• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

РАУШАН ГҮЛДІҢ ИІСІ

Еркінбек СЕРІКБАЙ 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. 2005-2009жж. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік дипломға аяқтаған. 2010жж. бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Экономика және Құқық институты «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алуда. Қазақстан-Шымкент телеарнасында редактор, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші, «Барыс» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. Қазір Республикалық «Жалын» Журналы» ЖШС-да Бас менеджер қызметін атқаруда. Шығармалары Республикалық ақпарат құралдарында жарияланып тұрады.  ...Сұлу қыздың қасынан өтсем, «Е,құдай, мына қызға осындай бақ бере көріңіз» деп тілеймін. Автор Биыл жоғары оқу орнын аяқтап, қолына диплом алғанымен мамандығына сай жұмыс табылмағандықтан Айнаш замана шақтарының қисынсыз желінің қиыншылықтарына мойынсұнбай жастық жігерін жасытпады. Қайта осы бір ісін өзіне берілген мақсатының мәні мен арманының айғағы деп түсінетін. Жұмыс қарастырып, барған жерлерінің стапкаларын тауып бере алмай туысқан ағасының гүл дүкеніне сатушы ретінде орналасқан. Бас кезіндегідей емес, мұнда жұмыс жасап жүргеніне төрт айға жуық уақыт өткендіктен ағасы бар жауапкершілікті Айнашқа сеніп тапсыруды әдетке айналдырды. Өзі де осы жерге бір жолата үйреніп кетті. Біздің Ай (ағасы мұны осылай атайтын) өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, жұмысын ыждағаттықпен жасап осындағы әр күніне шүкіршілік ететін. Қуанышты күндер өрнегімен өрбіген сәтте Айнаштың саудасы жақсы дөңгелейді. Оның үстіне жанында екі мектеп пен жоғары оқу орны орналасқан, сонан ба, гүл алушылар қарасын көрсетпей кетпейді. Сондай да гүл алушыларды шат көңілге бөлеумен өзінің де жаны жадырай түсетін. Айнаш бұл жерде ұзақ уақыттан бері істеп келе жатқандай өз ісіне тындырымды. Келген алушыларға әрбір гүлдің өзіндік берілу сипатын, сақталу ережесін айта отырып, әрдайым келіп тұратын алушыларды да тапқан. Мерекелерде ғана емес, басқа да күндерде азын-аулақ алушылар табылып отырады. Дегенмен адам баласының шаттығына себепкер болатын мерекелік отырыстарға, туған күн иелеріне гүл апару қазіргі күннің дәстүріне айналған. Күні бойына сіркіреп жауған қар аралас жаңбыр адамды мезі еткен еді. Күздің алғашқы ызғары сезіле бастаған шағы қанша уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқанымен дәл бүгінгідей гүл алушылар келмей сауда жасамаған күні болған емес. Содан ба, Айнаштың ештеңеге ықыласы соқпады. Ыбырсып жатқан дүкен ішін жинауға зауқы жоқ. Әйтеуір кешқұрым батар күн қызыл арайымен ұясына сырғыды. Ақшам ауып, айналаны қара көлеңке басты. Шапшаң басып, табалдырық аттаған жігіт мұның көңілсіз ойына тоқтау салды. Дүкенге кіре әрбір гүлге қараумен асығыс кейпі көрініп тұрды. – Хош келіпсіз! Гүл алуға келсеңіз кеңес берермін. – Ия, бүгін менің анамның туған күні еді. Жарықтық анашымның арқа сүйер жалғызымын. Оған сыйлықты мен жасамасам басқа кім есіне алып, көңіл бөлер дейсіз? Сондықтан есте қалардай ерекше сыйлық жасағым келеді. Мына гүлдердің қайсысын аларымды білмей тұрғаным. Мүмкін өзіңіздей әдемі гүлді таңдап, маған көмектесерсіз? – Мені бұлай мақтаудың қажеті жоқ. Дегенмен, шын пейіліңізге рахмет. – Шын пейілім екенін қайдан білдіңіз? – Көзіңізден. – Мына екі жанарымды айтып тұрсаңыз қатты қателесесіз! Адамның парасаттылығын көрсететін жүрек көзінің адал, адами рухқа толы екенін білмей тұрып ешкімге сенуге болмайды. Есіңізде болсын, жылтыраған заттың барлығы жылу бере бермейтінін әсте естен шығармауымыз керек. Мынадай сөзді естігеннен кейін ойсыз айтылған өзінің сөзіне ыңғайсыздана: – Оқығандарымның ішінен «сөйлеп алып ойлама, ойлап алып сөйле»!–деген мақалдың еріксіз есіме түскені өзіме үлкен сабақ болды, – деді. – Мені түсінгеніңізге рахмет. Осындай әдемі ойыңызды гүл тандап берумен аяқтасаңыз. – Өзіңізге айтар ұсынысым, анаңызға арнайы жасалған мына букетті алыңыз, ұялмай тапсырасыз. – Айнаш та қыз ғой, шіркін маңдайынан жоғары тарта қағылған кірпігімен көз жанарын жадырата түсіп, сөзін биязылықпен аяқтады. – Талғамыңыз жақсы екен. Айнадай көзге ұрып, ерекше ұнайды екен өзі. Ия осыны аламын және мына гүлді қоса есептеңіз, – деп бір тал раушан гүлін қолына алғанымен екі көзін Айнаштан алмай, оның кіршіксіз келбетіне тамсанумен қарап тұрып қалды. – Кешіріңіз. Сіз әлі оны көрген жоқсыз ғой. – Көрмесем де сіз таңдаған гүлдің әдемі және анама ұнайтыны анық. – Оны қалай білдіңіз? – деп Айнаш сөзін кібіртіктей аяқтады. – Көзіңізден, – дегені сол еді, екеуі де ашық жарқын күлкіде қалды. – Ендеше сіздің еңбегіңіздің қарымтасы, – деп таңдаған раушан гүлін Айнашқа сыйға тарты. – Ой... Бұл қалай? Алушыларға кеңес беру міндетім. Cондықтан... – Ешқандай да сондықтан болмайды. – Жоқ ала алмаймын. – Анамның туған күнінде мені ренжіткіңіз келе ме? – деумен қолын созған күйінде Айнаштың мөлдіреген жанарынан көзін алмай ұзақ қарады. –Жоқ. –Онда алыңыз! Сіз сияқты сұлу қызға гүл ұсынып, көңіліңізді көктем ету біз үшін міндет десем артық болмас, – деп өзінің ашық мінезімен бір көргеннен ғашық еткен бейтаныс аруға ой түкпірін жайып салды. –Иіскеген сәтте ерекше әсер беретін осынау гүлдердің иісі ұзақ уақыт сақталмайтыны өкінішті. Өмір де осы раушан гүлдің иісіндей ғана тым келте. –Ия, адам да гүл сияқты өз уақыты келгенде солып, қурап қалады. Оның қандай адам болғаны артында қалған ғибратты істерінің кейінгі ұрпаққа берер пайдасымен өлшенбек. –Дегенмен, өмірге деген ынтазарлығыңды арттыратын гүлдің иісі үшін өмірін арнайтын жандар біздің арамызда. Әттеген-айы, біз оларды түсіне алмай жатамыз. Әкесі маскүнемдікке салынып, отбасын тастап кеткеннен кейін бұл жігіт жастайынан ана тәрбиесімен ержеткен. Аурушаң ананың көңіліне қараумен қыз жүрегін түсінуге бір табан жақын болып өскен-ді. Сондықтан да аққұба жіңішке, көркем мінезі жан-дүниеңді баурап, сыпайы күлкісімен жарқын жүзі жадыңда жатталатын сүйкімді сұлуға гүл ұсынуы солай қалыптасқан жүректің әмірі десе де болғандай. – Шын көңілмен рахмет! Бұлай деп ойламаған едім. Айнаш үшін осы сәттен бастап, дүкен ішіндегі гүлдердің ең әдемісі бір тал раушан гүлі. Сондай әдемі гүлді сыйға алған мына әлемдегі ең бақытты жан Айнаш шығар. Ұяңдау өскендіктен болар, өзіне ерекше көңіл күй сыйлаған жігітке іштей көңілі ауғанымен ештеңе айта алмады. Тек маржандай тістерін көмкерген езуіне күлкі ұялай бірде жігітке, енді бір сәт қолындағы гүлге тоқтаған көзі сондай мейірімді еді. –Жарайды мен жүрейін. Ертең міндетті түрде келемін! Әңгімені сол кезде жалғасытырайық – деп қолын бұлғап шығып кетті. Шын жүрекпен ұсынылған гүл адамның жан-дүниесін қалай жадыратты десеңші?! Жаңа бір әзірде ештеңеге зауқы соқпай отырған Айнаштың қазір, міне, көңілі көкжиектен асатындай көтеріңкі. Солай жүріп демнің арасында шашылып жатқан дүкен ішін мұнтаздай етті. Гүл сыйлаған жігіттің көздерімен жанары тоғысқан сәтте мұның есі шығып абдырап қалғаны есіне қайта-қайта орала берді. Мұндайды бұрын басынан өткермегендіктен осы бір сәт жүрегіне ерекше сезім ұялатты. Тәтті сезімнің құшағында жүрумен күндізгі жұмысты өткізіп, раушан гүлмен үйге қайтқан Айнаш дәл бүгінгідей қуанғанын есіне түсіре алмады. Жол үстінде келе жатып, гүл сыйлаған жігіттің есімін сұрап алу ойына келмегені есіне түсіп, өзіне іштей қапалы болды. Дегенмен, ертең келемін деп кетті ғой. Жігіт болса міндетті түрде келеді. Оқыстан келмесе-ші. Атай көрме. Келеді. Келеді, – деп екі қолымен құлағын жауып, өзімен-өзі бір сәтте әрі-сәрі күйге енді. Айнаш екі жасына жетер-жетпесте анасы көлік апатынан көз жұмған. Ес біле келе өгей шешесінің жұрт алдында уақытша ғана көрсететін алдамшы мейіріміне көңілі толмай аяулы ана алақанының мейірімін аңсаумен қаншама әділетсіз күндерді бастан өткізді. Айнашты күң есебінде сол үйдің бар жұмысына салуын қоймай, кейде қол жұмсайтын. Екі ұл тауып берген әйелінің ығында кеткен әкесі де бұған қамқорлығын жалтақтаумен жарытып жеткізе алмайтын. Туған қызына қамқорлық жасап, мейірімін білдірсе болды, өгей шешесінің мазасы кетіп, үй іші шырт та пырт болады. Осыдан кейін әкесіне де ашылып, ештеңе айта алмай томағасы тұйықтала беретін-ді. Сол Уазипа бір отбасын ғана емес, өзі қызмет етіп жүрген мектепте де белсенділігін танытып, басшылығында ықпалды адамға айналған. Оның мұндай жағдайға жетуіне қазіргі ауыл әкімі мектепте басшылықта тұрған кезде екеуінің талай ым-жымдары бір болған, соның арқасында қазір оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Бастығына жағынатыны соншалық бірде облыс орталығында өткен жиналыстан кейін екеуі қонақүйге жайғасқанда Уазипа Айнашты мектеп директорына ыңғайлап беретінін айтқан еді. Қыз өсіріп отырғандықтан мектеп директоры мұндай ойды дер кезінде тиып тастаған. Анасы сияқты мөлдіреген көзінен үлкенге әдептілігі білініп тұратын, талдырмаш денелі Айнашты мектеп директоры өзінің отыздар шамасындағы үйленбей жүрген жиеніне қосуды ішіне түйген. Мына хабарды естіген Уазипаның жүрегі жарылардай қуанып, мектеп директорымен құда-құдағи болу әрекетіне кіріскен болатын. Құдай сәтін салғанда мемлекеттік қызметте біраз жылдан бері істеп келе жатқан туған анасының сіңлісі Білім министрлігіне жауапты қызметке шақыртумен орналасып, Айнаштың білім грантымен оқуға түсуіне септігін тигізген. Осы әпкесі бұған ерекше көңіл бөліп, тәртібі мен тәрбиесін қадағалау мен ақыл-кеңесін айтып, жылдық киімдеріне дейін өзі әперіп, қолынан келетін бар жақсылықты Айнаштан аямайтын. Дегенмен, оқуын бітіретін жылы әпкесі пара алып ұсталған бастығының кесірінен жұмыстан босатылып, мемлекеттік қызмет істеуіне тыйым салынған. Жабыққан жанына демеу болып жүрген жақынының мұндай жағдайға ұшырағаны Айнашқа үлкен соққыдай әсер етті. Жоғары жақта туысқаны болмауының салдарынан өзіне лайықты жұмыс таба алмаған еді. *** Ертеңгілік нөсерлетіп жауған жаңбыр тамшылары терезе әйнектерін тырсылдата бастағанда оянып, күнделікті уақытында дүкенге келіп, қалыптасқан дағды бойынша гүлдердің суын ауыстырумен дүкен ішіндегі басқа да жұмыстарды реттестірді. Кешегіден ызғарлана түскен күннің суығы Айнашқа әсерін тигізбеді. Қайта бүгінгі көңіл күйі ерекше көтеріңкі, жайменен өзінше әндетіп жүр. –Сәлем, Айнаш, қалың қалай? – деп ағасы жанындағы қонағымен бірге дүкенге кірді. –Сәлеметсіздер ме? – деп ойда жоқта келген ағасының бұл жүрісіне түсінбей абдырап қалды. Көңілі құрғыр шаттыққа ынтыққанымен өмір мұны шыр айналдыруын тоқтатпаған екен. Әңгімесін сабырмен бастаған ағасы жанындағы қонақтың дүкеннің жаңа қожайыны екенін жеткізді. Осы сөзді естіген Айнаштың көз алдына өгей шешесі Уазипаның жасаған қатігездіктері мен озбырлықтары еріксіз оралып, көкірегін кернеген ыстық жас сыртқа шыға алмай жас жүректі булықтырған. Айнашты қолынан ұстап шеткерірек апарған ағасы: –Айнаш алдын ала ескертпегеніме ренжіме. Күтпеген жерден жоғарыдан арнайы бұйрық келіп, қызметте жоғарылаған едім. Соның шаруасына көлемді ақша қажет болғаннан соң сатуға тура келді. Жайғасар жұмысымның осындай шараларын бітіріп алғаннан кейін саған жаңа жұмыс қарастырамын. Әзірше демала тұр. Өзім хабарласамын. Осы кезде дүкенде ары-бері жүрген дүкеннің жаңа қожайыны қолына қалам қағазын алып, бұрыш-бұрышта әр нәрсені есептеумен жүрген. Кенет ұялы телефонымен көмекшісіне хабарласты. – Қанат, Бейсеннің гүл дүкенін толықтай өзімізге алдық. Өзі тамаша жерде орналасқан, жақсылап қол жүретін болды. Тездетіп өзіміздің жігіттерді ұйымдастыр да, бүгіннен қалдырмай осы жерге он бес ойын автоматын орналастыр. Айтпақшы, жаныңа екі үш жігіт әкеліп гүлдерді далаға шығарып, дүкен ішін тазалап тастаңдар. Бірінші осыны істеп алғаның дұрыс болады. Біз қазір Бәкеңнің жаңа қызметке орналасқанын тойлауға барамыз. Барлығына өзің бас-көз бол. Әлде қандай шу шығып жатса дереу маған хабар бер. Ал, жақсы, жаңағы айтқандарды тездетіп істе, – деген жаңа қожайынның дауысы әрең шықты. Бұл да өмірдің бұралаң жолына енді ғана қадам басқан жас қыздың басынан өткізген аянышты күндердің бірі болған. Құлазыған көңіліне демеу, жабырқау жанына алданыш болып жүрген бұл мекенде Айнашты бауырына баса алмай, жетім жанды жатсынғандай. Дүниедегі ең асыл адамын жоғалтқандай сатылған дүкенге бұрылып қараумен аяғын сырғыта басып амалсыз қайтуға тура келді. Бірақ кешегі жігіттің «ертең келемін» деген сөзіне үміт жалғап күздің қар аралас жаңбырының астында екі сағаттан астам уақытты өткізді. Тапжылмай бір орында келер жолды күтумен бойын суық қармаған. Ақыры, сөмкесін аяғына ұрып, келген автобусқа отырып жүріп кетті. Аялдама маңындағы көлшіктерге жиналған жаңбыр суын шетке шашыратып тежегіштің арқасында әрең тоқтаған келесі автобустан кешегі гүл сыйлаған жігіт түсті. Еркінбек СЕРІКБАЙ, «Жалын» журналының бөлім меңгерушісі

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы