• Әдебиет әлемі
  • 30 Шілде, 2012

Барлығының базары тарқайды екен...

Бұлан Жамбыл Атақты Жамбыл Жабаевтың ұрпағы. Көрерменге тележурналист ретінде танылған азамат. Ақын әрі сазгер. Өлеңдері «Үркер» журналында тұңғыш жарияланып тұр. Ақ тынысы ақпанның барады ырғай Сулы ауаны үк демді. Қарағаштың басынан қараторғай Шақырады көктемді. Ұлпалы ақпан ақ күні ала қарлы Алқалы аяз төккен-ді. Аязы да жібек боп барады әлгі Қыс дәурені өтті енді. *** Ғаламат! Ғаламат! Әне кетті бақыт құсым шексіздікті аралап. Мөлдір әлем толықсыған нұр жанардан Жұмақ таптым қарап-ақ. Достар – жастар! Сабырменен шаттана біл, күле біл, Иман орны – жүрек парқын біле-біл. Көктем келді, жастық келді, айнала Шалғын жапқан жас топырақ иісі аңқып, Саф ауаны жұпарлаған гүл өңір. Гүл өңірдің жұпарында тұншығып, Көк майсаға тұла бойың ораған да бір өмір. Адал жардың от деміне тұншығып, Нұр толқыған тұнық көзге қараған да бір өмір. Достар – жастар! Тарықпа да қиналма, Бір кем дүние қайда барсаң тұр алда. Мына өмірден байлау табам деймісің Замандасты жамандыққа қиғанда. Сәулелендір, көкіректің көзін аш Тек Алланың хақтығына илан да. Неғыласың бақыт іздеп басқадан, Бақыт сенде, жүрегіңде, иманда! Мамыр Бұла түн қалғып, оятты ерте нұра күн, Бұлақтың суы толтырды әр үй құманын. Тарамай жатыр, баса алмай жүрміз шөліркеп, Мамырға біздер, біздерге Мамыр құмарын. Күн шыға тұрып, қалаға кеткен анашым Түс ауа келер шашылған нұрдай таң асым. Орнайды кешке сәулелі сұлу сыйластық, Шақырып кепті қонаққа жолдас-жорасын. Жаңа таң жарық ұмыт қып күннің ескісін, Жұмсалып күндіз еңбекке қызу өш күшім, Құрдастық сырды бөлісу үшін мен дағы Жанымды жайлап, досыма барам кешкісін. Дидарын төккен ашылып жүзі Ай – қыздың, Жаңғыра түсіп шегіртке шуы андыздың, Бір санап шығып шашылған аспан жұлдызын, Мүлгиді Мамыр әлдиіменен байғыздың. Талпынып көкке ашқызған ақ-көк тамыр гүл – Сый қылар сезім қылықты қызға сабырлы ұл. ...Бетінде жердің бірауық орнай қалатын Жұмақтың өзі емес пе екен Мамыр бұл!? *** Нұрланған Ай, жанған Күн ғарыштың сабасында. Қағаз, қалам. Толғандым, ынтықтым әр асылға. Жақсыларға арбалдым іркілген тобасында. Жаманға да алдандым тұншығып тобасында. Анашым соңғы батасын берді ме, бермеді ме? Түсінбей-ақ қатасын әкенің өлгені ме? Бүршік жарған жас қайың көктем күн ұмыт болды. Көңілге мұңсыз қасқайып зілқара құлып қонды. Ұзақтап кетті арман күн көрсетпей қарасын да. Тұманға келіп шомғанмын дедім де жол осында. Сарсылған саяқ сал жанмын тірінің жобасында. Арман менен Жалғанның адасқан арасында. *** Өрт айдыны бүп-бүтін – Қызыл нұрын құбылтса да құтты Күн, Шапағатын сарқып ішіп, жұтты түн. Тыңдағанды тұншықтырар күпті тым, Тымырсыған тыныштықты тұтты тың. Ақшамды да үздіктіріп жұтты ымырт, Ашаң-аққа қою күңгірт жұқты күрт. Бұл күннен де үзіп үркек үмітін, Шырағданның нұрлы үкісін жықты жұрт. Ал ымыртты қар алып, Қара аспанға ақ нүктелер таралып, Түсіп берді құба жонға қадалып... Қараяды екеуміздің сұлбамыз, Өмір отыр арамызда қабарып. Солай екен Жыл құсы еткен аймақ алты ай мекен күз келсе көңіл-көзге қандай бөтен! Қатарым егде тартты, қартайды әкем. Барлығының базары тарқайды екен. Базары бәрінің де тарқайды екен, Анасыз ем, ал кеше жантайды әкем. Жөн айтқансып әке боп жүрсе болды, алдыңдағы жаман шал Алтайға тең. «Сабыр сақта» деуші еді талай әкем, Қазір де сөйтейін бе, қалай етем? Жер шары бір қалыпты айналса да, Адамның құбылуы оңай екен! Кеше күлкі шашқан көз бүгін – түнек, Сұр өңі тік келеді түгін білеп ... Әлдеқайдан келеді уілді леп, Шашылып түсті көңіл үгінді боп. Шуағымен аймалап Жер бетін Күн тұрған шақта туылдым, ер жетілдім. Татсам да үлкен өмір шербетін мың, Әкесіз де шешесіз мен жетіммін. Ұғарымнан өмірде ұқпасым көп, Жалынам мені Тәңір мықтасын деп. Ана, әке дұғасы тұрар еді Күннен қалқа, бораннан ықтасын боп. Келешектен келген соң қыстың лебі күзде қайтқан тізіліп құстың легі басымнан өтіп бара жатады ылғи — меңзейтіні белгісіз түстің нені. Жарықсызда өмірім жарқын еді баласы боп екеудің ес білгелі. Төніп тұрған мәуелі ағаш еді-ау ана, әке тілегі үстімдегі. Аулақтан шырылдаса торғай өлең, өзегімде үгілер бордай емен. Қаңырап қалған ішкі сарайымда қалқытады бір мұңлы сырнай әуен. Өткінші күн өтпестей алдайды екен, Үнсіз-түнсіз келер күн орнайды екен. Достық анты, жар серті – ізім-ғайым, Жоқ дүние бардай боп арбайды екен. Сүйенерім қалмады нардай бекем, Жастық шақ дейтін асыл ортайды кен, Барлығының базары тарқайды екен! Барлығының базары тарқайды екен! Сөз періште Алланың сөздері көздегі тамшыға ұласып, бір-бірлеп құласып, мөлт етіп үзілді жанардан, мөлдіреп жүректе қамалған құба шық. Жүзімді жуады, қуады пенделік тозаңын, құяды сөз арын, ашады әз әрін өңімнің, ұшында қалықтап көгімнің бозаң үн. Тылсым түн аспанын басқан үн — илләһи сөздер-ді жанымен сезгенді, тамшылы көздерді нұр еткен өнетін мейірлі жүректен безбенді. Алланың сөздері көздейді жолдауды пейішке, кенеліп кенішке, жетейік жеңіске тиімді, Құдайы сөз айтып түйінді. Әрбір сөз – періште, Періште жайласын үйіңді. Ассаламуғалейкүм! *** Сүрлеумен бір сенделіп, келем көзсіз, құлақсыз, Болжайтын көз алдымды болмаған соң... Мұратсыз. Сатырлатып сирағым өмір кешіп келеді, Ақ табаным әжімді қара жерде тұрақсыз. Айналада ағуда ақпараттар жұғымсыз, Барады әлем ілесіп қағидаға ұғымсыз. Деректерді баянсыз тобығымен сапырып, Ғұмыр іздеп келеді екі аяғым тынымсыз. Сапырылыс буынан қайнаған Күн батты ығып, Жанарларға көк түтін, шаңнан қалды қақ тұрып. Өте шыққан қасымнан мендей тағы бір тәннің Таусап барад өмірін екі аяғы аптығып. Түнгі жол Жол тербеген қара пойыз жүрегімді тербейді. Тербетіліс кеудемдегі түйнегімді емдейді. Бұлт торлаған қара түнде болмаса да бір сәуле, Көңілімнің көгалына егулі гүл сембейді. Бұлт торлаған қараңғы аспан мұң бітіріп тел егіз, Жер-жаһанның бір шетінде түнді тіліп келеміз. Күліп кіріп, саңылаудан білдіреді жып-жылы Үнсіз, тілсіз түйсіктегі тыңды түріп жел лебіз. Жол тербеген қара пойыз жүрегімді емдейді, Айдалаға өзеуреген өзегімді демдейді. Түнгі жолда жолсыз жақтан жылы лебін жұмсаған Меңіреудің мұнар мұңы меселімді меңдейді. Жол үстінде жолайрыққа жақындаған шығармын, Жол бойына жолдауда кіл жатын далам мұнар мұң. Мұндай ерек сағынышқа неге бөлеп болмайды?! Жат сезіле бастады ғой лапылдатып шығар Күн! Қош, дүние! Қоштасарға, анық, уақыт бар әлі. Түгесілді дәптерімнің толып бітіп парағы. Түсі мені тіксіндірген қара пойыз зуылдап, Түннің түпсіз ұйығына алып кетіп барады. Үш дос Айы әрқалай бір жыл туған бел құрдаспыз тұспа-тұс, Көңіліміз пәк, айдындай қонбай өтпес ұшқан құс. Бірімізге бірімізді жарастырып құраған Достық біреу, ал үшеуміз – үш табиғат, үш болмыс. Қисын білмес боз бас үшеу үлкендерде еркіміз, Бірге жүрген үш дос едік, достық болды көркіміз. Қалай-қалай өзгерсе де тұл тағдырдың талайы, Ғұмыр бойы бірге жүру – берген биік сертіміз. Тастүлектей қиян-құзда бойын жиған үш түлеп, Серттен тайып кетпес үшін Жаратқаннан күш тілеп, Пәк ниетті қорғап жүрдік толқынынан тағдырдың Уа, дариға, дүр достықтың серті сіңген үш жүрек. Сәруардай сертке сенген сағы берік сол шақта Сөкті де сау санамызды сүйреткілеп сан-саққа, Бөліп-бөліп алды дағы үшеумізді махаббат Ләм деместен жетекке алып кете барды жан-жаққа.

417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы