• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

ЖЕР ҮСТІНДЕ ДЕ ЖҰМАҚ БАР (Романнан үзінді)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайды таныстырып жату артық болар. Әр қаламгердің жан дүниесіне жақын өз тақырыбы, өзінің айқын қолтаңбасы, адам психологиясындағы астаң-кестең арпалысты сезімдерді майдан қыл суырғандай аса дәлдікпен суреттейтін шеберлігі болады десек, Қ. Жиенбай осы пікірімізге толықтай дәлел бола алатын прозашы. Бүгінге дейін оннан астам кітаптары жарық көрген, әдеби сыннан да өз бағасын алып үлгерген. Мерзімді басылымдарда жарияланып жататын әңгіме, повестерін былай қойғанда «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте» романдарының авторы. Жақында жазушы «Жер үстінде де жұмақ бар» дейтін жаңа роман жазып бітірді. Шығармада Байқоңыр космодромы мен Қорқыт баба кесенесі арасындағы «құдайдың назары түскен» қасиетті топырақтың бүгінгісі мен келешегі, оның аспан әлемімен байланысы, болашақта әлемдік туристік ұйым үшін таптырмайтын киелі мекен болатындығы нақты дәлелдермен жан-жақты баяндалған. Біз алпыстың асуына тығып отырған қадірлі қаламдасқа алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеп, жаңа туындысынан үзінді жариялауды жөн көрдік.

*** Не көрінді жау алғыр?! Тас бүркеніп сеспей ұйықтайтын қайран уақытының текке рәсуа болғандығына кәдімгідей іші ашыды. Ұйықтайыншы дейді, тынығайыншы дейді. Жұмыр бастың қуыс-қалтарысына рұқсатсыз кіріп алып, енді әке-көкелеп шығара алмай жатқан кәкір-шүкір керексіз ойлардан ақи-тақи құтылып, рақаттана дем алайыншы дейді. Деуін дейді-ау, бірақ жеме-жемге келгенде өзін-өзі билей алмайды. Денесі бір бөлек, басы мен жүрегі бір бөлек. Қырым етсіз, ұп-ұзын дене байғұста не кінә бар. Оған салсаң қазір-ақ кірпіктері айқасып кете барар еді. «Жоқ, сізге әзір ұйықтауға болмайды» дейтін секілді іштен шыққан бір дүлей күш. Кешегі сергелдең өмір бойы есінен кетпес. Құм төбелердің бірінен-біріне асып, тілі салақтап, қос өкпесін қолына алып жүгіргенде жан екпінмен ешнәрсені байқамаған екен. Енді жуан саны әлдекім қысқышпен қақыратып қысып жатқандай, жаныңды көзіңе көрсетіп қақсайды. Қозғалғаныңды қаламайды. Жаяу жарыстың тағы бір нәтижесі – мінекей, сірісі қалың шетелдік туфли өкшесін оңдырмай қажап тастапты. Ақкербезден жасырынып, әлдебір дәрі-дәрмекті сепкен болып еді, әдепкіде жайлылау көрінгенімен қазір ақ жамылғының бір шеті байқаусыз тиіп кетсе де, жылан шағып алғандай ашиды. Екі қары вагоннан қапшық-қапшық цемент түсіргеннен әрі, көтертпейді. Бөгде сөзден, төтеннен төпелейтін сұрақтардан аман болайыншы деп, Ақкербез әзірлеген тамақтан ауыз ұшымен ғана дәм татты, екі-үш кесе ыстық шайды да суытып ішті. Бір жамбасына құлап кететіндей үстөл үстінде әзер шыдап отырды. Әкесі келгенше ұйықтамайтын кенжесінің басынан бір сипап, әзілдеген боп, құйрығынан бір нұқыды да жатын бөлмеге жөнелтті. Күні бойы үйден шықпайтын әйелдің іші жарылуға айналған. Көбіне Көбейсінді қолына түсіре алмай діңкелейді. Белгісіз жайларды білуге құмартып көкірегі күмбір қағады. Құдай оңдап, бүгін оның да беті бері қарады. Әлде Көбейсіннің әлемтапырық түрін көріп, тәубесіне түсті ме, тек паркет еденді тырп-тырп басқаннан басқа оғаш қылық танытпады. –Демалайын,–деді Көбейсін орнынан әзер көтеріліп. «Демал! Сенің көзіңе біреу ине шанышып қойды ма». Иә, дем алып жетістірді. Бұрын-соңды мұндайы жоқ-ты. Жүрегі түскірі атқақтап аузына тығылады. Ми қабатындағы қорытылып, ішке түспеген тосын ойлар тұс-тұстан андыздай көтеріліп, әлдебір сигналдар арқылы жүректің осал тұсын аяусыз піскілейді. Тыншымайды. Сол баяғы бір сарын: «Кешегі тамашаны сана сүзгісінен өткізбей қайтіп ұйықтайсыз?!» Сыртқа шығып шылым тұтатты. Бұл да үйреніспеген кәсібі-тін. Бір-екі мәрте сорғыштаған, ащы түтін кеңсірігін қауып, шиқылдап жөтелді де қалды. Сосын шіреніп тұрып, ендігі көрмегенім сен болсын дегендей, тұқылды саусақ ұшымен аулаққа атып жіберді. Күн желтең. Күз ызғарлы. Есік алдындағы қара ағаштың сидам бұтақтары дірдек қағады. Алыстан, ту алыстан қаңғыбас иттердің дауыстары естіледі. Төретам стансасынан салдыр-гүлдір етіп, ауыр состав әрең қозғалды. Сағатына қарады. «37-ші, не 113-ші товарный болар». Терезенің ашық қалған пердесінен ішке үңілген-ді. Ай сәулесі қиғаштай түсіпті. Таңғы ұйқының әсерінен қазір Ақкербезді мылтық атып оята алмайсың. Әлдене есіне түсті. Алақандарын ысқылап, арлы-берлі мойынын қозғады. Тәуекел етсем бе, етпесем бе деп аз-кем ойланды. Жұтқыншағы жыбырлады. Қырлы стақанды толтырып тартып жіберсе. «Жер басып әзірге аман жүргені үшін!» Жоқ, болмайды! Басын шайқады. Арақ араласқан жерде ұпай түгенделе ме. Және ол шіркіннің иісі мүңкіп, ертең де маза бермейді. Кенет тура коттедждің іргесін басып, «әкімшілік қызметкерлері дем алып жатыр-ау, ертең де оларды қым-қиғаш шаруа күтіп тұр-ау» деместен, тіпті айылын жимастан, темір доңғалақты әскери мәшиненің қабырғаны солқылдатып, оқтай зулап өткені. Арт жағындағы қызыл шамын ғана көріп қалды. Үңгірге түскендей жалт етті де жоқ болды. Артынша түк болмағандай жым-жырт тыныштық орнады. Ауаға тарап үлгермеген түтін иісі сезіледі. Өкшесін көтеріп олай-былай қарап еді, бөгде тіршілік нышанын сезе алмады. Әлгі темір доңғалақты құстай ұшатын әскери мәшине кеше күні бойы өздері мініп жүрген көлікке ұқсай ма, қалай. Көбейсіннің де ондай мәшинеге алғаш отыруы еді. Сұмдық, сұмдық!–деді ішінен. Кабинасы ғана тарлау. Ал жылдамдығына көз ілеспейді. Бетпақдаланың құмды жолдарын бұйым құрлы көрместен, жыңғылды төбелердің басынан бір-ақ секіреді. «Құрлықтағы сүңгуір қайық». Ойлап тапқан теңеуі осы болды. Көзді ашып жұмғанша, бір қиырдан бір қиырға асады. Жал-жал құмдарың теңіз төсіндегі асау толқындардан аумайды. Құм төбелердің беткейлеріне осындай мәшинелердің темір табандары ғана із тастап үлгеріпті. Жә, Бетпақдаладағы кешегі сүргін жүрісті көрді ғой. Ал жетіқараңғы түнде мыналардыкі не басыну?! Әлде сол Бетпақдаладан ауланған бес-алты тышқанды Мәскеу асырғанша жан сақтайтын лаборатория таппай жүрмесін. Неге күлесің? Иә-иә, кеше Көбейсіндер Бетпақдаладан тышқан аулап қайтты. Тышқан... Мәскеуден арнайы комиссия келе жатқандығын күні бұрын естіген. Жабық қала үшін бұл үйреншікті дағды. Кім келіп, кім кетпей жатыр. Космодром маңындағы аэропорттан күтіп алу, қонақтарды бес жұлдызды қонақүйге орналастыру, қонақасыда міндетті түрде қойдың басын ұсыну, ұлттық дәстүрге сай концерттік бағдарлама әзірлеу... Көбейсіндердің мойнында. Бүгін біреуінен құтылсаң, ертең екпіні тау жығатындай болып екіншісі келеді, одан үшіншісі... Тыным жоқ. Былайша қарасаң, еңсе езетіндей ауыр жұмыс емес. Бірақ шаршайсың. Басқасын қайдам, әйтеуір Көбейсіннің мазасы кетеді. Бір нәрсеге көндіге алмай-ақ қойды, келгендердің алдынан шығып, өтірік күліп, өтірік өбектеп, өтірік арқаларынан қағу–бұл үшін азап. Бүкіл болмысымен қарсы. Өтірік күле алмайтын қасқа жақтырмағандығын ішіне бүгіп тұрып, шыдамдылық танытуға да епсіз. Мұныкінің бәрі жазулы хаттай қабағында сайрап тұрады. Мэр бұл жолғы келетіндердің мемлекетаралық маңызды мәселе шешуге үлкен көмегі тиетіндігін айтып, күні бұрын қоңыраулаған. «Дайындалыңдар!» дегенді Көбейсінге де ескертті. Ләппай! Қазақтың тұз-дәмін ала шығатын екі-үш бойжеткенді қуыршақтай киіндіріп, екі-үш сағат бұрын аэропортта күттіріп қойды. О сорлылар да күздің қара суығына шыдамай жабық мәшиненің кабинасына тығылып, әупіріммен аман қалды, әйтеуір. Месқарын ұшақтан түскен бір топ адам ешқайда бұрылмастан бірден қонақүйге тартты. Күтіп алудың сән-салтанаты ұзаққа созылмады. Жел ұшырып әкететіндей ұшақты да қазықтап байлады. Естуінше келгендер шұғыл шаруаларын бітірген соң, кештетіп кері ұшады. Бұл неткен асығыстық және сөйтіп жүріп мемлекетаралық мәселе шешпекші. Қанша сездірмейін десе де, Көбейсіннің әдеттегіше қабағы кіржиді. Қонақүйде олар көп аялдамады. Жуынып-шайынған соң лып етіп сыртқа беттеді. Қорқыт кесенесі туралы тіпті жақ ашқан жоқ. Атамнан арман, өздерімен кетсін! – Сіз бізбен бірге жүресіз,–деді мэр Көбейсінді жеке шақырып алып.–Мен қонақтармен бірге боламын. Тікұшақпен ұшамыз, ал сіз Бетпақдаладағы Н. нүктесіне жермен жетесіз. – Мұндағы шаруа ше? – Оған өзгелер ие болар. Қонақтар мінген тікұшақ жерден кездік бойы көтерілгенше темір доңғалақты әскери мәшине де Байқоңырдың сырт жағындағы сарғыш төбелердің шаңын аспанға көтеріп, жұлдыздай ағып бара жатты. Көбейсін төбедегі белтемірден мықтап ұстады. Жанындағы әскери шенді жігіттерде үн жоқ. Екеуі таныс, космодромға кіріп-шығып жүргенде талай кездескен. Қортық денелі үшіншісі, сірә, Мәскеуден келген мықтының бірі болар. Артық-кемі жоқ, әйтеуір, Байқоңырға келгендердің осалы кезікпейді. Кеуделерімен көк тірейді көбісі. Қайта мынаның иманы бетіне тепкен біреу білем, көзінде жылылық бар. Туабітті құмарлықпен әлденелерді сұрап білгісі келіп еді, темір доңғалақты әскери мәшиненің ми шайқайтын алапат гүрілі түк естіртпеді. Біздің офицер аузын оның құлағына тақай бергенде мәшине ышқынып аспанға секірді де, артынша сылқ етіп жерге түсті. Сосын екі жақ та іштерін тартты. Темір орындық жамбас тесердей, дүңк-дүңк. «Есептесетін сәтті тапқанын қарашы!» Көбейсін бастығының жер-жебіріне жетіп келеді. Бетпақдаланың Н. нүктесіне бүгін Көбейсінді сүйрелемесе де болар еді. Н. нүктесін көруге иненің жасуындай ниеті ауса не дейсіз. Мэрдің мақсаты басқада. Ана жолы дарияның арғы бетіндегі ауылдан Көбейсін көп-көрім бедел жинап қайтқан-ды. Қарсы беттен көтерілген қаптаған жауды бір-ақ сөзбен сазға отырғызды. Үндерін шығармады. Көбейсіннің айтқаны айна-қатесіз орындалды. «Жаман қазақтың осыншалық алғырлығын кім білген. Сірә, темір жол бойында ұзақ жыл жұмыс істегендіктің әсері-ау, жоқ, әлде өмірлік тәжірибенің арқасы ма. Үлкен шаруа, үлкен шаруа!» деп ұшып-қонып өзінің қалай «түсіп» қалғандығын да аңғармады. Асығып-аптығып алғыс жаудырғаны былай тұрсын, түн жарымында төтенше отрядтың аяғынан тік тұрғызып, Көбейсіннің артынан тікұшақ жөнелткендігін айтсаңшы. Онысы барып тұрған бассыздық. Иә-иә, басы дұрыс жұмыс істемей қалды. Ұят. Орынбасарының алдында бүйтіп кішірейер ме. Ағаттығын кейін сезді. Оны қайтіп қайтарып аларсың. Құлағын тігіп өзгелерден де сыр тартып көрді. Көбейсіннің беделі біраз биіктеген. Бүйте берсе... Әне, көрдіңіз бе, Көбейсін өзге орынбасарлардай тым-тырыс жүре алмайды. Сыпайылық сақтап, айтарын оңашалап келіп те сыбырламайды. Төске балға соққандай бір переді. «Осы қызылкөз қалай кіріп кетті араға? Бұлардың құдайлары қол созым жерде ғой. Қаласа Қорқыт бабаларының аруағына сыйынады да, старт алғалы тұрған зымыранды ұшырмай тастайды. Ол өзіміздікі ме, халықаралық экипаж ба, бәрібір. Сөйтіп көзге көрінбейтін бір сиқырмен мэрдің де басын айналдырып тастамасын деңіз! Бұл қазақтардың оқығандарының «осы қалайы» жоқ. Шетінен сұңғыла. Кешегі майға былғанған мына теміржолшыға дейін». Бір ыңғайы келер деп жүрген. Мінекей, сонысын сопаң еткізіп көктен түсірді. Бұл жолы өзін барынша ұстамды ғып көрсетуге тырысты. Әлдекімдермен жалпақтап сәлемдесуді де артық санады. «Ал бедел жинаудың көкесін көзіңе көрсетейін, Көбейсін!» Дарияның арғы бетіндегі кішкентай шаруа мұның ширегіне татыр ма. Баяғы гептил төгілген өңірді қайта тексерудің қажеттігі туды ма, әлде мемлекеттік комиссия тағы бір маңызды құжатқа қол қойғалы жатыр ма, әйтеуір, төрт-бес адамның аяқ астынан Байқоңырға сау ете қалған. Ай, мұндай қуанбас! Қайта-қайта иығын қомдап, ісіңкі жанарынан қуаныш оты ұшқындады. Жүрісі де жылдам, дауысы да салмақты. Гептилдің жыры түпкілікті шешілген секілді көрініп еді ілгеріде. Ресей жағы кінәні мойындарына алып, жарамсызданған жердің бәріне өтемақы төлеуге келіскен. Соның біразы өткен жылы өтелген-ді. А...а, болар-болмас күдіктің көзі сығыраяды. Мейлі, Байқоңырдың талай жыл нанын жедім ғой дегенмен, атамекеннің ұлы арманы мен ұлы мүддесіне не жетеді?! Жеме-жемге келгенде солай қарай бүйрек бұратындығын құдайдан да, адамнан да жасыра алмайды. Ғайыптан тайып космодром басшылары бүгін жарлық берсе бір күн тұрмастан, Төретамнан сол күні-ақ табанын жалтыратар еді. Із қалдырғым келеді дейтіні бергі жағы, бір нәрсе айту керек қой, әйтеуір. Шынымен титықтады. Мына Бетпақдаланың өркеш-өркеш құм төбелерін аралағанша, Мәскеу көшесінде бүрсеңдеп қайыр сұрап жүргендігі мың артық. Бірақ ішіңдегіні айқайлап сыртқа шығаруға қашан мүмкіндік берілген. Бетпақдала төсінде де ондай ерлікке бар алмайсың. Көзге көрінбейтін шпион аппаратуалардың қай жыңғылдың басына ілінгендігін қайдан білесің. Соңғы жылдары бұл қазақтарың бүтіндей өзгерді ғой. Далалық демократияны өгейсіместен бірден қабылдады. Бірден қабылдады да, санатқа бірден ілікті. Кең қолтық, жайбарақат далалық мінездің қай бұрышта қалғандығы белгісіз. Бұл жамандарға жал біткендігі соншалық, қазір космодромның айбын-беделін де қыстырмайды. Ә десең, мә дейді. Сөзге келместен өре түрегеледі. Осы бір ұмыт қалған жыңғылды төбелерін алтынға бағалайды. Ал Бетпақтың даласында ұмыт қалған Н. нүктелері қаншама. Санасаң шашыңның түгі жетпес. Сол дала... күледі-ау, қазақтардың банкке салған доллары секілді. Келешекке қалдырар жалғыз аманатымыз болса, ол осы дала болуға тиіс деп шыр-шыр етеді. Біреу осы даланы көтеріп әкеткелі жатқандай безек қағады. Кімге керек Бетпақтың қоңырқай сұп-сұр даласы?! Және қарап жүрмей мемлекеттік шараларға араласады. «Мемлекеттің негізін құрайтын біз–қазақтар ендігі жерде тірі адамға есебімізді жібермейміз,– деп тістенеді.–Біздің несібемізді құдай дала арқылы жаратқан. Сол даладан табылған несібемізге тірі жүріп ешкімді ортақтастырмаймыз» деп безірейгенде бар ма, түтіккен жүздерінен қарадай-қарап зәрең ұшады. Таң қаласыз, бұл төретамдықтар үндемей жүріп, үйлеріне сондай сезімтал қондырғылар орнатып алған ба, сарт та сұрт, кеше космодромнан қандай зымыран ұшырылғандығын, бортында кімдердің болғандығын, әр туристің төлеген жамбас пұлын шоттың тасына салып, «мұнан бізге тиесіліні қашан аламыз?» деп қия бастырмайды. Көндіреді, көнбесең ереуілге шығады. Жабайы ереуіл емес, космостық альянстың ережелеріне сай. Бұлталақтатпайды. Тістеген жерлерінен айырылмайды. Жиырма жыл уақыт аралығындағы мұндай ұлттық өрлеуге қайран қаласың. Құм ішіндегі көп нәрсеге бас ауыртпайтын болар дейтін қазақтарыңның түрі мынау. Ал бұлардың бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндері ертең кім болып шықпақ?! Қорқыт дейтін асқартаулары және бар. Дегенмен мықты, ә?! ООН-ға арыз жазғанда профессорларыңды жаңылдырады. Сірә, сол қу арыздың кесірі болар шұғыл комиссияны да Бетпақдалаға қарай дедектеткен. Комиссия басшысының қабағы салыңқы: күлмейді, жадырап жүрмейді. Оны айтасыз, бастарына құндыз бөрік, иықтарына зерлі шапан жапқылары келіп әлденеше оқталып еді, қонақтар тарапынан ишара болмаған соң не істесін, демдерін ішіне тартып кейін шегінді. Ал жабық қала мэрінің есебі түгел. Былайғы жұрт арнаулы комиссияны жабық қала мэрі шақыртқан деп есептейді. Оның бұтына сыймай екпіндеп жүрген себебі сол. Осы арқылы біраз кем-құтығын бүтіндеп алмақшы. «Біріншіден, Бетпақдаланың болашағына жанашырлық танытқан рай аңғартады, екіншіден, жергілікті тұрғындардың туын тіктеген болады, үшіншісі–экологиялық апатты болдырмаймын деп алғаш атойлаған кісі». Оу, неғып үндерің өшіп қалған?! Халықаралық қоғамдық ұйымдарға айтып, тұс-тұстан жазып, жабық қала мэрінің атағын аспандатпаймысыңдар?! Орденге ұсынбаймысыңдар?!.. Сөйтіңдер, мынадай комиссияны шақырту екінің бірінің қолынан келмейді. Уһ! Жарағыр темір доңғалақты жүрдек мәшиненің бір жерге аялдайтын күні бола ма? Толғақ қысқан әйелдей белтемірге асылып өлуге айналды. Белі ауырды, аяқ-қолдары қақсады. Бір нәрсе білетіндей қай тұста келе жатыр екенбіз деп, шаңдақ басқан терезеге әлсін-әлі үңіледі. Көбейсіннің көз алдында көлкіген мидай жазық. Жыңғылды төбелер. Не аңның, не малдың сұлбасы көзге шалынбайды. Аспан мен жердің арасын аласат гүрілге бөктеріп, тікұшақ пен темір доңғалақты әскери мәшиненің аласат құйын жарысынан аң түгілі құрт-құмырсқаның өзі бас сауғалап қараларын батырар. Енді не іздеп келе жатыр Көбейсін?! Темір зынданның ішінен сыртқа шығып, Бетпақтың ауасын жұтатын мүмкіндік бола ма. Темір орындыққа тиген жамбасың зар илейді. «Атаңа нәлет, маған өштесетіндей қай қызыңның қойнынан шығып ем?!» – Бастығын боқтап жіберді. Тікұшақтың ішінде төрт құбыласы түгелденіп келе жатыр-ау, ә, сабазың?! Жүз грамдатса да өздері біледі. Бетпақдаланың қазіргі көзі тірі қожайындары солар ғой. «Қайран, қазақ даласы!» деп бергі жақтарымен ғана алдаусыратады. Жетті-ау! Көбейсін енді болмағанда «өңшең ит, өлтіремісіңдер түге!» деп терісіне сыймай айқайлап жіберуге шақ қалған-ды. Темір доңғалақты мәшине ақ тақыр алаңқайға келіп тоқтады. Н. нүктесіне тікұшақтағылар сәл бұрынырақ келіп үлгерсе керек. Су ішіп, дем алып, аздап әл шақырғанға ұқсайды. Қап, неден құр қаламын деп асықты? Кабинадан секіріп түсемін дегенде белі кілт етіп, жамбасы ұршығынан тайып кеткендей әсер етті. Әйтеуір, қара жерге табан тидіргеніне қуанды. Кирелеңдеп аяғын ілгері қарай бір басып, екі басып, ешнәрсе сездірмеуге тырысып жүріп кетті. Жоқ, комиссия басшысының манағыдай емес, жүзіне қан жүгірген. Мэрдің арқасынан қағып қоюды да, әлденелерді әзілдеп айтуды да ұмытпайды. Бірақ не айтқандығын Көбейсін анық ести алмады. Мәскеуден келгендері бар, өзіміздікі бар бес-алты жігіт әр тұсқа шашырай ыдырады да, қолдарындағы пластмасса жәшікке уыс-уыс топырақ сала бастады. Гептилдің топыраққа қаншалықты сіңгендігін, қанша алқаптың жарамсызданғанын осы тәжірибе арқылы анықтамақ. Біреулер жер өлшеп әлек. Көбейсін қай топқа қосыларын және не істерін білмей дағдарды. Жалпақтап әлдекімдермен әңгімелесе кетудің де ретін таппады. Әкімнің орынбасарынан Бетпақдаланың бүгінгісі мен кешегісін тәтпіштеп сұрап жатқандар шамалы. Мэр олай шапқылап, былай шапқылап, бәріне өзі үлгеріп жүр. Көбейсін өз жерінде тұрып бөтен адамға айналды. «Сендер боқтың мәнісін түсінбейсіңдер, түге!» деп жұртты аяқастынан дүрліктіргісі келіп тұрды да, ішінен тістеніп өзін-өзі ақылға шақырды. Гептилдің тамшысы тиген топырақтың 40-50 жылға дейін оңалмайтындығын, оның зияны қаржымен өлшенбейтіндігін, адам ағзасына тигізер әсерін мүшелеп-мүшелеп айтқысы келіп тұрды да үнсіз қалды. Үнсіз қалғаны–мыналардың түк мәселе шеше алмас қауқарсыздығын, «Бетпақдалаға барды, көрді, тексерді» дейтін құрғақ анықтаманың төңірегінен ары аса алмайтындықтарын, бұларға айтқан уәждің сол бойы желге ұшатындығын, ал ақырында айдалада тұрып өзінің көзтүрткі болатындығын сезді де құйрығын қысты. «Бәрі бекер!» деді ішінен. Селтиіп қашанғы тұрады. Бірнәрсе істеп жүргендей ана төбенің басына бір шықты, мына төбенің басына екі шықты. Көкірегін тазартып жусан иіскеді, тізеден келетін құмның жуасын жұлып, қабығын аршып, тісіне басты. Сүт жұтқандай әсерленді. Бал татиды деді ішінен. Оны мына шуылдақтарға айтып не басының іскені. Керісінше үн-түнсіз құтылғаны абзал. Белгілі, бәрі белгілі, «түк таппадық, бәрі тамаша екен» деп ауызды қу шөппен сүрте алмайды. Түртінектеп жүріп бірнәрсе табады. Ауыз жарымас болса да ақиқатқа жүгінгендей күй кешеді. Зияны жоқ, келер күндерге сабақ. Орбитаға көтерілетін зымырандарды басқа отын түрімен жабдықтауды да қолға алып жатқан сыңайлы. Өкін, өкінбе, Бетпақдалаға келіп алып, басыңның ауған жағына қарай лағып кете алмайсың, мыналардың қайтуын күтесің. Шыдайсың. «Шыда, шыдамдылық таныт, Көбейсін!» Бір, не ары кеткенде бір жарым сағат. Комиссия міндетін мінсіз орындаған сияқты. Көпшілігі көңілді. Қолы мен қимылы ептілері далаға дастархан жайып та үлгерген. Дұрыс-ау, өле ме! Бетпақтың даласындай таза ауаны қайдан табар. Енді қайтіп бұл топыраққа табандары тие ме, тимей ме? Сұрақ көп. Әрі бұл өңір киелі. Аспанға көтерілгендер тек осы топырақпен ғана қайтіп көріседі. Ешқайда лағып кетпейді. Орманға, суға, мұхитқа түспейді. Тек осы Бетпақдалаға! Ендеше неге аздап шер тарқатпасқа! Көк пен жердің түсіністік тапқан тұсы осы ара. Неткен керемет, тілге де сондай оралымды! Көкзіңгір аспан маған ешкімнің қолы жетпейді деп көкіректемейді. Жер: «мен тартылыс күшіме сенемін!» деп одан әрмен күш көрсетуге тырыспайды. Көкке көтерілген адам баласын ұлы Жер ешбір ұлтына, шыққан тегіне, бітім-болмысына қарамастан, ешкімді алаламастан жылы алақанын тосып, денесіне ешбір зақым келтірместен тосып алады. Көктің рақымы да осы араға молырақ түскен. Күн сәулесі тіп-тік шаншылады. Ал бұл аралықтың киелі болмаған несі қалды?! Бетпақдаланың нұрына шомылуға келген болды ғой бұл жарағырлар. Лүп еткен жел жоқ. Тыныштық. Кім жетісіп жүр дейсің. Ендеше көк пен жер түсіністік тапқан топырақта тұрып, неге бір-бірлеріне игі тілек тілемеске?! Алғашқы сөз комиссия басшысына берілді. – Арамызда бізді түсінбейтін бөтен адамдар жоқ-ау деймін,–деді жан-жағына алақтай қарап. – Бөтен адам жоқ, жоқ! – Қосарланған дауыстар бір мезетте бір екпінмен жамырай естілді. Шынымен солай көрінді ме, әлде көз арбаған елес пе, мэр топ арасынан Көбейсінді іздеп, ананың да, мынаның да иығынан мойнын асыра әуіреге түскенімен тапты ғой, әйтеуір. «Қалай, бұл қошемет сізге ұнамай ма?» деді сәл оғаштау болса да иегін қағып. Бірақ Көбейсін міз бақпады. Оның елпекпайлығына мән берген жоқ. Үнін де шығармады. – Түсінбеймін, түсінбейтінім – бұл қазақтардыкі неткен бітпейтін байбалам. Сол баяғы әуен: «жерімізді бүлдірдіңдер, ендеше өтемақыны үстемелеңдер!» Оу, үстеме өтемақы өздігінен табыла бере ме. Қазір кім-кімге есепсіз ақша бергісі келеді. Алдымен ол ақша үкіметтің жылдық бюджетіне кіруі керек. Оны күту керек және де. Ал қазақтар болса... арамызда бөтен адам жоқ қой, әйтеуір.–Сәл үзіліс жасады,–жә, ендігісін көре жатармыз. Міне, өздерің көріп тұрсыңдар, қирап қалған не бар, айтсаңдаршы?! Әлде мен байқамаған бір нәрселер бар ма? –Жоқ, сіздікі дұрыс,–деді қосарланған дауыстар. –Міне, бұларың жөн. Ісіміздің алға қарай оңғарылуы үшін!–Қырлы стақанды тартып жіберді. «Ой, сабазың, нағыз орыс, орыс қой мынауың!» жұдырығын иіскеді. Өзгелер де қағып салысты. Көбейсін ерніне тигізді де кері ысырды. –Жергілікті халықтың денсаушылығын тексеріп, хал-ахуалдарын білу қажет пе, әлде... Қажет десеңдер онда... –Қажеті шамалы, – деді қосарланған дауыс. –Ендеше бір ауызды болайық. Арамызда бөтен адам жоқ қой, әйтеуір.–Комиссия басшысы одан әрмен көңілденді. «Шіркін, даланың ауасы-ай!» деген секілді бірдемелерді шатып-бұтты. «Қазақтың кең даласы-ай десең, тілің қырқылып қала ма, сволч!»–Көбейсін жерге шырт түкірді. Әлдекімдер тағы да тост көтерді. Айқай-шу, абыр-дабырдың екпіні одан әрі күш алды. Күн тынық. Әрбір дауыс анық естіледі. Байғұс жабық қала мэрі де жолға мұқият дайындалған екен. Дала дастарханында не жоқ дерің бар ма! Төгіп тастапты әншейін. Осындайда көзге бір көрініп қалу артықтық етпейді. Еркін қимылдауға тырысып-ақ бағады. Көпшіліктің көңілінен шығудан аянбайды. Шайнамасыз сілтеу де құдайдың рақаты ғой. Еш қиналыссыз, аузыңа апарсаң болды, ары қарай қиналыссыз жүре береді. Және мынадай кеңістікте, таза ауада. Тек ішінен тегеурінді бір тормыз белгі береді. «Өзінен, бәрі өзінен. Осы араға Көбейсінді сүйрелеудің жөні жоқ еді. Тұрысын қарасайшы, қанжар жұтқандай сіресіп!» –О-хо, құдай түбі бізге бір нәрсе берер. Анау кім?–деді бір мәскеулік қырат басында қой жайып жүрген торы атты қойшыны нұсқап,–міне, көктен іздегеніміз жерден табылды, егер жергілікті халықтың хал-ахуалын білгіңіз келсе... Көбейсін кейін шегіншектеді. Күні бойы бір қара көзге ілікпеген еді, мынау қайдан тап бола кетті соры қайнаған?! Біреу далбақтай жөнелді қойшыға қарай. Көп кідірмей кіртиген көзді, еріні тілім-тілім жарылған қойшы жігітті алдына салып айдап келді дедектетіп. –Салют! –Ассалаумаәлейкүм! Көбейсіннің жүрегі енді ғана орнына түсті. Ерні кезеріп қанша жерден тілім-тілім жарылса да, мына қойшыңыз орыс көрсе көзі шарасынан шыға қорқасоқтайтын жігерсіз біреулерге ұқсамайды. Сәлемдесуі нық. Жерге аман-есен оралған талай ғарышкердің дастарханынан дәм татып үйренген бозым болар, сірә! Бейтаныс ортаға түстім-ау дейтін қалбалақтан ада. –Біз Мәскеуден келдік. –Көріп тұрмыз, Байқоңырдың адамдарына ұқсамайсыздар. –Бәріміз де адамбыз,–деді комиссия басшысы әлқиссаны әріден бастап,–бәріміздің тілегіміз осы Байқоңыр космодромының үстінде. –Әрине ғой,–деді қойшыңыз сүлесоқ қана. –Сіз арқылы біраз жайды білгіміз келеді. –Сұраңыз. –Сұрасам... –Ғафу етіңізші...–деді бір жылмақай орта жолдан ара килігіп,–алдымен танысып алайық. Ал... таныстық үшін жүз грам алу парыз. –Ол немене?!–Көбейсінге қойшы жорта таң қалып тұрғандай көрінді,–Е...е, сол ма еді.–Стақанға ықылассыз қол жүгіртті.–Самопал емес пе, ертең бас ауыртып жүрмей ме? –Жоқ, тазасы! Мәскеуден келгендерге самопал ұсынып не көрініпті. –Тазасы, тазасы!–деп қылғына қайталады жабық қала мэрі. –Таныстық үшін! –Жә, бопты! «Ой, сормаңдай, қойыңнан айырылып қалма!–Дем алмастан тартысына іші жылып қалды.–Еркек!» –Атыңыз кім? –Хамит. –Хамит. «Бандыны қуған Хамит». Сондай бір көркем фильм көргенім бар ертіректе. –Қой баққаныңызға қанша болды? –Ит білсін, о жағын кім санапты. –Құйылсын. Хамит достың денсаулығы үшін! Қойшыңыз бұл жолы да тартынған жоқ. Қағып салды. Қағып салғаннан кейін ғана төңірегіне сүлесоқтау көз тастады,–ал сұраңдар, нені білгілеріңіз келеді. –Тек өтірік айтпайсыз. –Егер менің өтірігім іске асса... –Сізге гептил қалай әсер етті, басыңыз ауырып, көзіңіз қарауытпай ма? –Құдай сақтасын! –Дәрігерлік пунктте есепте тұрасыз ба? –Жүрегіңіз айнымай ма? –Денеңізге жара шыққан жоқ па? –Құдай сақтасын! –Дәрігерге қаралып тұрасыз ба? –Оның қажеті қанша, мен күні бойы даладамын. –Күні бойы даладамын дейсіз, сол далада жүргенде танауыңызға жағымсыз иіс келмей ме? –Лоқсымайсыз ба? –Құдай сақтасын! –Қойдың етін жейсіз бе? –Былтырдан бері қанша қой сойдыңыз? –Қойды әлі де қолдан ұрықтандырасыздар ма? –Айтып тұрғаныңыз әлгі СЖК-і ме? –Сол, соның өзі. –Е, сөйтіп ашып сұрамайсың ба? Біз СЖК-нің етін жемейміз. Ондай қойдың тұқымын комбинатқа өткіземіз. Одан колбаса жасайды. Оны сіздер секілді қонақтарға ұсынады. Ал біз табиғи түріндегісін... көз алдымызда ұрықтанған өз отарымыздағы көз алдымызда қашқан қойдың қозысының етін жейміз. Көбейсін бір табан ілгері жылжыды. Қойшының қиқар мінезін бірден аңғарды. –Бар ма бірдеңелерің, сонша жерден сүйрелеп әкелгенде. –Даладағылардың денсаушылықтары қандай, ә?! –Айтпаңыз!–Көбейсіннің бастығы лып ете қалды, тағы да екі-үш мәрте тост көтерілді. –Интервью алып болсаңыздар, мен кері қайтайын,–деді Хамит қойшы. Жұтқыншағы жыбырлап әлденелерді тағы да тілеп тұр. Тіпті арақ ішпеген тәрізді. Ал бұл кезде мәскеуліктердің алды қыза бастаған-ды. –Ал біз гептил исіне тұншыққан қазақты іздейміз.–Комиссия басшысы ақыры шешілді,–Міне, керек болса сізге живой пример! Жарайсың, Хамит! –Өлме!–Жан-жақтан төпелеген дауыстар. –Қанша балаңыз бар? –Жетеді! –Сонда да. –Қазақ малды санаса да баланы санамайды. –Қанша әйеліңіз бар? –Оның керегі не?! –Керек, керек болған соң сұраймыз да. –Сұрамайтындарың жоқ-ау, ерігесіңдер әншейін.–Хамит қойшының езуінен болар-болмас күлкі нышаны білінді,–Бітті ме, қалды ма, бірдемелерің?. –Бар ғой әлі де... –Соңғы сұрақ –Сұра. –Қорқыт кесенесіне жұмасына қанша рет барасыз? –Кесене бұл арадан қашық. Әйтпесе, күнде баруға болар еді. Сол қашық болған соң ғой аздап жүз грамдатып жүргеніміз. Қорқыт бабаның қасында отырып арақ ішу... жоқ, атамаңыз, мүлдем атамаңыз! –Кесенеден биоток бөлінеді дейді, сол рас па? –Әй, сен немене... сен немене, а?! О, атаңның гөрі! Сендермен адам сықылды сөйлесейік десек, осы-ау!–Хамит аяқ астынан тас-талқан болды. Орнынан жылдам көтерілді де, ердің үстіне бір-ақ секірді. Ат тұяғынан ұшқан қою шаң ауада ілініп қалды. –Асығыстық жасадыңдар, тым асығыстық жасадыңдар, біраз шындық айтылмады,–деді комиссия басшысы мойынға құлаған басын әрең көтеріп,–енді қайтесіздер, оны өздеріңізден көріңіздер. Қазір сіздерге жүктелер міндет мынау: бір-бірден тышқан ұстайсыздар. Тірі тышқан. Қалай ұстайсыздар, онда менің шаруам жоқ. Бір-бір тышқаннан, Мәскеуге жөнелтеміз. Лабораториялық тексеріс үшін. «Бұл бұйрық сізге де қатысты» дегендей манадан бері оқшау тұрған Көбейсінге де кіртиген көзін қадады. Тышқан аулап жүргенде байқамаған екен, шетелдік туфлидің сірісі өкшесін қажап тастапты.

Таң алдында көзі ілінісіп кетіпті. Шошып оянды. Дереу шиыршықталып жанында жататын ақжайманы іздеді. Ұшып түрегеліп апыл-ғұпыл киіне бастады:–113-ші составтың әлі орнынан жылжымағаны қалай? Графиктен кешіктірген үшін оған кім жауап береді? –Жауап беретін адамдар табылар.–Ақкербез Көбейсіннің мына қылығына кәдімгідей аңтарылып тұр. Әдейі жасағанға ұқсамайды. –Бір кесе шұбат болса... –Оу, қайда барасыз, жеті қараңғы түнде?! –Қайда барғаны қалай? Депоға! Депоға! Ақкербез көлдеңдеп алдын кескестеді. Өзінің де таңданысын жасыра алмады:–Сіз қызықсыз,–деді біраздан соң,–Депо қайда, біреу қайда?!–Жанына жақындап жауырынын сипады. Саусақтарын маңдайына жүгіртті. Кекесінді түрде миғынан күлді.–Әбден шаршаған екенсіз, сізге демалу керек. Демалу керек, білдіңіз бе?! Көбейсін басын ұстап, жанындағы үстөлге отыра кетті. (Жалғасы бар)

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы