• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

Би – төрттің құлы

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын кезекті Жолдауында он бағыт бойынша міндеттер кешенін жүзеге асыру мақсаты алға қойылған. Жолдаудағы міндеттердің алтыншы бөлігі сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғыртуға арналған. «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» демекші, судьялар сот төрелігін тек заңмен, ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Ал бұл ретте Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілдігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын өздері бастау талабы қойылады. Демек, соттағы әрбір судья, әрбір қызметкер Судья әдебі кодексі мен Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі талаптарын қатаң сақтап, тәртіп пен реттілікті, әдеп пен мәдениеттілікті өмірлік қағидасына айналдыруы тиіс. Адамдар сотқа басына түскен қиын жағдайды шеше алатын ең соңғы мүмкіндігім деп жүгінеді. Сондықтан біздің Төле би аудандық сотында олардың сенім үдесінен шығу үшін сот қызметкерлері адамдардан талап-арызды қабылдау сәтінен бастап, сот актісі шыққанша барынша елгезек, жіті, әдепті де мәдениетті болумен қатар, істі сот процесінде қарауға терең дайындалып, құжаттардың түгелділігін, ондағы қажетті мәліметтердің толықтығын қамтамасыз етуге, қажет болса, керек құжаттарды тиісті органдардан алдыруға көмек көрсету сияқты істерді дер кезінде және сапалы орындауға барын салады. Сот қызметкерлері ең алдымен келген адамдардың реніш-наразылығын тудыратындай ешқандай ілікке жол бермеуі керек. Сол себепті оларға қажетті құжатын қолма-қол беріп жіберуге тырысамыз. Ал ондай мүмкіндік болмаса, сол адамның сот табалдырығын тоздырмауы үшін сотқа келетін дәл мерзімін айтамыз.  Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, объективті жағдайларға байланысты болмаса, сот істерін жүргізуді қысқа уақытта, тіпті, мерзімінен бұрын аяқтауға күш саламыз. Бұл, біріншіден, адамдарды қайта-қайта әуреге салуды азайтса, екншіден, істердің жиналып қалуына жол бермейді. Ал судьяға істердің жиналып қалуы ең қиын жағдай және басты кемшілік. Сондықтан әрбір судья істерді қараудың, өзге де сот процессуалдық істерді жүргізудің нақты жоспарларын түзіп, сол жоспарлардың аясында жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы сот процесі аяқталып, қабылдаған шешімін жария еткен соң, бірден орнынан тұрып кетпей, қабылданған шешімнің заңға қалай негізделгені туралы түсінік беріп, тараптардың сұрақтарына жауап береді. Судьялар жұмысты осылай жолға қойғанда ғана сотқа келген адамдар тарапынан ешқандай реніш немесе наразылық тумайды деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл адамдардың ең соңғы жүгінетін сотқа деген сенімін жоғалтпаудың кепілі болып табылады және әділ билік шығаратын сол сотқа деген құрметтеушілігін арттырып, көңілінде үміт отын жағады. Осы бағытта біздің қызметкерлер арасында үлкен жұмыс жүргізіліп, олар моральдық келбетін жоғары деңгейде ұстауды, әдеп пен мәдениеттілікті сақтай отырып, сотқа келушілердің талап-арыздарын дер мезгілінде сапалы орындауды алдарына басты мақсат етіп қойды. Жолдаудағы «судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс» деген бір-ақ ауыз сөз судьяларға қойылатын талаптың қандай деңгейде екенін тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Түгел БЕКІМБЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би аудандық сотының төрағасы

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы