• Айтарым бар...
  • 29 Қыркүйек, 2014

ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛЫНАН ОФИЦЕРЛIК ПОГОН АЛҒАН

Еркебұлан ел мақтанышы болары ақиқат

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп Абай айтқан даналық сөз Еркебұлан Сүйенішбековке арналғандай. Бір қарағанда қарапайым көрінген бозбала бойында ұяңдық басым. Өзінің жетістіктерінен гөрі он бір жыл бойы дәріс берген ұстаздары, мектеп директоры Г.Қосымова, қазақ тілі және әдебиет, ағылшын, орыс тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімдері С.Оразбаева, Г.Рақұлова, Ш.Көбеева, сондай-ақ, барлық педагогикалық ұжым мен сыныптастарының табыс-тарын айтуды жөн санаған бозбаланың қарапайымдылығы бізді тәнті етті.


Әкесі Ерғали – жүргізуші, анасы Гүлнәр Әлиева мемлекеттік қызметкер болып еңбек етіп жатқан өнегелі отбасының тұңғышы Еркебұлан тәуелсіздіктің құрдасы екен. Атасы Жарқынбек Сүйенішбеков өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары даңқы алысқа жеткен атақты шопан, ал әжесі Тұрсынкүл 9 бала тәрбиелеп, өмірін еңбекпен өрнектеген аналардың бірі.
Еркебұлан аудан орталығындағы Н.Киікбаев атындағы  орта  мектепте  оқып  жүрген кезде-ақ  өзінің  білімқұмарлығымен, талапшылдығымен дараланған. Бір сыныпта 16 қыз, 4 ер бала білім алды. Мектептегі «Өзін-өзі басқару» комитетінің президенті, Н.Киікбаев атындағы стипендиаттың иегері ретінде Еркебұлан Көкшетаудағы “Балдәурен” балаларды сауықтыру кешенінде дем алып, Астанада болып, «Жігіт сұлтаны» байқауының жүлдегері де атанған. Орта мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігі әскери институтына  (шет тілдері) оқуға  түсіп,  екінші  курстан бастап, Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқуын жалғастырады. Биыл аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен тамамдап, «Үздік бітіргені үшін» төсбелгімен марапатталған Еркебұлан болашақ офицерлік погонын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан аламын деп ойламапты.
Жыл сайын Астана күніне орай Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру үрдіске енген-ді. Биыл да 6 шілде – Астана күнінің 16 жылдығына орай «Атамекен» этномемориалдық кешені жанындағы Мемлекеттік Ту тігілген алаңда Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік Туды көтеру, еліміздің әскери оқу орындарының үздік бітірушілеріне офицерлік погон табыстау рәсімі өтіп, осындай салтанаттың дәл ортасында болу Еркебұланның пешенесіне жазылыпты.
Салтанатты рәсімге Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауылы ротасы, Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасы және Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Ұлттық ұланы ротасы қатысты.
«Елім менің» әні шырқалып, Елбасы-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Ә. Назарбаевқа Қазақстан Республикасының Құрметті қарауылының бастығы, аға лейтенант Қ.Жасболатұлы дайындық туралы рапорт берген соң, Мемлекеттік Әнұран ойналып, Мемлекеттік Ту көтерілді.
Президент қала тұрғындары мен қонақтарды Астана күнімен құттықтап, Мемлекеттік Тудың ел өмірінде алатын орнына, жас қала – Астананың еліміздің елордасы ретінде айтарлықтай табыстарға жеткендігін, мереке қарсаңында жаңа нысандардың іске қосылғанын айта келіп, еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік погондарды тапсырды.
Мемлекет басшысының қолынан офицерлік погонды қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институты, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы, Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты, ҚР Ұлттық ұланының әскери институты секілді жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі алды. Солардың ішінде жерлесіміз Еркебұлан Сүйенішбеков те болды.
Салтанатты рәсімге барған Еркебұланның әжесі Тұрсынкүл, анасы Гүлнәр, бауырлары мен қарындасының қуанышында шек жоқ. Әсіресе, көпті көрген, шуақты әже: «Қойшының немересі Президенттің қолынан офицерлік погон алады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Еркебұланымның арқасында ерке Есіл бойында бой көтерген Астананы көрдім, Президенттің қолын алдым. Мұндай бақытқа екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондықтан Жаратқанға мың да бір шүкір айтудамын. Жұртымыз тыныш, Президентіміз аман болсын» деп ағынан жарылған Тұрсынкүл ананың жүзі бал-бұл жанады.
«Кеңес» ауылында өмірге келіп, Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтын қызыл дипломмен бітірген Еркебұлан бес жыл бойы бөлімше командирі болып, курсант жолдастарының «нағыз қорғаны болған» ер. Жоғары оқу орнының оқытушылары, француз тілінің профессорлары Н.Сопбек, Т.Калесова, А.Жанайдарова, ағылшын тілінің профессоры, кафедра меңгерушісі Ж.Бисенбаевалардың алдында дәріс алғандығын мақтаныш етеді. Орыс, француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін, «Әскери аударма ісі» мамандығы бойынша «Аудармашы» біліктілігін игерген Еркебұлан марқұм атасы Жарқынбек пен Жуалы ауданында тұратын, нағашы атасы, ішкі істер органының ардагері Қуандық Әлиевтей аталарын үлгі тұтады. Еңбектің нағыз қазанында қайнаған аталарының бойындағы ең биік қасиеттерін бойына сіңірген Еркебұлан туған ауылының топырағына аяғы тиісімен қазыналы қарияларға сәлем беріп, әруақтарға құран бағыштап, кішкентай бүлдіршіндерге сыйлықтарын таратуды әдетке айналдырған.
Иә, бір сыныпта оқыған достары Бағдат – кәсіпкер, Дәурен – Германияда, ал Нұралы болса Астанада Еуразиялық университетте білімін жетілдіруде. Міне, осындай білімқұмарлардың бел ортасында шыңдалған Еркебұлан әлі талай асуларды бағындырып, ауыл ғана емес, ел мақтанышына айналар тұлға болатындығына сенімдіміз.
Гүлшаһар  Ермұратова,
Жамбыл облысы Байзақ аудандық  «Ауыл жаңалығы – Сельская новь» газеті редакторының орынбасары.

 

581 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы