың танымал әртістері Сәкен әндерін шырқауда. Әсіресе, «Тау ішінде» деген әнді  жез таңдай әнші Жүсіпбек Елебеков әбден нәшіне келтіре орындады. Манадан бері үнсіз  отырған апам мына әнге ерекше елеңдеп, құлағын төсей бар ықыласымен тыңдады. Ән аяқталғанда «неге тез бітіп қалды» дегендей мазасыздық танытты. Шайы ішілмей қалды. Бейжай болып біраз үнсіз отырды. Шешемнің мына мінезі бізге тосын көрінді.

– Апа, шайыңыз суып қалды ғой, – деп келіні Қанай оған жалтақтай қарап, кесесіне жаңалап шай құйып берді. Бірақ апам әлгі қалпын өзгертпеді. Ойы басқа жақта сияқты. Бұл қалай?

Біздің алаңдап отырғанымызды байқаған ол түсін жылытып, шайына қол созды.

– Әлгі әннің өткендегі бір жәйтті еске түсіргені. Соған көңілім ауып кетсе керек, – деді ол.

Қазекеңнің «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейтіні ойға оралып, мән-жайды білгім келіп барады. Апам кілегей қатқан қызыл шайды ұзақ ішті. Әбден көңілі жайланған соң сөз бастады.

– Қайран Сәкен тірі жүрсе, биыл пайғамбар жасына келер еді. Қасыкөй зұлымдықтың құрбаны болды ғой. Сағатжан, нағашыңның «Тау ішінде» деген тамаша әнінің жай-жапсарын білгің келіп отыр ғой. Айтайын. Тыңдап ал, – деді.

Осы  жолы апам жарықтық айтып берген Сәкеннің «Тау ішінде» деген әнінің қашан, кімге арналғаны туралы хикая мынау. Бұл ардагер ақынның қуғында жүрсе де «Ойхой, жиырма бес!» дейтін нағыз жігіт шағы екен. Біз эссенің бас жағында Сәкеннің Бетпақ  шөлді басып, Тарақты елінің көшімен бірге Әулиеатаға сапарға шығар алдында  Сарыарқаның құйқалы өңірінің бірі – Қойтас тауында күзетте отырған атақты Байғозы  батырдың немересі Сейдуәлидің ауылында біраз күн қонақ болып, аялдағанын айтқан  едік. Осында Сейдуәлидің он алты жасар қолаң шашты сұлу қызы Сәнияға көркем  жігіттің көзі түсіп, ғашықтық оты лап ете түседі. Мұны Сәкеннің көзқарасынан бірден  байқап қалған сезімтал да ибалы қыз енді ол отырған үлкен отауға сырғақтап жоламай  қояды.

Бұрынғы қазақ салтында бойжетіп қалған қыздың басы бос болмайды. Ол біреудің  жесірі. Сондықтан төтеннен келіп сөз салу әбестік, оң жақтағы қызды сөзге қалдыруы  мүмкін. Қанша әдеп сақтағысы келсе де жастық желік шыдатар емес. Сәкен өзімен бірге  жүрген құрбысы, әрі күйеу баласы Ақберген арқылы қыздың жақын жеңгесін икемге  келтіріп, кешке, мал сауылып жатқан апақ-сапақта Сәниямен кездеседі.

Жігіттің сұлтаны Сәкеннің пысы басқан жас сұлу қанша ынтығып тұрса да  жасқаншақтап бетіне тура қарай алмайды. Алма беттері дуылдап, әдемі қара көздері  шошығандай кейіп танытады. Талай сұлуды құрықтаған Сәкен сыпайлық шегінен аспауға  тырысып бағады. Сонда да шыдамы таусылып, үркектеп тұрған қызды өзіне еппен  икемдеп, жәудіреген оң көзінен сүйіп алды. Еліктің лағындай ерке қыз әуелде сескеніп  қалса да кенет жай соққандай жігіт құшағына сылқ ете түсті. Не істегенін өзі де білмейді,  ілезде буын-буыны босап, жалын атқан сезім тұңғиығына күмп береді. Сол сәтте соңғы  демі үзіліп бара жатқандай бұрын-соңды болмаған әлсіздікті бастан кешкен сияқты.  Бірақ, жаны ауырмаған, рахат сезіміне бөлгенгендей күй кешеді. Бұл не тылсым?  Махаббат деген осы ма? Мұны пайымдауға мұршасы келер емес. Соны аңғарған Сәкен  Сәнияға: «Қалқам күт. Ертең түнде ай туған соң келемін», деп сыбыр етті де бұрылып  кетті. Анадай жерде басына шапан жамылып дегбірі қалмай күтіп тұрған жеңгесі қайын  сіңлісіне асығыс ұмтылды...

Сәкен мен Сәнияның арасындағы таңғы шықтай мөп-мөлдір сүйіспеншіліктің  ғұмыры қаншаға созылғанына біз бал ашпай-ақ қоялық. Шешемнің ол кезде отыздан  жаңа асқан кезі екен. Ол кісінің ән айтпақ түгіл, ән шығаратын да өнері бар еді. Сондықтан ғашықтықтың не екенін, оған арналып мәңгі шырқалатын әннің мән-мағынасын анам жақсы сезінген. Әңгіме кезінде жарықтықтың жүзі бал-бұл жанып, әдемі  қой көздері күлімдей разылық пейіл танытып отырды.

Сәкеннің жүрек түбінен жарып шыққан Сәния сұлуға арнаған махаббат жыры – «Тау  ішінде» әні өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ең алдымен Тарақты елі  жастарының шырқайтын ғашықтық гимніне айналды. Апам інісінің сол әнін жасы  ұлғайып тоқсаннан асса да ұмытпай, анда-санда ыңылдап айтып отыратын еді. Шешемізден үлгі алған біз де бұл әнді думанды жастығымыздың сән-салтанаты еттік.

Кәне, тағы бір еске түсіріп көрелікші:

– Мен келем тау ішінде түнделетіп,

Аймақты күңіретіп өлеңдетіп.

Астымда ақ боз атым сылаң қағып,

Жалтақтап құлақтарын өлеңдетіп.

Ақ боз ат менің тұлпарым,

Шалқыған көңіл сұңқарым.

Көкірек керіп жұттым мен,

Ауаның жазғы жұпарын.

Ә-әй, сүмбіл шаш ,

Тәтті сөзің,

Қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

Біздің негізгі айтпағымыз Сәкеннің түрмеде, ажал аузында жатқанда туған елімен  қоштасқан өлеңі еді ғой. Енді ат басын соған бұралық.

1959 жылы күзде біздің үйге Жаңарқадан менің үлкен нағашыларымның бірі  Әбдіғаппардың жұбайы нағашы жеңгем Әдікен қонаққа келді. Ол өте келбетті, Арқаның  жұрт таңғалатын нағыз мөлдір көздерінің бірі еді. Даусы құлаққа сондай жағымды, кербездігі өз алдында, тектілігін байқататын. Мінезі сондай сүйкімді. Тап бір тойға  баратындай үнемі таза киініп, таза жүретін. Отырыс-тұрысынан көргенділіктің,  ибалықтың лебі есіп тұратын. Сондай балажан болатын. Менің кішкене ұлдарым Ғалым  мен Ақанды өз баласындай еркелетті.

Апам екеуінің әңгімесі әсте толастамайтын. Бір жолы апам өзінің балалық және  жастық шағы өткен Жақсы Иманақ тауы туралы сұрады. Ол тауды 1953 жылы  нағашыларыма барғанда менде көргенмін. Онша биік емес, көлбеген жатаған тау екен.  Нағашы жеңгем сол туралы айтқанда мұнда Сәкеннің талай рет болғанын есіне алды.  Содан ойына кенет бірдене түскендей басын шалқайта көтеріп:

– Қыз-ау, – деп анама жалт қарап күліп қойды. Шешем  жетпістен асса да ол баяғы  әдетінше бұ кісінің есімін атамайтын.

– Сізге Сәкенмен түрмеде не қилы азапты басынан кешіп, Сібірдің бір меніреу  қиырында он бес жыл айдауда жүріп, Сталин опат болған соң оралған өзіміздің елдің бір  адамы жақында Атасуға келгенде, Сәкеннің туған елмен қоштасқан өлеңін айтып беріпті. Мұны естігенде Жаңарақада жыламаған адам қалмапты. Қайран ерім, тозақ отына  күйседе елін, жерін ұмытпай қасіретін өлеңге айналдырып, сәлем жолдапты. Соны жаттап  алып едім. Ие, былай:

– Сәлемде Көкшетаудың биігіне,

Бауырында ойнақ салған киігіне.

Ұсталып, «халық жауы» боп кетіп барам,

Қайтып кеп оралам ба үйіріме.

Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да,

Халқымды сатқаным жоқ, сатпаймын да.

Қамалып, «халық жауы» боп кетіп барам,

Білемін, бұл сапардан қайтпаймын да.

Жауым деп халқым мені ойламасын,

Сәкенін кейінгі ұрпақ есіне алсын.

Арманым сағым болып ұстатпады,

Шіркін-ай, мұны қайтіп ұмытарсың?...

Өлеңді айтқанда Әдікен жеңешем шыдай алмай, егіле жылап жіберді. Оған апам  қосылды. Менің де оңып тұрғаным шамалы. Дереу қағаз бен қаламға жармастым. Сәкен  нағашымның ет жүрегі елжіреп ел-жұртқа қапастан жолдаған қоштасу өлеңі осылайша  қағазға түсті.

Жарық дүниемен қоштасар алдындағы Сәкеннің соңғы шығармасы ретінде мен бұл  өлеңді қысқаша түсінік жазып, Жамбыл облыстық «Еңбек тауы» газетінде жарияладым. Бірақ, Сәкен туралы  сол кезде баспасөзде жазылып жатқан хабарлар нөмірінің арасында ол онша көзге  түспеген сияқты...

Тараз.

Наурыз, 2012 жыл.

Ескерту: Сәкеннің, сол кісінің жақын апасы Бибі-Айшаның және эссенің авторы Сағат

535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы