• Қоғам
  • 31 Мамыр, 2012

ТӨЛ БЕСІКТЕН ТАЛ БЕСІККЕ ДЕЙІН...

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! «Мен қалай пайда болдым?» деген әрбір құймақтай баланың балдай тәтті сұрағы болады. Бұл қызыққа қазіргінің әкесі мен анасы, атасы мен әжесі қалай жауап береді екен. Көнекөз заманның әжесі алақанындағы жарығының қиялын ұшқыр етуге ізгі ниетпен қиыннан қиыстыра «Ах, дегенде аузымнан түсе қалдың» деп, немересінің көңілін өзіне аударып, қарашығын аузына қарататын. «А, мен оған қалай сыйдым?» деп, әрі қарай өрбіген бал қиялға ілескен үлкен жарықтықтардың махаббаты «Сен құмырсқа тәрізді мінәдәй ғана кішкене көз моншақ болдың» деп, сұқ саусақтарының буынына түсетін. Осылай өмірлер арасында ертегі басталып, бала өмірі атасы мен әжесінің бауырына өтетін. Мұндай кеңшілікке жол салған балаға үйдегі үлкен кісілердің тақтайланған тобықтай ойлары ұшқыр, сөздері данышпан, қиялдары керемет болады. Бұл жандардың көкіректері жылдар бойы жиналған асыл мұра. Қазыналарымен баланың жүрегін әлдилейді, одан балапан бала бойында барлық жақсы қасиеттер өріледі. Ал, өмір бесігін тербеткен анасы мен әкесі отбасы жүрегі, Алла алдындағы жауаптылар.   Өмірде моншақтай алуан түрлі жандар бар. Бірінің көкірегін бала тессе, бірінің баласын көзге ілетін уақыты жоқ. Бірісі баладан қашса, енді бірісі бала санайды. Құран Кәрімде: «Дүние – мүлік пен бала – шағаларың бұл дүние тіршілігінің сәні. Мәңгі қалатын жақсылықтар – ізгі істердің сауабы. Раббыңның қасында олар табыс ретінде де жақсы, үміт тұрғысынан да жақсы» («Кәһф» сүресі, 46-аят). Сондықтан, бала – Жаратқанның аманаты, осы өмірдің негізгі мәні, келелі күннің ұрпағы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген мақалдың құны ащы. Оның сылдыр күлкісі, шүлдір сөзі, тәтті тілі мен жұпар иісі адамға өмірді толықтай сезіндіреді. Яғни шаттық пен бақытты беретін Алланың бұл сыйы өміріміздің көркі. Ал ол көрікті бұзбай, әрі қарай әсем ету – әке мен ананың ең үлкен жауапты міндеті! Қазіргі жас қазақтың шаңырағында бала жатқызатын бесік жоқ. «Білгенге маржан» демекші, Періштелер қоршаған бесік қашаннан құнды. Мұны ұғынған бабамыз оны құрмет тұтқан. Бос күйде тербетпей, әрдайым үстін жабулы ұстаған. Тұңғышынан шөпшегіне дейін мұрағат болған қара шаңырақтың бұл асылы, адамзат баласы бір Алланың жаратылысы тәрізді, бір шаңырақтың уығындай баласынан бастап барлық немере, шөбере, шөпшекті бір төсектен тұрғызған ата бабамның көзі. Қызының жасауына сәби дауысымен арнайы жасау болған дүние. Шақаны бесікке алғаш жатқызардағы әжелеріміздің баланы бесікке бөлеу рәсімінің өзі ерекше ғибрат. Ал, оның балаға берері көп. Өйткені бесік баланың дене құрылымын тақтайдай түзу ете дамытады. Ұйқысын тыныш етеді. Тербелісі бала миының дамуына жақсы әсері бар. Яғни ғылым тілімен айтқанда, мидың оң жақ, сол жақ жарты бөліктерінің дамуына қажетті қозғалысты бесік береді. Таза жатып, бір мерзім мен қалыпқа үйретеді. Ал, жүрекпен айтылған мейірімді ананың ақ тілектегі дұғалармен айтылған бесік жыры әлемдегі әуендердің әліппесі емес пе? Әрине, бүгінде бала тәрбиесіне әркімнің өзіндік көзқарасы мен қағидасы толықтай қалыптасқан. «Аллаға шүкір, мына қайнаған заманда дамыған елміз, қазіргі адам өмірі мен болашағына барлық жағдай қарастырылған» деген алабұртқан құбылмалы көңілдердің алдында небір-небір өмірлердің үлгілері самсап тұр-ау. Алайда баласын мұсылмандыққа баулып, исламның ізгі жолымен жүргізем деген ниеттегі әке мен ана баласының болашағына үлкен септігін тигізгені. Ислам әлемі балалық шақты бақыт пен арманға толы әдемі ерекше күйде қарастырады. Баланың жарық дүниеге келуінің өзі Алланың қалауы. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз балаларды «Жұмақтың көбелектері» дейтін. Ол (с.ғ.с.) сәждеде болғанда, арқасына мінген немерелерінің өз беттерімен жерге түскенін күтіп, басын сәждеден алмайтын. Шариғат үкімінде тәрбиенің қай түріне болсын, қатып қалған қатаң талаптары жоқ. Дегенмен, көңілді аударатын өзіндік қағидалары бар. Ислам алдымен балаға әдемі есім бергенді қалайды. Өйткені, есім ғұмыр бойы баламен бірге әрі Алланың алдына сол есіммен шақырылатын болады. Және ол есімді иеленген балаға бұрыңғы адам өмірінен көп жақсылығы өтеді делінеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың «Кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жамандық келмейді» дегені бар. Сондықтан оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылып, бала есімі Аллаға жария етілуі тиіс. Ал азан шақырылған есімді құндақтағы баланың жүрегіне Періште жеткізеді. Сондағы баланың қуанышы мен күлкісін ұйқыда жатса да бет-жүзінен байқауға болады. Есім балаға жарасым беріп, аталғанда құлаққа жағымды, әдемі естіліп, кімге болса да бейнебір әсер бергені өте жақсы. Есім таңдау әкенің құқығында, себебі, екі дүниеде де баланың есімі әкесі есімімен қатар тұрады. Сонымен қатар әке үлкендерге құрмет белгісінде баласына есім беру жоралғысына құқығы бар. Кейінгі кездерде мұсылман есімдерге көптеп көңіл бөлініп жүр. Алайда ол есімнің тарихы балаға таныстырылмай, оның аталу мақсаты түсіндірілмей жатады. Міне, «Атына заты сай болу» қағидасы бала тәрбиесінің бірінші қадамы. Ескеретін жағдай, исламда Алланың тоқсан тоғыз есімінен балаға ат қоюға тыйым салынады. Берілген күнде «Абд» яғни «құл» дегенді тіркестіру қажет. Мәселен, Әбдрахман, Әбдісаттар, Әбдімәлік т.с.с. Ал, есімді келемеждеу, бұрмалау, қысқарту, мазақ ету дінімізде ауыр күнә, Алланың алғашқы қаһарына ілігетін қылықтардың бірі. Халқымыздың салтындағы жаңа түскен келіннің отбасында баладан үлкенге дейінгі үй иелерінің есімін атамай, кішісін еркелетіп, үлкенін құрметтеп өзіндің есіммен атау жоралғысы осыдан шыққан. Мұсылман әке мен ананың келесі міндеті баланың тілі толық шыққанда, «Лә илләһә илаллаһ, Мухаммадур Расулаллаһ» кәлима – шаһадатты яғни «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның Елшісі» және «Әлхамдулилләһ, мен мұсылманмын» деп, үйретуі әрі оны үнемі балаға қайталатып, есіне жатқыздыруы керек. Бұл сөздермен бала алғаш рет Жаратқан Алламен танысады әрі шүкірлік етуді үйренетін болады. Бірде, бір себептермен дүниеден бірге озған әке мен бала Алланың алдына барады. Жаратқан Алла бірінші баладан оқыған намазын сұрайды. Бала «Әкем үйретпеді» депті. Сонда әкесі «Балам-ау, мен саған мың рет айттым, бірақ құлағыңа аспадың ғой біреуінде» деген әкесіне қараған бала «Әке, маған мың рет айтқан екенсің, соны мың бірінші рет айтқаныңда ұғатын ем ғой» деген екен. Міне, «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осыдан тараған болуы керек. «Сол кезде Лұқман өз ұлына ақыл айтқан: «Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Оған басқаны ортақ қосу үлкен күнә», – деп. «Ей, ұлым! Намазды толық орында. Жақсылықты насихатта, жамандықтан қайтар. Басыңа келген қиыншылықтарға төзімді бол. Рас, бұлар маңызды істерге жатады. Адамдарға паңсып қырындама да, жерде кердеңдеп жүрме. Шынында, Аллаһ бүкіл даңдайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол. Дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 13,17, 19 аяттар) Баланы бала ретінде қабылдау керек. Ол өзің еккен жас тал, өсіп – өнуіне жағдай жасап, баптап өсіру керек. Күнделікті гүлге су құйылмаса, жасыл шөптің қандай күйге түсетіні белгілі. Сол сияқты, жас талдың түбін қопсытқандай, баланың санасын зеріктірмей не болмаса сансыз жарқ-жұрқ еткен өмірдің тұстарына жетелегенше, алдымен Алла Тағаланың Құран кітабымен жақсылап таныстыру керек. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың «Жеті жасқа дейін баламен ойнап күл. Сосын тағы жеті жыл баланы тәрбиеле. Сосын тағы жеті жыл онымен сырлас бол» деген әдемі хадисі бар. Ұл бала әкенің, қыз бала ананың ісін міндетті түрде қайталайды. Дегенмен, оның өзіндік бір кезеңдері болады. Исламда неліктен қыз балаға тоғыз, ұл балаға он екіден яғни екеуіне де он беске дейінгі аралықта намаз оқуды үйрету талабы бар. Себебі бұл кезең баланың нағыз толықситын шаққа тайғанақтап жететін уақыты. Дәл осы тұсқа әке мен ана баласының болмысына көңіл аударғаны әбден жөн. Халқымыз «Ұл он беске келгенде, қолда ұстаған қобызың. Ұл он бестен асқан соң, тіл алмаса доңызың» деген. Егер де, Алла Тағаланың парызын яғни намазын бастаса, онда сана, дене, жүрек, ақыл мен ойы, жан дүниесінің рухани дамуы басталады. Адамзат баласы әрдайым дүниелік бақытқа еңбектесе де сөзсіз жетеді. Ал рухани байлыққа өмір бақи жетпеуі мүмкін. Сондықтан «Баланы бастан...» дегеніндей, балаға о бастан жүрегіне сенім ұялатып, иманын ояту – оның салауатты жарқын болашағына жол ашу деген сөз. Сонда ғана бесіктен басталған кіршіксіз өмір үлкен өмірдің тура ақиқи тазалығына ұласады. Ал тазалық – сенімнің жартысы. Мінезін көркемдеуге, киім-киісіне көңіл бөлуге, жақсы сөз сөйлеуге, мұсылман мәдениетіне жетелеу тәрбиенің сатыларында. Ал, жалпы әке мен ананың баланы ұрып-соғуы, балағаттауы, қарғап – сілеуі, харам заттарды жегіздіру мен іштіруі, жүріс – тұрысына көңіл бөлмеуі, денсаулығын қорғамауы, қамқорлық жасамау деген зиянды қылықтары міндетінен бұрын, өздерін тәрбиеден шығарып алғандық. Орнына игіліктегі істермен жақсылыққа бұрып, ақ пен қараны толық ұғынғанына көз жеткіздіре отырып, жақсылықты өмірлік әдетіне айналдырса өте жақсы. Әрдайым әңгімесін тыңдау, ой бөлісу, ақылдасу, тәлімді өмір иелері мен өздерін үлгі ету, жеті атасымен таныстыру, жар таңдауына көмектесу, тіршілік тынысын жеткіздіру үлкен еңбек. Ең бастысы, баланың өтірік пен ұрлыққа жоламауын ерекше қадағалау! Ал осы еңбектерде әкеде үнемі жылылық, анада үнемі мейірімділік болса, баланың өмірі нағыз ертегідей болмақ. Баланы ұл немесе қыз деп бөлуге, алалауға ислам қарсы. Ардақты (с.ғ.с.) Пағамбарымыз «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні Жәннетіне кіргізеді» дегені бар. Хасан мен Хусейн атты немерелерін емірене аймалап, сүйіп отырған (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды көрген бір адам «Сіз қызыңыздың балаларын осыншама емірене сүйесіз. Алламен ант етейін, менің он ұлым бар, бірақ олардың бірде біреуін бұлай сүймеймін» депті. Сонда «Жаратқан Алла жүрегіңді мейірімділіктен айырса, саған мен не істей алам онда, дүниеде мейірімділік етпеген қияметте мейірімділік көрмейді» дегені бар. Бала тәттіге қаншалықты құмар болса, әке – шеше мейірімі оған соншалықты қажет. Бір күнін ата-анасыз өткізген баланың сағынышы қандай болады, өйткені өзіне ең жақын адамдары қасында болмады. Негізінде, балаға әке мен ананың жүрегі жақын келеді. Өйткені жүрекке берілген Алланың мейірім махаббатынан бала жаратылды. Ал мейірім бәрінің басын бір жерге түйістіретін Алланың нығметі. Бірде, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сахабаларымен отырған кезеңде, бір сахабасы ортаға түйілген буыншақ әкеп қояды. Ол түйіншектің аузын шешкенде, бәрі жапа-тармағай не істерін білмей қарап қалыпты. Өйткені, онда құстың кішкене балапандары болады. Сол мезетте, қауырсын балапандардың анасы жоғары жақтан ұшып келіп, қанатымен балаларын көлегейлеп бастапты. Мұны көрген таң қалған сахабаларға (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Алланың рақым – мейірімі бала мен ата-ананың бір – біріне деген мейірімінен артық болады» деген екен. «Шындығында, арамыздағы балалар жер бетін басып жүрген біздің жүректер, егер де олардың біреуіне жел тисе, онда көзіміз ұйқы көрмейді» деген бір ақынның сөзі бар еді. Сол жүректеріміз төл бесіктен тал бесіктей бәйтерек болып жайқалғанша, баршаға көлеңке, әке мен ананың жанына сая болғанша, біздердің мойнымыздан толықтай жүк түспей, көзіміз ұйқы көрмесін. Әумин! Нұрлан Байжігітұлы Асанов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы

647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы