• Білім-ғылым
  • 07 Қараша, 2014

Халық жазушысына көрсетілген құрмет

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықовтың құрметіне Құрманғазы көшесі №90 үйде мемориалды тақта орнатылды.Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға зиялы қауым өкілдері және мәдениет қайраткерлері, Ә.Нұршайықовтың  әріптестері мен туған-туысқандары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова сөз сөйледі. «Әз-аға – нағыз халық жазушысы еді. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқының рухани тұтастығына, тәуелсіздік тұғырының берік болуына арнаған. Қаламгер азаттық дейтін киелі ұғымның қадіріне жетіп, қаламын қолынан тастамай, соңғы демі біткенше халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті. Елбасымыздың саясатына үнемі қолдау білдіріп отырды. Әзілхан Нұршайықовтың өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол шығармалары халқымыздың жадында мәңгілік қалары сөзсіз. Әз-ағаның туған-туыстарына, отбасына амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін!», - деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан
облыстық филиалының төрағасы Нұржан Қуантайұлы, жазушы Қайсар Әлім, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова Ә.Нұршайықовтың адамгершілік қасиеттері жайлы өз ойларын ортаға салды.    

Жазушы осы үйде құдай қосқан жары Халима анамен 26 жыл өмір сүріп, екі ұл және екі қыз сүйген. 

IMG_1858

IMG_1875

Ел басына күн туған ауыр кезеңде қолына қару алып, елі мен жерін жаудан қорғаған, бейбіт заманға аяқ басқанда, қаруын қарымды қаламға айырбастап, еңбек пен ерлікті, махаббат пен достықты жырлаған классик жазушы Әзілхан Нұршайықов еді. Соғыстан кейін Әзілхан аға Алматыға келеді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шығады. Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі болады.
Классик жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» романы халқымыздың ең сүйіп оқитын кітаптарының біріне айналды. 1970 жылы алғаш жарық көргеннен бері бұл шығарма 10 рет қайтадан басылып шығады. Ал аты аңызға айналған қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының ғұмырынан алынған «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы үшін Әзілхан Нұршайықовқа Мемлекеттік сыйлық беріледі. Әз-ағаның қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген ордендермен, медальдармен марапатталды. 

Нұрлан ҚҰМАР

 

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы