• Білім-ғылым
  • 14 Қараша, 2014

Ислам СӘРСЕНБЕК – тума талант

Құдайға шүкір, білімді жігерлі, мәдениетті жас өркендеріміздің қатары жыл санап көбейіп келеді. Сондай өнерпаздардың бірі Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ислам Сәрсенбек деуге толық негіз бар. 

-Төрт жасынан бастап домбыраға әуес болды. Ұлттық аспаптың саусағымен шертіп бізді таң қалдыратын,-дейді анасы Гүлстан, өткен шақты ерекше ықыласпен еске алып.

Таяуда білім ұясында жас таланттың шығармашылық кеші өтті. А.Жұбанов атындағы өнер мектебінің қобызшылары, №2 Оқушылар үйіндегі домбыра оркестрінің жетекшісі Тасқын Әлімбайдың шәкірттері, Олимпиадалық комитет төрағасының орынбасары Анатөлі Құлназарұлы, барабаншы Мақсат Жүсіпәлі, «Керуен» ансамблі және тағы басқа өнерпаз қатысқан басқосуда көпшілік Исламға ақ жол тіледі, өнеріне сүйсінді.

Бастауыш сыныпта жүргенде-ақ талай байқауларға қатысқан Исламбек өсе келе аудандық, қалалық. Республикалық өнер жарыстарында бәйгені бермеді. Дәулескер күйші Айгүл Иманбаеваның мектебінен тәлім алды. 2008 жылы Тайландта, Индонезияда өткен бүкіләлемдік өнер фестивалінде лауреат атанды. Ал, 2011 жылы Израильде болған әлем халықтары шығармашылықтарына арналған байқауда аспапта ойнау бойынша бас жүлдені жеңіп алды. 2012 жылы Испанияда, Францияда өткен бүкіләлемдік балалар мен жасөспірімдер байқауының жүлдегері атанды. Осылайша көптеген шет елдерде қазақтың қара домбырасының құдіретті әуен төге алатынын көрсете білді. Ислам Сәрсенбектің домбыра шертуіне сөйтіп әлем халықтары сүйсінді.

-Он саусағынан күй төгілген осындай шәкіртіміздің бар болғанына мақтанамыз,-деді мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары Гүлзира Молдабайқызы.

Ендеше, іске сәт, Ислам! Өнерің өрге жүзсін! Еліміздің бағына туған баланың болашағы жарқын болғай!

Салтанат ҚАЖЫКЕН 

 

404 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы