• Шежіре
  • 25 Желтоқсан, 2014

«Мәңгілік елдің» мұраты

«Тіл тас жарады,
Тас жармаса бас жарады»
(Халық мақалы)
 
Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік – сирек ұшырасатын қасиет-дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол тауып айтылатын, суырыпсалма, жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп, шығармашылық сипатымен дараланады.
Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие-өнер мектебі болған. Елді елдікке, бірлікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз "Сөз қадірін білмесең, өз қадірінді білмейсің", "Сөз сүйектен өтеді", "Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік" деп, сөз өнерін ерекше тани білген. Шешендік сөздер – ғасырдан-ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр, қисынға құрылған бұл сөздер тындаушының көңілінен шығып, оны сөзсіз иландырады.
Біздің халық ауыз әдебиетін зерттеушілердің бірқатары Би мен Шешенді бір-бірінен толық ажырата алмайды. Екеуі бір адам деп ойлайды. Олар мына жәйтке мән бермейді. Мәселен, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би дейміз де, Жиренше шешен, Бөлтірік шешен деп бөле-жара атаймыз. Сонда не болғаны?!
Оның құпиясы сол, билер институты – биліктің тұтқасы болады. Олар шешім шығарады. Әйтсе де олар халықтың жадында ұзақ сақталу үшін  шешім шығарғанда шешендік өнерді молынан пайдаланады.
Бұл құбылыстың тарихы адамзат ақыл-ой,парасат категориясын игерген кезеңнен бері келе жатқанын аңғарамыз.Біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірлерде,грек әлемінде Цицерон,Демосфен дейтін «трибундар» болды.Олар елді сөздеріне ұйыта алғандықтан,бір мезгіл ел басқарушы да бола алды.
Оларға біздің скифиядан барған Анақарыс (Анахарсис) та кірді.Бұлар шешен де көсем сөйлеумен қатар,аса терең ойлы әңгімелер де айта алды.
Мәселен,ақылды мен ақымақты қалай ажыратуға болады деген сұраққа ұлы бабамыз: «қасынан дос жасай алған ақылды да,досынан қас жасап алған нағыз ақымақ» деп жауап берген.
Биліктің шешендік өнерден бір айырмасы ол билік айту үшін сол кезгі халық арасында қолданылатын салт-дәстүрге байланысты қалыптасқан жол-жораны жақсы білген.Болса да Шыңғысхан заманынан келе жатқан «Жасаны»есте ұстаған, «Есімханның ескі жолын», «Қасымханның қасқа жолын» жадынан шығармаған.Әз Тәукенің заманында жасалынған «Жеті Жарғыны» күнделікті тіршілікте мүлтіксіз пайдаланған.
Сонда шешен адам қайда қалады?!
Ол да сол билік басындағымен бірге жүреді.Сол ауамен бірге тыныстайды. «Қыздырманың қызыл тіліне салып» айтыс-тартысқа,дау-шарға қанат бітіре отырып,шашыраған ойды құйындай үйіріп шешім жасайтын бидің алдына шашау шығармай алып келеді.
Бұл енді,ептеп біздің заманымыздағы «адвокаттың» қызметіне келеді.
Патшалық Ресей кезінде шешесі қазақ,орынборлық Плевако Федор Никифорович деген атақты адвокат болыпты.Оның айтқаны алтынға,қайырмалағаны күміске бағаланады екен.Ол аса маңызды мемлекеттік қылмыскерлердің өзін арашалап алып қалудың қас жүйрігі болыпты.Сол адвокат бір күні 30 тиындық шәйнек ұрлап ұсталып қап,сот алдында пұшайман боп тұрған бір сорлы кемпірді байқап қалады.Әлгінің өзінің сөзін сөйлейтін адвокат жалдауға ақшасы болмапты. Бәлкім, әлгі байғұсқа жаны ашыды ма,әлде өзінің қызыл тілінің қуатына сенді ме,атақты адвокат өз еркімен әлгіге қорғаушы болуға келісіпті.Бәрін тыңдап алған соң, сөз сұрап алып(шешендік сөздің қуатын сезіну үшін сол қалпында беруді дұрыс көрдік): «Много бед и испытаний пришлось претерпеть России более чем за тысячелетнее существование. Печенеги терзали ее, половцы, татары, поляки. Двенадцать языков обрушилось на нее, взяли Москву. Все вытерпела, все преодолела Россия, только крепла и росла от испытаний. Но теперь, теперь... старушка украла старый чайник ценою в тридцать копеек. Этого Россия уж, конечно, не выдержит, от этого она погибнет безвозвратно»-  дей бергенде сот төрағасы  түкке тұрғысыз іс қарап отырғанын сезініп,екі беті ұяттан қып-қызыл боп,балғасымен алдындағы бөстекті бір соғып,кемпірге: «Сіз бара беріңіз, боссыз!» деген екен.
Қазақтың ұлы билері де әуелде биліктің бұтағы қолдарына тигенше шешендік өнердің қыры мен сырын толық меңгеруге тырысқаны байқалады.Мәселен,Қаз Дауысты Қазыбектің 14 жасында  көпшілікке атқосшы ретінде  ере барып,олар сөзден тосылғанда суырылып шығып, қалмақтың қонтайшасына  «Біз деген қазақ дейтін тек жатқан елміз...» деп сөз бастауы шешендік өнерге жатады.
Телегей теңіздей арнасына сыймай толқып жатқан   қазақ ауыз әдебиеті туралы ғылыми зерттеулер он тоғызыншы ғасырда өз бастауын алды. Бұған дейінгі уақытта қазақ фольклоры жайында жекелеген пікірлер ғана айтылып, тек ауыз әдебиеті үлгілері жарияланып келген болатын. Оған алғашқы болып орыс ғалымдары ат салысса, кейінірек Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушылары да қолға ала бастады
Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардан-ақ қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, нұсқалары сол кезгі саясаттың ұстанымына сай  жиналып, зерттеле, жариялана бастады. Бұл салада алғашқылардың бірі болып еңбек еткендер: С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Н.Смирнова, М.Ғабдуллин т.б. Олар ертегілер, мақал-мәтелдер, тұрмыс-салт жырлары, батырлық-ғашықтық дастандар, аңыз әңгімелер, ақындық айтыстар нұсқаларын жинап зерттеуге, жариялауға көңіл бөлді. Алдымен жеке шығармалар мен халық ақындары жайында жазылған шағын мақалалардан, алғы сөздер мен түсініктемелерден басталған зерттеулер әбден екшеліп барып, Е.Ысмайыловтың «Ақындар», Қ.Жұмалиевтің«Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері», М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты монографиялық еңбектерінің жазылып, жариялануымен халықтық сұранысқа ие жанр екені айқындалды. Осы ізденіске толы жылдарда қазақ фольклористикасында ересен еңбегімен ескеруге болатын зерттеушілеріміздің бірі – Балтабай Әбдірахманұлы Адамбаев болды.
Негізінен, Балтабай Адамбаев қазақ халқының бай ауыз әдебиетін, оның ішінде көлемі жағынан шағын жанр деп саналатын халық даналығы мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді ауқымды зерттеумен айналысты. Шешендік сөздердің және мақал-мәтелдердің тарихы, табиғаты, көркемдік ерекшеліктері туралы «Шешендік өнер» (1969), «Халық даналығы»(1976), «Қазақтың шешендік өнері»(1984) атты монографиялық зерттеу еңбектері шықты. Сондай-ақ, «Қазақ ертегілері» (1962), «Шешендік сөздер»(1967), «Ел аузынан»(1985) жинақтарын құрастыруға қатысты.
Балтабай Адамбаев еңбектеріне негіз болған осы жанрлар ең аз зерттелген сала болып саналды. Оған бірден-бір себеп, өткен ғасырдың орта шенінде дидактикалық ұсақ жанрларға лайықты мән берілмей келді. Олардың көлемдері шағын болғанымен мазмұндары бай, тілдері көркем байырғы жанр екені ескерілмеді. Шешендік сөздер, әдетте, айтыс-даулармен байланысты және билер атынан айтылғандықтан оған үстем таптың ғана мұрасы ретінде бір жақты көзқарастар кедергі болып келді. Сан жағынан көп, бір-біріне өте ұқсас, уақиғасыз, кейіпкерсіз ұсақ жанрлардың ішкі ерекшеліктері де олар жөнінде жинақты, жүйелі пікір айтуға белгілі дәрежеде бөгет болды. Осы жағдайлардың барлығы зерттеушінің бірнеше жыл ғылыми сапармен елге шығып, алдымен аталған жанрлардың нұсқаларын халықтан, қариялардан жинауға, бұрын жиналғандарын ғылыми жүйеге салып, тәртіпке келтіріп ішінара жариялау жұмыстарымен айналысуға мәжбүр етті.
Ол өз еңбектерінде халық мақал-мәтелдері мен шешендік сөздердің жанрлық табиғатын, тәрбиелік, өмір танытқыштық мәнін, сонан соң олардың қалыптасу, даму жолдарын анықтау, әдеби-көркемдік ерекшеліктерін ашу, ақындық-шешендік өнерді үйрену, игеру жолдарын көрсету мақсаттарын ұстанды.
Зерттеуші өз монографияларында аталған мәселелерден басқа, Аяз би, Жиренше секілді халық шешендерімен бірге, белгілі шешен билер Төле, Қазыбек, Әйтекелердің, шешен батырлар Жәнібек Қошқарұлы мен Сырым Датұлы атынан айтылған сөздерді келтіріп отырды. Ол аталған монографияларында зерттеу объектісі болып табылатын жанрларды әр тарапта қарастырып, саралады. Мәселен, осы еңбектеріне негіз болған мақал-мәтелдерді тақырыптарына қарай топтап, құрылысы мен поэтикасы жағынан талдады. Зерттеуші «Халық даналығы» еңбегінде мақал-мәтелдерді жеке бөлім ретінде қарастырды. Осы бөлімде мақал-мәтелдердің жанрлық белгісіне жан-жақты сараптама жасады
Балтабай Адамбаев көптеген алдыңғы қатарлы фольклортанушылардың зерттеулерін қарастыра келе, оларды өзара салыстырып, түйіндемелер келтірді. Мақал-мәтелдердің жанрын қарастырғанда, оны жинаушылар Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Диваев, П.А.Мелиоранский, В.Катаринский және тағы да басқалардың зерттеулерін сараптады. Зерттеуші М.Ғабдуллиннің, Б.Шалабаевтың, М.Горкийдің, Р.Сәрсенбаевтің, М.Әлімбаевтің мақал-мәтелдерге берген анықтамаларын салыстыра келе, осы жанр жайында өз тұжырымдамасын түйіндей алды. Ол мақал мен мәтелдің өзара айырмашылығы және өзіндік ерекшеліктерін, тақырыптық жағынан жан-жақты саралап шықты. Қай-қайсына да болса да толық, әрі тұщымды анықтама беруге тырысты. Сонымен қатар, шешендік сөздерге де жеке бір бөлім арнап, бірнеше тарау көлемінде талдау жасады. Мәселен, бірінші тарауда шешендік сөздер және оны зерттеуге тоқталса, келесі тарауда олардың түрлерін айқындап отырды. Бұл жерде назар аударатын нәрсе, зерттеушінің шешендік сөздерді алдыңғы жанрдан өзгешерек түрге жіктеуі. Егер мақал-мәтелдер мазмұны жалпы, көлемдері, құрылысы тұрақты келсе, шешендік сөздер мазмұны жағынан нақтылы, көлемі кең, құрылысы өзгермелі болатынын байқады. Сондықтан, шешендік сөздерді мазмұндық түрлеріне қарай топтап отырды. 
Ол шешендік сөздерді: «шешендік арнау»,  «толғау», «дау» деп бөледі. Бұл тарауда, бұдан басқа, шешендік сөздердің құрылысындағы кейбір ерекшеліктеріне мән берді. Мұнда шешендік сөздердің «пернелі сөз» және «термелі сөз» сияқты түрлерін анықтады. Олардың құрылысындағы ерекшелігіне терең талдаулар жасады. Балтабай Адамбаев шешендік дәстүр мен шешендік мектеп ұғымдарына түсінік беріп, олардың қалыптасу және даму жолдарын толық сипаттады. Атап айтқанда, қазақ халқының шешендік өнер майталмандары, олардың сөз өнерінің осы бір саласын дамытудағы алатын орны туралы, сондай-ақ, атақты би-шешендер мен ділмарлардың дәстүрін жалғастырушылар жөнінде мәліметтер берді. Осыдан зерттеушінің әр жанрдың даралық ерекшеліктері мен белгілеріне аса ден қоя қарап, оларға үлкен мән бере саралағаны көрінеді. 
Бұл жайдан байқайтынымыз, зерттеуші тек фольклорлық нұсқаларды жинап қана қоймай, оны түбегейлі зерттеумен де,дұрыс қорытынды жасаумен де айналысқаны еді. «Халық даналығы» зерттеу шығармасын оқи-талдай отырып, шын мәнінде, Балтабай Адамбаевтың кемеліне келген алдыңғы қатарлы фольклортанушы екеніне көз жеткіземіз.
Шешендік өнерді  зерттеу обьектісіне айналдырған Балтабай Әбдірахманұлы 1919 жылы қыркүйектің 24-інде Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы «Қызыл Күншығыс» ауылында дүниеге келген болатын. Еңбек жолын 1938 жылы аудандық "Социалистік шаруа" газетінде әдеби қызметкер боп бастады. 1939 жылы Тұтынушылар одағының, 1940 жылы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы боп қызмет етті. Сондай-ақ Тәшкенттегі Фрунзе атындағы әскери академияның тактика және атыс жоғары курсын бітірген лейтенант Ұлы Отан соғысы жылдары»Калинин майданындағы 4 гвардиялық атқыштар бригадасының құрамында ротаны басқарып,ұрыстарға қатысады.Майданда көрсеткен ерлігі үшін  «Ұлы Отан соғысы» орденімен екі рет марапатталады. Соғыстан соң 1945-1947 жылдар аралығында Жамбыл облыстық тұтынушылар қоғамында қызмет істейді.Сол жылдары әуелі Жамбыл қаласының Абай атындағы педагогика училищесін,кейіннен  1951 жыл Қазақ мемлекетік университетін бітіріп, 1951-57 жылдары Жамбылдағы №38 қазақ орта мектебінде ұстаздық етті, ал 1957-86 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында  фольклор бөлімінде  отыз жылға таяу тапжылмастан аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Оның рухани әлемнен арттырған ең басты олжасы – 1962 жылы М. Әуезовтің жетекшілігімен басталған,әбден тиянақталған, ғылыми ортада мойындалған "Дәстүрлі шешендік өнер және Сырым шешен" деген  кандидаттық диссертациясы 1984 жылы "Қазақтың халықтық шешендік өнері" деген докторлық диссертациясы. Советтер Одағының батыры,халық ауыз әдебиетінің білгірі Мәлік Ғабдуллин үнемі қамқорлығына алып отырды. Ол әдебиеттің барлық  саласында тынымсыз еңбек етті. «Сырларым». Өлеңдер. Алматы: ҚМКӘБ, 1959 жыл;«Ақбөбек». Поэма мен өлеңдер. Алматы: ҚМКӘБ, 1962 жыл;«Шешендік сөздер». Монография. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1967 жыл;Шешендік сөздер (Сырым сөздері негізінде). Монография. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1969 жыл;Мәди. Тарихи повесть. Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1969 жыл; Аманат. Өлеңдер. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1972 жыл;Халық даналығы. Мақал-мәтелдер. Алматы: «Мектеп» баспасы, 1976 жыл;Жауынгер жолы. Повесть және әңгімелер. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1978 жыл;Тұлпардың ізімен. Өлеңдер мен поэма. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1983 жыл; Қазақтың шешендік сөздері. Зерттеу. Алматы: «Ғылым» баспасы,1984жыл;Алтын сандық. Әдеби мақалалар. Алматы: «Жазушы» баспасы,1989жыл;Казахское народное ораторское искусство. Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1994 жыл, 1997 жыл; «Асыл қазына» кітаптары жарық көрді.      
Қазіргі тарихшылар пікіріне назар аударсақ, Т.Омарбек «Тарақ таңбалы қазақ руларының тарихи тамырлары» мақаласында(«Шәмші» журналы,, 2009 ж. №11):«Жалпы қазақ халқын құраған тарақ таңбалы бес тайпаның ішінде (төре, жалайыр, төлеңгіт, тарақты-табын, тарақтының өзі) ежелгі тарихы терең, ұлыс ретінде белгілі тайпалар кімдер дер болсақ, алғаш төлеңгіттерді ауызға алар едік...Олар Х ғасырда Қытай деректерінен белгілі болған Жалайырлардан да бұрын VII ғасырда жеке ұлыс ретінде көршілеріне белгілі болды», – деп мынадай тізім келтіреді:
Солтүстік ғұндары– Гаогюйдің Телеңгіті (Теленгут)–Теле Теленгіті (Толанко) – Тоғыз-оғыз Теленгіті (Доланге) – Жалайырдың  Телеңгіті (Тулангит) – Тарақты.
«Алаш» зерттеу орталығының «Арғын» жинағында ( 3-кіт.)  «тарақ таңбалылардың» туыстығы туралы: «VІІ-ІХ ғасырларда Ұйғыр қағанаты құрамында белді ру болған Төлеңгіттер Жалайырлармен бірге моңғол бірлестігіне кірген тұста, кейде Тарақты аталса керек. Ал Жалайырлар өздерінің құрамындағы Төлеңгіттермен бірге Шу және Сыр бойына қоныстанған тұста осылармен бірге жүрген Тарақтылардың бабалары Үйсіндермен де жақын араласып, бірнеше ғасыр қоңсы болды. Нәтижесінде, Үйсіндер де өздерінің шежіресінің бір үлгісін Тарақтан тарататын болып алды. Бұл, әрине, Тарақтылардың ежелгі Төлеңгіттер тәрізді Шыңғыс хан тұқымына жақын болуына байланысты болса керек» (581-582-б.), 
«Тарақты тайпа ретінде ХІV-ХV ғ.ғ. Жалайыр төлеңгіттерінің ыдыраған руларынан және жоңғар шапқыншылығы тұсындағы әлсіреген Арғындардың ру тармақтарының қосылуынан пайда болған десек, тарихи шындыққа әлдеқайда жақын пікірлер айтар едік. Мәшһүр Жүсіп келтірген деректегі Тарақты тек Арғын тайпасына ғана емес, бүкіл Орта жүзге «ноқта аға» болып табылады... Тарақты саны аз болғанымен, он екі руды құраған Орта жүздің жеке тайпасы және осы жүзге үстемдік жасайтын, төрелердің әкімшілік саясатын жүргізетін «ноқта аға» болып табылады» «делінген (597 б).
Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп Тарақтыны төреден таратса, ал Жалайыр шежірешілері (Сарқытбек Шора) Тарақтыны Жалайырдың Бірманақ бұтағынан таратып, «нағашысына сіңген өз туысымыз» дегенді айтады.     Ж.Бейсенбайұлының «Қазақ шежіресіндегі»(А., 1994. 120-б.) сызбада керсінше: «Үйсін Майқыдан Үйсіл, одан Сақал, одан Тарақ, одан Жалайыр тараған», – деп көрсетілген.
М.Жандыбаев «Исторические эссе Джалаир Тараки Уйсун-теги и Чингисхан Тарак-теги» аталатын кітабында («Шыңғысхан» журн. №1 (2) 2012 ж.)  Арғын ішіндегі Тарақтыны, Тама мен Табын ішіндегі тарақ таңбалы Жоғы мен Тоғым аталарын, сондай-ақ Ергене қонды қоныстап шыққан Қият пен Нүкүзді де (Шыңғыс хан бабалары) Жалайырдан шығарады. Ал Жалайыр мен Қаңлыны Үйсіннен таратады. Бірақ, Қият тайпасы Хунну империясы құрамында болған ж.ж.с. дейінгі І-ІІ ғасырларда Үйсін мен Қаңлы өз алдына жеке мемлекеттер ретінде Хуннумен қатар, бірде одақтас, бірде қақтығысып, өмір кешкендері жайындағы тарихи деректерді ескерген жөн  дейді..
Тарихтағы осындай көптеген себептерден Шыңғыс  ханнан тараған Қазақ хандары Жалайырды – Ұлы жүзге, Тарақтыны – Орта (Орда) жүзге, ал Тарақты Тоғым батыр қосылған соң Табын-Тама руларын – Кіші жүзге «Ноқта ағасы»  етіп қойған болса керек.–дейді белгілі композитор,қоғам қайраткері,зерделі зерттеуші Хасен Қожахмет.
Біздің пайымымызша, ұлан-ғайыр  Даланы өзіне қаратқан Қазақ хандары Хақ Назардан бастап,ол бұл шексіз-шетсіз өлкені басқарудың тәсілін ойластыра бастайды.Бір жерге топтасқан әскер қазақ даласының екінші қиырына жету үшін көп уақыт кететінін түсінеді.Тұрақты әскер жасау ісінің де көп шығын талап ететінін түйсінеді.Осыған байланысты елді ұлыстарға,аймақтарға бөледі де,батырлармен бірге билер институтын жасайды.
Осы жұмысты оның әз Тәуке дейтін данышпан ұлы біржолата аяқтап, «Жеті жарғымен» бекітеді.
Бұның құрылымы өте қарапайым. «Моголстаннан» қосылғандарды Ұлы жүз, Дешті Қыпшақта тұратындарды Орта жүз,ал батыстағы-Еділ мен Жайықтың арғы-бергі бетін,болса да Ноғайлы ұлысының ұлы жұртын Кіші жүз атандырады.
Сонда біртегіс жатқан Ұлы жүзге Шыңғысханның заманында үлкен роль ойнаған,қытайды Мұқылайдың бастауымен бағындыруға барған, заманалар көшінде Жетісудан келіп бір-ақ шыққан Жалайырларды «ноқта ағасы» етеді.
Орта жүз де арғын,найман,қоңырат,қыпшақ,керей,уақ атанып, алты арыс ел боп тұрғанда,дәл сол кезеңде Арқада көшіп-қонып жүрген  «Тарақтыны» оларға «Ноқта ағасы» етеді.
Батыстағы Адайларды, Он екі ата Байұлын ешкімге кеудесін бастыра  қоймас деп және солардан тепіріш көрмесін деп  бір кездері өз алдына хандық құрған Тама,Табын,Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Телеу,  Рамаданнан   «Жеті ру» бірлестігін жасайды. Оларға «Тама-Табынды»  «ноқта ағасы» етеді.
Осыны  Алаш автономиясының бас прокуроры болған,магистр атағы бар, Орта жүзден шыққан, Жақып Ақбаев өз шежіре –  дерегінде былай деп жазады.
«Үш жүздің баласы Әз Тәукені ортаға алып,атақты  «Таңбалы тастың» (ескерту,Созақ сахарасындағы Шу өзені мен Сарысу өзенінің түйісетін тұсы,қазіргі Тайқоңырдан 100 шақырымдай жерде) маңына жиналып, мәңгібақи бір боламыз деп анттасқан көрінеді.Соған бата берілерде аспан түстес боз биені құрбандыққа шалуға әкелгенде келісім бойынша:
Ұлы жүз-Жалайыр ноқта жібін ұстайды.
Арғын,Тарақтының баласы тұсау салып жығады.
Кіші жүз-Таманың баласы бауыздайды.
Бауыздау қанға үшеуі төрт саусағын батырады. Сөйтіп, таңбамыз бір деп серттеседі.Осыдан Үш жүздің «Ноқта ағасы» атанады»  
Сонда «Ноқта ағасы» деген не нәрсе?!
Белгілі қаламгер  Әбіш Кекілбай «Үш пайғамбар» деген кітапта        «Туыстық жолмен табыса алмайтындарды «өкіл аға», «ноқта ағасы» қып табыстырған»-дейді.
-Менің өз елімде Арғын, Арғынның Қарпық деген,одан бері Тоқа деген және одан бері Енең деген бұтақшасы болады.Сол біздің Енең деген ел де екі болыс ел»-дейді Сәкен Сейфуллин өзінің атақты «Тар жол,тайғақ кешуінде»(444-бет) - Ал біздің екі болыс елдің де мекені және Алтайдың бірнеше болыс елдерінің мекендері мына екі болыс Тарақтының Арқадағы әлгі мекен еткен тауларымен бірге аралас,жапсарлас болады. Сондықтан бұл елдердің бәрі де бір-бірімен жақын ағайындар елдер.Бәрінің түбі бір, жерлері бір, жалпы тұрмыстары да бір болады.Бір-бірімен жақсы араласып бір - бірін өте жақсы біліп отырады.Міні,сондықтан бірінде бар мінез бәрінде болады,-деп сипаттайды.
Қолда бар деректерге қарағанда,1928 жылы «аудандастыру» науқаны жүргенде «Тарақты» жұрты бірнеше бөлікке бөлінді.Қызылорда облысында Шиелі ,Жаңақорған ауданы, Түркістан қаласының батыс жағындағы бір кезгі Фрунзе ауданы(қазіргі Шорнақ ауылы) болса да Түркістан қаласы,Созақ ауданы,оның Жуантөбе ауылының батыс жағындағы  «Тарақты арық» аумағы, Шудың орта тұсындағы Жамбыл облысы,Сарысу ауданы, Кіші Қамқалы,Ұланбел дейтін жерлер,сондай-ақ қазіргі Саудакент (бұрынғы Байқадам)жерлері,бұрынғы Жезқазған облысының  Жаңа Арқа ауданының «Жеңіс» әкімшілік аумағы,Жәйрем қалашығы  т.б.  Тарақтылардың көбірек шоғырланған жері боп саналады.
Тарақты руынан Байғозы батыр,Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова,Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте иеленген Ыбырай Жақаев бастаған көптеген жайсаң жандар  шыққан.
Өрнегі өзге өнер- Шешендік сөздерді,халық даналығын бүткіл саналы ғұмырына алтын арқау еткен тұғырлы тұлға Балтабай Адамбаевтың арғы тегі туралы  сөз еткенде осыларды аз-кем тілге тиек еткенді жөн көрдік.Артық-кем кетсек,ойлы оқырманнан кешірім өтінеміз...
Балтекеңді өз көзіммен 20 жасымда 1967 жылдың жазында  көрдім.Менің анам Орал ол кісінің апасы еді.Тарақтының Апай деп аталатын атасынан еді.Жалпы Апай-Тоқтауылдар ағайынды кісілер болып саналады.
Біздер тағдырдың тарау жолымен «Бөген-Шаян»(қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы,Бәйдібек ауданы) деген жерде тұрып,нағашы жұрттан ажырап қалған болатынбыз.Анам мен дүниеге келген 1947 жылдары ең соңғы рет төркіндеп қайтқан екен.Анамыздың туған ағасы Сүйіндік Сапақов Шу өзенінің  бойындағы Ұланбел-Қамқалы деген жерінде тұрады екен.Ол аты аңыз боп кеткен адам еді.Себебі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол,тайғақ  кешу» романында «Сүйіндік батыр» деп дәріптелген азамат еді.Атақты романның 6-7 беті соған арналған болатын.Сүйіндіктің Сәкенге сіңірген еңбегі-оны атаман Анненковтың азап вагонынан қашып шыққанда жансерігі болып аман алып қалуында екен.Бұл романда толық айтылғандықтан бұған тоқталуды жөн көрмей отырмын.Сол Сүйіндік көкем мен апам Оралдың тапсырмасымен КазМУ-ге оқуға түскелі талаптанып жүргенімде Алматыдан әзер іздеп таптым.Горький паркінің алдындағы Гоголь көшесінің  9-ыншы үйінде тұрады екен.Пәтері шағын екі қабатты каркастан соғылған ескі үйдің екінші қабатында болып шықты.
Көзіме өте сабырлы адам боп көрінді.Түсі сары.Шашты артқа қайырған.Сәл-пәл ырғалыңқырап қойып жай-жапсарымды сұрағаны әлі есімде.Мен ол уақта Балтекеңнің «Шешендік сөздерін» көбіне «Мәдениет және тұрмыс» журналынан оқитынмын.
Ол кісі көбіне өзінің «қызапасы» Орал туралы сұрастырумен болды.Әрине,менің жоғары білім алуға деген таудай талабымды құптады.Бірақ маған,әлденеге өте сақ қарайтындай,жазылып әңгіме айтпайтындай өте жұмбақ бейнеде көрінді.Мен ол уақта аптығым басыла қоймаған ақын болғандықтан,оның өте баяу сөйлеп,әліптің ақырын күткендей кейіп білдіргені, әрине, ұнаған жоқ.Бетіме ұзақ үңіле қарап,тамсанғандай болып: «Біздің Тарақтылардың ырыс-несібесі жиендерге кеткені рас болды-ау!»-дегені әлі есімде.Сол-содан 1985 жылы араға 18 жыл салып қайтадан оралғанымда кәдімгідей қартайып қалған екен.Мен болсам бұл уаққа дейін
Теңіз кешіп,тас шайнап,мұз жұтатын,
Жиырма бесім, тарттың ба тізгін ақыр?!
Орда бұзар отыздың ар жағында,
Қырма сақал қырықтың ізі жатыр...-дейтін кезеңге келіп қалып едім.Кереметі сол, Қазақ ССР Оқу министрлігінде қызмет етіп жүргенімде Балтабай Адамбаев көкеміздің жанжары Жаңылхан Адамбаевамен бірге жұмыс жасасуға тура келгені.
Ол уақта Орталық мұғалімдер білімін көтеретін институттың (ЦИУУ) қазақ тілі мен әдебиетін қадағалайтын кабинетте жүргенімде Жаңылхан Адамбаева апайымыз Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту саласына жетекшілік етті.
Міне,осы жылдарда Шешендік өнердің хас шеберімен көбірек шүйіркелесуге мүмкіндік болды.Кейіннен ағамыз дүниеден өткенде де басы-қасында жүргенімді жасыра алмаймын.
Қазақта кезінде атағы алты алашқа жайылып,кейіннен жоқ болып кеткен адамдар туралы қарапайым ғана «іздеушісі жоқ қой» дейтін сөз бар.Бұл оның ізін қуған шәкірттері,артында қалған туған-туыстары,елі-жұрты туралы айтылады.Міне,осы іздеушісі жоқ жерде,қандай ұлы талант болмасын,оның жазған-сызғаны ту-талапайға түседі.Оның аты-жөнін  өшіріп тастауға әрекет молаяды.Оны олар өте сыпайы,әрі сауатты жасайды,мәселен мақала болмаса кітап жазғанда қайдан алынғанын көрсетпейді.Тура өзі тапқандай иелік жасайды. Себебі, «іздеушісі» жоғын біледі.Бірақ,бұл оларға қайткенде де аброй-атақ әпермейді.Бәлкім,белгілі уақта,кезеңде әлгінің даңқын шығаруы мүмкін,әйтсе де уақыт өте келе ұлағатты ұрпақтар,бәрібір оның жазғандарының «көшірме» екеніне көзі жетеді.Себебі тасқа басылған сөз табанды қарсылық көрсетуден танбайды. Әрине, нәті,тегі асыл болса...
Біздің байқауымызша, Балтабай Адамбаев мұраларын іздеушілер көбейе бастаған тәрізді.Ең әуелі оған өзі туып-өскен Саудакент селосынадағы орта мектептің,Тараз қаласындағы бір көшенің аты берілген.1999 жылы қазан айында Алматыда тұрған үйіне (Фурманов көшесі,220-үй)ескерткіш тақта орнатылған.Көзі тірісінде Жамбыл облысы, Сарысу және Мойынқұм аудандарының «Құрметті азаматы» атанды.Болса да,көптомдығын шығару күн тәртібінде тұр.
Бүгінде «Мәңгілік Ел» болуға  бағыт ұстанған Қазақ жұрты сөз әлемінің биік шыңы шешендік өнерді қағажу қалдырмайтыны анық. Олай болған күнде осынау зерделі зерттеудің Ордасына ең алғаш алтын баспалдақ орнатқан Балтабай Адамбаевтың да атының ұмытылып кетуі мүмкін емес дейміз.Сөйткенде ғана «Мәңгілік Ел» мұраттары толығымен іске асады деп ойлаймыз.
 
Жарылқасын БОРАНБАЕВ

746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы