• Руханият
  • 30 Шілде, 2012

Жатақхана қызықтары

Студентпіз. Біреулерге «братишка», біреуге «перваш», ал кейбіреуіне «балмұздақпыз». Әйтеуір, бірінші курс студентіміз. Жатақхана. Бір бөлмеде – алты жігітпіз. Алтауымыз – алты өлкенің тумасымыз. Сөйлеу тіл ерекшеліктеріміз көп. О, баста келген кезде «диалектілерімізді» түсінбей қиналдық. Қазір «диалектологияның полиглотымыз». Алты жігіттің мінезі әртүрлі. Келе -келе бір- бірімізге бауыр басып, үйреніп қалдық. Арамыздағы ұяң мінезділер ашылып, өмір майданына деген ықыластары оянып, өзгерді. Жатақханада ер балаларға тұру қиыншылық тудырады. Бірақ бәрі өзіңе байланысты. Бірінші курстың алғашқы айларында үлкен курстың студенттері жиі келіп, әкіреңдеп кетеді. Қолыңдағы ұялы телефоныңды да тартып алады. Әлімжеттік жасайды. Тәртібіне бағынбасаң жағдайың «Жапония» болады. Әр айдың соңында шәкіртақы түседі. Банкомат карточкаңды группалас қыздарға беріп, ақшаны соларға алғызып, тығып ұстайсың. Ақшаның шетін көрсетсең 1937 жылдың репрессиясына ұшырап, кәмпескеленесің. Егер олардың «дедавшиналық» әрекетін жоғарыға естіртсең «халық жауы» боларың сөзсіз. Көп ұзамай көктем шығады. Енді саған ешкім тиіспейді. Өзіңмен өзің боласың. Жатақхананың темірдей тәртібіне шыдамай, оқуын тастап кететіндер де болады. Ер жігіт болсаң шыдайсың. Шыңдаласың! Студенттік өмірде тойланатын туған күндерді айтсаңшы?! Үстелде біраз кәмпит, бірсыпыра тәттілер, әрбір жерде тұрған салат, варенье.Үстеліміз жұтаңдау болғанымен, көңіліміз бай. Туған күн иесінің құрметіне айтылатын ән, тілектер құлақ құрышыңды қандырады. Аядай қана бөлменің ішіне сыйып, көңілді отырып, дүрсілдетіп билейміз. Жақсы отырыстың шырқын комендант апайдың «отбой» деген даусы бұзады. Студенттер асханасы бұл – ең керемет тамақ пен бәліштің иісі шығатын жер. Бұл бөлмедегі – тоңазытқыштар ат басындай қазынаның орны. Ешкім жоқта келіп, қазыналы бөлменің құпия кілтін тауып, жақұтын алып, тездетіп ізіңді жасырсаң, «Америка» құрлығын ашқандай боласың! Қыздардың қазандарын аңдып, пісіп тұрған тамақтарын білдіртпей ұрлап, бөлмеңе жеткізу де қызық. Жатақханадағы махаббат. Екеуі де екі жақтан келген, бұрын -сонды таныс емес жастар бір -біріне ұнап, кейінірек араларында ыстық сезім пайда болып, мөлдір махаббатқа айналады. Бір бөлмеде тұратын алты жігіттің қайсысы бірінші қызға сезімін білдіріп, сөз айтып, қыз-жігіт болып жүрсе, сол өзгелерге үлгі болады. Сол қаһарман жатақхананы махаббат айдынына айналдырады. Сессия уақытында бір демалып, сергіп қаласың. Бұл кезеңде – «шпор» жасау науқаны басталады. Бұл өнердің жатақханада дамығаны соншалық, алуан түрлері де кездеседі. «Макстың кодывыйы», «Ұлбосынның алфавиті», «Балжанның китайскийі» дегендей кете береді. Көмекші құралдың арқасында компьютердің отыз сұрағына да жауап беріп, бес деген бағасын еңсеріп шығасың. Студенттік көктем. Алты ай қардың астында жатқан жер құсап түлейсің, қыстай оқудан жалыққандар ұйқыларынан оянып, табиғатпен жанасып, құлпырады. Қаладағы саябақтар мен гүлбақтарды аралап, кинотеатр маңын жағалап, би кеші өтетін алаңдарда жүріп қыдырасың. Күні бойы сабақ. Түстен кейін кітапханаға бару – күнделікті кестеміз осы. Филолог- студенттер арманшыл болып келеміз ғой. Өзге факультеттердің студенттері бізді бекерге «қиялилар» демейді екен ау?! Кешқұрым сөмкеңді сүйретіп жетесің бөлмеге. Дайын ыстық тамақ, салулы төсекті, отбасыңды аңсайды екенсің. Ер балаға мұндай шаруа ең қиын іс қой. Құдай берген жалғыз жексенбіміз біздің қасиетті жұмамызбен тең! Себебі осы күн жанталас. Киім жуу, бөлме тазалау, базарға бару деген секілді. Тамақ жасауды да үйрендік. Қайтесің, басқа салса көнесің. Осындайда «аюға намаз үйреткен таяқ» деген сөз жиі ойыңа келеді. Ал үйде жүргенде сенен асқан еркетотай, жалқау жоқ. Түздегі жағдайың белгілі, бәрі өзің үшін. Студенттік жылдардың бастауын көріп келеміз. Мөлдір махаббатты, адал досты да осы кезеңнен көресің ғой. Студенттік өмір осынысымен қызық екен! Жатақханада тұрып, қиыншылықтың бастауын көріп, болашағының жоспарын құрмаған студент студент пе?! Жатақхана жігіттері актер болып келеді. Кешкісін түрлі анекдот, әзіл, өлең, әндерімізді жинап, бөлмеден бөлмеге гастрольге шығамыз. Сондағы таласа тармаса жеген тамағымыз да дәмді-ау. Шалғай ауылдардан азық түлік жиі келеді. Сөмкені ашамыз. «О, варенье», «вау -у, салат», «ет», «сү- ү -т» , «бау -у –ыр- сақ» деп жамыраса жар сала, шексіз қуанамыз. Сөйтіп шала байып шыға келеміз. Ауылдағы мәуелі ағаштай әжемді, қара қазанды, сап сары «қазанжаппай» нанды да аңсадым, дәмі ауызымнан кетер емес. Дегенмен, жатақхананың тіршілігі рахат қой, бізде күнде айт! Өзіміз нанға тиын таба алмай жүрсек те, құдайы қонақ күтетініміз бар. Бірде тоқ, бірде ашқұрсақ жүрсек дағы, бізден бақытты, бізден жайдары жан жоқтай. Ақ таңды бірге қарсы алып, институтқа топтасқан тырналардай тізіліп барып, тізіліп қайтудың өзі керемет. Үй тапсырмаларын, мәнжазбаларды тексеріп, қорытынды айтатын оқытушылардың айнымас сөзі: «Жатақхананың инкубаторынан шыққан көшірмелі дүние». Иә, біз ұйымшылмыз. Бірімізге біріміз дем беріп, оқуда рухани, өмірде материалдық көмек те бере аламыз. Дархан мемлекетіміздің түкпір түкпірінен жиналған жастар бір үйдің баласындаймыз. Біз – болашақпыз! Ертең біз «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» бағдарламасы бойынша елдімекендерге барып бала тәрбиелеп, оқытамыз. Мақсатымыз – Отанымыздың іргетасын қалап, мызғымас достық орнату. Біз – бақыттымыз! Білімнің шамшырағы қазақ даласында тұңғыш жанған Ыбырай атаның қарашаңырағының астында білім алудамыз! Солтүстіктің бұрқаған бораны, қыстың шатырлаған аязы, қара желі құйындай ұйтқып, үйіріле соққан дала – менің де жерім. Әрине, мұнда маған туған жерім Жетісудың бір уыс топырағы, туған елімнің бір уыз рухани ықыласы жетпесі анық. Өзімді Бауыржан Момышұлының сөзімен тоқтатамын кейде: « Мүмкіндігіңнен мақсатың жоғары болсын». Студенттік өмір өтіп жатыр осылай... Елдос ТОҚТАРБАЕВ, Арқалық Мемлекеттік педагогикалық институтының Педагогика және филология факультетінің 1- курс студенті

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы