• Әдебиет әлемі
  • 09 Шілде, 2012

Арманға толы өмірім

Мақпал Мамытбай Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияда мұғалім. Өлеңдері баспасөзде тұңғыш жарияланып отыр. Жайлы көктемнің бұлағымысың, Бүршіксің бе әлде жаңа жарылған? Төлдеген елік лағымысың, Алыстап кетпеші, қорқам, жалынам... Аптап ыстығы тасыған жаздың, Әлде жайнаған гүлімісің? Көбелек қуып, гүл терген қыздың, Тамылжи шыққан үнімісің? Жапырақ біткен жерге төселген, Нөсерлі күздің тұманымысың? Жаным да әнім бір сен ғана деген, Жүрегімнің сен тұмарымысың? Ақ ұлпа қарлы қақаған қыстың, Аязы үрлеген суығымысың? Шаршадым, жаным, сені таппадым, Сырымды менің ұғынамысың? Өзіңсіз көктем күні де батып, Гүлдерді тердім жаз жайлаудан. Бір сенсіз күздің күні де батып, Тынбадым қыста сені ойлаудан. Елес бейнеңе үнсіз қараймын, Содан соң да бір сәт мұңаям. Жаныңа, әттең, бара алмаймын, Болмаспын, кешір, жан саяң... Әрине, бәрі өткінші... жалған, Дегенге жету – бір арман. Жүрекке мәңгі өшпес от салған, Сені, аяулым, күте... сағынам... Өкініш... Жүзімнен нұрым кеткендей, Балауса шағым өткендей. Жанарым толып жас-мұңға, Айтылар жырым біткендей. Өтпестей болған уақытым, Ұстатпай, сырғып сынаптай, Өмірім өстіп өтердей. Үздіге күткен үмітім, Мені алдап бір күн кетердей. Арманға толы өмірім, Еш мәні болмай бітердей... Шүкіршілік Таңыма шүкір, арайлап атқан, Күніме шүкір, зікірмен батқан. Иманға берік болсам мен егер, Шын бақыт болмас дәл бұдан асқан. Жүректен қорқам, сабыры қашқан, Жанардан қорқам, мұңды шел басқан. Пендемін мен де үмітпен әр күн, Жамандықтардан жақсылық тосқан. Өмір... Өмір-өткен, Болашақ болу үшін. Өмір-көктем, Табиғаттан адамзат алар күшін. Өмір-саз, Көмеймен шырқай жөнел... Өмір-жаз, Иманмен, қане, көгер! Өмір-сыз, Табаннан суық өтпесін! Өмір-күз, Қалқада жүр, жауыны көп төкпесін. Өмір-құс, Үлгермейсің, қанаттыға жете алмайсың. Өмір-қыс, «Қалың киін», аязынан тоңбайсың. Өмір-ағаш, Біліммен су құйып тұр. Өмір-оғаш, Келмейсің қайтадан, біл, Өмір-тірес, Ақылды мыңды жығар. Өмір-күрес, Жеңгені тауға шығар. Өмір-5 күн, 5 саусақ сынды әр түрлі. Өмір-5 түн, Құптанды оқып, мәз болып, жүрек күлді. Өмір-бір сәт, Көзіңді ашып-жұмғанша. Өмір-шахмат, Пат болмайды ешқашан да. Өмір-сағым, Жете алмайсың қусаң да. Өмір-лағыл, Алтыннан қымбат әр таңда. Өмір-гүл, Солдырып алма, абайла. Өмір-бұл, Тым қатал ұстаз, алайда. Өмір-сын, Сынақтан өткін құлшына, Өмір-шың, Құлап қалмағын құзына... *** Ылғи да айтарым мұң-дастан, Бұл күнде сезімнен сыр қашқан. Кешегі жайнаған жазым жоқ, Қазір күз, далада сұр аспан. Салқын жел сипалап бетімді... Тоңдырды жанымды...етімді. Автобус ұшпайды, әттең-ай, Қалаймын үйге тез жетуді. Бір жұлдыз ілесіп бізбенен, Келеді көп аспан ізімен... Күн салқын, ыстық жоқ жаз күндей, Жаныңа жақсы екен жаз деген... *** Тауларды бассам, Бұлттардан ассам, Ұстатпай қашсам дауылдан. Көгілдір аспан, Күн де нұр шашқан, Тым жырақ кетсе бауырдан. Өмірді тәтті, Бағалап сәтті, Естелік болып қалу-мән. Мың жыл жүргенше, Мәнсіз күн сүргенше, Жарқ етіп жұлдыздай ағу тән. *** Сүйемін сізді, Мүлтіксіз, ешбір себепсіз! Мынау жалғанда, Өзіңіз ғана керексіз! Сүрсем де секунд, Қалсам да мәнсіз, дерексіз... Миллион адамнан, Жүзіңіз жарқын ерексіз... Жарық Күн, маған, Өзіңіз ғана керексіз!

390 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы