• Білім-ғылым
  • 28 Сәуір, 2012

Есікті тықылдатып көріңіз, ашылып қалар

Әсел БИСЕНБАЕВА ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің 2-курс студенті. Тырнақалды дүниелері «Үркерде» жарияланған. Философиялық тақырыптарға қалам тартып жүр. Қытай философиясының негіздері адамның өзін-өзін және өзінің әлсіз және күшті жақтарын тереңірек тануға көмектеседі және сол қасиеттерін өзгелер мен өзі үшін пайдаға жаратарлықтай әрекеттер істеуге үйретеді. Бұл орайда Қытайдың екі ұлы философының кітаптары бірден ауызға алынады. Олар – И Цзиннің «Өзгерістер кітабы» мен Дао Дэ Цзиннің «Жол мен Күш» туралы трактаты. Бұларды алғаш оқыған адамның бірден түсіне салуы оңайға соқпайды. Ішіндегі небір ғаламат дана ойлар қызықтырғанмен, олардың терең астарлы мағынасын қабылдай алмай қиналасың. Бірақ бірте-бірте адам түсінігі бір арнаға түсіп, данышпан ойдың тереңіне сүңги бастайсың. Ақырында, И Цзин философиясының әлемнің құрылу схемасы екенін, ал Дао Дэ Цзиннің оны қолдана білу ережесі екенін ұғынасың. Тіпті өмірдің қиын сәттерінде оған қолыңды қалай созғаныңды байқамайсың. Өйткені онда күнделікті тұрмыс-тіршіліктің қарапайым жағдайларынан бастап, күрделі концептуалдық мәселелердің сұрақтарына да жауап таба аласың. Қытай философиясындағы өзара қарым-қатынас ұстанымының 5 түрлі стихиясы – су, ағаш, от, жер, металл – бар екенін білмейтін жан жоқ шығар. Жалпы, ежелгі қытай ойшылдары осы арқылы адам денесінің ішкі энергиялық қуаты мен оның қоғаммен өзара әрекетін анықтауға көмектеседі. Дегенмен, бізді ең қызықтыратыны, ол схема бойынша бейнеленген әлеуметтік-психологиялық аспектілер тізбегі екені анық. Бес стихияның теориясы негізіндегі әлеуметтік қатынастар мына тізбекті құрайды: тұлға – бала-отбасы-мәдениет. Осы схема негізінде қарапайым сұрақтарға жауап іздеп көрелік, яғни біз өзіміздің қасымызда жүрген адамдармен қандай қарым-қатынас жасап жүрміз? Әркімнің бұл өмірде өз Мені бар ғой. Оны жаңағы бесбұрыштың қай шыңына орналастыратынымыз біздің қазіргі әлеуметтік рөлімізге байланысты. Мәселен, сіз ата-анасыз. Демек, сіздің Меніңіз «ұрпақ жалғастыру, ата-баба, мәдениет» ұғымдарының позициясында қалмақ. Сондықтан сіз балаларыңызды осы өз Меніңіздің негізінде тәрбиелегіңіз келеді. Ал бұл барлық кезде бірдей нәтиже береді деу қиын. Өйткені біз өзіміздің әлеуметтік деңгейімізге және өзімізге сай нәрсенің бәрін үлгі, эталон ретінде ала отырып, ұрпағымызға ұсынғымыз келеді, оларға өзіміздің осы бір өмір сүру ұстанымдарымыз бен мәдениетті мінез-құлықтарымыздың ерекшелігін таңғымыз келеді. Бұл жағдайда бала өзін қалай сезінеді? Егер ол өзін жеке тұлға ретінде сезіне алса, сіз де оны сыйлап, оның пікірін құрметтеп, оны сол қалпында қабылдасаңыз, сіздің тәрбиеңіз текке кетпейді, кеңестеріңіз оның одан әрі жақсы адам болып қалыптасуына әсер етеді. Ал егер сіз балаға өмір бойы сәбиге қарағандай қарасаңыз, сіздің ережелеріңіз бен қағидаларыңызды да ол үнемі кішкентай балаға тән әдетпен ғана қабылдайды да, соны жеңуге қанша ұмтылғанымен жол таба алмайды. Қиын балалар және жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы осыдан пайда болады, оларды ешкім Тұлға ретінде қабылдамайды, сондықтан олар үнемі осыған қарсы наразылық білдірумен болады... Сіз өзіңіз де қиын сәттерді басыңыздан өткеріп, әлсіздікті сезінген кезіңізде біреуді арқа тұтқыңыз келеді, сіз үшін біреу шешім қабылдаса, сізді қолдап-қуаттаса дейсіз, оның иығына басыңызды қойып, жылап алғыңыз келеді... Демек, бұл жерде сіз тұлға болуға ұмтылған кішкентай ғана дана баланың позициясына түстіңіз. Немесе мәселеге басқаша қырынан келейік. Бұл жолы бар ынтаңызбен өз ұлтыңыз бен басқа халықтардың мәдени мұраларын оқып-үйренудесіз: оқисыз, саяхат жасайсыз, таным көкжиегіңізді жетілдіресіз... Бұл жолы сіз Тұлғасыз, ал мәдениет сізді қоректендіруде, ол сіздің шығармашылық жағынан өсуіңіз үшін, өмірге сәби әкелуіңіз үшін күш-қуат береді: ол тірі адам бола ма, әлде ойлаған жобаларыңыз ба, әлде кез келген басқа туынды ма – әйтеуір сіз оны өз күшіңізбен, қуатыңызбен, біліміңізбен қаруландырып, толықтырасыз. Әрине, отбасы, әйелі, байлығы арқылы әркім де тек ізгі ниетті, жақсы істі жүзеге асыра алады. Ал өмірдің басқа қалтарыстарын түсіну барлық кезде бірдей оңай емес, қалжыңдап айта салуға болар еді, бірақ бәрібір нақты ішкі картинаны анықтау қиынға түседі. Ойлану керек. Әрине, бұл жерде ең бір дұрыс та мықты негіздің бар екені рас. Оны дұрыс бағытта пайдалана білсең, күнделікті әлеуметтік дағдымызды өсу, қоректену, даму режимі негізінде ұйымдастыруға көмектесері сөзсіз. Міне, бұл – психологқа да, саясаттанушыға да, әлеуметтанушыға да, бизнесменге де, ата-ана мен мұғалімдерге де керек әлеуметтік ұяшық. Бұл тізімге кез келген адамды кіргізуге болады. Өйткені бұл кез келген адамның қызығушылығын тудырады, себебі бұл жүйе көпжоспарлы және әр ұяшықтан өзінше жаңалық ашсам деушілерге мырзалық танытады. Тек қана сіз күнделікті күйбеңнің әдеттегі шекараларынан аттап өтіп, өмірге сәл-сәл басқаша көзқараспен қарасаңыз болды. Мүмкін «Есікті тықылдатып көреңіз, ашылып қалар?» Қалай, ашылды ма? Әрине, бәрі жайдан-жай бола қалмайды, есіктің де бірден айқара ашыла кетуі міндетті емес. Бірақ әйтеуір ашылары сөзсіз, өйткені олар құлыпталып тұрған жоқ, жай ғана жабық тұр. Тек оны керекті бағытқа қарай аша білу керек. Нұсқалар онша көп те емес қой. Ендеше, байқап көріңіз. Міне, философиялық туындылардан өзіңіз үшін осындай азғана болса да қызықты жаңалық табасыз. Бұл өзі неғұрлым көбірек үңілген сайын соғұрлым небір ғажап белгілері айқындала беретін қызықты айна сияқты. Қытайлықтар әр адамда сәттіліктің үш түрі болады деп есептейді – аспани, жербетілік және адами. Бұл үшеуі қосылып, адамның өмір сүру сапасын анықтайтын метафизикалық құбылыс түзеді. Алдымен – аспани сәттілік, сосын – жербетілік, соңында біздің өзіміз қалыптастыратын адами сәттілік әрекет ете бастайды. Аспани сәттілік біздің туу жағдайымызды анықтайды. Біз оны ешқашан да өзіміз бақылауға ала алмаймыз, дегенмен ол осы әлемдегі біздің жай-күйімізді анықтауға көмектеседі. Жербетілік сәттілік – бұл фэн-шуй, яғни біздің уақыт кеңістігінде ұйықтау, ауқаттану, жұмыс істеу сияқты басқа да әрекеттерімізді орналастыратын және біз бен қоршаған кеңістік арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін ғылым (ландшафт пен интерьер арасындағы). Жербетілік сәттілік біздің бақылауымызға көне алады, яғни жеке өмірлік кеңістік энергиясымен үйлесімділікте өмір сүргіміз келе ме, жоқ па – оны өзіміз таңдаймыз. Адами сәттілік – бұл біздің өзіміз үшін көңіл күйімізге, ойларымыз бен істерімізге қарай құрылатын нәрсе. И Цзин адами сәттілік жайлы айтқанда тек «мейірбан адамның» ойлары мен іс-әрекеті ретінде қарайды. Сәттіліктің бұл түрін ішкі фэн-шуйды жаттықтыра отырып, біз өзіміз басқара аламыз, өнердің осы түрінің көмегімен біздің тұрмыс-тіршілігіміздің ішкі санасына ене алатын жағдай туғыза аламыз. Қысқасы, біздің іс-әрекет жағдайымыздың бәрі ұлы үштік – Аспан-Адам-Жер арасындағы үйлесімділіктің сәйкестігіне байланысты. Сондықтан болар, қытайдың философиялық ойлау процесі саналы да айқын практикаға негізделеді. Қытай ойшылдарының басты назарында этикалық-саяси мәселелер тұрды, яғни Аспанасты пәлсапасының жөн-жосығы мен қағидаларының негізгі әрекеті әлемдік үйлесімділікті сақтайтын маңызды фактор ретінде түсіндіріледі.

448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы