• Әдебиет әлемі
  • 30 Шілде, 2012

«Тағы бір тақ күлімдеп атты»

Жаңақала қасиетке тұнған жерім, Ақын, күйші, дүлдірлдер туған елім. Қуат алып суы мен ауасынан Ата-баба рухымен төске өрледім. Жаңақала жері – кең байтақ, өлкесі көк майсамен өрілген, жазық жазиралы дала, сыңғырлай аққан бұлақтар, нарын құмды шөлдер, табиғаты тамаша мекен. Табиғат-ананың тоң кеудесінің жібіп, мейірімі күн шуағындай төгілген бір тамаша жері болады десек, мен бұл тұрғыда өзімнің туған жерім Жаңақаланы, нағыз қазақтың көрнекті жері деп, мақтанышпен айта аламын. Себебі, қазақ жерінің табиғаты сұлу, кіршіксіз таза, мөлдір бұлақтай пәк. Осындай сұлулықты сұқ көзден сақтап, жері үшін жат пиғылдармен соғысып, әр күнін ат үстінде өткізіп кеткен батыр бабаларымыздың еңбегі зор екенінде ешкімнің дауы жоқ. Бүгінгі кең-байтақ даламыздың тегеуріні бола білген де солар еді. Кешегінің дүбірлі сарқыты – бүгінгі біз өмір сүріп жатқан иен дала. Бұл қазақ деген намысы көк тұлпарды жығатын, жығып қоймай , орнына қайта келтіре алатын бабаларымыздың бізге тастап кеткен мол мұрасы іспетті. Ол үлкен мұра – сіз бен біздің өміріміздің кепілі, азығы мен көзі, дәмі мен тұзы. Соншама ғасырлар бойы ата – бабаларымыз тектен – тек туған жер тағдыры үшін күрескен жоқ. Олар біздің тағдырымызды, яғни өз ұрпақтарына еңбек етіп, күн көруге лайықты жердің керек екенің ойлап, күресті, жаумен араласып, соғысып тайталасты, «жер мен ел тағдыры», – деп қан төкті, жан қиды. Жаңақала ауданы Орал қаласының оңтүстік батысында, Көшім өзенінің Бірқазан көліне құяр жерінде орналасқан. Тарихқа құлақ ассақ, Жаңақала ауданы бір мың тоғыз жүз отызыншы жылы құрылды. Іргесі бір мың тоғыз жүз жетпіс екінші жылы Қисыққамыс елді мекенінің негізінде қаланды. Ауданда тоғыз ауылдық әкімшілік округ, отыз екі елді мекен бар. Жаңақала ауданына Айдархан, Маштексай, Жаңақазан, Кармановка, Жаңаталап, Бірлік, Пятимар, Красногор совхоз орталықтары кіреді. Қазіргі уақытта аудан орталығында табиғи газ айдайтын «Компрессор» стансасы (Қисыққамыс ауылында), нан, май зауыттары, тұрмыс қажетін өтейтін комбинат, бірнеше құрылыс, көлік мекемелері жұмыс істейді. Биыл Жаңақаланың қайта құрылғанына 40 жыл толды. Осы қырық жылдың ішінде ауданымыз көптеген қиындықтарды басынан өткерді, талай биік жетістіктерге жетті. Ауданымыз қиындықтарды көрсе де, бірақ өз еңсесін түсірмеді. Міне, осылайша тағы бір арайлы таң күлімдеп атты. Бүгінде сұлулыққа тұнған ғажайып Жаңақала мекеніміз, байлықтың да шоғыры жиналған жер екендігімен де танылып жатыр. Ауданымыздың байлығы – оның жер-суы, қасиетті жері, құнарлы топырағы. Жайнай бер, жасара бер, ЖАҢАҚАЛА! Әйгерім Өтешқалиева, 11-сынып оқушысы Республикалық жас таланттар байқауының жүлдегері.

420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы