• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

Қала бұғауы (әңгіме)

Кәрібаева Айжан Берекетқызы 1991 жылы 30 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Бала кезінен әдебиет, музыка, тарих пәндерін сүйіп оқыды. №13, №15 мектептерде білім алған. Орыс тілінен, тарих, әдебиет пәндерінен түрлі мектепаралық, ауданаралық, қалалық олимпидаларының жеңімпазы. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің 3 курс студенті. «Екпін» мәдени-танымдық интернет журналында журналист болып қызмет атқарады.  Сағат- 07.11. Теңіз жағасы. Сұр аспан. Тулап жатқан толқын. Бір-бірімен жарысып, жағаға келіп тынышталады. Екі толқынның арасы 13 секунд. Ауа температурасы +9-10 С. Ылғалдылығы – 70%. Теңіздің суық та тұщы иісі. 7 сағат 13минут. Бұрылды. Артында жайқалған жазық. Жап-жасыл көк орайда гүлдеген қызғалдақтар. Кенеттен қуанып кетті. Жүгіріп барып гүл құшағына сүңгіп кету керек деген ой 1 секунд ішінде сап ете түсті. Бір мезетте ойланбастан, аяғы өз еркімен алға жүріп кетті. Жылдамдық ала бастады. Енді кішкене қалды. Бір, екі... 07.15. «Ерна-а-ар, оян! Ерна-а-ар, оян!» Будильник дауысы... «Ернар оян! Ернар, оян!». Көзін ашпастан, қолын созып будильникті өшірді. «Тұр» деді ішінен өзіне. «Тұра салып, шәйнекті қоюды ұмытпа. Айтпақшы, Әсемнің лекция дәптерін ұмытып кетпе. Өндіріс дегеніміз – адамдардың табиғи заттарға әсер ете отырып, материалдық және рухани игіліктерді өндіру процесі. Болды, болды, есімде. Түнгі екіге дейін отырып жаттасам. Түу, 79 уақытында келе қалса екен енді». Бұның бәрі үйден бір татым шай ішіп, күнделікті киімін киіп, кітаптарын салып, құлағына «наушнигін» киіп шыққанға дейінгі басында бірінен-бірі зулап өткен ойлары. Подъезд есігін ашты. Салқын ауа денесін бір шымырлатты. Бетіне бір-екі тамшы тамшылады. «Ернар, бәрекелді! Қолшатырыңды ұмытып кеттің!..жарайды ештеңе етпейді. Жаңбырдан әлі ешкім өле қойған жоқ». Сырт киімінің жағасын көтеріп, жасанды бір жөтеліп қойды да күнделікті жолына салып, әдеттегідей аялдамаға қарай жолдың жиегімен жүріп кетті. Таныс аула, таныс көше. Таныс адамдар... Мысалы, қазір мына бұрылыстан балабақшаға ерке баласын жетектеп қара торы әйел өтеді. «Бір, екі..үш» деп ішінен санады. Шынымен де «үш» демей жатып- ақ, бұрылыстан кішкентай баланың ыңырсыған дауысы естілді. – Барасың дедім мен саған, қой жылағанды, қазір ана жерден мас шығып алып кетеді, – деп анасы ұрысып келе жатыр. Ернар ештеңе естімегендей болып өтіп кетті. «Ал енді ана жерден қоңыр қонжыққа ұқсаған «чау-чау» итін қыдыртып орыс кемпір шығады». Тура сол мезетте «Муся, сюда!» деген кемпірдің ащы даусы естілді. Қызыл күртеше киіп алған ит қасына қарай қыңсылап келе қойды. «Күн сайын таңғы жүгіріске шығатын ұзын бойлы, жасы шамамен 30-35-тердегі ағаның кезегі» деп Ернар ішінен өзінің «көріпкелдігіне» мәз болып айтты. Ұзын бойлы сымбатты ер адам қасынан жүгіріп өткенде: «Көзінен көрініп тұр: достары оның жинақы дене-бітіміне таңқалып, мақтағанда, ішінен бір масайрап қалады-ау, әлбетте» деп ойлады. «Ал ана әдеміше қыз бүгін шашын бұйралап алыпты...Туған күні болар, бәлкім... Еһ, төрт жыл бойына күн сайын сабаққа барарда осы адамдарды көремін ғой. Сол төрт жылдың ең болмағанда бір күнінде осы қызбен амандасқанымда, кім білер, бүгін туған күніне шақырар ма еді. Енді амандассам, мынау жынды шығар, төрт жыл бойы амандаспай, енді сәлем беріп тұрғаны дер. Дауысы қандай екен, ә?». Мұның бәрі оған қаншалықты таныс болса, соншалықты жиіркенішті болды. Өйткені бұл оның күнделікті ойы. Қандай арман еді: балабақшаға баласын жетектеген әйелге: «Ей, балақай, жылама! Балабақшаға барып келсең, ертең ақ дә-әу жігіт боласың» деп баласын жұбатса, итін қыдыртуға шыққан кемпірге: «Ольга Петровна, (қайдан екені сол кемпірді осылай атағысы келді)как Муська поживает?» деп итін бір сипалап кетсе, ұзын бойлы спортсменге бас бармағын шұқшитып бәрекелді деп ишара көрсетсе, ең аяғы ана әдеміше қызбен танысса ғой, шіркін... Ал шындығында неге ондай емес? Неге? Сол қызға жымиып: «Жағдайыңыз қалай?» деп айтсам үстімнен найзағай соға қоймас. Оған батыл қайда... Күнделікті өз-өзіне деген ызасы... Кенеттен оған кешегі қытымыр ой келді. Тура аялдамаға таяғанда келіп еді ғой ол ой. Қазір де аялдамаға келді. Сол бір ой бүкіл буын-буынын шымырлатып қоя берді. Терлеп кетті. Жүрегі тез-тез қағып, ішінен атылып шығайын деп тұр... Әттең, біз күнделікті өмірде өз ойларымыздың бұғауында ғана жүріп, айналамыздағыларды байқамаймыз да. Ал егер сол күні орташа бойлы, басы сәл салбырап жасқана тұрған аққұбаша жігітке көз тігіп қалғаныңызда, оның ұйқылы-ояу көзінің кенеттен жайнап, жанып кеткенін байқар едіңіз. Сол қалпынша кешікпей №79 автобус келді. Ернардың жүрегі одан бетер соғып кетті. Жүрегінің дүрсілі дәл құлағында шыңылдап тұр. Ап-айқын естіледі. Роботша күндегідей автобусқа алдыңғы есігінен кірді. Адам лық толы. Ине шаншыр жер жоқ. Әйтеуір қысылысып, бір жерге тұрды. Оның жүріс-тұрысы, қимылы әдеттегідей болғанымен, ойы – қарбалас. Бәрі дерлік араласып, ішінде кәдімгідей толқу жүруде. Дауласып, шуласып жатыр. Көзі бір тесікке қадалып қалыпты. Біреу байқамай, артынан итеріп жіберді. Күтпеген ол басын сілкіп, терең ұйқыдан оянып кеткендей болды. Сөйтсе, өз аялдамасына келіп қалыпты. Артта тұрған бір оқушы қыз: –Түсесіз бе? –деп сұрады. Ернардың ойын оқып қойғандай... Жымиады. –Қорықпа, мен тістемеймін, – деп қыз күліп жіберді. Ернар қызға қадалған бойы тұрып қалыпты. Аузынан бір сөз шықпады. Қызды өткізіп жіберді. Оның аялдамасынан автобустың жартысы түсті. Студенттер, оқытушылар, оқушылар асығыс-үсігіс түсіп, түскен бойы асығыс-үсігіс кетіп бара жатыр. Автобус қозғалып жүріп кетті. Ол жеңілдеп қалған автобус ішінде қалып қойды. Өз көзіне өзі сенбей тұр. «Мен түспедім» деді. Ендігі бар білетіні – соңғы аялдамада оны бір беймәлім, өзгеше дүние күтіп тұр. Ауыр шайқаста соғысып шыққандай денесі де жеңілдеп қалды. Енді тағатсыздана соңғы аялдаманы күтті. «Бәрі артта, артта...». Ес білгелі алғаш рет өз-өзіне шынымен көңілі толып тұрған шығар. Бірақ, жоқ. Бір рет өз-өзіне қатты көңілі толған. Үш жасында... Әлі есінде, сол күні балабақшаға барарда қатты жаңбыр жауып тұрған. Түскі ұйқыдан соң, топты далаға алып шықты. Барлық балалар шалшықтардан секіріп, асыр салып ойнап жүргенде, Ернар шетте жерден шұбалшындарды теріп өзімен-өзі сөйлеп, көңілді жүрген. Кенеттен қасынан жүгіріп бара жатқан кішкентай Ләззат деген қыз шалшыққа шалп етіп құлап түсті. Үстіне киген аппақ көйлегі лай болды. Шалшықта көзіне жас толып отырып қалыпты. Оны тәрбиешілер байқамай қалды. Енді кішкенеден кейін айқайлап жіберері бар. Әшейінде Ернар топтағы балаларға көңіл аудармайтын. Алайда топтағы барлық ұлдар мен қыздардың аттарын, тіпті кімді қашан, кім келіп алып кететінін де білетін. Бәрін ішінен саралап, кім түсте ұйықтамағанын, кім тамағын ішпегенін – бәрін біліп жүретін. Бірақ сырт көзге оның ешкімменен жұмысы жоқтай болатын. Не болса да тәрбиешілер солай ойлайтын. Кім білер, мүмкін сол кезде білікті тәрбиеші бұның іштегі қорқынышын жеңдіре білсе, Ернар қазірде мұндай тұйық болмас па еді... Алайда әңгімемізге келейік. Сөйтіп шалшықта көзі жасаурап отырған кішкентай Ләззатқа, неге екені өзіне белгісіз, қолы толған шұбалшын болған Ернар келді. Қыздың қасына отырып, оған қолын созды. Кішкентай Ләззат оның қолын итеріп жіберді. «Же!» деді ол Ернарға күлімсіреп. Ернар оның күлгеніне қуанып, бір шұбалшынды жұтып қойғаны бар. Сонда қыз түрегеліп, қарқылдап күліп жіберді де, қайтадан басқа балаларға қосылып жүгіріп кетті. Одан кейін бір апта бойы іші ауырса да, сол ісіне Ернар қатты көңілі тойған. Ал енді автобус ішінде тұрып, бұл ісіне де тәнті болып тұр. Босаған орындықтардың біріне отыра кетті. Жеңілдеп қалған автобус та енді шапшаң жүре бастады. Автобус жылдамдық алған сайын оның да қуанышы тұла бойын алып барады. Көкірегіне терең дем алып қойды. «Осылай мәңгі кете берсем ғой»... Бірер минутта автобус та соңғы аялдамаға жетті. Ернар қуана-қуана секіріп түсті. Көлік тұрақтамастан қайта жүре жөнелді. Автобусқа ішінен алғыс айтып тұрғандай Ернар оны көзімен шығарып салды. Ол көзден таса болғанда, аялдамада жалғыз өзі ғана тұрғанын байқады. Қазір тіпті бар әлем құшағына сиып кетердей. Алдынан кім кездессе де, жүгіріп барып құшақтап алғысы келді. « Япырмай, неткен керемет еді бұл сезім! Мынау аспан, күн, жер – неткен көркем еді! Бұрында қалай байқамағам...» Тағы да бір терең дем алып, аялдаманың артына қарай өтті. Аялдама қабырғасынан бұрылып өткені сол еді, міне керемет, қиыр-шеті көрінбес, көгілдір теңіз жатыр алдында. Өз көзіне өзі сенбей қалды. Күліп жіберді. «Құдай-ау, мұндай да болады екен!» Жан-жағына көз тастады. Бейне бір тыныштықтың ұясындай болған бұл жерде жан адам байқалмайды. Жай басып жағаға қарай келді. Айналасына көз тастап қояды. «Керемет! Мұндай кереметті өмірімде көрмеппін»... Енді міне, бағана ғана үйден асығып шығып бара жатқан Ернар жайбарақат теңіз жағасында дем алып тұр. Күн көзі асау бұлттардың арасынан жымиатындай. Оған қарап тұрған Ернар да бір көзін қысып қойды. Теңіздің дауысы да, иісі де бүкіл денесін аялап сипап тұрғандай. Қозғалмастан, ерекше бақыт минуттарын көбірек созғысы келді. Тек оның мойнына асып алған ауыр портфелі ғана сол «бақытсыз өмірін» есіне түсіріп тұр. Портфельге қарап тұрып бір жымиды да, қолына алып, бар күшімен теңізге қарай лақтырып жіберді. Ауыр жүк ұшып барып суға гүмп ете түсті. «Бітті..» деп мәз болды Ернар. Кенеттен бар дауысымен «Ур-ра-а-а...» деп айқайлап жіберді. Өмірінің бұрынғы сұр беттерін осы айқаймен ұмытқысы келді. Бар күшін салып айқайлады. Ішіндегі бар күйзелісті, ренішті, өзіне деген кінәні – бәрін де осы айқаймен шығарып салды. Өзінен-өзі жеңілдеп жылағысы келді. Сөйтіп қатты толқып тұрған кезде кенеттен біреу артынан: – Соншама айқайлағаның не? Есің дұрыс па?- деді. Қыздың дауысы... Саусағының ұшынан бастап, табанына дейін қызарып кетті. Ұялғаннан артына қарағысы да келмеді. «Ернар, бұл әлемде сеннен асқан ақымақ болмас» деп ішінен өзін-өзі ұрысып тұр. Не күлерін, не жыларын білмейді. Не де болса бар күшін жинап, ұятын жинап «кешірерсіз» деп артына бұрылды. Алдында – қоңыр түсті қолаң шашы желмен ойнап ақырын ғана бетіне түскен, тұла бойы сымбатты, орташа бойлы, ажарынан нұр шашылған бір сүйкімді қыз бұған қарап, қолын аузымен жауып алып, қарқылдап күліп тұр екен. Кейде қолын алып қалғанда маржан тістері көрінеді. Ботадай көзі тіптен магнитше тартып, Ернар, одан көзін ала алмай қалды. «Осы сәтті мәңгілікке тоқтатып қояр ма едім...» деп ойлап, ол өзінің ұялғанын да ұмытып кетті. Әдеміше келген ұзын ақ көйлегі өзіне тым жарасып тұр. Қыздың бар болмыс-бітімі нәзіктік пен пәктіктен жаралғандай. Тіпті самал желдің өзі де көйлегінің етегін баяу ғана тербетуде. – Тірі жан жоқ бұл жалғызсыраған арал емес қой, – деп қыз әлі де күлкісін тоқтата алмай жатыр. Бірақ оның айтқан сөзін Ернар естімеді. Оның күлкісін тоқтатқысы да келмеді. Күлкісі өзіне сондай жарасамды. Сонау бала кезіндегі өзіне сондай ыстық кішкентай Ләззаттың күлкісіндей. «Шіркін, мұндай сүйкімді қыз ылғи да қасымда жүрсе ғой... езуінен күлкі кетірмес едім» деп Ернар қызға тамсанып қараған күйі тұрып ойланып қалды. Өзіне қадалған көзден ұялғандай, қыз күлкісін тия қойды. – Соншалықты қуанғаныңыздың себебін білуге бола ма екен?-деп сұрады қыз байыпты. Ернар енді ғана есін жиғандай, сасқалақтап: – А... жәй, әншейін, – дей салды. – Жарайды, оны қоя беріңізші, ал портфеліңізді не үшін лақтырып жібердіңіз? – деп қыз шыдай алмай тағы да күлкіге кетті. Бірақ күлкісін қайтадан жия қойып: – Кешіріңіз, сіз келе жатқанда мені байқамай қалдыңыз ғой деймін. Өзіңіз, бірақ келгеніңізден тез-тез жүріп, қызынып келіп едіңіз. Қызықтап қарап тұрғанмын не болар екен деп. Бірақ бұлай боларын ойламаппын, – деп қыздың тағы да күлкісі келді. Бірақ өзін-өзі тоқтатып қалды. Әбден қыздың мазағына қалған Ернар біраз тұрып: – Ал сіз мұнда не істеп жүрсіз? – деп сұрады. – Мен бе? – деп қыз терең дем алып, теңіз жаққа алысқа қарап, ойланып тұрып: – Мен бұл жерге күн сайын келемін- деді сәл тоқтап, сосын жан-жағына бір қарап, ешкім естіп қоймасын дегендей, қулана: – Шынымды айтайын ба? – деді. Кенеттен сұсты кейіп танытып: – Маған осыдан бір жыл бұрын түсіме бір ақсақал кірді. Ол маған сабағыңды, жұмысыңды, бүкіл бұрынғы өміріңді таста, саған тыныштық керек деді. Әйтпесе өмір сүретін күнің де азаяды, деді. Сосын ол осы жерді көрсетіп, «бұл жерде сен бақытыңды табасың» деп ғайып болды. Бұны айтқанда қыздың көзі оттай жанып, жарқырап кетті: – Міне, содан бері мен күн сайын осы жерге келіп тұрамын, – деп аяқтады қыз. Оның бар әңгімесі сөзсіз жүзінен-ақ оқылатындай. Ақырын басын Ернарға бұрды. Сөйтсе, Ернардың көзі шарасынан шығардай болып тұр екен: – Міне, керемет! Ол ақсақал маған да кірді ғой!– деп ол таңырқағаннан айқайлап жіберді – Сонымен не болды? Бақытыңды таптың ба? Түгелімен бәрін айтып берші –деп ол тағатсыздана сұрады. Ішінен өзіне қатты ұнап қалған қызға да сол түстің кіргеніне, ол да сол бір ақсақалдың сөзін тыңдап осында келгеніне қатты қуанып тұр. Қыз да біраз таңырқап қалып: –Жоқ... әлі таппадым, – деді. Алысқа қарап отырып, ол тағы біраз ойланды: – Тағы да бір айтқаны ол ақсақалдың: «Сенің бақытың болар адам келе салысымен қатты айқайлап, өзін-өзі қызық ұстайды» деген. Бұл сөзді айтысымен ол ақырын ғана Ернарға көз салды. Оны естіген Ернар: –Рас па? – деп аузын ашып тұрып қалды. «Мәссаған, өмірде мұндай да кереметтер болады екен ғой! Бұл қыздың бақыты – мен ғой!» деп ойлады Ернар. Бірінен соң бірі теңіз толқынындай ойлар кетіп жатты. Қыз болса қайтадан теңіз жаққа көз тікті. Жүзінде бір білінбес күлкінің ізі көрінеді. Алайда Ернар оны байқаған да жоқ. Өз ойына өзі батып кетті: «Е, өмір! Қалай ғана өзгердің? Бүгін таңертең ғана «сабаққа кешігіп қалмау керек» деген оймен тұрып едім. Ал қазір әп-әдемі қыздың қасында тұрмын. Және де жай тұрғам жоқ. Ол менің өмірлік жарым болуы да мүмкін ғой!.. Екеуіміз үйленсек...» Ернар өзінің кішкентай кезінен бастап армандаған арманына сүңгіп кетті: «Осы жерден бір үш бөлмесі мен асханасы бар шағын ғана қызыл шатырлы, көк терезелі сүйкімді үй тұрғызамыз. Кішкентай балаларымызды осы теңіздің жағасына әкеліп, тату-тәтті жанұя болып ойнататын боламыз. Ал күн сайын ұйқыдан тұрғанда, ол маған: «Сен менің бақытымсың» деп күлімдеп оятатын болады. Сосын күні бойы аппақ жүзінен сыңғырлаған күлкісі кетпей, бізге тәтті-тәтті тағамдар дайындайды. Кешкі салқынмен екеуіміз осы керемет теңіздің жағасында қол ұстасып серуендейтін боламыз... Тек енді уақыт жіберіп алма, Ернар, қолыңдағы ақ құсыңды ұшырып алма» деп өз-өзіне ақыл айтып қойды. Ойын жинап, сәл ойланды да, қыздың алдына келіп жерге бір тізесін қойып отырып, оң қолын ұстады. Мұндай қимылды күтпеген қыз таңырқап тұрып қалды. Не істерін де білмей абыржып тұр. Бірақ оған қарап жатқан Ернар жоқ: – Білем, қазір менің айтатыным өте қызық естіледі. Тіпті ол ақымақтық та болар. Бірақ мен сонда да айтам. Мен сені білмеймін. Тіпті атыңды да білмеймін... – Ернардың қыздың атын сұрамағаны енді ғана есіне түсіп, күліп қойды: – Қызық... Бірақ бір білерім, мен сені сүйемін. Шын айтамын. Бар жан-тәніммен құлай сүйіп қалдым сені...Білесің бе, мен осыған дейін жай ғана бір қадам жасау үшін мың ойланып, мың толғанатынмын. Ал қазір мұндай маңызды шешімді үш секундтың ішінде қабылдадым. Мен бұрынғы өмірімнен шаршадым. Оған қайтып барғым да келмейді. Екеуіміздің кездескеніміз – тағдырдың жазғаны. Сен оған сенесің бе? Мен оған түгелдей сенемін. Екеуімізге де бір түстің кіргені, со.. – Жо-жоқ, тоқтай тұр... – деп қыз бұның сөздерінен шошып: – Сен дұрыс түсін.. – Жоқ, маған сөз берші, өтінемін! – деп Ернар қызды тоқтатып тастады. Қай жерге келгенін есіне түсіріп алып: – Сен мені соңына дейін тыңда, өтінем – деді – Сол айтып жатқанымдай, екеуімізге де бір түстің кіргені, сол ақсақалдың, айналып кетейін содан, екеуімізге бір жерді нұсқағаны – ол бәрі де Құдайдың ісі. Сондықтан саған бір айтарым, өмірімізде бір рет ештеңеге бас қатырмай, тек қана жүректің әмірімен жүрейікші. Сенің күтіп жүрген бақытың – мен. Онда сенің күмәнің болмасын. Мен сені бұл әлемдегі ең бақытты жан қыламын. Уәде беремін, – деп Ернар бір терең дем алып, қайтадан: – Уәде беремін. Сен, тек қана сен. Ал енді, сен бұған келісесің бе? Сені бақытты қылуға маған рұқсат бересің бе? Маған тұрмысқа шығасың ба? –деп сөзін аяқтады. Жүрегі дүрсілдеп, қолы дірілдеп кетті. Соңғы сөзді қалай айтқанын өзі де байқамай қалды. Бірақ тағы да бір нәрсе есіне түскендей, қыздың қолына ернін жақындатып сүйгісі келді. Кенеттен қыз қолын оның қолдарының бұғауынан тез ғана жұлып алып үлгерді. Ернар аң-таң болып, көздерін жыпылықтатып түсінбей тұр. Қыз ақырын артқа қарай жүріп келе жатып: – Сен шынымен де есіңнен айырылғанмысың? Мен бәрін ойдан шығардым. Ешқандай түс, ешқандай ақсақал жоқ, ақымақ. Қызық болсын деп айта салдым саған. Сен болсаң, қайдағы тұрмысты айтып. Қош бол, ақымақ, – қыз қарқылдап күліп артқа қарай жүгіріп кете барды. Тізерлеп отырып қалған Ернардың құлағында қыздың соңғы сөзі ғана қалды. «Сен нағыз ақымақсың Ернар». Қызуы басына көтеріліп кетті. «Ақы-ма-аааа-ақ» деп бар дауысымен айқайлап жіберді. «Ақыма-а-а-а-а-а-а-а-а-а-а-қ оян! Ерна-а-а-р, оян! Ерна-а-а-р, оян!» Будильник дауысы... «Ернар, оян! Ернар, оян!». Көзін ашпастан, қолын созып будильникті өшірді. «Тұр» деді ішінен өзіне. «Тұра салып, шәйнекті қоюды ұмытпа. Айтпақшы, Әйгерімнің лекция дәптерін ұмытып кетпе. Түу, 79 уақытында келе қалса екен енді». Бұның бәрі үйден бір татым шай ішіп, күнделікті киімін киіп, кітаптарын салып, құлағына «наушнигін» киіп шыққанға дейінгі басында бірінен-бірі зулап өткен ойлары. Подъезд есігін ашты. Салқын ауа денесін бір шымырлатты. Бетіне бір-екі тамшы тамшылады. «Ернар, бәрекелді! Қолшатырыңды ұмытып кеттің! ..жарайды ештеңе етпейді. Жаңбырдан әлі ешкім өле қойған жоқ». Таныс аула, таныс көше. Таныс адамдар... Мысалы, қазір мына бұрылыстан балабақшаға ерке баласын жетектеп қара торы әйел өтеді. «Бір, екі...үш» деп ішінен санады. Шынымен де «үш» демей жатып-ақ, бұрылыстан кішкентай баланың ыңырсыған дауысы естілді. Қайтадан... Ернар басын ұстап тұрып қалды. Көшеде тұрған бойы: – Жо-о-о-о-оқ – деп айқайлап жіберді. Шошып кеткен әйел: – Жүр, балам, қорықпа, есінен ауысқан шығар, – деп баласын көтеріп алып, тез-тез жүріп кетті. Бүрсеңдеп адамдар кетіп бара жатыр. Қала бәріне қарап тұр.

364 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы