• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

Өлеңім менің мөлдір шық, Үзіліп түскен көзімнен...

БАЯНҒАЛИ ҒАЛЫМЖАНОВ 1976 жылы 29 қаңтарда Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласында туған. Мамандығы-филолог, магистр. Қазір Астана қаласында тұрады. Қазіргі жұмыс орны Астана қаласы Білім беру жүйесіндегі кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының кафедра меңгерушісі. СЕБЕБІ БІЗ АҚЫНБЫЗ... Шыр-пыр болып аяқасты, Алау оттай күйіп жансақ. Жүрек толқып жыр төгілер, Қолымызға қалам алсақ. Сұлу көрсек қызынатын, Серілік бар қанымызда. Ғашық болсақ шыр айналып, Шабыт жүрер жанымызда. Шырақ болып дара жансақ, Көп ішінде даралансақ. Ақынбыз ғой, сезім тұнған Бір-ақ, сөзге жаралансақ. Тік еңсеміз езілсе де. Жүрегіміз егілсе де, Ақ параққа жүгінеміз, Көз жасымыз төгілсе де. Өмір сырын саралаймыз, Өзімізге сия алмаймыз. Дос таба алмай қаңғып-қаңғып, Саябақты саялаймыз. Өмір саған сын айтамыз, Теректерге сыр айтамыз. Өмір жайлы өлең жазып, Үйге әйтеуір, құр қайтамыз. Мінезіміз алай-дүлей, Қайтіп, қалай арыламыз. Бір-ақ, сәтте дауылдатып, Бомба болып жарыламыз. Бала мінез, тазалық пен аңқаулық та қабаттасып, Ұятсыздың кесірінен, Қалып жүрміз ағат басып. Періштедей жанымыз пәк, Адалдықты ұнататын. Қасиет бар жырымызда, Жылағанды жұбататын. Кетті бізді пайдаланып, Шашып талай тарымызды. Күстәналап талайлар жүр, Адал ниет арымызды. Біз шығармыз бәрінен де, Жиі-жиі күрсінетін. Біз оларды түсінсек те, Жан жоқ бізді түсінетін. Біз асқақпыз ешқашанда, Байлық, мансап сұрамаған. Біз ақынбыз сүрінгенмен, Ешбір кезде құламаған. ҰШЫП КЕТКІМ КЕЛЕДІ... Бірде адасып, бірде құлап жүргенде, Өмір сырын қаншалықты ұғындым. Жетегіне еріп жүріп елестің, Өлең деген бірдеңеге ұрындым. Шалдықпасам өлең деген дертке шын, Әлдеқайда көп жадырап күлер ем. Бей берекет жүретінің болмаса, Шабыт саған ренжімей жүрер ем. Мазамды алып титықтатып қажыттың, Ақшақардай көңіліме қонды мұң. Аласапыран дүниеде шатасып, Қиялыммен елес қуған жындымын. Жалындаған жалын отпен алысып, Түндер бойы баса алмаймын өртімді. Жаза алмайды ешбір емші менің бұл, Бойымдағы түсініксіз дертімді. Ауырғалы өлең деген дертпен мен, Жалшысымын жалдап алған жанымның. Есебі жоқ, қанша түнім ұрланып, Бозғылттанып атқан талай таңымның. Кей жандардай тойғаныма мәз болып, Отырсам ғой, жүрек сыздап ой қумай. Әуре-сарсаң ғұмыр кешіп келемін, Ауруымның диагнозы қойылмай. Тіршіліктің көк арбасын сүйрелеп, Келем әлі жел мен жаңбыр дауылда. Бәрін тастап ұшып кеткім келеді, Шетсіз-шексіз ақындардың ауылына. БҰЛ ӨМІР ЕРКЕЛЕТПЕЙДІ... Адамзат үшін жалғанда, Пенделік күйбің бітпейді. Сүйкімді сондай болсаң да, Бұл өмір еркелетпейді. Бұл өмір әр сәт жаныңа, Тырналап із сап жатады. Таланып қалған жаныңның, Жарасы жанға батады. Құлазып кейде жалғыз қап, Сырласам өлең өзіңмен. Өлеңім менің көз жасым, Үзіліп түскен көзімнен. Жалғанның уын сан ішіп, Жанардан жасым кеппейді. Шынында менің ұққаным, Бұл өмір еркелетпейді, Бұл өмір еркелетпейді...

762 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы