• Әдебиет әлемі
  • 09 Шілде, 2012

Дархандықты дала ғана береді

Закида Рахымқызы 1984 жылы 12 шілдеде Өзбекстанның Ташкент облысы Орта Шыршық ауданына қарасты Жаңабай ауылында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы Мемлекеттік Педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Өлеңдері Өзбекстан және Қазақстан республикалық басылымдарында жарияланып жүр. 2012 жылы «Елорда» баспасынан «Шұғыла» атты жыр жинағы жарық көрді. Сенімменен серттестім Жиырма бесте қырықпенен теңестім, Жайың не деп сұрамайды неге ешкім?! Шер тарқатып, сыр шертісер жан жоқтай. Жақыныма мұңым шаққан емеспін. Жарылқамай жүр өмірім демеспін, Білмен бірақ тұман ойға неге өшпін. Өзім қайрап жігерімді мұқалған, Ессіз кеткен күндеріммен егестім. Келмейді осы жанбай жатып тегі өшкім, Бағындырғым келеді-ақ жыр белесті. Жайып салып жиналғанды іштегі, Қайғы жұтып, енді уайым жемеспін. Жабығудан жалығумен шектестім, Қамыққанды қояйыншы деп шештім. Төзімменен келісімге отырып, Сенімменен сөз байласып серттестім. Самғап кеткім келеді Дала қандай, дала қандай кең еді? Дарқандықты дала ғана береді. Енжар тірлік еңсені езген кездерде, Ен даланы кезіп кеткім келеді. Мынау қандай таза тұнық көл еді? Тартып жатыр жанарларды тереңі. Жер бетінен жабыққанда күйзеліп, Көл түбіне сүңгіп кеткім келеді. Аспан қандай алыс еді,көк еді, Көз жетпестей қандай, шіркін, көлемі! Тынысымды тарылтқанда тар шеңбер, Көкке қарай самғап кеткім келеді. *** Жүйрік қиялмен жарысқан, Ілесіп қарқын ағысқа. Асығып артқа қарамай, Ауылдан кеттік алыстап. Жететіндей мол табысқа, Қалтарыстар мен қағыста. Үкілеп үміт еткендер, Жарылардай боп намыстан. Төбелер қалды бақ ұшқан, Қырқалар қалды шалыста. Аңырап қалды туған үй, Құлын мен тайдай шабысқан.

393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы