• Айтарым бар...
  • 02 Қыркүйек, 2014

Қазақ футболы қашан көгереді?

Нұрлан ҚҰМАР 
 
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін және магистратураны үздік бітірген. Спорт журналисі. Шахматтан спорт шеберлігінен үміткер. Алматыдағы марафоншылар клубының мүшесі. Жеңіл атлетикадан өткен бірнеше жарыстардың жүлдегері.  
 
Бразилияның Сан-Паулу қаласында басталған футболдан ХХ әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Біріншіліктің финалында Германия Аргентина құрамасын 1:0 есебiмен тiзе бүктiрiп, чемпионаттың бас бәйгесiн иемденді.  
Матчтың негiзгi уақытында қарсыластар белсендi ойын көрсеткенiмен есеп аша алмай, кездесудi экстратаймға ойыстыруға мәжбүр болды. Қосымша кезеңнiң екiншi экстратаймында (113-ші минут) ұтымды пасты қабылдай бiлген Марио Гетце аргентиналықтардың қақпасына жеңiстi гол енгiзiп кеттi. 
Осылайша, Германия 2014 жылғы әлем чемпионатының жеңiмпазы атанып, өз тарихында төртiншi рет Кубоктi қанжығаға байлады. Аргентина болса күмiс жүлдегер атанды. Ал чемпионаттың қожайындары Бразилия болса қола жүлде үшін матчта Голландиядан 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша бес дүркін әлем чемпионы деген атағы бар Бразилия құрамасы биыл өз жерінде өткен чемпионатта жүлдесіз қалды. Айта кету керек, биылғы біріншіліктің жеңімпазы Германия құрамасы чемпионаттың іріктеу кезеңінде «С» тобында Қазақстан құрамасымен бірге ойнаған болатын. 
Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру мәртебесі Бразилиядан Ресейге берілді. Келесі әлемдік турнир 2018 жылы көршілес елде өтетін болады. 
Мәліметтерге сүйенсек, салтанатты шараға Бразилия президенті Дилма Русеф, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) басшысы  Йозеф Блаттер қатысты. ФИФА президенті қол қойылған турнирді өткізу құқығын беретін сертификатпен таныстырды,   ал  Русеф  пен  Путин ресми футбол доптарына қол қойды.  
Бүгінгі таңда көптеген спорт түрінде қазақ жастарының қарасы аз. Тіптен кейбір салаларда олар жоқтың қасы. Халықаралық деңгейді айтпағанның өзінде, елішілік жарыс-тарда жасындай жарқылдап жүргендері сирек. Бір өкініштісі, ең көп медаль жиынтығы сарапқа салынатын жеңіл атлетика мен жүзуде, сондай-ақ командалық спорт түрлеріндегі жағдайымыз мүшкіл. Бұл жайт, әрине, көңілге кірбің түсірмей қоймайды. Осының түп-тамыры неде? 
Футболы мейлінше дамыған еуропалық клубтарды мысалға алып көрейікші. Олардың бәрінде дерлік мемлекеттік билік тарапынан қолдау бар. Әрбірінде жеке-жеке балалар мен жасөспірімдер мектебі қалыптасқан. Ол жақта допқа ынтаңыз болса жетіп жатыр, сізден тәп-тәуір футболшы шығара алады. Тіпті сіз алыстағы бір ауылдың түкпірінде жүрсеңіз де, агенттері арқылы лезде тауып алып, өз мектептеріне тартады. Сондай-ақ ұлттық құрамаларының тізгінін ұстауға лайық бапкерлерден қаржысын да аямайды. Себебі мақсат біреу-ақ: мемлекет абыройы үшін ғана. Біздің олардан алатын сабағымыз көп-ақ. Футбол десе, делебесі қозатын балалар тек қана оларда емес, біздің ауылдарда да бар. Спортзалдың жоқтығынан солардың қаншамасы жердің қарайғанын күтуге мәжбүр десеңізші?! Тіпті жаз шыққанның өзінде де ауылдық, аудандық жарыстар да жиі болып тұрмайды. Cпорттың болашағына жаны ашитын әкімдер мен жергілікті кәсіпкерлер де әр қазақ ауылына бұйыра бермеген. Міне, осыдан кейін-ақ қазақ футболының көсегесі қалай көгермекші?! Футбол мектептері ірі қалаларымызда ғана бар. Бірақ сол мектептерден қазақ футболын әлемге танытатын он бір ойыншы әлі шығар емес. Осындайда ауыл сыртындағы шағын алаңда шаң-шаң болып доп теуіп жүретін балалар ойға оралады. Әттеген-ай, соларға бір мүмкіндік жасалса ғой. 
Қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Оны дамыту үшін түрлі амалдар жасалды, жасалып та жатыр. Азия футбол конфедерациясының құрамында қалсақ, әлемдік деңгейде доп тебе алмаймыз деп туладық. Содан аумағымыздың ұлтарақтай бөлігінің қарт құрлықта жатқанын бұлдап, УЕФА-ға мүшелікке ұмтылдық.  Дегеніміз болды. 2002 жылдың 25-сәуірінде Стокгольмде УЕФА-ның конгресі өтіп, онда Қазақстан футбол одағы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына қабылданды. Одан бері он екі жыл уақыт өтті. Бірақ қазақ футболы «қарыштамақ тұрмақ, адымдап дами алмады». Тіпті ФИФА-ның рейтингінде жүздіктің қатарына кіру «қияметтің қыл көпірінен» өткеннен де қиындап кетті. Неге? Бұл сұрақ спорттың осы түрінің басы-қасында жүрген мамандардан бастап, спорт журналистерін, футбол десе делебесі қозатын жанкүйерлерді де қатты толғандырып жүр.
Таяуда Дүниежүзілік футбол қауымдасты­ғы болып саналатын ФИФА-ның рейтинг бойынша жариялаған мәліметіне сүйенсек, Қазақстан құрамасы 199 ұпаймен 207 елдің арасында 6 позицияға түсіп кетті. Ал өткен айда құрамамыз 241 ұпаймен 118-ші орында болған еді.
Болашақта қазақ футболын әлемдік деңгейге көтереміз десек, бізге бірқатар түйткілді мәселелерді шешу қажет. Ол үшін ең алдымен  футболдың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Яғни, республикамыздың әр аймағында жасөспірімдерді футболға баулитын, оқытып, дайындайтын заманауи  базаларды қалыптастыруымыз керек, стадиондарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет. Спорт мектептеріне қарадомалақтарды көптеп тартқан жөн. Бұл доп тебуге икемі бар балалардың шеберліктерін шыңдап, кәсіби деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Ал бұл арманның талай қарадомалақтың көкейінде сайрап жатқанына бәс тіге аламыз.
Тағы бір өзекті мәселе ұлттық құрамадағы қазақтардың шоғырын көбейту керек. Себебі спорттың қандай түрінде болмасын жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Онсыз биіктерді бағындыру қиын. Өкінішке қарай, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың бойында басқа кемшіліктерді былай қойғанда, әзірге осы қасиеттер кемшін түсіп жатқан сияқты.
Қазақ футболында тіл мәселесінде де әттеген-ай дейтін сәттер де аз кездеспейді. Мәселен, Қазақстан премьер-лигасы бола тұра, қазақ футболшыларының жейдесіндегі аты не болмаса тегі дұрыс жазылмайды. Нөсербаев – Нусербаев; Сымақов – Смаков; Көкеев – Кукеев; Жұмасқалиев-Жумаскалиев біз тізіп шыққан аяқдопшылардың түгелі дерлік қазақ футболының үздіктері. Сенбесеңіз әр ойыншының жейдесінің артына қарап көріңіз…
Елімізде жасөспірімдерді тәрбиелейтін клуб орталықтары саусақпен санарлықтай ғана. Осыдан кейін көптеген дарынды жастар футболға емес, басқа спорт түрлерімен айналысатыны сөзсіз.
Футбол – әлемдік аренада үлкен мәнге ие болып тұрған спорттың бірі. Сондай-ақ бизнес көзіне айналып отырғаны да жасырын емес. Әлемнің азулы деген футболшылары футболдық клубтар ұсынған миллиондаған доллар мен евроға жалданып даңқтары мен дәулеттерін асыруда! Ал бізде ше?… Қазақстандағы футбол командаларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да, қазақ футболшыларынан гөрі басқа ұлт өкілдерін көптеп кездестіруге болады. Бұлардың көпшілігі алыс-жақын шет елдерден ақшаға жалданып келген ойыншылар екенін біреу біліп, біреу білмес! Болашақта футбол командаларының құрамын толықтай өзіміздің қарадомалақ қазақ балаларынан жасақтамай қазақ футболының алға басуы екіталай! Бұл мәселеге тек спорттық тұрғыдан қарамай, мемлекет тарапынан ұлттық жанашырлықпен мән берілуі тиіс.

377 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы