• Мәдениет
  • 09 Ақпан, 2015

Мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі

«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып – қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп былдырлау мүлде жат. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс.


Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт - санамыз бен дініміз де осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отан сүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз ешқашан қол қусырып отырған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл мәртебесін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ата – бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елбасымыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Ендігі мақсатымыз –ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі - өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің басты құралы, қуатты қаруы.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде шетқақпай болған тілімізге ілесе халқымыздың ұлттық рух, дәстүр – салтының ұмытыла бастауы өтірік емес. Ең жаманы еліміздің бүгіні-ертеңі жастарымыз ғана емес, егде адамдарымызда орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды шығарды. Әлемдегі ең бай да сұлу, әуезді де салтанатты тіліміздің қадір-қасиетін менсінбейтін халге түсті. «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз»- деген Шоқан Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай.
Елімізде ауызекі сөйлесу тілі болып әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік құруда. Өз отбасында ана тілінде сөйлейтін отбасылардың саны аз. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп болды. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Келешегінің кемелді болуы үшін қазақ тілін де үйренулері қажет. Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі еліміз тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдың ішінде батыл айтылып келеді. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік ұлт саясатында ұстанып отырған бағыттары арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайы алдыңғы орында тұр.
Тіліміздің мемлекеттік дәреже алуына байланысты қазіргі кезде практикалық жағына да, теориялық жағына да көптеген нәтижелерге жетіп жатырмыз. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Себебі, әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі. Ана тілінде таза сөйлеу, оған деген оң көзқарас ең зор адамдық, мәдениеттілік, тәрбиелілік болып саналады. Тіл мен қарым қатынас біріккенде ғана сыйластық, достық, адамгершілік пайда болады. Мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сонда мемлекеттік тіл – татулық тірегі болды деп айтамыз. Қазір тілдің тағдырын шешпесек, оның тізгінін қолымызды ұстасақ, еліміз мемлекет бола алмайды, ол ол ма, келешек ұрпақ – біздің балаларымыз, немерелеріміз тілді білмей қалады, мәңгүрттенеді. Содан барып мемлекетіміздің жағдайы мүшкіл халге ұшырайды. Ондай күн елімізде ешқашан болмасын деп тілейік ағайын.
Мемлекеттік тілімізді мейлінше кемелдендіруге, осы күні қаны жерге таңбай тұрған аса ділгір мәселе – тіліміздің мәртебесін ту етіп көтеруге қосылған үлкен үлес.
Ана тілін қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз отанының нағыз патриоты етіп тәрбиелеу – бәрімізге ортақ, қасиетті парыз.
Осы кезде Паустовскийдің: “Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келеді.
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезіңнен басталуы тиіс. Айналаңды танып білу, туған тіліңді білуден басталады.
Тілді үйрену - өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан – дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық.

Нұрлан ҚҰМАР

560 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы