• Білім-ғылым
  • 28 Сәуір, 2012

Бақытын еңбектен тапқан жан

Сырлы сөздің саңлағы, аузы дуалы ардақтыларымыздың бірі М. Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын мұғалімдікі болуы тиіс», – деп ұстаздар қауымына ықылым заманда-ақ адами тұрғыдан шынайы бағасын берген көрінеді. Шынында да бойындағы барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне беріп келе жатқан ұстаздар еңбегін қалай мадақтасақ та жарасады. Осындай білім беру саласының жарық жұлдыздарының қатарына Алматы облысы Жамбыл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Бәкірова Ләйләш Хамитқызын жатқызамыз. Ол кісінің ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесінің сүбелі екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші кейде барымызды бағамдап, табысымызды тізбелеп қоюдың да еш артықшылығы бола қоймас. Жасынан еңбекпен шыңдалған аяулы жанның өміріне дендеп енбей, тек соңғы он-он бес жылғы еңбегіне көз жүгіртсек те нағыз білім баһадүрінің бейнесі айқындала түсетін сыңайлы.   Ләйләш Хамитқызы 2002 жылы Қарақастек ауылындағы Сүйінбай атындағы орта мектепке басшы болып тағайындалған кезде білім саласында қордаланып қалған мәселелер жеткілікті болатын. Бұрынғы кеңестік білім беру жүйесінен біржола бөлініп, ұрпағымызға төл құндылықтарымызды: тарихымыз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді насихаттай бастаған, ұлттық психо-педагогикалық негізіміздің соны соқпағын сала бастаған кез еді ғой ол. Жігерлі басшы жаңа іске құлшына кірісті, аянбастан еңбек етті. Еткен еңбек, төккен тер зая кетсін бе, көп ұзамай ол басқарған ұстаздар ұжымы жақсы жағынан жиі көріне бастады. Нақтылай кетсек, тек 2002-2009 жылдардың аралығында мектеп түлектері арасынан 5 оқушы мәртебелі «Алтын белгі» иегері атанса, 3 оқушы «Ерекше үлгідегі үздік аттестат» алып «Ақындар мен батырлар елі» атанған Жамбыл ауданының абыройын асқақтатты. Ал 2009 жылы аталған мектеп облыстық білім департаменті тарапынан өткізілген «Ең үздік ауыл мектебі» атты байқауда Жетісу өңіріндегі 19 аудан мектептерінің ішінен жүлделі орынға ие болып, арнайы сыйақымен және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Жалынды басшы, шебер ұйымдастырушы, білікті маман Ләйләш Хамитқызы көп ұзамай аудандық білім беру бөлімінің басшылығына жоғарылатылады. Жаңа іске жанын сала кіріскен бөлім бастығының іскерлік қабілеті бұл жұмыста да жарқырай көрінеді. Ең бастысы Ләйләш Хамитқызы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір ең бастысы – адам факторы: оның күш-жігері, табандылығы мен білімі. Өркендеп даму мен тәуелсіздікке аттар табалдырықтың алтын кілтін де осы шамадан іздеген жөн», – деген ұлағатты сөзін әсте есінен шығарған емес. Сондықтан да ол алдымен аудан мектептерінің материалдық-техникалық жағынан жарақтануына бел шеше кіріседі. Соның нәтижесінде облыс және аудан басшыларының тікелей көмегі арқылы ағымдағы жылы ауданымыздың білім беру бюджеті 4 млрд. 178 млн. 210 теңгені құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. 2011 жылы Сүйінбай атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 111 млн. теңге бөлінсе, Абай атындағы гимназия-мектебіне 105 млн, Үлкен орта мектебіне 166 млн, Айдарлы орта мектебінің электр жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарына 8 млн, Т.Сәрсенбеков және Бозой орта мектептерінің жылу жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына 20 млн, Қопа орта мектебіне 3 млн. теңге қаражат бөлінді. Соңғы жылдары көпшілік сұранысына орай олардың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының орындалуына да баса назар аударылып келеді. Бұл сала бойынша ауданымызда ауқымды істер атқарылып отыр. Дәлірек айта келсек, барлығы 34 ауыл мектепке дейінгі білім мекемесімен қамтамасыз етілген. Ақсеңгір ауылындағы бос тұрған және Қазбек бек бекетінің балабақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 202 млн. теңге, материалдық –техникалық базасын нығайтуға 22 млн. теңге қаражат бөлініп, әрқайсысы 3 топтан 150 бала қабылдап жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда ауданымызда қазіргі уақытта 8 мемлекеттік, 1 жекеменшік балабақша жұмыс атқарады. Жиынтығында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде барлығы 2510 бүлдіршін тәрбиеленуде, ол барлық балалардың 41,3 пайызын құрайды. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Өскелең өмір талабына сай мектептерімізді арнайы кабинеттермен және өзге де АКТ құралдарымен жарақтау жайы жоспарлы түрде жолға қойылған. Осы уақытқа дейін аудан мектептері 16 мультимедиялық, 15 физика, 7 биология, 5 химия, 69 интербелсенді тақталармен қамтамасыз етілсе, 2011 жылы қосымша 5 биология, 8 мультимедиялық, 6 химия кабинеттері және 30 интербелсенді тақталар алынды. Дана халқымызда «Еңбек ет те, міндет ет» – деген тәмсіл сөз бар. Ауданымызда күн-түн демей, таңмен таласа, күнмен жарыса еңбек етіп жүрген ұстаздар саны жетерлік. Еңбектің бағасын бағалай білетін білікті басшы олардың еңбегін дер кезінде бағалап, көпке дәріптеп отыруды да өз міндеті санайды. Байкенже Ергедыров Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Жамбыл ауданы Алматы облысы

141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы