• Әдебиет әлемі
  • 30 Шілде, 2012

Адамдар бірін-бірі күтпесе, демек, бірін-бірі қажет етпейді (тәмсілдер)

Мақпал Мамытбай 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Алғашқы мақаласы облыстық «Жетісу» газетінде жарық көрген. Қытай тілінен алғашқы аудармасы «Шығыс әдебиеті шағын жанрларда» атты жинаққа енген. «Көркемсөз оқу шеберлерінің ХІІІ дәстүрлі Оралхан Бөкей оқулары» аудандық байқауын ІІІ орын жеңімпазы. Мақалалары, өлеңдері «Алматы ақшамы», «Жетісу» газеттерінде жарық көріп жүр. *** ...Үміт... ендігі қалған мендік бір тамшы... жанталасқан өмірдегі керегі жоқ бір сәттік тыныштық, бір сәттік үнсіздік, бір сәттік сенімсіздік... үміттендіріп соңынан ергізіп жүрген, өзіндік ерекшелігі бар, өзге үміттен тым бөтен бір үміт... сөзсіз... Инша Аллах, менің де жадырап атар таңым болар... тағы да үміт... *** Сағыныш. Не ол? Сарғая, сарыла біреуді күту, тосу... Мен ешкімді де өлердей сағынып көрмеппін. Мені мен деп танитын, мен оларды танитын бауырдан, туған-туысқаннан бастап адам атаулының бәрі де тым алыста емес. Аман болсақ, әйтеуір бір көрісерміз. Мың шүкір, әзірге бәрі де жер бетінде... Ал аяулым ше? Асылым. Ардақтым. Алтыным. Анам ше? Ол кісіні қанша күтсем де, тоссам да, сарғаймақ түгілі сары жапыраққа айналсам да, жер жаһанды мың араласам да көре алмаспын! Құша алмаспын! Құшырлана бетінен сүйе алмаспын! Алақанының жылуын сезе алмаспын! Сырымды шерте алмаспын! Бала болып еркелей алмаспын! Мейірімді жанарына үңіле алмаспын! Үнін үзіліссіз тыңдай алмаспын! Қолымды қанша созсам да, түсімдегі бейнеге еш жете алмаспын! Ол мүмкін емес! Мүмкін болмаған да, болмайды да! Міне, САҒЫНЫШ деген осы! *** Қым-қуыт өмірдің қуысын аралаймын деп, адасып қалдым орманында. Бәз біреулер жол көрсете ме десем, «армандапсың» дейді. Қызық, адамдардан білмейтініңді сұрасаң, біліп тұрса да айтпайды. Сол білгенін өзі ойлап тауып, өзі шығарғандай. Болмаса, өзгелер оның білгенін оқып-біле алмайтындай сондай ақымақ деп ойлайды. Адамның күні адаммен екені рас қой. Ау, достым, бауырым, ағатай, әпкетай, несіне қызғанасыңдар бар білген тоғызыңды?! Білгенің осы болса, менің білгенімді сенің білмейтінің анық! *** ...еркіндік жетіспейді екен менде! Алайда еркіндікте жүрген жандардың «бірдеңені» «жетістіріп» жатқаны шамалы... Дегенмен де, еркіндіктің аты еркіндік! Тұмшалаған ойларымнан азат болар күні мен де еркіндіктің дәмін бір сезермін.... *** –Биыл көктем болмайды дейді... Бірден жаз шыққандай, байқадың ба? – Қойшы, рас па? – Аха, рас! – Неге өйтті екен, ә? Қап, биыл көктемде үйленсем бе деп едім... Келер жылы бір бұйырғаны болар... – ...мүмкін... – Ал келер жылы ше? – Не келер жылы? – Көктемді айтам да... –Ааа... ал, келер жылы екі көктем болады деген сыбыс бар.... – Қызық, неге екен? – Биылды өтеуі керек қой! – Расында-ей! Ойламаппын ғой! …қызық. *** ...сен нұр бол... мен сені сіңірейін! Сен су бол... мен сені сімірейін! ...бір тілек, иә, бір тілек... орындалуы беймәлім бір тілек... *** Менің сонша күткенім, сарғая сағынғаным, сұр бұлт төнген шақта сәуле берген шуағым сен бе едің? Сен менің «Күнімсің» бе?! Сенің шуағыңсыз енді жол таппаспын! Бұл тапқаным... тапқаным, ақталған үмітім болса етті... Мен сені іздегенімдей іздеп, күткенімдей күтші, Шуақты Күнім... *** Қабанбай батыр – Масаншыда орналасқан поштадан шығып келе жатқан бетім еді... – Әй, қызым, анау пошта ма? – деді жолай жүргіншілердің бірі. – Иә... – жүзі жарқын бұл апаға таң қала жауап қаттым. – Құдайым-ау, әлі жұмыс жасап тұр ма? Еш өзгермепті-ау! Заман өзгерді, адам өзгерді, мынау қала да өзгерді, қаншама дүние жоғалды, оңалды, ал мынау пошта сол қалыпты! Осыдан елу жыл бұрын мен ана..ау техникумда студент болғанда, сендей жас болғанда, ауылдан әкем салып жіберер жиырма рубльді алуға осында келуші едім. Кейде он рубль салатын. Әй, сол бір айға жетуші еді! Бір рубльге бір апта өмір сүруші едік! Нан он алты тиын еді ғой... Қазір бір мың теңгең түкке де жетпейді! Әй, заман- ай...! Мен былай кетемін. Жолың болсын, қызым! – Жолыңыз болсын... Сағыныпсыз-ау, апа, өз заманыңызды! Бұл ғасырға өкпелісіз бе, апа-ау..?! Сынаптай сырғыған уақыт мені де сіздің жасыңызға жеткізсе етті... Сонда сіз есіме түсерсіз... *** ...қылаулап атқан таңнан күтем үміт... күн нұры кірпігімді сүйген шақта... *** – Ары жылжышы... – Тапжылмады анау әйел. – Сатып алып па едің орынды? – Тоғжан, Тоғжан, болсаңшы тез!? – Егде тартқан анасындай кісінің сөзін құлағына да ілмеген «орын иесі» автобустың анау басындағы жап-жас бір қызды шақырып әуре. Тоғжаны жетіп, «сатып алынған орынға» жайғаса кетті. Ұтпасын білген үлкен кісі артқа қарай жылжыды, бір үмітпен... Автобусқа балалы әйел кірді. Сөмкесінен бөлек дорбаланған әйелдің баласы иығына жармасып алған. – Бәлкім, орын берерсіз...? – Жоқ, болмайды, оның аяғы ауыр! – Тоғжан үшін сөйлеген әйел өз орынын бергісі келген сыңай танытты. Балалы әйелдің баласы отыруға мұрша бермеді. Автобустың қолтұтқасынан жармаса ойнауды жөн санады. Сонымен, «орын иелері» орнында қалды... ...аман-есен босанып ал, сіңілім! Әлі туылмаған балаңды адамдарға деген мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа, адамгершілікке емес, «менікі» дегенге үйрете бастағаның қалай? Әлде енең бе, анаң ба, өмір бойы жаныңда жүре ме? «Заманым-ай, замандасым-ай» демеске еш амал жоқ! *** ...ақымақ көңіл, қарашы, сені тағы да алдады ғой! Дірілдеген күмәніңе күдік жалғады... Адамдар ойлағаныңдай болмайды ғой! Тағы сүріндің! Ешкімге де сенбе, ақсақ көңіл... *** Көп нәрсені түсінбеймін, неге түсінбейтінімді де түсінбеймін! Жалқаулығым сонша, тіптен, сол түсінбейтінімдерді түсінуге де талпынбаймын... Бәлкім, миымды орынсыз нәрселермен мазалай беретіндіктен де шығар... Жасыма жетпей қартайтқан, «кәрі ойлар», құзар шыңның да ұшар басына жетіп қалдық па? *** Кімге болса да жақсы сөйлеп, әдепті қарым-қатынас жаса! Ертең ол бастығың болып қалуы ықтимал! Ал, қазіргі заман бастыққа жақсаң, астығың жақсы шығар заман... Өз тәжірбием емес, өмірдің үйреткені... *** Адамның ақылын аузынан шығар сөзінің құнынан білуге болады. Арзан сөз – тез ұмытылып қалатын, ой тоймайтын, көңілдің қарнын аштырар, мәнсіз, әрі сәнсіз, һәм «ұсқынсыз» болады. Кейде дәл менікіндей... Ал, қымбат сөз... онсыз да белгілі... *** ...шаттық сыйлаған бір түйір мұңым менің...жанымның бір тамшы қуанышы...керексің маған... *** Жүрмін қалада асыр салып, жердің бір жерін тіреп тұрғандай... әкемнің көктеммен бірге оянып, тырбаңдап, тырнақ астына топырақ жия, жерді «тырнап», құл сүлдері қалғанша, еңбектеп етбетінен құлағанша, ұйқысы шала болса да, таңазаннан күн ұясына батқанша, тіптен, көкте жетіқарақшы көрінгенше үйге оралмай, жазық далада түнемекке бел буып, күздің салқын ауасын кеудесімен тосып, әзер дегенде үгітпен үйге түнделетіп оралып, денесіне тиген желдің суығы түні бойы шымырлатып ұйқы бермей, таңға дейін дөңбекшіп ұйықтай алмаса да, күнмен жарыса тұрып, ен далаға аттанып, тіршілік қамы үшін жер астынан көктем көмген картошкасын жиып, әр картошканы бір тиын деп еппен жиып, маңдай тері жерге тамып, топырақ астындағы картошканы ақша етіп, уақытынан еш кешіріктірмей маған жіберіп жүрген әкемнің «еңбегін», сол құнды қағаздарды бір күнде шаша салып, байдың қызы секілді, апта өтпей жатып қайта сұрап мен жүрмін... Бұл санасыздық емес, шарасыздық. Қадірсіз ұрпақ менмін-ау, шамасы... *** ...иә, бар! Бақыт бар! «Ол» ренжітіп, күлдіріп, сағындырып, өкпелетіп, аңсатып, армандатып, әлдебір үміт сыйлап, болашағыма сенім арттырып... жанымда жүр. Иә, Аллахым, жанымнан жырақтатпашы оны... *** ...сенiм мен күмән егiз бе едi? Сенгiң-ақ келедi...бәрiнiң жақсы боларына... Өлдi деген күннiң өзiнде... соңғы бiр, өлiмсiреген сорлы үмiт сенiмге әл бергiсi келедi... Жарық Күн керек-ақ маған... *** ...үкілеген үмітімді жер еткенше, тура қарап(!), күліп... жылат! ...аңсаған арманымды қор еткенше, тұрған жерімде ұрып, құлат! ...сезімімді күлкі қылып, алдағанша, жүрегімді жұлып... мұңға арт! ...түгімді қалдырмай тауысқан шағымда... өзгені «жаралауга» жол тарт!... осыдан кейін кешіреді десең... кайдам... *** ...жалғыз үміт... жаңбырдан кейінгі сезілгенінен жоғалғаны тез азон ауасындай... жалғыз үміт... кемпірқосақтай түрлі-түсті...жалғыз үміт...өмірдей, бір-ақ рет берілетін мүмкіндік... жалғыз үміт... расында, соңғы, әрі жалғыз үміт... одан басқасы жоқ... *** ...сағынуды сағындым... деп айтуды сағындым... *** ...байқап көру керек пе?! Әрбір дүние әр адам үшін әрқашан да бірінші рет болады ғой, иә? Бір рет сүріндім/сүріндірді екен деп, «жетелеген» арманды бәз біреулердің болмашы «былықтары» үшін тастап кету дұрыс емес болар? Тағы бір мәрте байқап көру керек шығар,а? Адамдар білместіктен жасамайды қазіргі жасап жүрген «ақымақтықтарын»... Біліп тұрып, жүрегіңді тырнай отырып, көңілді жыртқан күйде, сезімнің ақша бұлттарын таптап, жүректің қалған «жалбырларын» жұлып-жұлып алатыны – бір «ғажап-ақ»... *** ...мезі еткен меңіреу ой, жұлмалап жанымды... құр сүлдерімді көруге ынтық...олай бола қоймас...тағы үміт пе? Неткен, бітпейтін шексіздік...үнсіздікпен ұласқан қаран-құран күндерді білдіретін әлдебір естеліктер...сағындым. *** ...не бәле, а? Алдағаны ма? Кішкентай балаға мәмпәси бергендей... Беу, «адамдар», мәмпәсиім таусылып қалды... Неге өйттіңіздер? Мен басқа дүние қалаған едім ғой! Дегенмен, арманның орындалмайтыны рас болғаны ма? Бірақ ол арман емес, жай ғана жымиыс еді ғой...тіптен, қатты күліңіздерші демедім де, әжім түсерін ойлағандықтан... Көңіл қалған жаман-ақ екен! Ол тауға басқа жолмен шығып көру керек шығар... *** ...уақыт жоқ. Хабарласуға. Иә, күтемін ғой. Біреу күту керек қой. Ол адам мен болайыншы?! Адамдар бірін-бірі күтпесе, демек, бірін-бірі қажет етпейді... Мен шексіз, бәлкім, соңғы демім қалғанша күтер-ақ едім... егер «олар» сөздерінде тұрып, түбі бір келсе... Иә, бір көшедеміз, бір қаладамыз, бір мемлекеттеміз, жо - жоқ, бір ЖЕРде екенбіз ғой!!! Кездесерміз... Несіне сағынып жүрмін... құрбыларымды және т.б. «әлдекімдерді»... Жер-домалақ, рас домалақ... Демек, амандық болса, бір кездесу болары анық. Бірақ... шарлай жүріп бір кездесерміз дегенше, мен жерден сіздерден бұрын домалап кетсем ше...? *** ...көктемді кім ренжітті? Қане, мойында!!! *** ...Күнім, нұрыңды төге бер, Иншаь Аллах, араймен, шапағатпен болмаса да, аздаған, бірақ ұзаққа жетер сәулемен қайтарармын... сен маған керексің! Күнсіз күнім болмас! *** Бір күлгенің - мендегі мың күрсісті өлтіреді. *** ...рас айтам, егер ендігі аттауым керек табалдырық дәл осындай қадамдардан басталатын болса, о, онда маған ұнайды... Бағалаймын әр сәтті! *** ...сенгім келеді оған, деп өзімді сендіргім-ақ келетініне сенгім-ақ келеді... *** -Неменеңе жетісіп күліп отырсың? -Енді? Жылайын ба? -Жыла! -Не себепті? -Өмір-орман және бір ағаштан айырылды. Және бір жұлдыз ағып түсті. Бір отбасының ортасы түсті... - Ааа, соған бола ма? - Қызықсың сен?! Өлім деген - үлкен қайғы, орны толмас дүние ғой... - Жаным-ау, өлім - көлігіне ертелі-кеш бәріміз де отырамыз ғой. Тек бүгін бұл кісінің кезегі келген екен. Өмір - көліктің келесі аялдамасы менікі болуы ықтимал ғой... *** ...мұжылған көңілді одан ары мұжи түсіп, бар күшімен одан ары таптай түсетін ақымаққа ұқсағысы келетін «ақыл айтқыш» «ақылды»-сымақтар әбден шаршатты... *** Қазақтар еттен кейiн де ет жеп, шайдан кейiн де шай iшiп, уақытын кетiрiп, одан қалды уақытын атасынан калған қара тонды жамылып, апасының көрпесiнде ұйықтаумен кетiрмей, қиялға мiне бермей, бiр сәт армандарын мақсатқа айналдырса, бiзде де роботтар пайда болуы мүмкiн бе едi, қалай өзi? Ал, егер қазақтар жоғарыда аталғандарды iстемесе... Жапон елi "ҚАЗАҚСТАН бастаған 30 елдiң қатарына кiру" жоспарын басты орынға қояр ма едi...? Сорпаланып алып, атамның тонын жамылып жатып қиялдаған бір қиялым ба? Қазақпын ғой! Мақтанамын! Бәрiбiр МЫҚТЫМЫЗ! Жапоның тұрмақ бүкіл әлемің жиналсаң да, бір қазақтың еңбек ететініндей еңбек ете алмайсыңдар, адамзат! *** Селт еткен сезiмнiң соңынан салпаңдап ере беретiн болсақ, "махаббатқа тұрақтылық қажет" деген сөз қолданыстан шығып қалар едi. "Ақыл иесi" болғандықтан ғана бұл сөз әлi де тiрi! *** Үміт «үп» еткен желдей мені тағы да айналып өтеді ме?! Неткен ішпысарлық дүние?! Қалайша мәз болмақпын? Басын қылтитып, қызықтыра қаша жөнелген мүмкіндікке...қусам да жеткізбес «асау арманға ма»? Бір нарсе кешігіп келетінін-ай... *** ...адамдар «КӨҢІЛ» дегенді бірінші орынға қойып, әр күнін «санасыз» өткізуден аулақ болса, мейірімді болып, «СЕЗІМДІ» бағаласа, өмірімізде «КҮЗ» ұзақ болмас еді... *** Бұрынғы заманның "Қозысы мен Баяны", «Төлегені мен Жібегі» болған, оларды бұл заманнан іздеудін қажеті жоқ! Біздің заманның "Айжаны мен Берігі", "Бектасы мен Шұғыласы"... бар... *** Қадыр Мырза Әлі: «Жөтеліңді жасыра алмайсың.»-дейді. Махаббат та сондай. Өзі -ақ АЙҒАЙЛАЙДЫ. Бірақ соны еститін ҚҰЛАҚ болса... *** Көзім көріп тұрғанды толық түсінбеген көңілім, кейде сараланбаған ойларды сөз арқылы жарыққа шығарып қояды. Жүрек одан хабарсыз... *** Кәрі күздің қоңыр күрсінісінен үзіліп түскен жапырақ сынды жаным қонарға жер таппай жүр...тағы бір күн бітті...қайтып барамын, бұйырса ертең оралар мекеннен... *** «Баспалдақтан жоғары шыға білген адам, төмен түсе білуі де керек!» Қанша ұзақ шықсаң, сонша ұзақ түсесің. Бірақ қазіргі заманда лифт бар. Жылдам шығып, жылдам түсесің... *** Алыстан бір жары-ы-ық жұлдыз көрінеді, кешке таман ...үлкейеді, кішірейеді. Қарап тұра берсең, жақындайды және жақындай түседі. Бірақ ол жұлдыз емес, ұшақ... жарқырап жақындай келе, төбеңнен ұшып кетеді. Кей үміт те сол сиякты... *** Өмір-фотоаппарат сынды болса ғой, қалаған суреттерімізді ғана шығаратын... Онда, өмір тым тәтті кәмпиттей болар еді. Дегенмен де, тәтті кәмпитті көп жесең, тісіңді ауыртатынын ескерсек, өмір осылай-ақ қала берсін. Кей кезде ащы дүние де керек. Демек, өмір – әділ! *** Шыбын да бекер ұшпас... Керек болармын әлі де.. .біреуге...б әлкім... *** Арайлап, еркелей атқан таңды, жаңа күнді жаңа бір үмітпен қарсы алмай жатып, батып бара жатқан күнді көремін. Уақыт-ай, бір сәт тізгініңді ұстатсаң етті... *** Көңіл қалауы, армандарым, тілектерім тек түсімде ғана орындалып, көргім келген жандарды тек түсімде ғана көретін болсам, өмір бойы ұйықтауға дайынмын. Шынтуайтында, оянғым келмейді. Бүгін де солай болды... *** Егер «сағыныш» деген болмаса, адамдар бірін-бірі іздемес те еді, сабылып қоңыр күзге сыр шертіп, үзілген жапырақтарға жаны ашып, күз жаңбырымен қосыла жыламас еді... Өйтпесе, өмір мәні де болмас еді... Мен сені үмітпен күтемін, Күзім менің... *** Күнімнің сәтті өтеріне кепіл болатын бір үмітті көрсем, қуанар едім. Және ол үмітті көрдім де...шүкір. *** Тырмысып, тыраштанып, әйтеуір әркім өмірдің тауына әртүрлі жолмен шығуда. Ұшып шығады бүркіттей, жыландай жорғалайды, енді бірі жорғалап бара жатқанның арқасына жармасып, «арамтамақ» әдісін тиімді пайдаланып...ебін тауып сүріп жүрген бір өмір. Досты сатып, туысты ренжітіп, сүйіктіден айырылып, өзге жұртқа жақсы көрінемін деп, нағыз саған керек адамдардан айырылып қалып жүрген жүріс және бар. Жұмыс жұмыспен, ақша ақшамен, байлық өз орнымен, алайда, көңілді, адалдықты, сенімді сатып ала алмаймыз ешбір байлыққа да! Ол дәлелденген дүние! «Көп алдында бір рет жарқ етемін деп, сөніп қалма,»-дейді қазағым. Рас! *** Мен сенсіз сары жапырағы жетіспейтін күздеймін, аппақ қарсыз қыстаймын, самал желсіз көктемдеймін, жайнаған гүлсіз жаздаймын, көнелерден қалған «құнды» саналатын, бірақ ешкім ашып оқымайтын мағынасыз кітаптаймын... P.S. неге осы бәрін күзден бастайды екенмін? *** Ойлағаным ойлағанымдай болмағанда, ендiгi жерде ешнәрсенi ойлап, ойыма алмай-ақ қойсам ба деп ойлаймын... *** «Үп» еткен үмiттi қиялым қияға алып ұшты... Қиял-ау, көңiлдi алдамасаң еттi? Жабырқау жүргенi жеткiлiксiз бе? *** Жұтып жүрген ауаның, бойымдағы бір түйір қанның, жүрегімнің әр лүпілінің есебін менен алмағанда кімнен алады Жаратушы? «Нәпсінің жетегіне еріп, алдаусыратқан дүниенің қызыл-жасылына құмартып, ақылды ақшамен өлшер заманның құрбанымын» деп мүләйімсіп, мүсәпір кейіп танытудың да шегі бар болар?! Айтқаным – анекдот, тыңдағаным – Тимберлейк, оқығаным – Оскар Уайльд, үйренгенім – үй шаруасы, иланғаным – интернет, ішкенім – іңірдің іріткісі, жегенім – жасанды жемістер, білетінім – бес жасар баланың білімі... Не бітіріп жүрмін осы мен?! *** ...мезі еткен меңіреу ой, жұлмалап жанымды...құр сүлдерімді көруге ынтық... олай бола қоймас...тағы үміт пе? неткен, бітпейтін шексіздік... үнсіздікпен ұласқан қараң-құраң күндерді білдіретін әлдебір естеліктер... сағындым. *** Сыбырлаймын деп, айғайлап койыппын... қалқалаймын деп, жасырып койыппын... *** Өмір, сені сүргім келеді!!!

483 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы