• Мәдениет
  • 29 Қыркүйек, 2014

Театрға берерім әлі алда

Жалғас  ТОЛҒАНБАЙ
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері:

– Аға, сұхбатымызды туған жеріңіз-ден, туып-өскен ортаңыздан бастасақ.
– Мен қазіргі Жамбыл облысы,Тұрар Рысқұлов ауданы, Жарлысу елді мекенінде 1970 жылы мамырдың жиырма үшінші жұлдызында дүниеге келдім.Үйдің тұңғышы болған соң, ата-анам ұрпағымыз, артынан ерген бауырлары көп болсын деп ырымдап атымды «Жалғас» қойған екен.Қазір Алматыда академиялық театрда қызмет атқарып жүрмін. Отбасым, бала-шағам бар. Осы жақындарымның қолдауымен, жақсы лебізімен өмір сүріп жатырмын.


– Өнер жолы – ауыр жол. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін өнер жолына келуіңізге кімнің  ықпалы болды?
– Әкемнің өнерге деген құштарлығы мені өнерге жетеледі.Әкем өнерлі, әнші кісі болды. Тарих пәнінің ұстазы бола жүріп, мектепте кішігірім ансамбль құрып, шәкірт тәрбиелейтін. Ауылымызда кішкентай ғана клуб болатын, соған аудан орталығынан халық театрлары келіп спектакль  қоятын еді. Әкем келген өнерпаздарды міндетті түрде үйге шақырып,дастархан жайып,құрмет-қошемет көрсететін.Өнерге деген махаббаты зор кісі болды. Өнер адамдарымен әңгіме-сұхбат құрғанды жақсы көретін.Өзім актер болам деп ешқашан ойлаған емеспін. Дегенмен түбінде сахна адамы болатынымды сездім, себебі мектепте оқып жүрген кезімде кластың ішін безендіріп сахна жасап,ән айтып өнер көрсететін едік,әрі әкемнің арқасында  өнерлі кісілерге етене жақын болдым.
– Мектеп жасынан  өнерлі оқушы  қандай  студент болды?
– Мен студенттік өмірге кеш аяқ бас-тым. Әуелі Тараз қаласындағы Мәдениет-ағарту училищесін мәдениет қызметкері және оркестр дирижері мамандығы бойынша бітірдім. Ол жерге әнші болам деп барған едім, бірақ дәстүрлі әншілерді дайындамайтын болып шығып, домбырадан сабақ алдым. Содан оркестр дирижеры деген мамандық алып шықтым.Кейін  Қазақ Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірдім.  Ол жерде керемет алғыр болдым деп  немесе сылбыр студент болдым деп айта алмаймын.Жап-жақсы студент болып бітіріп шықтым.
– Гастрольдік сапарға жиі шығып тұрасыздар ма?
– Әуезов театрының ұжымы болып ірі қала орталықтарына гастрольдік сапармен шығып тұратынбыз. Қазір шағын қалаларды да аралап өнер көрсетеміз. Соңғы рет Алматы облысы Текелі қаласына бардық. Халық құшақ жая қарсы алды, өте көп жиналды.Залдың іші лық толы адам. «Отыз ұлың болғанша » атты қойылымды қойдық.Сонда мен «Бастықтың» рөлін ойнаймын. Театрымыздың үлкен актеры Оразхан Кенебаев аға Абдолла деген қарттың рөлін ойнайды. Басты рөлдерде театрымыздың ең мықты, тәжірибесі мол әртістері сомдады. Сюжет бойынша Абдолла қарт соңында төрт кемпірді алып кетем дейді. Спектакль біткен соң бір апамыз Оразхан ағаға «мені де алып кетші», деп айтыпты. Сондағы өнерге сенгендігі, өнерге деген құрметі ғой халықтың. Алдағы уақытта, құдай қаласа, ауыл-аймақтарға да шығып қалатын шығармыз.
– Өнер адамының бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?
– Өнер адамының жаны таза болу керек. Қызғаншақ адам өнерде жүре алмайды. Жаман қасиет қанша жасырғанмен  бәрібір сыртқа көрініп тұрады. Сол тазалық бізді жетелеп алып келген. Театр дерт секілді,бір ауырсаң айыға алмайсың.Өзім осы театр-дан басқа жерде жұмыс істей алмайтын сияқтымын.Театрдың мен үшін орны бөлек. Өнерге жаны таза адам ғана келеді деп ойлаймын.
– Қасиетті қара шаңырақ академия-лық  театрда он жылдан аса қызмет атқарыпсыз, осы уақыт аралығында театр-дан не алдыңыз, не бердіңіз?
– Осы театрда қызмет істеп жүргеніме жиырма жылға таяп қалды.Театрға алғаш келген кезімде халық таныған, беделді актерлерді көріп, қатты қобалжып, ол кісілермен жұмыс істеп кете алам ба деген қорқыныш болды. Алайда бұл театрдың өзіне баурап алатын қасиеті бар.Өзіндік сара жолы, дәстүрі бар, соған мен де бірте-бірте үйрендім. Алғаным көп, талай сахна саңлақтарының көзін көрдім, сахнада партнер болдым,актерлық шеберліктің шыңына шыққан тұлғалардың өмірлік тәжірибесінен сабақ алдым. Театрдан алғаным көп болғанмен, берерім әлі алда. Талай мықтылардың салып кеткен сара жолы үзілмесе екен деп еңбек етемін.Дәл қазіргі уақытта Ресейдің Надежда Михайловна деген режиссер-драматургы Шекспирдің «Отеллосын» дайындап жатыр. Сонда Дездемонаның әкесі Брабанционің рөлі бұйырып тұр. Осы рөлді сәтті алып шықсам, ол да менің театрға қосқан үлесім болмақ.
– Нұргелді Садығұловтың режиссер-лығымен «Абай» деректі  фильмінде, «Абай» рөлін сомдадыңыз. Сізге бұл рөлді сәтті ойнап шығу қиын болды ма?
– Әрине, Абайды түсіну, Абай болып сөйлеу өте қиын. Әркімнің ішінде өз Абайы бар ғой, мен өз Абайымды сомдап шықтым.Сәтті шықты, себебі үлкен кісілер, жақсы ниеттерін білдіріп, риза болып жатты. Ең бірінші осы фильмнің продюсері Сәбит Әбдіхалықовтан ұсыныс түсті. «Абай рөлін ойнаған көптеген актерларды көрдім, алайда осы рөлді сен ойнасаң деймін»,- деді.Менің табиғатымда бірден бастаған іске кірісіп кететін әдет жоқ.Әбден ойланып барып,кірісем. Осындағы  грим  жасайтын студенттер дипломдық жұмысына менен «Абай» бейнесін жасаған.Сол суретті көріп,сен ойнайсың деді.Ақыры тәуекелге бел буып, Абай туған өлке Жидебайға барып, құран бағыштап, бастап кеттік. Абай киімін киіп, грим сала бастағаннан көзіме жас келе берді.Айналамның бәрі Абай, Абайдың музейінің ішінде,  оның  ұстаған кітабы,домбырасы, отырған орындығы, жатқан орны, жүрген ортасы әсер етті ме, өңешім өксікке толып кетті. Грим жасап тұрған жігіт те «Аға, сізге не болды?» деп сұрап қояды. Іштей жақсылыққа баладым. Сонымен аман-есен фильм түсірілді. Көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.
– Азамат ретінде бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда қандай мәселелер толғандырады?
– Тыныштық болса екен деймін. Қоғамда неше түрлі жан түршігерлік оқиғалар орын алып жатады.Қазіргі білімді, көзі ашық жастарымыз сол жаман жайттардың артынан еріп кетпесе екен, ата-бабамыз салып кеткен дәстүр-салтымызды әрі қарай, үзіп алмай, жоғалтып алмай жалғастыра алатын жастарымыз көп болса екен деймін.
– Өнер жолында өкіндірген «бір кем дүниеңіз» бар ма?
– Өкіндіретін дүние болған жоқ. Алайда бала күнімнен іске асыра алмай қалған арманым- дәстүрлі әнші болу еді. Сол арманымды әлі іске асырсам деген мақсатым бар. Мысалы: «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы мен халыққа таныла бастадым. Сол кезде Айгүл (актриса Айгүл Иманбаева) екеуіміз бірдей старт алдық. Айгүл өз жолын өнерден таба білген адам. Өсе білді, кино саласында да, театрда да, продюсерлік жағынан да өзін көрсете алды. Меңде жалқаулық басым болды. Театрмен шектеліп қалдым.Өнер адамы көп қырлы болу керек. Сондықтан осы көктемде жаңа істер атқаруды жоспарлап отырған жайым бар. Күзде жемісін берерміз.

Сұхбаттасқан
Айжан ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дыңжурналистика факультетінің 1-курс студенті

 

 

945 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы