• Руханият
  • 28 Сәуір, 2012

Ұрпақ

Ақселеу Сейдімбек Өмірден өткен жазушы Ақселеу Сейдімбектің мол әдеби мұрасы артында қалды. Деректі әңгімелерінде қазақ болмысына тән төлтума қасиеттерді терең бейнелейді. Жалқыны тілге тиек ете отырып, жалпының қадір-қасиетін ашып көрсетуді нысанаға алады. Оқырманға осы сипаттағы бір әңгімесін ұсынып отырмыз. Бәтіш апай шүйкедей домаланған кішкене адам еді. Үйелмелі-сүйелмелі бес ұлы бар. Ұлдарының үлкені он екі-он үштерде болса, кішісі екі-үшке жаңа іліккен. Бұларға бас-көз болып, сол үйде тағы да бір ересектеу бала жүреді. Оны былайғы жұрт Бәтіштің баласы емес, інісі деп отырады. әрине, бізге – ойын балаларына бәрібір. Таңның атысы, күннің батысы ду-ду болып, жұбайымыз жазылмай жүреміз.  Бәтіш апайдың балаларға деген мейірімі ерекше болатын. Өзінің бес баласы, «інісі» дейтін баламен алтау, оларға ауыл-үйдің балалары – біздер қосыламыз. Содан, біресе су, біресе сусын дейміз, әйтеуір, сол үйді өз үйіміздей жайлаймыз. Сонда, Бәтіш апайдың бір қабақ шытқанын көрмейміз. Біз бала болсақ та, үлкендердің қас-қабағына караймыз. Бізді таңдандыратыны, Бәтіш апайдың елден ерекше қылық-қасиеті болмаса да, ол кісіні, әсіресе, ауылдың үлкендері айырықша сыйлап, құрмет көрсетіп отыратын. Кейін, есейе келе, шешейдің аузынан естіп білдім, сол Бәтіш апамыздың жүрегінде жазылмас жарасы, көкірегінде сейілмес қасіреті болады екен ғой. Бұл әңгімені айтқанда шешей әлсін-әлсін көзінің жасын сығып алып отырушы еді... «Әйгілі отыз екінің аштығы ғой... «Жұт жеті ағайынды» дегендей, сол жылдың қысы да аққұла қаһарланып басталды. Апталап соққан ақтүтек боран төңіректі кебінге орағандай етіп, қасат қармен көміп тастағаны есімізде. Жылдағы әдетпен қиян шеттегі «Жалпаққора» деген жерді қыстап қалған жеті-сегіз жанұя, ішінде Бәтіштің де әулеті бар, тағдырдың тұзағына іліккендей күй кешеді. Қарға адым жерге аттап шыға алмайды. Тігерге тұяқ жоқ, ішерге тамақ жоқ. Мал атаулыны күз түспей-ақ өкімет адамдары «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын»! деген ұранмен сыпырып-сыйырып алып кеткен. Сөйтіп, құрт-ірімшікті де жарытып жинай алмай қалған ғой. Ол кезде Бәтіш – солқылдаған жас келіншек. Ата-енесі, күйеуі және екіге келіп қалғаны баласы бар. Бұлармен бірге бір қораның ішіндегі бөлек есікте Бәтіштің жалғыз ағасы мен жеңгесі тұрады. Оларда да екіден асыңқырап қалған бір ұл бала болады. Содан не керек, қыс ортасына ілігер-ілікпестен-ақ ауылда адам шығыны бола бастайды. Бәтіштің етжақындарынан әуелі ата-енесі қайтыс болады. Мұнан соң, араларына бір апта салып, ағасы мен жеңгесі көз жұмады. Олардың артында қалған баланы Бәтіш өз қолына алады. Сөйтіп жүргенде, бетіне қарап отырған жалғыз сүйеніші – күйеуі де қайтыс болады. Бәтіш екі баланы бауырына басқан қалпы жалғыз қалады... Енді қайтпек?! Таудың қуысындағы қарға көмілмеген қыстауда өлім күтіп отыра бермек пе?! Қарап отырып өлгенше, бір әрекет ету керек! Бәтіш осындай ойға келеді де, «Жалпаққорадан» оншақты шақырым Ақтасты қыстауына барып, сондағы нағашы ағасын паналамақ болады. Өзінше жолға қамданып, алдымен екі баланың киім-кешегін дайындайды. Оппа қарда екі баланы қобыратып көтеріп жүре алмайтыны белгілі. Қол шана да табыла қоймады. Содан, аяқ астында жататын бір тулақ болады екен, соған орап алған екі баласын сүйретіп жолға шығады ғой. Өзі аштықтан әлсіреген адам, оның үстіне ақсақ ойылма оппа қар, жол ортасына жетпей-ақ Бәтіштің әл-дәрмені таусылады. Екі бала қатар шырылдап, олар да бір жағынан есін шығарады. Сол жерде, бір сұмдық ой Бәтіштің көкірегін тіліп өткендей болады. Бұл қалпында мидай далада үшеуі бірдей текке өліп қалары хақ. «Бәлкім, екі баланың бірін қалдыра тұрып, екіншісімен ауылға аман жетсем, ол ауылдан бір көлік-мөлік табылар, қайта айналып келудің орайы болар» деп ойлайды. Ойлауын ойланғанмен, ет жүрегі езіліп аяғының басына түскендей болып, есеңгіреген қалпы отырып қалады. Біраздан соң Бәтіш есін жиып, өзіне-өзі келгендей болып, тәуекелге бел буады. Екі баланы қимағанмен бола ма, бұлай босаңсыса, үшеуінің бірдей қатып қалатыны айдан анық. Тіптен, бір баланың өзімен нысана еткен жеріне жете ала ма, жоқ па, оның өзі екіталай. Сонда, екі баланың қайсысын қалдырып кетпек?! Бірі – өзінің өзегін жарып шыққан перзенті, екіншісі – жан ағасының тұяғын жалғар жалғызы. Осылайша, салы суға кеткендей сенделіп отырып, Бәтіш тағы да бір шешімге бекінеді. «Егер, Тәңір жарылқап, басым аман болса, бұйырған перзентті әлі де көре жатармын... ал, жалғыз ағамның тұяқ жалғарын қалдырып кетсем, бір әулеттің түтіні үзіліп қалады ғой... ақталмас күнә мен арылмас өкініш сол болар!» деп ойлайды. Ақыры осы ойы жеңіп, өз баласын қардың ықтасынына қалдырады да, ағасының баласын қойынына тығып жүріп кетеді. Бәтіш осыны айтқанда: «Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен тұла бойы тұңғышымды өз еркіммен ақ қар, көк мұздың құрсауында қалдырып кеттім-ау!» – деп аһ ұрғанда күні бүгінге дейін көз жасына ие бола алмай қалады... Сөйткен Бәтіштің үміті ақталып, тілегі қабыл болды ғой. Заманның беті бері қараған соң қосылған екінші күйеуінен торсықтай-торсықтай бес ұл көрді. Жалғыз ағасының көзі анау, зіңгеттей жігіт болған...». Шешей егіле күйреп отырып осы әңгімені айтқан соң, иығынан ауыр жүк түскендей «Уһ-һ, жалған-ай!» деп, терең күрсініп алды. Ел басына түскен нәубет жеке адамдардың тағдырына айналады дейтіні осы болар.... Дәл осындай оқиға әйгілі әнші-сері, батыр-палуан Иманжүсіптің (1863-1931) әкесі Құтпанның да басынан өткенін кітаптан оқып, қайран қалғаным бар (Р.Көшенова. Иманжүсіп. – Алматы, 2001. 4-бет). Құтпанның әкесі Тұрғанбай Түркістанда датқа болған. Сол Тұрғанбай датқа Хиуа хандығының өктемдігіне қарсы қимылдаған қанды шайқаста қаза табады да, әйелі Мәлике ұрпағын аман сақтап қалу үшін бір жасар ұлы Баймырза мен қайнысының бес жасар баласын алып, шөл дала арқылы туған еліне қарай қашады. Мәликенің қайнысы, яғни, Тұрғанбайдың туған інісі, ол да сол соғыста мерт болса керек. Содан, Мәлике шиеттей екі баламен шөлге қамалып, әбден титықтап, шарасы таусылады. Екі баламен ел шетіне жете алмайтыны белгілі болады. Сонда, «аман жетсем қайта келіп алармын» деген үмітпен өз баласын тасалау жерге жасырып, қайнысының жалғыз тұяқ жалғарын арқалап кетеді. Пенденің көрер жарығы таусылмасын деңіз, шөл далада ораулы күйінде қалған Баймырзаны перзенті жоқ Дайрабай деген саудагер тауып алып, мәпелеп өсіреді. Бір жасар баланың есімі Баймырза екенін қайдан білсін, құдай бере салған балаға Құтпан деп ат қояды. Сол Құтпан жиырма беске келіп, аптал азамат болғанда ғана туған анасы Мәликемен табысқан. Сөйтіп, Мәликенің де үміті ақталып, тілегі қабыл болып, өзінің де, қайнысының да ұрпағын жалғасқан. Қазақ үшін өмірдің мәні де, сәні де ұрпақ жалғастығы болса керек.

487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы