• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

ТУЫНДЫЛАРДАҒЫ ТҮЙІНДЕРДІ ТАЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Көркем шығарманың құрылысын адам десек, онда оның сыртқы бөгенайы – формалық фактор, мәндік қасиеті – мазмұндық фактор болады. Сол секілді, оның миы – тақырып, жүрегі – өзекті ой, қан тамырлары – сюжет болады. Сыртқы күштің әсерін жұлын арқылы сезген миға дереу ой оралады да, жүрекке қан айналысын тездетуді бұйырады. Жүрек денедегі қан айналысын тездетеді. Осыдан кейін адам тосын шабуылға қарсылық көрсету немесе қорғану арқылы жауап қайтарады. Көркем туындының жарық көруі де бейне адамның әрекеттенуіне ұқсайды. Жазушы өмірдегі адаммен оқиғалардан әсерленіп, оған ынтасы ауғаннан кейін тақырыпты және өзекті ойды белгілейді. Ішкерілей ойлау барысында жазушы ойына нақтылы образ келеді, шығарма бөгенайы қалыптаса бастайды. Нәтижеде, мазмұн мен көркем образ ұштасып, көркем туынды туылады. Сюжет. Жоғарыда сюжет – «Қан айналысы» дедік. Адам денесінде қан айналысы қалтқысыз болса, дененің ауруға қарсылық қуаты артады, денсаулық жақсы, әрекет ширақы болады. Сондықтан шығармаға талдау жасау үшін, әуелі, тұтас шығармаға (эпикалы) арқау болған сюжет желісін мықты игеру керек. Яғни шығарманың тақырыбы мен өзекті ойына бағындырылған оқиғалардың бір-бірімен байланысып, рет-ретімен дамып отыратын баяндау желісіне сюжет желісінің бес кезеңі бойынша нақтылы талдау жасау керек. Образ. Шығарма сюжеті баяндалу барысында, кейіпкердің портреті, тілі, рухы, күйі, іс-әрекеті секілді даралық қасиеттері (характері) бейнеленеді. Бірақ бұл кейіпкер образы жасалды дегендік емес. Өйткені, әдеби шығармада характердің жасалуымен образ бірден жаратылмайды. Қайта характер қоғамдық өмірдегі бірнеше адамның немесе белгілі бір қоғамдық топтың ортақ ерекшеліктерін бейнелей алатын болу керек. Содан барып ми қалыптасады. Ал ми белгілі бір дәуірдің әлеуметтік өмірдің реал тұрмысында тамыр тартып, халықтың рухани болмысы мен заттың қажетінен үндестік тауып, халық тілегін бейнелей алатын болу керек. Сонда ғана ол көркем шығармадағы сәтті жасалған жағымды образ деуге болады. Өзекті ой. Адам денесінің тұтас құрылымы, қимылы тек жан үшін қызмет ететіндігі баршаға аян. Сол секілді, шығарма құрылысын құрайтын барлық фактор шығарма жаны – өзекті ой үшін қызмет етеді. Әдетте, жазушылардың көзқарасы, сезім сүйіспеншілігі, жасампаздық ауқымы, жасаған дәуірі түрліше болатындықтан, олардың ұқсас материал арқылы бейнеленген шығармаларының да өзекті ойы ұқсас болмайтындығы хақ. Тіпті, ұқсас тақырыппен мазмұнда жазылған туындылардың ойы да ұқсас болуы екіталай. Демек, шығарманың өзекті ойын бейнелеуде жазушының өзі жазып отырған материалға деген көзқарасы негізгі орында тұрады. Сайып келгенде, осы шығарманың өзекті ойы не дегенде, жазушы осы шығармасы арқылы нені әшкерлеп, нені синезге алып отыр: нені мадақтап, нені үндейді деген түйінді мәселеге жауап беруі керек. Біз әдетте жазудың жарыққа шығуы – адамзаттың мәдениеті дәуірге қадам тастағандығының белгісі дейміз. Міне осы белгіден бастасақ, әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған, адамзаттың ақыл-парасатының жаухары болған, шоқтықты 120 көркем туындының бірі Мұхтар Әуезовтің «Абай Жолы» романын атап өткен жөн. Олай болса, бүкіл қазақтың әдебиеті мен мәдениетін әлемге әйгілеп, қазақ сынды халықты жаңа қырынан дүниеге танытқан, халықтың рухани қазынасының алтын қорына енген әйгілі еңбектің өміршеңдік қуаты неде? Өмірдегі Абай мен шығармадағы Абайдың парқы бар ма? Шығармадағы Құнанбай Абайдың тап жауы, ал өмірдегі Құнанбай қандай адам еді? Мұхтар патша өкіметінің өзара қырқыстырып, айтқанына көндіру сынды әккілік саясатын жете түсінген. Олай болса жазушы осы ойын неліктен ашып айтпаған? Мазмұндар әлі де тереңдей зерттеуді қажет ететін түйіндер. Мен бұл арада өз шығармамның тақырыбына, мазмұнына, көлеміне қарай жасампаздықты үш кезеңге бөліп қарастырмақпын. 1. Материал жинау кезеңі тұрғысынан талдау жасасақ: бұл шығарманың өміршеңдік қуаты, ең әуелі, Мұхтар Әуезовтің шығармаға материал жинауында. Мұхтар бала күнінен бастап Абайдың қара сөзінен қуат алып, өлең сөзінен қанаттанып, Абай басып өткен сахарада тәй-тәй басып , балақ жүні түсе бастаған. Өйткені, оның атасы – Әуез Абайдың замандасы, досы болған. Атасы бала Мұхтарды Абай ақылымен ауыздандырып, Абай тағылымына тәнті етіп, Абай жолына баулыған. Мұхтар қазақ халқының ұлттық рухани құндылығымен ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан нәр алып, Абай негізін салған қазақ жазба әдебиетінің арасында желкенін жайып, телегей теңіз әлем әдебиеті айдынында дауылпаздай қанатын еркін қағып, құлашын кеңге сермеген. Дәл осы уақытта жазушы ойында шығарма тақырыбы – Абай заманындағы кең тынысты қазақ сахарасының таңғажайып табиғаты мен халықтың тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік өмірі қылаң берген. Жалғасты ойлау барысында, шынжыр балақ, шыбар төс би-болыс сынды үстемтап өкілдерінің жеке мүддесімен қарапайым қалың еңбекші халық бұқарасының арман-тілегі сынды қарама-қарсылықтың бірлігінен өзекті ой туындайды. Дәл осы негізде жазушы ойында оқиғанын негізгі сорабы айқындалып,, материал жинау кезеңі тәмамдалған. 2. Шығарма туралы ойлау кезеңі. Бұл кезеңде жазушы ойында Абайдың балалық шағынан бастап тұтас өмірі дараланып, сұрыпталып, жинақталады. Оқиға сюжеті айқындалады. Кейіпкер образы тұлғаланады. Мазмұны жинақталып, оны бейнелеудегі қажетті шарттар толық әзірленеді. Жалғасты ойлау барысында, жазушы ойында Абайдың балалық, жастық, жетілген жігіттік, ел қамқоры, ел атасы болған өмірінің әрбір кезеңдерінің өзіндік образы бейнесі қалыптаса бастайды. Әрине, бұндағы Абай образы реал қоғамдық өмірдегі Абайдың дәл өзі емес, Аты аңызға айналған адам, көркем шығармадағы тифтік образымыз. Оның өне бойына тұтас Абай өмірінің тифтік оқиғалары шоғырланады. Бүкіл қазақ халқының ақыл-парасаты Абай бойына жинақталады. Сөйтіп ол шығармада халықтың көкейіне шамшырақ жаққан данышпан, кемеңгер философ, халықты өктемдікке қарсы тұруға үндеген Абай ғана емес, бүкіл қазақтың ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген кемеңгер көсем ретінде, алып тұлғалық қасиеті тіпті де арта түседі. Өйткені жазушының мақсаты Абайды ғана әлемге әйгілеу емес, Абай арқылы қазақ ұлтының болмысын бейнелеп айбынын асыру, патша өкіметінің халыққа жасаған қиянатын әшкерлеп, оны қолдаған жандайшап кездерін қатаң сын тезіне алу. Сол себепті жазушы қалың халық бұқарасына, оның уәкілі Абайға әкесі Құнанбайды таптық тұрғыдан қарама-қарсы қойып суреттеуіне тура келді. Ал шынайы өмірдегі Құнанбай білікті де, білекті шонжар болған, қажылыққа барып, Меккеде мешіт салдырған, мектеп ашып қараңғылық жайлаған сахарада білім шамын жаққан, Абай секілді кемеңгер көш басының құрыштай берік тұлға болып шыңдалып шығуына Алла алдында әкелік парызын өтеген діндар адам. Жазушы екі ірі тұлғаны қарама-қарсы қойғанда ғана сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан, өз заманындағы кертартпа өктемдікті әшкерелеуіне, халықты оған қарсы күреске үндеуге болатындығын танытады. Сондықтан біз Абайды қоғамдық өмірде өткен жеке тұлға ғана емес, қоғамдық өмірде типтік мәні болған шын адам, шын оқиға, образды тұлға ретінде тануымыз керек. 3. Көркемдік бейнелеу кезеңі. Жазушы бұл кезеңде дәуірдің биігінде тұрып талдау жасады. Өйткені Мұхтар қазақтың ғана емес, орыстың, шығыстың, еуропа елдерінің әлемдік деңгейдегі үздік туындыларын тексеріп-зерттеген. Оның қауызын тастап, дәнін алып, өз миында қайта қорытып, өз шығармасында қолданған. Осы арқылы өз шығармасындағы ұлттық құндылықтарымыздың әр қырынан қараса да көз тоймас асыл қасиеттерін тіпті де әрлендіріп, әлемдік абыройын асқақтатқан. Сондықтан ол қазақ әдебиетіне даралық емес жалпылық, ұлттық емес әлемдік деңгейде тұрып көз жүгірткен. Ол бір дәуірдің, бір елдің, бір ұлттың әдебиеті басқа бір дәуірдің, елдің, ұлттың дамуына тигізер ықпалын ерте таныған. Сондықтан ол әдебиеттің дамуындағы ұлттық, тілдік, өңірлік, дәуірлік шектемеліктердің шегінен шалқып өтіп, қазақ әдебиетінде сыншыл реалистік жаңа бағыттар қалыптастырды. Салыстырмалы әдебиет назарясы деп аталатын әлем әдебиеті тарихындағы құндылықтарды өз туындыларында жанды түрде кәдеге жарату үшін көп еңбектенді. Бұл кезеңде Мұхтар шығарманың әрбір тарау, әрбір бөлік, әрбір абзац, тіпті, әрбір сөйлем, сөзіне қайта-қайта үңілген. Кейбір тарауын толығымен 19 рет өзгертіп, қайта жазуына тура келген. Бұл неліктен? Өйткені көркемдік бейнелеу дегеніміз – шығарма құрылысын құрайтын әрбір зәредей бөлшекке дейін орнын тауып, көркем әдеби тілмен, қисынды құрастыру. Сайып келгенде, әдебиет жасампаздықпен айналысу немесе белгілі бір туындыға талдау жасау үшін ең маңыздысы, назарылық білім жүйесін жетік меңгеру қажет. Сонымен қатар мына түйіндерге баса назар аудару керек. Кейіпкер образының жандылығы мен даралығы; өмірдің қай саласын тақырып етіп, қандай келелі ойды ортаға қойғандығы; сюжет қалай өріліп, компазиция қалай құрылғандығы; қандай бейнелеу тәсілдері мен көркемдеу амалдарының қолданылғандығы; жазушының сөз асылын сұрыптауда елден ерек қандай өзіндік өзгешеліктері бар екендігіне, сондай-ақ шығарманың жанрлық ерекшелігіне қарау керек. Бақытнұр НҰРҚАЗИЕВ 1970 жылы қыркүйекте дүниеге келген. 1993 жылы Шыңжиан университетін тіл-әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылға дейін Іле қазақ облысы, Шапшал ауданы, Алтынбұлақ қаласы орта мектебінде оқытушы болған.

338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы