• Әдебиет әлемі
  • 30 Шілде, 2012

Жүрексіне қараймын айналама

Бақытгүл Баймолдақызы 1974 жылы Уланбатор қаласында дүниеге келген. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Махамбетше Мұнар да мұнар, мұнар күн, Мұңдардан таққан тұмар күн. Мұзбөрік шыңнан мұзбұлақ, Мұқтаж боп төмен құлар күн. Жапырағы жасыл бәйтерек, Жаңқа боп сәтте сынар күн. Жалыны басым жастық шақ, Жалғандықтан ығар күн. Айшықты буы алтынның, Астында жездің бұғар күн. Бастауы таза ақтұма, Басында бұлттың тұнар күн, Бақшаның әсем бұлбұлы, Бақа алдында тынар күн. Көмбесі сынды көп мұңның, Көкірегімді ұғар кім?! *** Вокзалда барар Бар еді бір шын жақыным, Вагондарынан, Панасын тапқан, жатынын. Адамдар неге, Айналып өтіп барады, Аспан мен жердің, Адасып жүрген ақынын?! Ай білген сырын, Ай тыңдар жырын түндерде, Қажетсіз оған, Қайсібір сарай, мінбер де. Өлеңі үшін, Өмірден өтем сұрамас, Жырлатып қойғың, Махаббат пенен мұң бер де, Жұлдыздар ұққан, Жұлдызша қарлар түсінген, Жанына бардым, Жалқылау мұңы үшін мен. Көзіңдегі оты, Көміліп, сөніп кетпеген, Ақынды тағдыр, Алмапсың баса мысыңмен. Вокзалда барар Бар еді бір шын жақыным, Вагондарынан, Панасын тапқан, жатынын. Адамдар неге, Айналып өтіп барады, Аспан мен жердің, Адасып жүрген ақынын?! *** Рауандап атар таңдардан күттім жыр бақыт, Жанымның барша жалынын, отын ұрлатып. Қасқайып тұрған қарлы шыңдарды көргенде, Мұзбалақ Мұқаң тұрғандай болам үн қатып. Нұрланып батар күндерден күттім бір бақыт, Арымның асыл ақық нұрларын бұлдатып. Айбыны асқақ ақшағыл айды көргенде, Жанардың жалғыз тамшысын алам құрғатып. *** Бақытты ма екен аспанда ай, Ажарлы, нұрлы, ақ маңдай?! Жұлдыздар бәлкім, бақытты, Бір-бірін сүйген жасқанбай. Бақытта ма екен көкте күн, Жылатқан таудың бөктерін?! Ақ бұлттар бәлкім бақытты, Бір-бірін құшып, өпкен мың... *** Баспана... Бас қатырар мұңым ба едің?! Бас қайғым, Басқа еді ғой бұрын менің?! Сен сірә, Секілденіп өмір заңы, Жастықтың, Жалауымен білінбедің?! Баспана... Бас қатырар мұңым ба едің?! Өтіпті, Өзге тамда күнім менің. Өлеңнің, Өрелі бір қызы еді деп, Басымды, Бағалайды тірімде кім?! *** Орнағанда ордалы басыма мұң, Торықпадым, жабырқап жасымадым. Тағдырыма талықпас қуат берер, Мен өзіңе тау шыңы асығамын. Асығамын сендерге хас шыңдарым, Көкіректің көшіріп тасқындарын. Маңғаздарым түсіме еніңдер кеп, Мазаланбай мауқын бір бассын дарын... *** Ай... Ажарыңа нұр тұнып, Арбағаның неткенің?! Мен өзіңе ұмтылып, Жете алмадым, жетпедім. Ай... Асқақтыққа ие шын, Аспандағы асылым, Сен де мені сүйесің, Мен де сүйем жасырын... *** Пушкин! Аруағыңмен сезінгін мендік үнді, Мен де өлеңге ұрлатқам теңдігімді Сен менімен жекпе-жек шықтың ерек, Қорғасынға қорытып кеңдігіңді. Қажеті жоқ секілді тың ақылдың, Жарылыс боп жарылдым, сынатылдым. Сен өзгенің оғына бір атылсаң, Мен өзімдік оқтарға мың атылдым... *** Сағалы жырды сағынышпенен, Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем. Тасалап келіп тамұққа тастар, Жасын ғұмырды жазымыш деген. Тынысы тым тар тығырықта мың, Ұйыған зар мен ұлылыққа мұң. Көреді көрдің көрпесіне еніп, Жылылық пенен жылымық табын... Сағалы жырды сағынышпенен, Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем... Тасалап келіп тамұққа тастар, Жасын ғұмырды жазымыш деген. *** Баса алмай өксігімді, Отырмын... қараңғылық. Өзіңе өштігімді, Мойындау табандылық. Ол рас аңғал едім, Торыңа түстім содан. Биікке самғар едім, Қажеті аз құстың саған. *** Жаныма жара салды, Өзімшіл сезімдерің, Арманым аласарды, Сен оны сезінбедің. Қаймығып қабағыңнан, Келсем де жасып – налып. Жас толы жанарымнан, Тығылдым қашып барып. Сүймедім, сүйе алмадым, Айыбым осы бәлкім?! Қимайтын қиялдығым, Аспаннан тосып алсын... *** Осы бір сенің ессіз қызғанышың, Көңілімнің көктемін бұзғаны шын. Көбесінен сөгіліп көнбістігім, Көкіректе көбейді сызданысым. Жан болмысым жабығып, жасқа тұнып, Жүрмін басқа ойлармен бас қатырып. Жүрексіне қараймын айналама, Жүрегімнен алардай таспа тіліп. Болмаса да ұжданым жат ұрлаған, Жаңартаулар секілді атылмаған. Жалынымды жасқаймын, тұншығамын, Жанып тұрып оттарға лапылдаған... *** Жылауық түн, Жылата алмадың мені. Жылаңқы дені, Жын текті реңі... Жылауық түн, Жылыта алмадың мені. Жылымық демі, Жыртық жеңі... *** Ұрланып қарай бересіз, Сеземін.... сосын сұстанам. Қиналып жүрсіз неге сіз, Қимасы бардай құшпаған?! Үнсіз мен бәрін ұғынып, Үнсіз мен бәрін түйсіндім. Жығылмас жерде жығылып, Басқаға бағын қисын кім?! Ұрланып қарай бересіз, Сеземін... сосын сұстанам, Қиналып жүрсіз неге сіз? Қимасы бардай құшпаған?! *** Арманым – ай, Айтшы маған анығын, Жасанды ма, Жалған ба еді жарығың?! Егер күннін, Еншісінде болса нұр, Қалай ғана, Қара көзді қарыдың?! Арманым – Ай, Айтшы маған шындығын, Мен де өзіндей, Мезгіл-мезгіл мұңдымын. Күнсіз сенің, Күрмелесе егер сәулең шын, Түннң неге, Түріп жүрсің түндігін?!

522 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы