• Руханият
  • 09 Шілде, 2012

Әзия - күш атасы Қажымұқанның қызы

....Мен Қалиакпар Көшкімбайұлы Әміржановпен Алматы қаласының Абылайхан және Фурманов көшесі ортасында Республикалық аурухананың терапия бөлімінде жолыққан едім. Сырқат адамның ем-дом жасағанынан соң уақыты жетерлік емес пе, осы кезде көрші палатадан орта бойлы, сұлу кескінді егде тарта бастаған кісі шығып, әңгіме-дүкеннің арнасын ашады. Менің газетте жұмыс істейтінімді естіген Қалекең келесі күні өзінің Әлемнің бас палуаны, Қазақ даласының батыры, аңыз атамыз Қажымұқан туралы қолжазбасын ұсына отырып, «Қажекеңнің Ырысты атты әйелінен София және Рашида атты қыздар бар еді. Олар ерте дүние салды. Ал Ырыстыдан туған Әзия атты қыз бар деп естідім. Бірақ Әзиядан да, оның отбасынан бейхабармын» деген. ...Қалиакпар Көшкімбайұлы 1926 жылы Омбы облысының Шарлақ ауданындағы Киров ауылдық кеңесіне қарасты Қаратомар ауылында туған. Мектеп бітірген соң оның еңбек жолы 1949 жылы Қазақстанның Павлодар облысына қарасты өңірінде жалғасқан көрінеді. Осы аймақта ол он жылдан аса мәдениет саласында еңбек етеді. Тоталитарлық жүйенің кемелденген дәуірінде халқы жағынан орыстілділер басым Ертіс өңірінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамытуға ұйытқы болған. Ұлы далада ұрпақ сабақтастығын жаңғырту, тарихи-тілдік қүндылықтар мен өз атажұртында сан ғасыр өмір сүрген үлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғүрыптарын ұлықтау тәрізді шаралардың өткізіліуі – осы тұс еді. Қ.Әміржанов 1959-63 жылдары Ленинградтағы жоғарғы кәсіподақ мектебінде оқиды. Алматыға келген ол, әуелі, Қазақстан кәсіподақтары кеңесі мәдениет бөлімінің инспекторы, одан соң 1965 жылдан 1984 жылға дейін мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы, 1984 жылдан 1988 жылға дейін республика мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мамандығын жетілдіру институтының директоры болған. Оның ұлттық мәдениет туралы жазған зерттеу-мақалалары облыстық, республикалық және кезінде Одақтық басылымдарда жарық көрген. Соңғы уақытта Қажымұқан және оның өмірі, ұрпақтары жайлы жазған деректі естеліктері тәуелсіз еліміздің мерзімді баспасөздерінде жарық көріп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде. Ол кісінің Қажекеңнің 37- 40 жылдардағы репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларымен қарым-қатынасы, балуанның қажы аталуы және жұбайлары жөніндегі тың деректері назар аударарлық. Күш атасының спорттық жетістіктеріне күмәнмен қарайтындарға ол кісінің тарихи құжаттарға сүйене отырып, соңғы кездегі деректерді аркау еткен еңбектері балуан бейнесін ұлықтауда құнды дүние екені даусыз. Қаламы қарымды ұлтжанды ағамызбен әңгіме барысында мен Қажекеңнің қызы Әзия Сыр бойындағы Шиелі ауданының «Алғабас» бөлімшесінде кешеге дейін өмір сүргені, оның ұлы Тұрлыбек, Бақтыбек, қызы Құралайдың Шиелі кентінде тұратынын айтқан едім. Қалиақпар аға ерекше қуанып: – «Асылдың тұяғы туралы жаңарған Қазақ елі білуге тиіс қой. Дүниежүзінің балуаны атанған Қажекеңдей біртуар күш алыбының ұрпағын түгендеп, шырғалаңға түскен өмір жолын бір жүйеге келтірсек игілікті іс атқарған болар едік-ау» – деді ойланып. Шиелі аудандық газетінде отыз жылдан астам жұмыс істей жүріп күш атасының қызы Әзияны толық тани алмағанымызға іштей өкіндім. Балуан өмірінің жалғасы, Омбыда тұрып әкесін жерлеуге жете алмай ішқұса болып, өзегі өртенген 18 жасар Әзияның келер жылы Темірланға келіп, күш атасын жоқтауы қажырлылық пен қайсарлықтың көрінісі емес деп кім айтады. Жоқтау айту әлемдегі ешбір елде кездесе бермейтін тек қазақ еліне тән ақыл- ой кемелдігін танытатын, тапқырлық пен шебер теңеулерді қолдана алатын, сөз бен сезім сұлулығын көрсететін ұлттық үрдістің өзі ғой. Оңтүстік Қазақстандық мәдениет қызметкері Абдулла Жұмашевтің айтуынша жоқтауды түстікке белгілі ақын, балуанның рухани досы Балтабай Тебейұлы шығарған. ...2010 жылдың күзі. Әзияның ұлы Тұрлыбектің отбасына келдік. Бөліп берғен олжасын әр адамға, Алғыс алып атадан, ағадан да, Қажекеңді көргендер бақыттырақ, Көрмей қалған біздерге қарағанда, –деп, Тұманбай ақын айтқандай, отбасы мен келінінің зор тұлғасын көріп, «келін ата-ененің топырағынан» дегендей күш атасының рухы жиен отбасын төңіректеп жүр екен-ау деген ойға қалдым. Әзияның жолдасы Бұқарбай 1924 жылы туған, шаруашылықта кейінге дейін екінші болған. Әзия болса 1932 жылғы екен. Тұрлыбек шешесі Әзияның балуанның екінші әйелі Ырыстыдан екенін, оның София, Сейфулла, Рашида, Әшира – Бәшира атты егіз туған бауырлары болғанын айтады. Қажекеңнің Темірланда тұратын балаларымен қатысып тұратынын білдірді. 1949 жылы 19 наурызда Әзия айтқан жоқтаудың сарғайған мәтінін маған ұстата берді. Ол нұсқаны Абдолла Жұмашев жария еткен «Қажымұқанды қызы Әзияңың жоқтауы» атты мәтінмен салыстырған едім, айта қаларлықтай алшақтық жоқ екен. Тұрлыбек нағашы атасының тегінен де хабардар екенін аңғартты. – Нағашы жағымнан естігеніме қарағанда атамыз Қара Қыпшақ Қобыландының тікелей он бірінші ұрпағы. Алтыбас Ернақ батырдың немересі. Орта жүзге белгілі Лұқ балуанның жиені. Алыптың анасы Кәбира ерекше қайраттылығымен көзге түскен. Күш иесінің дүниеге келуі де ерекше. Ертегілерде айтылатын батырлардың айрықша құбылыс, ауыр толғақтан соң өмір есігін ашатыны тәрізді Кәбираның қажыр-қайраты жайлы Қалмақан Әбдіқадіров: «Кәбираның қаруы ауылға аңыз болды. Отынды тоғайдан басқа әйелдер бұтарлап, арқалап әкелсе, ол құлап қалған қу ағашты түгендей иыгына салып әкеледі» деп жазды. Алып анадан деген рас-ау сірә. Тұрлыбек нағашы атасының елге келгендегі көрсеткен көріністеріне қанық екенін де білдіре кетті: – Мына Шиеліге келгенде үйреншікті нөмірін көрсетіпті. Ол соғыстан кейінгі уақыт болса керек. Үстіне төрт-бес тақтай төсеп, колхоздың 1,5 тонналық «Газ - 51» машинасына 3-4 кісі мінгізіп үстінен ерсілі-қарсылы үш рет өткізіпті. Жуандығы екі елідей сом темірді алдырып, қос қолымен иіп, доға жасап, басынан асырып лақтырып жіберген екен. Әңгімені доғара тұрып, Әзия анамыздың әкесін жоқтауын оқиық дедім мен. Ол мәтін төмендегідей еді, оқырман назарына ұсынып отырмын. Сөйлесін тілім суырылып, Жаратқанға сиынып, Аза тұтып атама, Отырсыз халқым жиылып. Жора-жолдас, достарың, Қайғыма бірдей күйініп. Есіткен ел мен ерлердің, Тұрғаны бар ма сүйініп. Жүзім төмен боп қалды, Басыма қара киіліп. Ажалы келді төтенше, Алуға тағдыр бұйырып, Үш сағатта дем бітіп. Иманын қойды үйіріп. Тоқтау бар ма көз жасқа, Тұратын күнде тиылып. Тоқпақтай түсті төбемнен, Еріксіз ажал құйылып. Жетім бала, жесірің. Артыңда қалды үйіліп, Әлемге түгел жайылған, Ардақты атам өрнегің. Дүниежүзін аралап, Жаһанды шайқап өрледің. Қарсыласқан дұшпанды, Қырау құрлы көрмедің. Жетпіс бес жаста күресіп, Қолыңнан намыс бермедің, Айтып айтпай немене, Жоқ еді, атама, теңдерің. Алдымда, атам, сен едің, Сүйенгенім сенгенім. Ғазалыңды ерте-кеш, Жолымен айттым терменің. Орның бітпес, атакем, Арыстаны едің сен елдің. Белдескенін бүктетіп, Алысқанын өңгертіп, Алаштың атын шығардың. Жетпіс жеті жасыңда, Қазаң жетіп өлгенің, Мұқалған күшің жоқ еді, Лаулап шыгып сөнгенің. Ертелі-кеш бүл өлім, Басына түсер пенденің. Себепсіз ажал келгенді, Жаратқан озің жөндедің. Жас жетімек болмаса, Несі бір кетер өзгенің. Айып етпе, ағайын, Жоқтаудың түстім салтына Лайық деп айтсаңыз, Атамның жетсек нарқына. Талай дәумен алысып, Дем алмай келген қалпына Ерлік еткен істерің, Шығайын айтып халқыма. Айырылдық асыл болаттан, Зар болып қымбат парқына. Не дәулерді бас тұтып, Түсірген биік даңқынан. Түркияның палуаны, Қажықабыл кеп еді. Аспанға атып, жерге ұрып, Қаңбақ құрлы көрмеді. Жиырма екі патша шетелден, Сізсіз өтпес күресі. Палуаны Герман күресіп, Мойны үзілген сол еді. Мылтық атып жақыны, Ірі қылмыс боп еді. Қайырған оғын Құдайым, Болмаса атам жоқ еді. Рүстем Дастан бұрынғы, Анау-мынау балуанды, Ойнатқан қолда деп еді. Жиырма екі патша шетелдің, Бәрінде атам боп еді. Күрес десе күркіреп, Күші сыймай денеге. Қайнап шығып тұрады, Қайыспас өткір болаттай. Он саусағы, білегі. Күшіне сай жаралған, Денесі мен сүйегі. Қабақты келген ат жақты, Бұғақты келген иегі. Өткізген арба, мәшине, Демеді жанға тиеді. Темірді илеп қамырдай, Өзінше қайрат боп еді. Қайрат күшін өлшеусіз, Қыдыр мен бақ дарытқан. Мен жылаймын ерте-кеш, Атамның қайғы зарынан. ...Қатерлі жұмыс кездессе, Кетпеген атам қасынан. Жүз мың сом төлеп ойыннан, Өзінің еңбек пұлынан. Аэроплан жасатты, Амангелді атынан. Самолет кірген соғысқа, Хабары келген хатынан. Жүз жиырма рет соғысып, Қару мен жарақ тасыған. Отан үшін, халық үшін, Күдерін үзген жанынан. Атамнан дұшпан сескеніп, Толыққан жүрек қасынан. Күреспеді екінші, Бір күресіп сыр алған. Арыстандай ақырса, Жүрмеген дұшпан маңынан. Қарсы келіп алдыңда, Болмады ешкім тұра алған. Неше атақты палуанмен, Бір талмастан алысқан. Жығамыз деп келгендер, Қаңылтырдай қабысқан, Жексен болып, жер қауып, Тұрмастай болып жабысқан. Талай дәумен ұстасып, Талай дәуді жанышқан. Абырой, бағы кетпеген, Жібермей арын намыстан. Айғайласа ұрандап, Сол еді бастан сүйері. Атша тартып арбаны. Құдықтан алған түйені Мойынын бұрап тигізген Шүқырға сояр биені. ...Жәрдем беріп тұрады, Қайғырма халқым алаң боп, Айдархан мен Жанәбіл, Кетеді ертең адам боп, Халиолла мен Шабдарым, Алдыңда тұрса ағаң боп. Абдолла ағаң өлді деп, Жақында хатпен хабар боп. Менің халім бұл еді, Іс түрі түр жаман боп, Көбелектерім көзсіз боп. Қалмасын күнің қараң боп. Ел шетінде қап кеттім, Ағайын-іні арам боп. Жан беруге айналды, Тоқталды сөзі тамам боп. Жердің түбі ел шеті, Омскіден кеп едім. ... Бұрын өліп кеткенде, Қай жақтан іздеп келемін. Құшақ жайған халық үшін, Айбынды туған ер едің, Денеге күші сыймаған, Қайратқа мас сері едің. Нағашың үлкен балуан, Соған тарттым дер едің. ...Жеті жаста қап кеттім, Атекем, кеттің қайырылмай, Ұзарыңды білгенде, Жүрер ем сізден айрылмай, Екі қыз қалдық анаммен, Жүреміз қайып қайғырмай, Шешем өліп ояқтан, Көрстаннан жай қылды-ай. Жетім қалдық екі қыз, Анамыз кетіп айбындай. Жасымнан шерлі қу жүрек, Болат та қайтсін қайырылмай. Торғайдай тоздық паналап, Ағайыннан сай қылмай, Кемтарлықтан күн кештік, Малменен басқа пар қылмай. Атамның мұнда ішкенің, Бал менен шекер шай қылды-ай. Бақытқа жеттім дегенде, Көзімді жасқа шайдырды-ай, Аға, інімді аман ет, Бағымды бастан тайдырмай. Жас балапан қап кетті, Ұшырар қаз бен үйрегін. Аңсамай атам қайтейін. Қазір де қандай күйдемін. Бадамнан түсіп станса, Күттім хабар тигенін. Әзияш деп өкіріп, Бетімнен ерте сүйгенің, Әлдеқашан келмекші ем. Басымды тұрмыс биледің. Қызметіңде, атажан, Тәрбиелі жүрмедім. Қапалық бастан асырмай, Арқаңда дәуір сүрмедім. Қатар, құрбы ішіне Теңдікті іспен кірмедім. Бөлектігі іргенің, Өзгесінен айрықша, Басыма түскен бір менің. Атама келген қу ажал, Өкпемнен шаншып жүр менің, Айыпқа тұтпа ағалар, Қаталық айтсам бір жерін. Тоғыз жаста Айдархан, Қуаныш көрдім жүргенін. Сегіз айлық Жанәбіл, Көрдім мерей күлгенін. Шабдарды көріп тетелес, Шүкірге келді тілдерім. Асқар тау құлап айбынды, Не болар енді білмедім. Іші бауырым езілер, Атажан қамқор сен десем. Сағынбас едім атекем, Түсіме мұндай енбесең. Артыңнан келіп жоқтар ма ем, Ізденіп мұнда келмесем. Тәрбие берген атекем, Суға зар боп шөлдесем. Басылар ма еді мауығым, Тағдырға шүкір қылайын, Асылық болар көнбесем. ...Көрген түсті жорыттым, Сөзімді халқым нама біл. Өзге сапар жол түсіп, Ұзадың ауыл-аймақтан. Не палуанды жаныштап, Асырдың күшті қайратпен. Басып оздың денеден, Не дәуді болдың жаратқан. Не наһанмен алыстың, Бармақ, қол болды шайнатқан. Өшігіп балуан көп келді, Айнала шетел жан-жақтан. Көтергенге көнбедің, Басылып ауыр салмақпен. Дұнганша келіп күресті, Қытай жұрты қалмақтан. Поддубныйға Германда, Шайнаттың бір қол бармақ та, Талай дәумен ұстасып, Серке болдың шаңдатқан. Қажымұқан алып ең, Талайдың аузын қандатқан. Мұқалмайтын болат ең, Көпке күшін аңдатқан. Жер қозғалмас не дәуді, Ұшырдың жеңіл қаңбақтай. Белдеспей ұстап шығасың, Әдіссіз іліп шалмастан. Біреулер жатыр қан құсып, Біреулер жатыр талықсып, Біреудің сынып аяғы, Біреулер таңып балдақпен. Сенімді палуан Қажыекең, Ерлікті алған мандатпен, Қорғауда болып жүреді, Ойынға барса солдатпен. Нұр тайып тұрған кезіміз, Айырылып нұрлы ажардан. Гүліміз солған кез еді, Болғанмен бірдей анармен. Қас сұңқардан айырылдық, Дуадақ, тырна, қаз алған. Ашулыға өкпе жоқ, Сөзімді болсаң шам алған. Бұрын-соңды кеткенді, Бар ма екен іздеп таба алған. Тірісі үш, ал қазірге, Атамнан қалған белінен, Халиолла үлкені, Келе алмай жатыр елінен, Айдархан мен Жанәбіл, Екі кіндік теңімен. Рашида, София, үш қыз едік менімен. Бұл алтаудан басқаның, Ажырап қалдық көбінен, Немере төрт ұл, екі қыз, Айтайық сөздің жөнімен, Бәтима анам қартайған, Жүзі жұмсақ түрінен. Мінәй апай Арыста, Күдер үзген елінен. Бибіжан анам отызда, Тіл қысқа жастық кемінен. Іс ақырын сұраймын, Қаралы істің шерімен. Ауырмалдық іс екен, Мекенді ауған жерінен. Қайғылы зармен ажырар, Тірі арасы өлімнен. Жоқтау зарын есітіп, Аунайды атам қабырдан. Айналайын, жан ата, Жоқтайын енді Құраннан. Жоқтаған қызың Әзия, Балтабай нұсқа шығарған. 16 наурыз 1949 жыл. Заманында әлемнің әйгілі балуандарын тізе бүктірген Күш атасы өмірінің бір беті қайта ашылды. Хабарсыз кеткен Әзия осылайша ортамызға оралды. 1983 жылы алып тұлғаның туғанына 100 жыл толган, одан соң 1993 жыл да өтті, жылжып 2011 жыл да келді, апырай өзгенікіне таңдай қағып, тамсанатын қазақ 2013 жылы балуанның 130 жылдығында да үнсіз қалар ма екен?! Зәкім Жайлыбай, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылы.

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы