• Cұхбаттар
  • 16 Қазан, 2014

«Менің бар болмысым – халқымды жанымдай жақсы көруімде ғана»

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА, әнші, сазгер
– Тегінде адамның өз бетінше шешім қабылдауға, өзімен-өзі болуға, өзін-өзі дәлелдеп шығуға, өзіне берілген жалғыз ғана болмысын жауапкершілікпен іске асыруға, өз дербестігін алуға, өзіне-өзі иелік етіп, өзін өзіне ғана арнауға құқысы бар. Сіздің өз басыңыз осыған қалай қарайсыз? Пікіріңізді білсек?
– Әрине, өмірде тек қана өз басын ойлап, күйттейтін жандар көп. Ал қолыңа қалам алып жүрген соң, ондай болу мүмкін емес. Мен өз басым өзімді халықтан тыс елестете алмаймын.

Төлеген ағамыздың өлеңі бар ғой:
«Ақын боп өмір, күй кешу,
оңай деймісің қарағым,
Аузында болу ол – өзі
Сыздаған барлық жараның»  деп келетін. 
Сол сияқты өзім ең біріншіден, мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін жұмысты ойлаймын. Екіншіден, отбасымызда 2 ағайым жастай қайтыс болды да, солардың 7 баласы менің қамқорлығымда. Ағаларымның қазасының күйігінен аурушаң болып қалған анамның қас-қабағына қараймын. Әйтеуір, мұңайған жандар болса, менің жүрегімде тұрады.
Әрбір адам «тарихқа айналудың» онтологиялық артықшылығына ие. Меніңше, Сіз назар бөлуге тұратын және «тарих бола алатын» адам ғана емес, өз болмысыңыздың жеке-даралығын қорғай білетін, ақын, айтыскер, сазгер, әнші-ару ретінде елге танымал болдыңыз. Осының сыры неде, сан қырлы өнердің жүгін бір өзіңіз арқалап жүру қиын емес пе? Өнердің қиын жолында кімдердің игі әсерін, шынайы қамқорлығын сезіндіңіз?
Ең алдымен, анамның қамқорлығы мен түсінігі мені шыңдайды. Ол кісі бар-жоғы 8 класс бітірсе де, қазақтың салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін бойына жинаған адам. Сауатты сөйлеп, салауатты ойлайды. Мені турашылдыққа тәрбиелеген де сол. Қиналған кездерімде қуат беріп, ақылын айтып отыратын да сол. Екінші, менің анамдай болып кеткен қазақтың ұлы қыздарының бірі – Фариза ақын. Ол кісі менің талантымды сонау 1990 жылдардан бері танып, талантыма қанат бітіріп келеді. Астанаға келгелі бері де туған анамнан  бір де кем емес. Ақын болу оңай емес. Дегенмен, менің болмысыма Жаратушының берген сыйы мен жүгі болған соң, көтеруге тура келеді. 
Мақсат – ақын қыздың өмірбаяндық және қызмет жағдайын суреттеп беру емес, Сізбен шынайы сырласу. Қазір Сіз ҚР Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызмет атқарасыз, кеңседе қатаң тәртіпке бағындырылған жұмыс пен еркін шығармашылық қалай сыйысады?   
Жанна Елеусізованың бір өлеңі бар еді:
 «Кеңселерді жек көрем...
 Сәлеміңді алмайтын, салты-кәпір» деп келетін. Үлкен ортаның болмысы да қызық. Шенеуніктердің өмірі де қызық. Мені бұл жұмыста шаршататын – адамдардың қарым-қатынасы, қазақы надандық, пендешілік, көре алмаушылық, белшеден батқан былық. Әйтпесе, министрлік – халыққа қызмет етем деген адамға нағыз керек орын. Шығармашылыққа даңғыл жол болмағанмен, есебін тауып айналысамыз. Бір жағы, бірыңғай шығармашылықтың да біздің қоғамда сұранысы шамалы.
Сіз Жайыққа келгенде, өзіңіз сөзін де, әуенін де жазған тамаша әндерді шырқадыңыз. Ел ықыласы Сіздің боямасыз ашық-жарқын мінезіңіз бен сан қырлы талантыңызға ауғаны шын. Жеке қадағалауымнан түйіндеген қорытындым: Мэлс «Нарқыз» деп ат қойып, айдар таққандай поэтикалық образдың шынайы болмыспен қабысуы таңғалдырды. Нәзік жүрек шырылымен-ақ «Нарқыз-Еленаның» құдіретті, күшті, әдемі және көп нәрсе қолынан келетіндей көрінді.
– Бұл маған айтқан тілегіңіз бе? Рахмет. Ондай құдірет қолымда жоқ, менің бар болғаным: халқымның тілі мен сөзін, өлеңін түсініп, салтын, болмысын жанымдай жақсы көргендігімде ғана.
Кішкентай Елена қандай болатын? Сәбилік жадыңызды ашып, оның қызық қылықтарын, іс-әрекет, айтқан сөздерін еске алсақ, ата-ана мен ұстаздың сол сәбиге тигізген әсері туралы сыр бөліссеңіз! «Жақсы ұстаз» деп кімді атауға болады, сіздің педагогикалық-психологиялық ұстаным-дарыңыз қандай? Сайып келгенде, өмірлік ұстанымдар алыс қалған ауылда өткен балалық шақтан бастау алады ғой. Осы ұстанымдар Сізге өз өміріңізді әдемі әрі салиқалы өткізуге, кейде қиын жағдайлардан шығуға көмектескен шығар?
– Адамның негізі сонау ес білген шағынан қалыптасады. Мен үйдің кішкентайларының бірі болдым да, әбден ерке болып өстім. Мен сүт ішем десем, сүт, кәмпит жеймін десем, кәмпит үйде дайын тұратын. Олар болмаса, айтқаным болмады деп қиғылықты салатын көрінем. Менің осы еркелігімді бүкіл ауыл білетін еді де, мектепте де «Мәжиттің ерке қызы ғой» деп қатты еркелететін. Сабақты жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Осының барлығына, әрине, ұстаздардың рөлі зор болды. Жақсы ұстаз деп әр баланың жанын түсінетіндерді айтар едім. Баланы еркелете де, тәрбиелей де білетіндерді айтар едім. Бір сөзбен айтқанда, алдындағы оқушыны шын жақсы көретіндерді айтар едім. Мен де 10 жылдай дәріс бердім, оқушыларды әлі күнге сағынып, ойлап жүремін. Маған алдымдағы бала өз бауырларым, балаларым сияқты көрінетін. Бұдан артық ұстанымның қажеті де жоқ деп ойлаймын. 
Ауылдың тәрбиесі, қазақы болмыс – менің басқалардан өзгешелеу болатыным да сондықтан. 
Бүгінде теледидар арқылы қиын жағдайлар ортасын қолдан жасап, көптеген шоулар көрсетеді. Ал, танымға таным, білікке білік қосарлық хабарлар әлі де аз. Сіздің бұл туралы пікіріңіз?
Рас айтасыз. Мен теледидарды сирек көремін. Көрейін десем, түк жоқ. Біздің идеологиямыздың да оңбай отырғаны осыдан. Үкімет ұлттық идеология ұстанбай, теледидардан ештеңе көре алмайсыз, радиодан дұрыс сөз тыңдай да алмайсыз. Одан да балаға кітап оқуды үйрету керек.
Әңгімеңізге, рахмет!
Ақмаржан ТАУБАЕВА, 
Орал қаласы 
 
                             

535 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы