• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

Жанымда – ождан, тамырда – тектілігім...

Бауыржан Игілік 1990 жылы ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1997-2008 жылдар аралығында Семей қаласындағы жалпы білім беретін №42 орта мектепте оқыған. Қалалық,облыстық,республикалық мүшәйралардың жүлдегері. Қазіргі уақытта Семей мемлекеттік педагогика институтының филология факультетінің 4 курс студенті. Ертүрік Қасқыр емен! Бөрімін, бөлтірікпін! Бөлтіріктей намысты ерте ұлыттым. Нақ қадалған жасындай жебесімін Атқа қонған дала үшін Ертүріктің! Қасқыр емен! Бөрімін бөріні емген, Көкбөріден мен үшін өмір өнген. Жанымда-ождан, тамырда – тектілігім, Жағымпаздан сайқалдан жеріп өлгем. Қасқыр емен! Бөрімін,бөрімін мен, Сайқалдыққа жуымас өңі мүлдем. Қаһарлансам толқындай жар жығамын, Ит емеспін шынжырға көніп үрген. Бөрі болсам азатпын тағымын мен, Жаратпаған сірә да Тәңірім кем. Ақтаңгердің серігі-мақтаулы ермін, Мылжың емес мәститіп жабы мінген. Қасқыр емен,емеспін қандыбалақ! Қоян да емен жолығар қанжығада. Мен-бөрімін қорғаушы арға дәйім, Мен-бөрімін жылатқан жанған Айын. Кек қылмаймын тістескен дұшпанға да, Тек бір қайғы қосады зарға уайым- Мәшһүр болып талайға пасықтығы, Қасқыр болып кеткені-ай бар маңайым... Перронда Бекет... Перрон... Сезімдер,сағыныштар, Қоштасу, кездесулер жаны құштар... Жанымның үзіп кетті-ау бір бөлігін Қатігез пойыз деген алып ұшқан... Әпкем ғой бара жатқан Астанаға, Ол жақтың жұрты басқа, басқа қала... Күлді де вагонына кетті кіріп, Ауыр мұң арқалатып қос балаға. Мен тұрмын... Жанардағы сөнген нұрым, Жанымда қарындасым-ерген құлын. Вагонда кете берді бір өмірім, Он бір жыл туған өмір менен бұрын... Қабағым,көңіл-күйім түсті неден? Басымды зіл-тыныштық қысты керең. Пойызды осы жолы рельс емес, Жүйкемнің аттандырдым үстіменен... Намыс кеп жүректі әйтеу,тұншықтырды, Ұшына кірпігімнің бір шық тұнды. Кеткенін күтті дағы отарбаның, Жүректің тамшы-мұңы ыршып тынды... ...Есімде еміс-еміс бала кезім, Әпкемді ренжітіп ем талай өзім. Жанымнан жуығаны жаңа ғана Сағынып қалдым ба әлден ...Қалай өзі??? Еһ, перрон... Сезімдер мен сағыныштар... Қоштасу, кездесулер жаны құштар. Әпкемді үнсіз ғана ап барады Қатігез пойыз деген алып ұшқан.. *** Қарашада... Жоқ әлде желтоқсан ба? Ақ қанат қар қалықтап жауа түсіп... Ай астында ойнадық қар атысып. Уылжыған бір кезің емес пе еді ол, Бүлдіргендей мөлдіреп жаңа пісіп... Жаңа пісіп мөлдіреп бүлдіргендей, Еліктіріп жаныма жүрдің келмей. Періштедей пәк күліп аулақ тұрып, Жуытпадың қасыңа,қар лақтырып... Алдым бір сәт құшақтап сонда сенің Ойға шомған шағыңды аңдап тұрып... Тоңғаным ба? Әйтеуір дірілдедім. Қуатты алып бойымнан үнің,демің... Санам ғана бір ұғып,бір ұқпады Өрттей жанып жанымның бүлінгенін. Қонып қалған кірпікке қар ұшқынын, Тамшы қылып ерітті жан ыстығың... Сонда сенің қарап ем жанарыңа, Тұнжырады даламның таныс түні... Кірпік асты баққандай әрез мені, Дала тыныш... Сен тұрсың сәл өзгеріп. Арамыздың күйшісі-бұл тыныштық, Тамшылаған әуені әуезді еді... Саған қарап өткіздім уақытты бар. Еріп жатты ерініңде бақытты қар. ...Шағың еді-ау тым тәтті бүдіргендей... Алдың екен көңіліңе кірбің нендей? Сүйіп едім... Өкпе ме,еркелік пе? Жалт бұрылдың бірдеңе бүлдіргендей... Қысқы кеште аппақ қар жауа түсіп, Ай астында ойнап ек қар атысып... Сондағыдай тербелем,есіме алсам Көп күндерге сағыныш ара түсіп. ...Бал шақтардың алысқа қалдырғанын, Мойындадық мұң барын,тағдыр барын. Еріді ме тым ерте жүрегіңде Жазып кеткен ақ қарға сол жырларым?! ...Бүгін де себелеп тұр алғашқы қар... Сағыныш... Ақ махаббат... Қанбас құмар... *** Мен дегенің... Мен дегенің - қазақ деген еркін ел Жауға қарсы садақ болып серпілер. Ез үндемей жылыстаса тайғақта, Өзім демей, өзекке ұрып өлтірер! Мен дегенің – қазақ дейтін ел еркін Қатуланса, қабағынан төнер түн. Күн-түн егес мұқалмаған қылышты Мүмкін емес қынға салып көнерту! Мен дегенің – өрт намыстың ұшқыны Тағыны да тайсалдырар ұсқыны! Жырлайтыным - дала жыры, тау жыры, Тыңдайтыным – аспан тілі, құс тілі. Жауым, қасқа кәрі еменнің иірі ем, Бауыр – досқа саржа болып иілем. Тоғыз перне күмбір етсе, Күңіренсе қобыз-кеуде - Қара жартас иіген. Қай құдірет мінсе дағы қаһарға Бөрі болдым! Тығылмадым апанға. Далалықпын бозторғайдай бағы бар, Ал қайғысын тарта алмайтын атан да! Құзғын емес басып жеген өлексе, Құбылыспын биік ұшар, бөлекше. Қыдырым бар, ырымым бар аттамас, Аспаннан да аттай алам керексе! Бұла жұртпын бағзы кезден баһадүр. Бата-нұрмен жұпарланған ата діл. Жоқ дәмесі бұл қазақтың өзгеден, Бақтан осы бөле көрме... О,ТӘҢІР!... Күндер... Өледі кімдер,туады кімдер, Батады күндер,шығады күндер... Күндер... Күндер... Мұқағали. Бір күн ұзап барады тағы менен, Сорыменен,алдамшы бағыменен... Таусылмапты жарығым әлі көрем, Әлі көрем күн нұрын... Әлі де емем... Күн – енені әлі де еме берем... Есіл күндер ұзайсың неге менен? Құласа тағдыр басқа болдырмасқа Тағасын көңілімнің шегелеп ем... Шауып келем әзірше. Қауіптенем... Қайда аунатып кетерсің? Неден өлем?... Оны қойшы келмей ме әркімге өлім... Қараймысың артыңа әу,күндерім?! Мысықтекті екенсің еппен басып, Кеткен қашып көрсетіп тарғыл жонын... Күндер... Күндер... ғасырлар, мәңгіліктер... Ал,адамға бір-ақ сәт – соңғы нүкте. Батқан күнге жасаурай ұзақ қарап, Көп кірпіктен мөп-мөлдір тамды үміттер... Күндер... Күндер... Сонша тез батар ма едің?! Қатал ма едің? Баратын тақау ма елің? Қуа-қуа бақытын пенделер жүр, Көз жасымен жібітіп жатар жерін... «Күміс жалды күн дейтін көлікпенен» Дүниеде мен дағы желіп көрем... Білем, басын бермейді бұл қашаған Талайларды сүйретіп,демікпеген... Күндер мейлі ұзаңдар тағы менен Өзім жағып, отыма жанып өлем! Балағатын артымнан боратсын кеп Тірлік дейтін баяғы бәдік өлең...

411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы