• Әдебиет әлемі
  • 09 Шілде, 2012

Бойжеткен

Жеңісбек КӨКЕНОВ Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Әңгімелері арагідік баспасөз беттерінде жарияланған.

Қаланың тарлау көшесінде шашын жайып алған қыз жүгіріп бара жатыр. Қатты ашулы. Тістеніп алып, алдындағы адамдарды қағып-соғып өтті. Сәлден соң қыздың артынан шешесі қуып бара жатты. Алдынан кезіккен қарт әжеге: – Кешіріңіз, осы жерден бір қыздың өткенін көрдіңіз бе? – деді. – Иә, көрдім, жаңа ғана жүгіріп бара жатқан,– деді қарт әже.  Шешесі қызын бағанадан бері қуып келе жатыр. Сілікпесі шығып, әбден шаршаған. Қолымен жүрек тұсын ұстап, ағашта біраз сүйеніп тұрды да: – Осы қыз менің түбіме жететін шығар, соңғы кезде жүрегім де ауыратын болды, – деді. – Қой, олай деме қарағым, ол әлі бала ғой, – деді мән-жайды түсіне алмаған қарт әже. – Қайдағы бала, жасы биыл он сегізге келді. Он сегізге келдім деп ойына келгенін істейді. Өткенде өзіміздің аулада көршінің баласымен сүйісіп тұрған жерінен ұстап алдым. Ұрыспай, жайлап айтып түсіндірдім. Ол сенің кіші әкеннің баласы, яғни сен оның қарындасысың деп едім, «Қайдағы әке, менің әкем жоқ, әкем болса келмейді ме, бос сөзбен өйтіп менің басымды қатыра берме!» деп өзіме шап берді. Не айтарымды білмедім. Бар кінә өзімнен еді. Мен оны бала кезінен әкесіз өсірдім. Сондықтан болар, шыққан тегін білмей өсті. Жалғыз қыз ғой деп бетінен қақпап едім. Соным бекер-ақ болған екен. Бойжетіп, қылық шыққалы сонысы маған қиындау болды, – деп қарт әжеге мұңын шақты. Соңғы кездері шешесі мен қызы жиі сөзге келіп қалатын. Сондай кезде қыз үйден қашып шығатын жаман әдет тауып алған еді. Арада бірнеше күн өткенде қызының әлгі жігітпен тұрғанын шешесі тағы көрді. Көрсе де көрмегенсіп, қастарынан өте шықты. Екеуі ештеңені сезген де жоқ. Өліп-өшіп, бірін-бірі аймалап, сүйісіп тұрды. Екеуін сол жерде шықпыртып алғысы келген. Бірақ олай етпеді. Ашуын ақылға жеңдіре білді. «Тағы бірдеңе десем долданып жүрер, өткінші сезім ғой, қоятын шығар» деп ойлады. Күндер өте келе қыз мүлде далаға шықпайтын болды. Күндіз-түні жастықтан бас алмай, ұйықтай беретінді шығарды. Қызының мазасы қашып жүргенін сезген шешесі, аз уақыт қасында болып, сырласайын деген оймен жұмыстан бүгін үйіне сәл ертерек келді. Үйге келген соң қыздың бөлмесінің есігін жайлап ашып, ішке кірді. Қыз шифоньердің аузын кең қылып ашып тастап, киімдерінің арасынан сапырылыстырып бірнәрсе іздеп отыр екен. – Қызым, не істеп отырсың? – деді шешесі. – Ит көйлегімді іздеп отырмын. – Оны не істейін деп едің? – Балама кигізем. – Алдымен үйлен, балаңа сосын кигізерсің. – Менде уже болып қойды. – Не айтып отырсың, бері қарашы? Шапалақ шарт ете қалды. – Ақымақ қыз, елге қара бет қылдың ғой! Ашуға булыққан қыз көшеге атып шықты. Екі қолымен бетін басып алып, алға қарай жүгіре берді. Қанша жер жүгіргені есінде жоқ. Тарс ете қалған қатты соққыдан есі ауып, жерге құлап бара жатты. Кенет айналаны әйелдің ащы даусы дүрліктіріп жіберді. – Құдай-ай, енді қайттым? Бұлай болар деп кім ойлаған? Қызымның тағдыры менікіне ұқсамаса екен деп едім. Бұл одан да өткен қайғы болды ғой. Енді не істедім? Екі тіземді құшақтап, жалғыз қалғаным ба? Алып қалада қара жамылған ананы ешкім жұбата алмады. Керісінше, қыздың жансыз денесінің қасынан машиналар айналып өтіп жатты.

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы