• Әдебиет әлемі
  • 26 Наурыз, 2012

Неге?

Бақыт Беделханұлы 1975 жылы Алматы облысында туған. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегі» атты жыр жинақтарының авторы. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде директор. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Түсіне алмаған дүниені түсініксіз деп құтыламыз да, ал түсінікті дүниені менсінбей құртамыз. Неге?.. *** Ертеңгі үлпілдеп тұрған үміт – дүниесін, бүгін жүнін жұлған тауықтай ғып түтіп тастағымыз кеп тұрады. Неге? *** Сөз қадірі – адамның өз қадірі. Сөз киесі – адамның өз киесі. Сөз құдіреті – адамның өз құдіреті. ... Десек те, өз бетімізді аямай кісі бетін шиедей қыламыз. Неге?  *** Бес күндік... Қамшының сабындай қысқа... Қас-қағым... Өткінші... Жалған... Арман... Қайран... деген сөздердің мән-мағынасын түсіндіргенде данышпансимыз. Шынтуайтында, өмірге екі рет келетін адамша екіленіп кетеміз. Неге? *** Шешесі баласына «жылама!» деп ұрысса – зілсіз. Ал есейгенде баласы шешесіне «жылама» деп жұбатса – зілді. Неге?.. *** Адам өзінен іздейтін нәрсені көзімен іздейді. Неге? *** Бүкіл адамзаттың өтіріктерін уақыттың өтірігі әшкерелеп отырады. Неге?.. *** «Махабатсыз дүние – бос...» Мүмкін дүние – дос?! Мейлі, хайуанға қос... Бар тіршілікті, тіршілік иесін Алла махаббатсыз жаратпайды ғой! Жаратса... Неге?... *** Өтірік көп жерде шындық шың сияқты анығырақ көрініп тұрады. Ал шындық шырылдап көбейген сайын, ақиқатты табу қиын. Неге?.. *** Қариялардың сөзін де, өзін де қадір тұтудан қалдық. Бар болса, бір-бір үйдің тірі экспанаты ғана... *** «Заман жастардікі!» «Ура!», «Алға!», «Аттан!» Қариясыз жастар – Тамырсыз тастар! Қашанға қынамен қаптап, Мүкпен мүсіркейді екенбіз?!. Тақыр жерге тау тұрғызып, Тасқа тамыр бітіретіндей құдайсынамыз. Неге? *** Ешкімді менсінбейтін адамның өзі туралы пікірі өте әдемі болады. Неге? *** ...Егер мен періште болсам, ажалмен арпалысып нем бар?!. *** Қазіргі заманның балалары бесіктен белі шықпай жатып ақылды, есіктен аяғы шықпай жатып данышпан! Әкелері алақанын ысқылап «алдынан жарылқасын!» дейді. *** «...Менің әкем ақылды бол!» деп айтып көрмепті. Өлгенше аузынан тастамаған сөзі – «Адам бол, балам!» Неге?.. *** Өлмейтіндей көрінетіндер – өзін жақсы көреді. Өлгісі келмейтіндер – өмірді сүйеді. Ал өлгісі келетіндерді өмір ұнатады! Неге?.. *** «Айналайын» деген сөзді айта алмайтын адамдардың бәрі маған мейірімсіз боп көрінеді. Неге?.. *** Мағыналы тірлікке мағынасыз араласып кетемізде мықшыңдап, тыраштанып жүріп, өліп бара жатсақ өкпелеп үлгереміз. Неге?.. *** Адамдардың мың-миллион түрлі өлімінің себептері – (Адамзаттың жер бетінен жойылуындағы) ақырзаманның мың-миллион түрлі мысалдары сияқты. Неге? *** Даттап жүріп өлтіреміз. Мақтап жүріп тірілтеміз. Бәрібір ақиқат жоқ. Бірақ көңіл тоқ. Неге?.. *** Өтірікті айтсаң – өлім жазасы бар. Шындықты айтсаң – өлім жазасы бар. Ақиқатты айтсаң – өлім жазасы бар. Дәл осындай «әділетті» деп айдар таққан әдемі қоғамда өмір сүру үшін, соншалықты ақылды болудың қажеті жоқ екен. Менің қораз болғым келеді. Неге? *** ...Ақиқатты айтып айғайлағым келген... Шындықты айтып шырылдағым келген... Сөйтсем, оны халық менен жақсы біледі екен. Иә, халық күлді. Өкімет өлердей күлді. Біреу мырс етті... *** Мен мұң аралас ойға тұншығып бара жатып оянып кеттім. Енді ұйықтағым келмейді. Неге?.. *** Аспандағы Айды сатып алардай ақшасы бар ақылды адамдар өзі сыятын екі метр жерді ойлауға қорқады. Немесе миы жетпейді. Неге?.. *** Ақталып сөйлеген адамның бәрі ақылды көрінеді. Ақтарылып сөйлеген адамның бәрі ақымақ сияқты боп тұрады. Неге?.. *** Әйеліммен отау құрып, бірге тұрып келе жатқалы 20 жыл. Осы уақыттың ішінде оны алдаған өтіріктерімде қисап жоқ. Бірақ ол мені тастап кеткен жоқ. Құдай сақтасын! Кейде әйелім президент болғанда ғой деп қиялдап кетем. Неге?.. *** Бай кедейді, кедей байды жек көреді. Бірақ бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Неге? *** Ажал мен адам жаны арасында делдалдық қылған суық қолдардың кім екенін білсек те үндей алмайтын үрейлі кейіптеміз. Тіпті әлгі суық қолдарға жылы жүзбен, кейде құрметпен қарауға мәжбүрміз. Неге? *** Өмір – іші тар адамдар үшін күрес, жанталас! Ал кенпейіл адамдар үшін жарасым! Бірақ екеуі де бақытты. Неге? *** «Мына сөзіңнің жаны бар екен» – дейді, қазақ. Бабаларымыз сөздің де жанын нұрландырып сөйлеген-ау, шамасы. Сөз түгілі, қазіргі кейбір ақынсымақтардың өлеңдері өлік сасып тұрады. Неге? *** Орта ғасыр шамасындағы Антика дәуірі болса керек. Бір елде «кімде кім қарыз болса, соның басы алынсын» деген айнымас бұйрық болған екен. Себебі қарыз адам біріншіден – қарыз, сылтау айтқыш, екіншіден – өтірікші, жалтақ, үшіншіден – жаны қысылғанда елін, отанын сатып кете барады. Ал мен осы заманда, тәуелсіз елде, қазақ боп туғаныма қанша қуансам да, таңертен ұйқыдан оянғанда бірден басымды ұстап тұрып, үш рет «тәубә, тәубә, тәубә!» деймін. Неге?.. *** «Бай байға, сай сайға құяды». Әрине, бұл – мағынасын жоймаған қазық – сөз. *** Менің бір досым, «бірақ оның дос жоқ» алаяқтықпен байып алғаннан кейін, өзі теңдес шіріген байларға қосылып, біз сияқты қарапайым адамдарға «табан ақы маңдай тер», «адал еңбек» деген асыл сөздермен ақыл айтқыш болып алды. Неге? *** «Кедей бай болсам – дейді, бай Құдай болсам – дейді». Адам болсам, дейтіндер аз. Ойпырым-ай, он ғасыр бұрын адамдардың арасынан тапа тал түсте қолына от жағып адам іздеп жүретін Диоген шалдың заманынан да кері кетіп барамыз ба? Неге? *** Қаладағы бір мектепте «Желтоқсан көтерілісшілерінің» құрметіне орай, бастауыш сынып оқушыларына ашық сабақ ретінде кеш өтті. 16-шы желтоқсан! Мектеп директоры сөз бастап, қалада салынып жатқан құрылыс нысандарын сүйсіне тізбектеп келіп, экономикамыздың қарқындап дамып келе жатқанын айтып, сындарлы саясатымыздың сара жолға бастап бара жатқанын жатқа соқты. Балалар ойлы көзбен ұйып бір сағаттай тыңдады. Міне, XXI ғасырдың балалары! Мен сонда, олардың жасында бала емес, батпақ, келі емес, тоқпақ, ... топас болған екенмін ғой деп іштей жылап тұрдым. «...Желтоқсан көтерілісі» далада калды. Неге? *** Тәуелсіздік алғалы бері айналамдағы көрші-қолам, ағайын-жекжат, туыс тіпті ет жақын бауырларыма дейін өтірікті судай ағызатын болып алды? Өтірік айтуды өркениетті түрде үйреніп алғаны сонша; Тазша балаға жаным ашитын болып жүр. Неге? *** Біз бір үйде он екі баламыз. Батыр ананың бауырынан түледік. Ата-анамыз аялап өсірді. Босағасы аяқ киімнен босамайтын боз үй болса, сол біздің үй. О шеті мен бұ шетіне жүгірсең ентіктіретіндей еңселі кең үй. Алыс-жақын ағайын, үпір-шүпір балашағасы жата-жастанып кетеді. Ондай кезде біз өз үйіміздің тәтті-тәбірінен, дәмді тамағынан құр қаламыз. «Қонақ жесін!» тәртіп солай. Келген қонақтың қай-қайсысы болмасын «Өздеріңнің балаларын жесін», «Он екі баланы жеткізу оңай емес», «Өз үйлерің, өз нәпақаларың, табан ақы, маңдай терің ғой» деп айтса, аузы қисайып қалады. Кейде сол қонақтардың балаларымен бірге ойнап жүріп қазақы тәрбие ғой «өз үйіңдей көр» деймін. Ол селт етпестен «әрине, біздің үй ғой» деп ыржиып тұрады. Балалық қызғанышпен қылп ете қалсам да, өз үйім өзіме жат секілді үрейленіп қалатынмын. Сол үрей қазір менің миымда малдас құрып отыр. Неге? *** Өркениетке, жаһандануға қазақы ұлттық болмысымызбен барып қосылсақ, қойдың арасына қасқыр кіріп кеткендей, шошып ана бір кісілер алқын-жұлқын болады. Неге? *** Жиырма қойды сексен қойшы бағатын заманға тап болдық. Неге? *** «Әкесі өлгенді де естіртеді». Бірақ кім өлтіргенін айту міндет емес. Неге? *** Бұ дүние – сұрақ, о дүние – жауап!!! Неге?

510 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы