• Әдебиет әлемі
  • 09 Шілде, 2012

Мүмкін мен талай адамның, Ауызында сөз боп қақталдым...

Динара Мәлікова 1988 жылы өмірге келген. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Поэзия жанры бойынша «Үркердің» бірінші орын иегері. Қайырлы түн, қымбаттым!... Түсіңде көр, арманыңның бейнесін. Жүрегім кеп сүйем десін, сөйлесін. Есімімді айтып қойма, абайсыз, Ұйқысыздар ұғып қойып жүрмесін. Сағынышты жаратпаған күз етіп, Ойларынды оқиыншы түзетіп. Селт етпесін, селк етпесін кірпігің, Иығыңда отырайын күзетіп. «Жаным» дейін құлағыңа сыбырлап, Ұйықтап жатқан келбетіңнен сыр ұрлап. Сенің тәнің – бір көрпеге алданыш, Менің жаным – тыныштыққа тығылмақ. Шертілмеген күйге толып көмейім, Түн лебі боп шаштарыңнан өбейін. Ұйықтап қалшы, сан сұрақтан арылып, Кірпігіңе жұлдыз тағып берейін. *** Сезім болғым келеді, саған ғана ынтызар, Махаббаттың мәңгілік болатыны шын шығар... Ерін болғым келеді, саған ғана арналған, Үміт үзіп беруші ем,үкі таққан таңдардан!... Көзің болғым келмейді, қарап қойсаң гүлдерге, Мен кызғанып қалам ғой, ақылды боп жүргенде... Жүрек болғым келмейді, көп адамның мұңы бар, Қуанышым қайғының қанатына тығылар... Ауа болғым келеді, секундтарың тауелді, Қағазға емес, жаныңа, жазушы едім өлеңді!... ...Өзім болсам деп едім,бір өзіңе ғашық қыз, Сүйе бергім келеді, жылап алып жазықсыз... *** Өлең қалып барады жолдарымда, Өмір кетіп барады арманымда. Бір-ақ күнде бақытты бола салдым, Сол бір жанға ғашык боп қалғанымда. Жұлдыз құлап барады аспанымда, Сезім бұлай сөнбейді қас-қағымда! Сен тұрсың, «келдім ғой деп, сәл кешігіп», Жүрегімнің есігін ашқанымда. Күндер өтіп барады кірпігімде, Түнім жылап тұрады түндігімде. Тыншымаған жаныңды тығып қойып, Сабырлықтың салмағы көндігуде! Қиял күліп қарайды миығынан, Төгілген сезімімді жиып алам. Тәп-тәтті сағынышқа сыр ашам деп, байқамай жүрегіме кұйып алам! *** Терезенің ар жағында тағдырым, Терезенің бер жағында бар мұңым. Еркелігім қалып қойды ерініңде, Бесігімде қалып қойды бал күнім. Тыныштықтан тынысыңды естідім, Көңілімнің күрмеу жібін шеш, күнім! Қандай жақсы, ұйықтай алам сенсіз-ақ, Жалғыз төсек жайылғанда кешқұрым. Күндерімде тіршіліктің күйбеңі, Жүрегімде жырлар ғана сөйледі. Өн бойыма өмір әкеп сыйлаған, Сүйер болсаң көктем құсап сүй мені! Сәуір болып таңдарыма тұрақта, Жауын болып, жаным мені жылатпа. Көз алдымда сөніп жатыр сағаттар, Дәл осылай сағындырып сынатпа! *** Бүгін де таң атты, Бүгін де жүрегім соғып тұр. Күн шығып тіршілік таратты, Көктем кеп, көгіме қонып тұр. Бүгін де сағыну, Хат күтем, жәшікті тексеріп, Күндерде болса ғой жаңылу, ..бірдеңе дей салшы ескеріп. Түндегі мұңдарым, Оянып тіктейді еңсесін, Сені әлі сүйеді бұл-жаным, келем деп, сендіріп кеткесін. Тағы да өзіммін, Мен сені үндемей сағындым, Аймалап тұратын көзіңнің, Дәл мендей, жарқылын таныр кім? *** Жер басып жүретін пендемін, жерден сәл биіктеу жаным бар. Маңгілік қайғыға сенбедім, маңгілік махаббат табыңдар! Өмір де қайтарар бетіңді, басыла қоймаса желігің. Дәл осы өмірім секілді, расында сүйеді мені кім? Бақытты жоғалтып алам да, бақытсыз шақтарға тоқталам. Кінәмді жасырып қаламга, Алла деп аспанға ақталам. Көз жасым қуаныш хаттарым, күлкімде ғұмырдың өлшемі. өміршең өлеңдер жаттадым, көтеріп жүрсем деп еңсені.... Тағдырда бір тылсым сыр барын, уғындым сен келіп өпкенде. Жанымды жетектеп жылдарым, әкетіп барады көктемге... Жалған деп аталар Жарықтың, сәулесін жұтумен келемін. Өмірден өлеңді таныппын, Өлеңім өлмесе деп едім... *** Мен сүйсем,сүйемін өртеніп, Кірпігің ішінен гүл теріп. Төсегім жиылмай күтемін, Сенбесең көзіңмен көр келіп! Мен сүйсем, сүйемін сағынып, күдіктен, қайғыдан арылып. Ернімді ерніңе қондырып, жолыңды күтемін зарығып. Кейбіреу жүрсе де сөз қылып, көзіңде тұрамын үздігіп. Мен құшсам, жанымды жаямын, Әйелдің әлемін сездіріп! Қайтемін жаратса от қылып, Жалғандық бойыма-жат қылық. Мен сүйсем сүюді үйретем, Ләззаттың бағасын ұқтырып! Жаныма кеп жасырынып түнменен, жүрегімнің терезесін қағасын. Сендік болу санама да сіңбеген, Құшағымда ғанасын. Тыныштықта тірлік етіп жүресің, Үндемейтін әлемімнің ішінде. Саған сырттай тәуелдімін білесің, Мейлі, мүлдем түсінбе… Аспанның да ар жағында арманым, Қара жердің тамырына жалғанған. Өмір өзі шешер дедім қалғанын, шешуі жоқ болғаннан! Сүйіп тұрып безінгім де келмейді, Көңілімнің сен білетін күйі бар. ...Жаратқанды пендесіне кең дейді, Уақыттың да сыйы бар! ...Шын сүюдің соңы үйлену демеймін, Айтылмайтын сырым болып қалмашы. Көрінбей кеп күндеріңе түнеймін, ...Жырларымның жалғасы... *** Не деймін жаным саған?... ...Сағынып қалдым десем, Күйімді көресің бе? Көктемде тоңдым десем, Мейірім төгесің бе? Оңаша жүрмін десем, Іздеп кеп табасың ба? Сенсіз-ақ күлдім десем, Қызғанып қаласың ба? Ұмытып бар кінәңді, «Сүйем» деп сыбырлаймын. Сен тыңдар сол бір әнді, Мен айтып ыңылдаймын. Ертең- ақ келер деймін, Еңсемді тусіре алмай... Жүрек боп елеңдеймін, Өзімді түсіне алмай... *** Күн болып сынап ем, ерідім, Көгіме шығарды сені кім? Нөсер боп төгілдім бір демде, Ақ бұлттай арыңды көрдім де... Ай болып сынап ем, алдандым, Жүзімді жасырып қармандың... Сезім боп сын айтқым келмеді, Сендіріп жүрген соң сен мені... Жүрек боп, жүрмін ғой дүрсілдеп, Жаураса жылынып жүрсін деп... Хат болып көзіңе асықтым, Сен болсаң жауапсыз жасыттың... Түн болып сынап ем, түнердің, ...Мен саған жай ғана біреумін... *** Сағыныныштың болар ма екен өлшемі, Қайда жүрсің, жүрегімнің бөлшегі? Көздеріңнен қиялыңды құлатып, Әкетті ме, жел сені? Қайда жүрсің, мекенің де беймәлім, Сүйер болсаң өзің келіп, сүй, жаным! Тағдырыңды бұйырмаған қайтейін, Сезімінди қи, жаным! Қайда кеттің, сағынышқа айналып, Көрінбей-ақ, жүрмін саған байланып. Сені аңсаған түндерімді сезбедің, Жүрсе деп ем ойға алып. Мен сендегі сабырлықты таныдым, Тереземе тұрып алды тағы мұң. Бақыт болып жүр екенсің қай жерде, Жанардағы Жарығым? *** Дауысың көңілді, Күндерің шуақты көрінді... Салқындау сәлеммен қоштастың, Өзгертпей өңіңді... Ойымнан ұялдым, Сен қалай сезімге сия алдың? Ішімде ұлыған қызғаныш, Алдыңда ұяңмын... Сенде жоқ ұмтылыс, Хатың да, хабарың тым-тырыс. Жалғыздық жаныма жат емес, Күлкімде- күрсініс... Әзірге шүкірмін, Жүректің жасына жұтылдым... Ләззәттың азабы осы ма, Түніңе түкірдім! Қайтемін өкініп... Жүр деме «арына» бекініп... Сен және мен сүрген бұл өмір, Тәп-тәтті өтірік! *** ...Сусып түсіп жангүлім, Ақ бұлттарда қалғыдым. Кірпігімде жұлдыздар, Желге қонып бар мұңым... Қиялдарым жігерсіз, Бәлкім айтсам, күлерсіз... Ойларымның есі жоқ, ...Тағы бір күн түнерсіз?... Мезгілдің қай, кеші ме? Нелер түсті есіңе? Жалынышым жауапсыз... ...Асығасыз несіне? Тәнім ұйықтап барады, Жаным- қалды жаралы. Тереземде Ай жатыр, Төсегімнен тоңады. ...Қазір кетсең, келмеңіз! Сағынар деп сенбеңіз. Түніңізді түнерген, ...Білмейм... менсіз, емдеңіз! Мынау... белбеу, сағатың, Қамықтырды ау, Қара түн. Бақыттысың менен Сен, Бағытың бар баратын. Уақыт неткен келте еді, Үнсіздік күй шертеді... Тәніме емес, Жаныма ...Аялдасаң қайтеді? Ххххххххх Түнгі клуб Түнгі клубтың желге ашылып етегі, Желбең-желбең етеді! «Мен де, Әншейін... Кіріп-шықсам нетеді?!» - Жә! Жетеді! Жетеді! Құпия-өмір жалаңаштанып қарады, Тылсымына тәнті етіп! Әйел – арым жанышталып барады, Бура саны жарқ етіп! Аңға айналып адамзаттың баласы, Жемтігіне қарайтындай тамсанып. Хайуандықтың харам тұнған қаласы, Жатсынбайды – қарсы алып! Күң пұлдайтын, құл сататын базары, Тазалықтан жерінген! Түнгі клуб өлген тәндер мазары, Тозағына телінген! Безінбейтін, сезінбейтін соқырлар, Ластығыңа түкірдім! ... Кірмей, Кетіп қалуыма – Хақым бар, Шүкір?! Шүкір?! Мен – Әзірге шүкірмін!.. *** Шеңберге шектелген ғұмырдың, Сынына талай рет ұрындым. Шүкірлік шыңыма жеткізер, ...Жаратқан құлыңмын! Тәубемді ұмытқан таңдар бар, Жанымды жылатқан армандар. ...Әр күнім кеудеме гүл болып, Үміт боп орнаңдар! Тілекке түнеген тамшымын, Кеудемді күдіктен аршыдым. Қағазға қармандым, жалған жоқ, ...Төгіліп бар шыным! Қапасқа қамалған үнімнің, Зарынан шошындым бүгін мың. Кетем деп бәрінен қашқанмын, ...Етегіме сүріндім... Тірлікке бұрылып жанарым, Тағы бір жылусыз қарадым. Анам тұр алыста жетті үні, «...Отыңды өшірме, қарағым»! ...Қиялға сабақтас сырымның, Бөлектеу екенін ұғындым. Жырдың да отынан тым бөлек, ...ошағым отына жылындым... Сансыз ой санама соғылдың, Тағдырды қай жаққа жорырмын? Үстімде сағыныш көйлегім, ...Күз болып кезерген қоңыр мұң... *** Көңіл де бүгін басылған, Жасырғаным көп ғасырдан. Өткергенім бар басымнан, Бес күндік мына өмірде, Пенде де болып тасынғам. Түңілгенім көп өлмедім, «Білемін» дедім, білмедім. «Сүйемін» дедім, сүймедім, Сынағында сындым Алланың, Болмады сабақ түйгенім. Құлақ жоқ жерде мақтандым, Жүрек жоқ жерде шаттандым. Тілімнен қайғы тапқанмын, Мүмкін мен талай адамның, Ауызында сөз боп қақталдым. Жылтырығаннан да жеріндім, Жаны жоқ сөзге семірдім, Содан соң…іштей егілдім… Дөңгеленген мынау дүние , Дымымды қалмай кемірдің… «Алла» деп тілім сайрайды, Қолымды қулық байлайды, Жанымды жындар жайлайды, Төсекке тәнім тиген соң, Өзімнен қашам сол қайғы. Тереңге жетіп тамырым, Мәңгі өмір сыйла Жарығым. Анамның қалған арымын, Барымды шашып алмайын, Сарқыла көрме сабырым! *** Қарашығым, Өзіңдей табар ма екем жан асылын? Жерден ұзап жүрміз ау қол ұстасып, Көңілдің жасап алып жарасымын. Көгершінім, Қазір келіп, кейпімді көремісің? Әдемі елесіңе жан бітіріп, Секунд сайын сүйем ғой сенемісің? Өлеңімсің, Есігімнен күн болып енемісің? Мен саған шумақ болсам шұғылалы, Сен менің шабытым боп келемісің? Бәйтерегім, Сабырыңа жинайсың ой тереңін... Жырым болып жатырсың дәптерімде, Жарың болып жаралсам қайтер едім... *** Шын айтам, бәрінен жалықтым, Күтумен күн сайын зарықтым. Адам боп туылдым арман не, Кешірші, киелі Жарық күн! Кешірші киелі түндерім, Жүрегім ауырып жүр менің... Ауылдың қызындай аңғал ем, Бағымды қызғанды кім менің? Жалғаннан жерідім тап бүгін, Қолымнан сүйеді пәк күнім. Қай кезде сөнді екен шырағым, Қай жерге шашылды шаттығым? Қайғының алдында өр едім, Ал бүгін алаңсыз көнемін... Түнеріп… түнеріп келеді, жылауды білмейтін өлеңім... *** Көңілді сүйретіп ескірген, Күнәнің көзіне көштім мен. Тағы да түн дедім кінәлі, Кешірім сұрамай ешкімнен. Бақытты болуға беттегем, Ай жүзін жасырды бұлтпенен. Өзіңді жек көргім келді де, Сөзіңді ұмыттым «күт» деген. Кызғаныш көрінді қылтиып, Гүл-үміт дір етті бүрсиiп. Көзімді жұмдым да күрсіндім, Өзге жан ернiмнен тұр сүйiп! Кiнәні iздемей өзгеден, Осылай қоштастық бiз деген. Күз болып сарғайып қалганмын, Мен енді, көр енді өзгерем!

787 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы